Кім жалғаулығы. «Жамиғ-ат тауарихтың» синтаксистік құрылысын зерттеген ғалым Т.Қордабаев: «Кім жалғаулығы ертеректегі жазу нұсқаларында жиі қолданылғанымен қазақтың жалпы халықтық тіліне сіңісе алмай, қолданудан ерте шығып калды. Қазақ тілінің ХІХ ғасырдағы мерзімді баспасөзінен бастап кім жалғаулығы атымен кездеспейді» [2, 60-б.].
Қ.Өмірәлиев: «Абайдың қара сөздерінде ескі түркі әдебиеттерінде бар «ки» («кім») жалғаулық шылаулар арқылы жасалатын құрмалас сөйлемнің түрлері жиі кездесіп отырады. Бірақ бұл жалғаулықтар қазақ тілі табиғатына тән болмағандықтан, олар ақын шығармаларында түсіріліп отырады» [6, 94-б.].
Р.Сыздық Қ.Өмірәлиевтің «Соған қарап ойлайсың: алла тағаланың сипатында солай болмаққа тиіс... Мағлұм болды: қазақ тыныштық үшін, ғылым үшін, білім үшін, әділет үшін қам жемейді екен – сияқты сөйлемдердің қос нүкте қойылған жерінде кім дәнекері түсіріліп жасалған» деген пікірін былайша қорытады: «Абайда кездесетін, жазуда араларына көбінесе қос нүкте қойылған құрмалас сөйлемдердің бұлайша құрылу себебін тағы да ауызша сөйлеудің, ауызша шешендіктің тәртібінен іздеу керек тәрізді, ал бұл нормада негізгі ойды білдіретін компонентті әуелі айтып алу заңды» [30, 169-б.]. Әрнешік білмек керек: жоғарғы жазылмыш екі түрліден басқа иман жоқ деген мысалды ғалым: «жазушының көздеген нысанасы екі түрліден басқа иман жоқтығын айту емес, сол жоқтықты білудің қажеттігін айту» деп түсіндіреді.