16-дәріс. Орталық Азияның ортағасырлық мәдениеті
1.Жібек жолы: Қазақстан – Шығыс пен Батысты байланыстырушы ретінде.
2.Түркі және ислам мәдениеттерінің өзара әсері мен өзара әрекеті.
3.Ортағасыр мәдениеті мен ғылымының қалыптасуындағы әл-Фарабидің үлесі.
4.Ортағасырлардағы Қазақстан мен Орталық Азиядағы білім.
Ұлы Жібек жолы - дүниежүзілік өркениет тарихының басты жетістіктерінің бірі. Ұлы Жібек жолы - Батыс пен Шығысты байланыстырған трансконтинентальды трасса. Жібек Жолы Қытай жеріндегі Хуанхэ өзені аңғарындағы аймақтан басталады. Жол Іле өзенімен Ыстықкөлге жеткен. Осы жерде жол оңтүстік және солтүстік бағыттарға тармақталған. Оңтүстік бағыт Ферғана, Самарқан, Иран, Ирак, Сирия елдері мен Жерорта теңізіне шыққан. Солтүстік бағыт оңтүстік Қазақстанда Испиджаб қаласына келіп, осында екі тармаққа бөлінген. Біреуі Орта Азияға, екіншісі Түркістан арқылы Сырдарияның төменгі ағысымен батыс Қазақстан арқылы жүріп, Қара теңіздің солтүстік шығыс бөлігін айналып Еуропаға кеткен.
Ежелгі Қытай деректеріне сүйенсек, б.з.д. I ғасырдың ортасында Қытай елінен Батыс елдерге қарай жібек тиелген керуендер жолға шыққан екен. Ал Қытайға қарай Жерорта теңізі елдерінен, Таяу және Орта Шығыстан, Орта Азия елдерінен түрлі тауарлар жеткізілген. Олардың ішінде Орта Азияның асыл тұқымды жылқылары, Шығыс елдерінен пілдер мен мүйізтұмсықтар, барыс пен арыстан сияқты сирек жан- жануарлар, жеміс- жидектер (жүзім түрлері, шабдалы, қауын,т.б.), тасылған. Осы кезден Ұлы Жібек жолы тұрақты дипломатиялық және сауда артериясы ретінде пйдаланыла бастайды.
Ұлы Жібек жолы тек тұтыну тауарларын ғана жеткізіп қойған жоқ, сонымен қатар ол рухани мәдениеттің тірегіне айналды. Ол әсіресе музыка, би өнерінде ерекше байқалады. 630 жылы Батыс Түрік қағаны сарайында болған, осындай рәсімдерді өз көзімен көрген буддалық тәуіпші Сюань Цзан былай деп жазады: «Қаған шарап қойып, музыка бастауға әмір берді... Осы уақыттың бәрінде жаңғырыққан металл әуені сүйемелдеген жатжерлік музыка қалықтап тұрды. Бұл тағылардың музыкасы болғанымен, ол да құлаққа жағып, жүрек пен ойды қуанышқа бөледі» (Қазақстан тарихы, А., 1996. 1 том, 505-бет).
Иран, соғды, түрік актерлері Қытайдың хореографиялық мәдениетінің дамуына көп үлес қосқан. Олардың ішінде жасөспірімдер мен қыздар мейлінше әйгілі болған. Әсіресе Ташкенттен келген, иран үлгісіндегі кең көйлек және төбесі сүйір, моншақпен безендірілген биік бөрік киген балалар «батыстың секіргіш билерін» орындаған.
Сонымен қатар Ұлы Жібек жолының тағы бір маңызы осы жол арқылы жүріп өткен түрлі миссионерлер өз діндерін таратып отырды. Үндістаннан Орта Азия мен Шығыс Түркістан арқылы буддизм, Сирия, Иран, Аравиядан христиан діні, одан кейін ислам келді. Мұны заттай деректер растап отыр. Қазақстанның оңтүстігі мен Жетісу аймағында табылған будда ғибадатханалары, монастырлар, будда мүсіндері (Шу аңғарындағы Ақ бешім, Новопакровск, Новопавловск қалалары орындарынан табылған) осыны дәлелдейді. Осы ауданнан қазып алынған христиан шіркеулерінің орындары, христиан діні нышандары - крест пен көгершін бейнеленген, «Петр мен Гаврил» деп жазылған керамика саптыаяқтарының табылуы да осының айғағы.
