1- тақырып. ҚАзақ хандығы кезеңіндегі әдебиеттің Өзіндік сипаты лекция мақсаты


Ақын-жыраулар поэзиясының зерттелуі



бет4/6
Дата20.02.2022
өлшемі32,87 Kb.
#132632
түріЛекция
1   2   3   4   5   6
Байланысты:
1-лекция

Ақын-жыраулар поэзиясының зерттелуі. Хандық дәуір әдебиетінің жиналуы, жариялануы ХІХ ғасырдың екінші жартысынан басталады. Халық мұрасын зерттеу ісіне ХХ ғ.бас кезінде ғана мүмкіндік туды. Қазақ хандығы дәуіріндегі әдебиеттің жиналып, жариялану, зерттелуін үш кезеңге бөліп қарастыруға болады.
Бірінші кезеңге ХІХ ғасырдың екінші жартысынан бастап Кеңес үкіметі орнағанға дейінгі кезең аралығындағы жиналу, жариялану жұмыстары жатады. Бұл ең алдымен Ш.Уәлиханов еңбектерінен көрініс тапты. Қазақ жырауларынан баспа жүзін көрген алғашқы туынды Шалкиіздің «Би Темірге айтқаны» деген толғауы. Баспаға әзірлеген Ш.Уәлиханов. В.В.Радлов жыраулар шығармашылығына қатысты пікірлер айтып, ақын-жыраулардың ел арасына тараған шығармаларын жинастыра бастады. Жыраулар мұрасы М.Османовтың «Ноғай уа құмық шығырлары», М.Бекмұхамедовтың «Жақсы үгіт», Ғ.Мұштақтың «Шайыр», «Көксілдер», Қ.Халидұлының «Тауарих хамса», А.Берқалиұлының «Ақын» жинақтарында сөз болды.
Екінші кезең. 1917-1959 жылдар аралығында жиналып, жариялануы, зерттелуі.1920-30 жж. әдеби журналдарда, оқулықтар мен хрестоматияларда бұрынғы ақын-жыраулар поэзиясының нұсқалары жарық көре бастады. Олар туралы ғылыми пікірлер де бой көрсетті. Кейіннен жыраулар әдебиетінің өсуіне С.Сейфуллин, І.Жансүгіров, М.Әуезов, С.Мұқанов үлкен үлес қосты. 1940 ж. бері қарай ақын-жыраулар шығармашылығын зерттеу жандана бастады.
Үшінші кезең. 1959 жылғы әдеби мұра жайлы мәселе көтерілген конференциядан кейінгі және осы күнге дейінгі зерттелуі. Бұл салада Ә.Марғұлан, Қ.Жұмалиев, Б.Кенжебаев, Е.Ысмайылов, Х.Сүйіншәлиев, М.Мағауин, Ы.Дүйсенбаев, Ә.Дербісалин, С.Қирабаев, Т.Кәкішев, Р.Бердібаев, М.Базарбаев т.б. еңбектерін атауға болады.
Ұлттық сөз өнеріндегі жыраулар поэзиясын, яғни жыраулық өнердің түрі мен тегін, дәстүрлі арналарын, даму өзгешеліктерін, көркемдік негіздерін, жыраудың қоғамдық-әлеуметтік орны, мұра-мирастары туралы әдебиеттанушы ғалымдар зерттеп, түйін-тұжырымдар жасаған.
Кейіннен ақын-жыраулар шығармаларын топтап жариялау қолға алынды. Осы мақсатпен 1962 ж. «ХVІІІ-ХІХ ғасырлардағы қазақ ақындарының шығармалары», 1965 ж. «Үш ғасыр жырлайды», 1967 ж. «Ертедегі әдебиет нұсқалары», 1971 ж. «Алдаспан», 1972 ж. «Ақберен», 1982 ж. «ХV-ХVІІІ ғасырлардағы қазақ поэзиясы», 1984 ж. «Бес ғасыр жырлайды», 1991 ж. «Ай, заман-ай, заман-ай» жинақтары жарық көрді.
Жырау. Жыршы. Ақын. Сан ғасыр сынынан өтіп, халық көкірегінде жатталып, жыраудан жыршыға ұласып, біздің дәуірімізге жеткен сұңғыла сөз зергерлері ХV-ХVІІІ ғғ. әдебиетінің өкілдері – Асан қайғы, Қазтуған, Доспамбет, Шалкиіз, Жиембет, Марғасқа, Қожаберген, Ақтамберді, Тәтіқара, Үмбетей, Бұқар, Шал, Көтеш сынды ақын-жыраулар.
