Хандық дәуір әдебиеті пәнінің мақсаты мен міндеттері. Қазақ халқының тағдыр-талайы мен төл әдебиетінің тарихын оқып-танудың, таразылаудың ерекше мәні бар. Осы реттен келгенде курстың мақсаты төмендегідей:
- қазақ тарихына, сөз өнерінің бастау-арналарына ден қою;
- қазақ хандығы тұсындағы әлеуметтік-қоғамдық ахуалға, Керей, Жәнібек хандардың елдік мұраттар жолындағы іс-әрекеттеріне мән беру;
- қазақ даласының ежелгі тарихына, руханият мәселелеріне назар аудару;
- қазақ атауына қатысты дерек көздерін жаңаша бажайлау;
- қазақ хандығының туы тігілген жер – Қозыбасы атауын айқындау;
- әз Тәукенің «Жеті жарғысының» маңыз-мәніне үңілу;
- ел тарихы мен тағдырына қатысты ақын-жыраулар шығармашылығындағы дерек-дәйектерді жаңаша қарастыру;
- ақын-жыраулар дәстүрінің төркініне үңілу.
«Әр дәуірдің өз міндеттері бар» (Гейне). Тарихтан - тағылым, тағдырға - тағзым. Осы реттен келгенде, ХҮ-ХҮІІІ ғғ. қазақ әдебиетінің мұралары негізінен ауыз екі үлгіде тарады, яғни кешеден бүгінге жетті. Бұл - бір.
Екіншіден, осы кезең туындылары көбіне өлең, жыр, толғау түрінде жеткен.
Үшіншіден, адам бейнесін жасаудың алуан түрлі үлгі-өрнектері бар. Мысалы, Асан қайғы - Жәнібек ханның, Бұхар жырау - Абылай хан, Қабанбай, Бөгенбай батырлардың, Шалкиіз - Би Темірдің, Үмбетей - Бөгенбайдың әдебиеттегі образдарын сомдаған.
Ақын- жыраулар шығармаларының басты тақырыптары:
азаттық, тәуелсіздік идеясы;
ел-жер тағдыры;
батырлық, ерлік жайлы;
жастық, кәрілік хақында;
дос-дұшпан туралы;
халық бірлігі мен мұраты;
адам мен оның еңбегі.
Егеменді ел болғаннан кейін қазақ әдебиетінің тарихын жаңаша бажайлап, оны оқып-үйренудің, зерттеудің маңызы зор. Осы орайда, басты міндеттердің қатарына төмендегі мәселелер жатады:
қазақ тарихына, әдебиетіне қатысты көзқарастарды жүйелеу;
«200 жылдық соғыс» сипатын саралау;
Ресейдің басқыншылық саясаты тұсындағы саяси тәуелсіздік пен рухани еркіндікті аңсау идеясының мәнін ашу;
ақын-жыраулар поэзиясындағы азаттық, елдік, ерлік, теңсіздік тақырыптарының табиғатын айқындау;
ақын-жыраулар мұрасындағы сахара халқының өмір-тұрмысына, сайын дала сырларына, ұлттық- рухани мұраттарға назар аудару;
Асан қайғыдан – Абылай заманына дейінгі аралықта өмір сүрген қазақ әдебиетінің алғашқы өкілдері туралы дерек-дәйектерді жаңа уақыттың талап-тілектеріне сай зерделеу;
ұлттық тарихымыз бен руханият әлеміміз үшін аса маңызы бар - қазақ атауы мен ақын, жырау, жыршы сөздерінің сырын ашу;
қазақ хандары: Керей, Жәнібек, Есім, Қасым, Абылай т.б тарихи орын-үлестерін саралау, отаншылдық, патриоттық қырларына көңіл бөлу;
ақын-жыраулар поэзиясындағы адам әлемі, қоғамдық өмірдегі өзгерістер, әдет-ғұрып, елдік-ерлік дәстүрлер, хандық үкімет сипаты, ақтабан-шұбырынды кезеңі т.б тақырыптардың көрінуі, ондағы көркемдік, тілдік, стильдік құбылыстарға маңыз беру.