Ұлы Жібек жолының ең ұзақ бөлігі Орта Азия мен Қазақстан территориясы арқылы өтті.
Жетісу жерінен Шығысқа шығатын Ұлы Жібек жолының бірнеше бағыты болған. Бірінші бағыт – оңтүстік батыс Жетісу жерінен өткен. Ол Тараз қаласы арқылы Алматыға жетіп, одан Шелек, Сүмбе, Жаркент, арқылы Шығысқа кетсе, екінші бағыт солтүстік – батыс бағыт, ол Алматы, Қапшағайдан өтіп, Шеңгелді, Алтынемел, Дүнгене, Қойлық қалаларын басып өтіп, Алакөл жанымен Жоңғар қақпасы арқылы шығысқа қарай өткен. Үшінші бағыт Тараздан шығып, Сарқан жері арқылы солтүстік-шығыс Қазақстанға беттеген. Бұл бағыт Құлан, Хантау, Айнабұлақ бекеттерін басып өткен.
VI-IX ғасырларда Ұлы Жібек жолы бойында Орта Азия мен Қазақстанда қалалар тез өсті. Осы кезде қала мәдениеті екі ауданда - Сырдария алқабы мен Жетісуда дамыды. Олар сауда мен қолөнердің, дін мен мәдениеттің тірегіне айналды. Батыс Түркістан жерінде Суяб, Құлан, Мерке, Тараз, Отырар, Испиджаб сияқты қалалар бой көтерді.
Ортағасырларда Қазақстан өзінің қалалары арқылы әлемдік қарым-қатынастан тысқары қалмай, Еуропа және Азия елдерімен Жібек жолы арқылы сауда жасасып, байланысын үзген жоқ. Бұл кездегі Қазақстанның оңтүстігінде басты ірі қалалардың бірі - Сырдарияның орта бойына орналасқан - Отырар. Араб - парсы деректерінде Отырар қаласы Фараб, одан бұрын Тарбан деп те кездеседі. Отырар керуен жолдарының тоғысқан жерінде орналасып, ортағасырларда ғылымда «Отырар жазирасы» деп аталған аумақтың орталығы болды. Белгілі археолог А. Н. Бернштамның «Орта Азияда бұдан тиімді, әрі қауіпті жерді табу қиынға соғады», - деп ортағасырлық Отырарға берген бағасы кейін шындыққа айналғаны белгілі. Осы өңір үшін ғасырларға созылған қақтығыстар мен қырғын соғыстардың болғандығын тарихтан білеміз.
Қытайды батыспен жалғастырып жатқан және техника жаңалықтарын, діни идеялар мен мәдениет жетістіктерін жеткізуші болған осы халықаралық жолмен жүрген 630 жылы Қытайдан Үндістанға аттанған Сюань Цзян түрік қағанаттарының байлығын былайша суреттейді: «Қаған жасыл жібек желбегей киген. Оның қасына ерген екі жүзден астам тарханы бар, олар қалқа желбегейлер киген, шаштарын бұрымдап өрген. Аттары өңшең сәйгүлік. Түйе, ат мінген адамдардың көптігіне көз сүрінеді. Қаған үйінің алтынмен сәнделгені соншалық, тіпті көз қаратпайды». Үзінділер Батыс Түрік қағанатының байлығы мен молшылығын бейнелейді.
Қалалардың өсіп өркендеуі, сауданың дамуы, ауыл шаруашылығы өнімдеріне сұранысты арттырды. Көшпелілер мен отырықшы аудандар арасындағы байланыс күшейді. Белгілі шығыстанушы ғалым В. В. Бартольд көшпелілер мен отырықшы аудандар арасындағы байланыстың ролі туралы пікірін былайша білдірген еді: «...Көшпелілермен сауда отырықшы халықтар үшін де тиімді еді. Олар көшпелілерден мал өнімдерін арзан бағаға алатын. Орта Азияның шекаралас мұсылман елдері үшін көшпелілермен сауда ерекше маңызға ие болды...».
