3. Іс құжаттарының жіктемесі Басқару құжаттарын жіктеудің көптеген тәсілі бар. Олардың бірқатары мынадай:
1) мазмұны бойынша (жіктеудің маңызды түрі) – бұл:
- әкімшілік мәселелері бойынша;
- материалдық-техникалық жабдықтау мәселелері;
- жоспарлау;
- бухгалтерлік есеп;
- кадрлар даярлау;
- сыртқы сауда қызметі және т.б. бойынша құжаттар болуы мүмкін.
2) Құжаттар шығарылуына қарай екіге: ресми және жеке құжаттарға бөлінеді.
Ресми құжаттарды белгілі бір ережелер (стандарттар) бойынша ұйымдар немесе лауазымды тұлғалар жасайды. Ресми құжаттарға адамның жеке басы мен құқықтарын куәландыратын құжаттарды, сондай-ақ биографиялық сипаттағы деректері бар құжаттарды да (төлқұжат, жеке куәлік, жүргізуші куәлігі және т.б.) жатқызады.
Жеке құжаттарды адамдар өздерінің қызметтік міндеттеріне қатыссыз жасайды.
3) Құжаттар жасалу орнына қарай:
Сыртқы – мекеме алған (келіп түскен) немесе олар басқа жаққа жіберген (жіберілетін) және Ішкі – осы мекемеде жасалған және оның ішінде қолданылатын құжаттар болып бөлінеді.
4) Атауы бойынша басқару құжаттары көптеген түрге бөлінеді, мысалы, актілер, сауалдамалар, ведомостер, хаттамалар, нұсқаулықтар, есептер, бұйрықтар және т.б.