Жыраулық поэзияның дамуы. Қай кезеңде де қазақ халқының сөз өнері аса жоғары бағаға ие болған. Өзіміздің зиялылар тарапынан ерекше қастерленуімен бірге, басқа жұрт оқымыстыларын да таң қалдырған. Қазақ сөз маржанын жинаушылардың бірі Г.Н.Потаниннің «бүкіл қазақ даласы ән салып тұрғандай көрінеді» деуі де содан. Сондай-ақ:
«Рухани жағынан алғанда қазақтар бойына үлкен қабілет дарыған халықтардың қатарына жатады. Олардың әдебиеті байлығымен де, мазмұндылығымен де ерекше көзге түседі»,- деген-ді Д.Клеменц.
В.Радлов: «Қазақтар нақысты сөйлеуді бар өнердің алды деп біледі, сондықтан олардың поэзиясы дамудың жоғарғы сатысына жеткен» десе, М.В.Готовицкий: «Жасандылық пен жылтырақтықтан ада қазақ өлеңдері өзінің жоғары көркемдігімен, сонымен қатар қарапайымдылығымен, шыншылдығымен бізді таң қалдырады»,- деп бағалаған.
«Пәк, таза қазақ поэзиясы – үлкен творчестволық күштің жемісі»(А.Е.Алекторов).
«Өлең, жыр – қазақтардың жан серігі. Жай, қарапайым адамдардың өзі суырып салып айтуға бейім тұрады»(П.И.Пашино).
«Қазақтар сөз өнеріне жетік келеді. Бұл жұрттың бәріне: оқыған адамдарға да, әліпті таяқ деп білмейтіндерге де, байға да, жарлыға да тән қасиет»(А.Брем).
ХV-ХVІІІ ғғ. қазақ әдебиеті Алтын Орданың ыдырап, қазақ хандығының өмір сүрген дәуірін қамтиды. Қазақ хандығының өзінен бұрынғы мемлекеттік құрылымдардан ерекшелігі – оның кең және берік этникалық негізі болды да, оған қазақ халқын құраған этникалық топтардың барлығы қосылды. Сөйтіп, қазақ халқы тілі, территориясы жағынан тұтастанып қалыптасты. Сондықтан ғалымдар қазақтың таза өз тіліндегі төл әдебиеті ХV ғасырдан басталады деп есептейді.
Қазақ әдебиетінің бұл кезеңі белгілі тарихи-әлеуметтік жағдайларға байланысты дамыды. Бұған себепкер болған жай – 1456 ж. Шу бойында қазақ хандығының құрылуы, осының нәтижесінде қазақ хандығының тарих сахнасына шығуы.
ХV-ХVІІ ғғ. – қазақ хандығының құрылып, тайпалар бірлестігінің, феодалдық мемлекеттің нығая бастаған дәуірі. Осы кезден бастап қазақ халқы мәдениетінің де өзіндік беті айқындала түседі. Ол әсіресе, халықтың тілінен, әдебиетінен айқын сезіледі. Жыраулар әдебиетінің дамуын үш кезеңге бөлуге болады:
1. ХІ-ХІV ғғ. Жыраулық дәстүрдің негізі қаланған ілкі кезеңі. Алғашқы өкілдері Кетбұға, Қорқыт, Аталық, Сыпыра жыраулар, Қодан тайшы.
2. ХV-ХVІ ғғ. Жыраулық поэзияның қалыптасу кезеңі. Асан, Қазтуған, Шалкиіз, Доспамбет, Ер Шобан.
3. ХVІІ-ХVІІІ ғғ. Жыраулықтың әбден толысып, кемелденген кезеңі, гүлдену дәуірі. Үмбетей, Жиембет, Марғасқа, Тәтіқара, Қожаберген, Ақтамберді, Бұқар, Шал, Көтеш.
Достарыңызбен бөлісу: |