Жалпы Қазақстан тарихына шолу жасасақ, қасиетті қазақ жері ғасырлар бойына тоғыз жолдың торабын, түрлі бағыттағы керуен жолдарын тоғыстырған. Бұл жерден Шығыс және Батыстың өркениеттерін тоғыстырып, қазіргі заманғы халықаралық қатынастарға негіз болған Ұлы Жібек жолы өткен.
Академик Карл Байпақов бұл автодәліз Ұлы Жібек жолынының жаңғыруы дей келе, ежелгі Жібек жолының Қазақстан арқылы өтетін бөлігінің ұзындығы 3000 шақырым болды деп көрсетеді. Қазіргі «Батыс Еуропа - Батыс Қытай» автодәлізінің Қазақстан арқылы өтетін ұзындығы да 3 000 шақырымға жуықтайды. Жол 5 облыс аумағын, атап айтқанда, Ақтөбе, Қызылорда, Оңтүстік Қазақстан, Жамбыл және Алматы облыстары аумағын басып өтеді. Жолдың 2452 шақырымының Ақтөбе облысында - 358, Қызылорда облысында - 817, Жамбыл облысында - 480, Оңтүстік Қазақстан облысында - 458, Алматы облысында - 339 шақырымы қайта жаңартылады.
Әлемдік діндердің бастау тегіне Тәңірлік діннің өзекті қағидалары арқау болған. Тәңірлік дін уақыт пен кеңістікті игеруге талпынған, қоршаған ортамен тіл табысуға ұмтылған адам баласының алғашқы таным түсінігі. Көне түркілер жерімен, Ұлы Жібек жолы арқылы қаншама діндер өтсе де, түркілердің негізгі сенімі Тәңірлік дін, аруаққа табыну болды. Тек ислам діні ғана, уақыт өте келе көне түркі сенімдерімен іштей араласып, түркі жұртының рухани-мәдени ұстанымына айналды.
Түріктер дүниетанымының бастау бұлағы, қайнар көзі – табиғат. Бұл, табиғатпен біте қайнасып бірге өскен, соның өзгерісін, құбылысын жіті бақылайтын көшпелілер әулетінің қоршаған ортамен тығыз байланысты екенін білдіреді. Көптеген салт-дәстүрдегі наным, тыйымдар осы табиғатпен біте қайнасудан туындаған ұғымдар жиынтығы болып саналады.
Исламға дейінгі қазақ халқының рухани мәдениетінде тәңірлік сенім мен шаманизм айрықша орын алады.
Қазақ халқының арасында шаман атауына қарағанда бақсы атауы кең таралды. Бақсылар ислам діні таралғанға дейін ру-тайпалардың саяси-әлеуметтік өмірінде өте маңызды рөл атқарған. Олардың негізгі қызметі адам мен әлеумет өміріне қауіпті құбылыстарды залалсыздандыру, алдын алу болса керек. Бақсылар өз ойыны арқылы ұжымда қордаланып қалған жағымсыз психикалық қуатты бейтараптандырып, әлеумет өмірін үйлестіріп отырған.
Қазақ философиясының және дүниетанымының қалыптасуына түріктердің мифологиялық ертегілері, хайуанаттар жайындағы ертегілерінің де үлкен әсері болды. Қазақ аңыздарында көшпелі елдің төл ерекшелігі, белгілері бірден байқалады. Себебі олар тұрмыс-салтымыздың, болмысымыздың негізінде туған аңыздар. Осындай дала аңыздары ішінде халық арасында Қорқыт, Асан қайғы туралы толып жатқан аңыздар бар.
Бүкіл әлем халықтарының өнерінде, әсіресе сәулет саласында тайға таңба басқандай көшпенділер ықпалының табы, стилі байқалады.
Орта ғасырларда қазақ мәдениетінің орталығы болған көптеген қалалар салынған.
Отырар – Қазақстанның орта ғасырлардағы әйгілі қалаларының бірі. Отырар кезінде Фараб деген атпен де белгілі болған.1248 жылы қалада алғаш рет Отырар белгісімен ақша соғылды.
Ұлы ғұлама, данышпан бабамыз Әбу-Нәсір әл Фарабидің туған қаласы көптеген ғасырлар бойы батыс пен шығысты байланыстырып тұрған күретамыр орталығы болған. Отырарда сонымен қоса ғажайып үлкен қыш ыдыстар – хумдар көптеп кездеседі.
Орта ғасырлардағы Қазақстан қалаларының бірі – Түркістан. Оның бұрынғы ежелгі аты Шабғар. ХІІ ғасырда Түркістанда Орта Азия мен Қазақстанда мұсылман дінін уағыздаушы, Мұхамбет Пайғамбардан кейінгі екінші адам атанған Қожа Ахмет Иассауиге кесене орнатылады. Оның данышпандық қағида өлеңдері халық арасында “Диуани хикмет” (Даналық кітабы) атты еңбегі арқылы кеңінен тараған.
Жалпы ұлттық діл мен рухани құндылықтар өзара тығыз байланысты ұғымдар. Халықтың тарихи санасында айқындалған рухани құндылықтарымыз ділімізге сіңген ата-баба дінінен көрінеді. Дін мен діл бір-бірімен тығыз байланысты. Дін мен діл, тіл мен дәстүр руханиятымыздың және тектілігіміздің қайнар көзі. Ислам құндылықтары халқымыздың дүние танымында, әдет-ғұрпында, өмір тіршілігінде үйлесімді орнығып, ұлттық діліміздің рухани нәріне айналып, руханиятымыздың негіздерінің бірі болып отыр. Ислам діні мен мәдениетінің қазақ жеріне келуі мен орнығуы рухани өркендеуге жол ашты. Ислам діні мен руханиятын қабылдаған түркі халықтары арабтық ассимиляцияға ұшырамай, төлтума тілі мен әдебиетін өркендетіп, әлемге әйгілі болды. Түркі тілі мен әдебиетінің, түркі философиясы мен руханиятының дамыған кезеңі ислам діні мен мәдениетінің кең қанат жаюымен етене байланысты. Ежелгі түркілер ислам діні мен ілімін қабылдағаннан кейін түркі әлемінде өрлеу байқалып, ортағасырлық мұсылмандық ренессанс атауына ие болды. Тарихы тереңде жатқан халқымыздың орта ғасырлық тарихы мен мәдениеті ислам діні мәдениеті негізінде дамыды. Орта ғасырлық қазақ жерінде Отырар, Кедер, Түркістан, Сауран, Сығанақ, Жент, Баласағұн, Сайрам-Исфиджап, Тараз, Меркі қалалары мәдениет пен ғылым ордалары болды. Мешіттер мен медреселердің жанында ірі кітапхана қорлары болды. Бұл кітапханаларда дін ғылымы, философия, әдебиет, жаратылыстану ғылымдарының көрнекті майталмандары қолжазбаларды шығарумен айналысты. Бұл қолжазбалар мен кітаптар Ислам дінінің ілімдік негіздері, дін тарихы, пайғамбарлар өмірі, хадис ілімі және мұсылмандық шарттар, Ислам ахлағы, діни аңыздар мен хикаялар туралы баяндайтын. Мешіттер жанындағы медреселер білім мен ғылым ордасы ретінде қызмет етіп, халықтың рухани сұраныстарына өтумен қатар, білім мен ғылымның дамуына да үлес қосты. Орта ғасырда қазақ даласынан шыққан ғұламалар Әл Фараби мұралары, Жүсіп Баласағұнның «Құдатғу білік», Ахмет Яссауидің «Диуани Хикмет», Мұхаммед Хайдар Дулатидің «Тарих и Рашиди», Ахмет Иүгінекидің «Хитабул Хақаиқ» еңбектері Ислам мәдениеті аясында жазылған жәдігерлер. Түркі ойшылдары Ислам мәдениеті мен ғылымының өркендеп өсуіне елеулі ықпалын тигізді.
Ортағасырлық көне жазбаларда Отырар қаласы туралы деректер кездеседі. Қазақ даласындағы ғылым, мәдениет, руханият орталығының әйгілісі Отырар (Фараб) қаласы болды. Отырарлық Әбу Насыр әл Фараби діннің өмір мәнділік мағынасы туралы былайша сөз қозғайды. «Дін дегеніміз -Жаратушының қалауынан туған пиғыл мен қимыл. Діннің жәрдемімен барлығымыз өзіміздің түпкілікті мақсатымызға жетеміз».Қожа Ахмет Йассауи «Алла дегенге жын-шайтан жоламайды. Алланың ақ жолынан өзге жолда қайран жоқ. Имансыздар өздерін өлмейтіндей көреді. Имансыздың көңіл көнегі ешқашан толмайды» десе Жүсіп Баласағұн «Сайтан сүйгенді — құдай сүймейді. Көтерген де — тәңірі, ел берген де – тәңірі» деген. Яғни діннің біз үшін берері мол. Әл-Фараби жастайынан ақ ұлы Аристотельдің, Платонның, ерте дүниедегі Грецияның басқа да философтарының шығармаларымен түп нұсқасынан танысқаны жөнінде бізде деректер бар.Білімге, ізденуге деген құштарлықтың жетелеуімен ол, жас шағында, дүниедегі құбылыс біткеннің бәрі кісіге әрі ғажап, әрі таңсық көрінетін кезде саяхат жасап, сол замандағы мәдени әлемнін көптеген орталықтары: Хорасанда, Бағдадта, Дамйскіде (Шам), Алеппада, Каирда (Мысыр) болған. Өз өмірінің көп жылдарын ол, араб халифатының саяси және мәдени орталығы болған, Бағдадта өткізді. Мұнда ол өз білімін әбден тиянақты меңгеріп, толықтырады, көрнекті ғалымдармен байланыс жасайды, сөйтіп өзінің білімдарлығы, ақылының алғырлығы және асқан байсалдылығы арқасында көп ұзамай олардың арасында үлкен аброй-беделге ие болды. Бірақ өресі тайыз кертартпа хадисшілер оны жек керіп, күндей бастаған, әсіресе, олар әл-Фарабидің бүкіл ойының негізгі мәніне қарсы шыққан, өйткені, оның дүниеге көзқарасы шынайы болмысты танып білуге, адам бақытын о дүниеден іздеп табуға мезгейтін еді. Ақыр сонында әл-Фараби лажсыздан Бағдадтан кетеді. Өзінің “Фусул ал-мадани” (“Мемлекет қайраткерінің нақыл сөздері”) деген соңғы шығармасында ол: “Адам ғылымға түрліше тосқауыл жасайтын мемлекеттен кетіп, ғылыми өркен жайған елде тұруға тиіс”,— дейді. Әл-Фараби александриялық (мысырлық) ғалымдар, яғни бір кезде Александриядан ығыстырылған несторианшыл христиандар тұратын Хоранға келіп қоныс тебеді. Өмірінің соңғы жылдарын Алеппо мен Дамаскіде өткізеді, мұнда ол солтүстік Сирияның жетекшісі саяси қайраткері Сейд ад-Дуаль Хамданиге аса кадірлі болды. Әл-Фараби 950 жылы 80 жасында кайтыс болды. Біздің заманға әл-Фарабидің тек негізгі шығармалары ғана келіп жетті. Ол шығармалардың ежелден бері-ақ жұртшылыққа танымал болып, философиялық және ғылыми ойдың одан кейінгі дамуына тигізген әсері толассыз. “Мүсылман Ренессансы” деген атауға ие болған сол заманға тән белгілері оның шығармаларымен белгілі бір дәрежеде өз орнын алады. Фараби Аристотельдің, Әл-Киндидің ізін қуып, философия мен ғылымның барлық салалары бойынша үлкен жетістіктерге жетеді. Мәселен, Фараби шығармаларының санын неміс ғалымы Ш. Штейщнейдер 117 еңбек десе, түрік ғалымы А. Атеш— 160, ал тәжік ғалымы Б. Ғафуров—- 200 трактат деп көрсетеді. Фараби философия саласы бойынша грек ойшылы Аристотельдің “категориялар”, “метафизика”, “Герменевтика”, “Риторика”, “Поэтика”, бірінші және екінші “Аналитика”, “Топикасы” мен 4 сопылық еңбектеріне түсініктемелер жазды. Ол еңбектері күні бүгінге дейін де мәні — маңызын жоғалтқан жоқ. Сөйтіп, Фараби Шығыс пен Батыстың ғылымы мен ежелгі мәдениетін таныстыруда зор роль атқарды.