Атадан балаға, жыраудан жыршыға көшіп, негізгілері ғана сақталған. Ендеше, ХV-ХVІІІ ғғ. қазақ поэзиясы оны туғызған жыраулар мен ақындардың талант-дарынын әйгілеп, олар өмір сүрген заман жайлы сыр шертеді.
Жыраулық – үздіксіз жалғасып келе жатқан көне әдеби дәстүр.Жыраулық - әрісі оғыз-қыпшақ, берісі ноғай-қазақ дәуірінен бері қарай үздіксіз жалғасып келеді. Қазақтағы «жыр», «жыршы», «жырау» сөздерінің арғы тегі бір, мұның бәрі «жыр айту», «жырламақ» ұғымымен терең астасып жатыр.
Жыраулардың, көбінесе, елдік, қоғамдық мәні зор аса ірі әлеуметтік мәселелер төңірегінде ой толғап, бүгінгі мен болашақты болжап айтатын мақал-мәтел іспеттес түйінді тұжырымдар арқылы табиғат пен адам өмірін өзара астастыра, шендестіре жырлайтыны мәлім. Бұл пікірді қазақтың ұлы ғалымы Шоқан Уәлихановтан бастап, М.Әуезов, Ә.Марғұлан, Е.Ысмайылов, Б.Кенжебаев, М.Мағауин, З.Ахметов, Х.Сүйіншәлиев, Ә.Дербісәлин тәрізді әдебиет тарихына қалам тартқан зерттеушілердің бәрі де түгелдей мақұлдайды.
Жырау – белгілі бір дидактикалық не әлеуметтік тақырыпқа орай жыр үлгісімен ауызекі суырып салып айтатын қалыпты импровизаторлық дәстүрдің өкілі. Жыраулар, академик Ә.Марғұлан атап көрсеткендей, қоғамдық өмірдің барысымен болашақты болжап айтушылар ғана емес, көптеген эпикалық жырларды жазушылар да болып табылады. Сондай-ақ сол жырауларды көпшілігінің аты-жөні мен жырлары өзге фольклорлық туындылар секілді түбегейлі өзгерістерге ұшырап, із-түссіз ұмытылып кетпей, авторлығы халық жадында сақталып отырған. Сондықтан жырауларды ұстанған дәстүрі мен көркемдік, стильдік сипаттары жағынан фольклор мен жазба әдебиеттің аралығында тұрған даралық әдебиеттің бірден-бір профессионалдық өкілдері деп бағалаған жөн.
Жырау – ақпа-төкпе, суырып салма өлең сөзді қару еткен өнер адамы, халықтың қамын ойлай білетін парасаты мол ел ағасы, қысылғанда жол табар ақылшысы, уақыт, оқиға сырын, замана бағыт-бағдарын ақыл таразысына салып сынай салмақтай білетін, болжағаны болып, айтқаны келетін тапқыр да көреген дана абызы. Қисық кеткенді қылышпен емес, сөзбен сілейтіп, бұйрық берер әміршісі, бетің бар, жүзің бар демей тура айтар өткір де әділ биі, жөні келгенде жыр мен қаруды бірдей жұмсап жауға аттанар жауынгер қолбасы болған. Ол ел тағдырын шешер ірі оқиғалар, аса мәнді көкейкесті мәселелер туралы толғанған. Жыраулар әлеуметтік мәні зор, келелі мәселелерді жырласа, ақындар өмірмен қоян-қолтық, бетпе-бет келіп, сан қилы тақырыпта өлеңдер шығарған.
Ақындық поэзияда тақырып ауқымының кеңдігіне қоса, сезімге құрылған лирикалық сипат басым болып отырса, жыраулық толғауларда әлеуметтік өмірдің әр алуан көріністері мен заман жағдайын сипаттайтын ой-болжам, асқақ эпикалық үнге көбірек мән беріледі. Осы ерекшеліктерді М.Әуезов дәл басып танып: «Жырау демек ақын деу емес. Жыраудың ақын атаулыдан, жыршыдан бөлек өз жанры бар. Жыраудың мақсаты, міндеті не болса сол, көңілашар, әлдене дерлік сөзді айту емес. Ол заман сынын, дәуір болжалын, тарихи оқиғаның мазмұнын, бағасын сөз қылады»-деп бағалайды. Ал ақындық дарынның ерекшелігін Е.Ысмайылов: «Ақын өмірдегі құбылысты, тарихи оқиғаны өзінің ой-өрісі дәрежесінде таниды. Ақынның сезінуі, ол сезгенін қабылдауы шапшаң, ол тез көріп, тез әсер ала біледі, алған әсерін ұғып есіне сақтауы да күшті, тұрақты. Ақын естігенінен гөрі, көзі көргенін тез сезіп, жылдам жырлап кетеді»,-деп жазады.