Ұлы Бабамыз Аристотельдің философиясын дамыта отырып, өз тарапынан да “Ғалымдардың шығуы”, “Ғалымдар энциклопедиясы немесе тізбегі”, “Кемеңгерлік меруеті”, “Ізгі қала тұргындарының көзқарасы”, “Музыканың үлкен кітабы”, “Философияны аңсап үйрену үшін алдан ала не білу кажеттігі жайлы”, “Ақылдың мәні туралы”, “Әлеуметтік-этникалық трактаттар”, “Философиялық трактаттар”, т. б. көптеген философиялық еңбектер жазған. Фараби ғылымның философиялық-логикалық ірге тасын дұрыстап қайта қалап шықты. Ол музыка жайлы күрделі зерттеулер жүргізді. Фарабидің метафизика, тіл ғылымы, логика, психология, география, этика т. б. ғылымдар жайлы жазған еңбектерінің мәні ерекше зор. Тарихқа неғұрлым терең үңілген сайын, біз жеке ұрпақтардың, тайпалар мен ұлттардың мәдениеті мүлде оқшау дамиды деген “теорияның” негізсіздігін соғұрлым айқын көріп отырмыз. Дүние жүзі мәдениетінің дамуында із қалдырған сол көрнекті қайраткерлер, шындығында, адамзат мөдениетінің бірлігін паш етіп келеді. Әл-Фараби осындай дүние жүзілік тарихи тұлғалардың санатына қосылады. Ол туған елінің мәдени байлығын, иранның, үндінің ежелгі дүние мәдениеттерінің жемістерін бойына дарытты. Дәл, сондықтан да, ол таяз ұғымдар мен соқыр сенімдерден жоғары көтеріле білді, өзінің ойлау жүйесін сындарлы да икемді ете білді. Әл-Фараби өз заманындағы өнер-білімнің ең асылын таңдап ала білді, өз дәуірінің шынайы энциклопедиясын жасап берді. Оның терең мағыналы пікір айтпаған, жете зер салмаған, данышпандық болжам жасамаған бірде-бір білім саласы жоқ деуге болады.
Мәдениеттің кейінгі дамуына, соның ішінде, Шығыс, Орта Азия, Қазақстан, Кавказ халықтарының мәдениетіне әл-Фарабидің жасаған ықпалы әр тарапты болды және ұзақ уақытқа созылды. Барлық этникалык топтардың, соның ішінде, түркі тектілер өкілдерінің “мұсылман” Шығысының мәдени өміріне белсенді түрде қатысуы әдеби тілді халықтық негізде дамыту әрекеттеріне қолайлы жағдай туғызды. Түркі тілінде Махмуд Қашқаридің және Жүсіп Баласағұнның шығармаларынан тамаша энциклопедист-ғалым әл-Фарабидің рационалистік және гуманистік идеяларының іздері айқын көрінеді.
Фарабидің қолжазбалары дүниежүзінің көп кітапханаларына тарап кеткен және сол жерлерде сақтаулы тұр. Сол сияқты көптеген ғалымдар Фарабидің асыл мұраларын зерттеп, оқып үйренуде. Фарабидің көп шығармаларын қазақ және орыс тілдерінде басып шығаруда жергілікті ғалымдарымыз да, өз үлестерін қосуда. Оның көптомдық “Музыка туралы үлкен трактат” деген шығармасы көптеген тілдерге аударылған. Фараби трактаттары біздің заманымызға дейін аса жоғары бағаланады. Фараби геометрияны барлық жаратылыстық-философиялық ғылымдардың негізі деп қарады. Ұл идеаны “Философияны меңгерудің қажетті шарттары” деген трактатында анық келтірген.
Астроном және астролог ретінде Фарабидің беделі жоғары болды, ол бұл ғылымдарды арифметика, геометрия, музыка сияқты жоғары педагогикалық ғылымдар категогриясына жатқызды. Физика мен жалпы жаратылыстанудан жазған Фараби еңбектері белгілі. Жалпы физикалық және жаратылыс құбылыстарын зерттеуде ол эксперименттер жасау қажеттілігін атап көрсетеді. Фараби тамаша дәрігер ретінде де белгілі. Дәрігерлік қызыметіне байланысты Фараби, сол замандағы басқа да дәрігерлер сияқты, алхимиямен, ботаникамен, минерологиямен айналысады. Ғылымның бұл салаларының бәрі жаратылыстану құрамына кіретін. Фараби географияға көп көңіл бөлді. Саяхатшы ретінде ол, Қазақстан мен Орталық Азияның, Таяу Шығыстың, Африканың көптеген ғылыми және мәдени орталықтарында болды. Оның Отрарда, Талас, Шаш, Самархант, Бухара, Хива, Кабул, Бағдат, Дамаск қалаларында болғаны құжат түрінде белгілі. Барлық елдер мен қалаларда, Фараби жаратылыс зерттеушісі, географ және астрорном ретінде аймақты оқып үйренді, орынның координаталарын анықтады т.б. Жаратылсытануға Фараби басты мән берді. Ол, “қандай да бір педагогикалық ғылымға қарағанда, табиғат туралы ғылым әлдеқайда бай және кең көлемді болып келеді” деп жазды. Өзінің басқа бір еңбегінде “философияны оқып үйренуден бұрын табиғат туралы ғылымды игеру керек, өйткені бұл ғылым адамға барынша жақын, мәндері анық және оған түсінікті ғылым саласы” деп жазады.Философия саласында Фараби өз заманындағы теңдесі жоқ тұлға саналды. Оның негізгі көзқарасы – рациональдық. Оның философиялық еңбектерінде Аристотель, Платон және басқа ертедегі данышпандардың философиялық еңбектеріне коментарийлер жазуға көп орын берілген. Фарабидің тамаша, өте бағалы еңбегі “Даналықтың маржандары” деген трактаты 1000 жылдан бері Шығыс университеттерінің оқулық құралы болып келеді.
Әдебиеттер тізімі:
1. Асфендияров С.Д. Қазақстан тарихы. (көне дәуірден) А., 1995.
2. Мыңжани Н. Қазақтың көне тарихы. А., 1993. 400-бет.
3. Қазақстан тарихы (көне заманнан бүгінге дейін). Бес томдық. 1, 2 томдар. А., 1997. 542- бет., А., 1998.
4.Бас редактор: Ерлан Сыдықов. «MANGI EL» халықаралық ғылыми-көпшілік тарихи журналы, — Алматы, «Pride Print», баспасы, 09.2013. — 108 бет.
5.Күлтегін Тоныкөк: Ежелгі түркі рун жазбалары (Әдеби нұсқасын жасаған Қадыр Мырза Әли..) — Алматы, «Өлке» баспасы, 2001. — 144 бет.
6.Назарбаев Н. Ә. Тарих толқынында. — Алматы, «Жібек жолы» баспа үйі, 2010. — 232 бет.
7.Гумилев Л.H.От Руси к России. — М: ООО «ИздательствоАСТ», 2002. — 392 с.
8.Зиябек Қабылдинов. Астана ақшамы, Тегі асыл ел тарихын түгендейді, 12.02.2014ж.
Достарыңызбен бөлісу: |