Жыраулар мен ақындардың шығармашылығында олардың төл шығармалары да, оларға әріден жеткен бағзы жырлар да, сол дәуірде туған эпостық туындылар да болуы мүмкін. Демек, жыраулар мен ақындар желілі жырларды тудыруға ат салысып, өздері қадір тұтқан поэзиялық мұраларды жырлап, таратқан.
Жыршы – ауыз әдебиетінің дәстүрін сақтаушы, батырлық, тарихи, ғашықтық жырларды айтып таратушы. Ірі өнерпаз жыршылар жырларды өзінше өңдеп не суырып салып шығарып та айтқан. Бұл жағынан қарағанда ерте кезден жыршының тұлғасы екі түрлі болған деп ұққан дұрыс. Біреулерінде қандай да қоғамдық-тарихи оқиғаны жырлап айту, суырып салып өлең шығару қабілеті айқын көрінсе, ал басқаларда шығарылған жырды жаттап, өзінше өзгертіп, өңдеп айту, орындаушылық шеберлігі басым болған. Жыршы негізінен тек бұрыннан белгілі поэзиялық нұсқаларды айтушы, орындаушы деп санау кейінгі кезеңдегі жыршыларға қарап қалыптасқаны сөзсіз. Қазақ поэзиясында суырып салма шығармашылық кең өрістеген ертерек замандарда жырды шығарып айтушы мен дайын нұсқаларын орындаушы арасында ондай шек болмаған. Жыршылық өнері, жыр айту өзгешелігі ауызша поэзияның туу, даму заңдылықтарына негізделеді. Сөзге шешендік пен ой өткірлігіне дауыстың әуезділігі, аспаптық сүйемел, орындау шеберлігі елеулі міндет атқарады.
ХҮ-ХVІІІ ғғ. ақын-жыраулар елдік, ерлік, өмір, дін, заман хақында толғанған. Олар көне шығыс поэзиясы дәстүрімен өмірдің өтпелілігін жырлап, ізгілік пен инабатты дәріптеген. Заманының ойлы перзенті ретінде өмірдің сан алуан мәселелерін сарапқа салып, философиялық, дидактикалық түйін-тұжырымдар жасап, жер-суды, атаменді қорғау, ел бірлігін сақтау мәселелерін жырлаған.
Өткен ғасырлармен салыстырғанда, ХVІІІ ғ. халықтың ауыз әдебиеті мазмұны жағынан байып, әр алуан бола бастады. Онда қалың бұқараның ел ішіндегі жағдайларға қарсы наразылығы барған сайын айқын білінді. 1723 ж. оқиғаларға байланысты эпикалық жырлар мен өлең-әндер туды. Соның бірі «Елім-ай» әні болды. «Қап қағылған», «Шаңды жорық» сияқты аңыз жырлары шықты. Бұл шығармалардан ел-жұртынан безіп, босқан халықтың зарлы үні, қайғылы мұңы естіледі.
ХVІІІ ғасыр әдебиетінде ең алдымен, сыртқы жауға қарсы ерлік күреске үндеу, ел бірлігін сақтайтын басшыны жырлау сияқты сарындар күшейді. Сыртқы жауға қарсы күрес кезінде шыққан әдеби шығармаларда таптық санадан гөрі елді қорғау арманы алғы сапқа қойылды. Шапқыншылардан елді азат ету үшін күреске үндеу, осы мақсатпен жорыққа аттанған ерлерді дәріптеу ең негізгі мәселе, өзекті сарын болып отырады. Тек сыртқы жау қаупі арылып, ел есін жиып, бір-бірін түгендесер шақта ғана халық өз ішіндегі озбырларға қарсы үн шығарып, наразылықтарын айта бастады. Хан, төре, мырзалар көрсеткен қорлық-зомбылықтарға қарсы күрес идеясы жырланды.
Ақын-жыраулар мұрасында сол дәуірдегі талай тайпалар басынан өткен тарихи оқиға іздері сайрап жатыр. Әр дәуірдің ірі, іргелі оқиғалары, көрнекті адамдары, тариха тұрғыда нақты дәлдікпен көріне қоймаса да, жыраулар мен ақындардың өз басы жағдайлары, жыр жолдарында кездесетін адамдармен қарым-қатынасы, олардың сыртқы-ішкі бейнелерінің кейбір көріністері, сол замандағы бірқатар оқиғалар хақындағы деректер анық байқалады. Егер Асан жырламаса Жәнібек, Шәлгез жырламаса Темір, Тәтіқара, Үмбетей, Бұқар жырламаса Абылай, Махамбет жырламаса Жәңгір хан поэзия жолдарында қалмас еді.


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет