1 аббревиатура сөздерді шартты түрде қысқарту немесе оны бастапқы әріптермен белгілеу. Мысалы, АҚш америка Құрама Штаттары



бет2/5
Дата31.12.2019
өлшемі386,5 Kb.
#54939
1   2   3   4   5

Дәріс 4. Интернет журналистиканың тарихы

1.Интернет журналистиканың дамуы туралы ғалымдар пікірі

2.Электронды поштаның пайда болуы.Алғашқы домендер.

Интернет – журналистикаға бұрынғыдан өзгеше қалып, жаңаша мән әкелді. Финляндияның ірі басылымының бірі - «Хельсинген Саномат» газетінің шолушысы Пентти Садениеми интернет дәуіріндегі журналистің қызметіне былай деп сипат береді: «Жаңа технологиялар журналистің жұмысын жеңілдете әрі жайландыра түсті. Барлығында жеке компьютері бар, бұрынғысынша жүгіру, жан-жаққа телефон шалу, мекен жайларды іздеудің қажеттігі жоқ. Әріптестерімізбен электронды пошта арқылы байланыс орнап тұрғандықтан, сұрау саламыз да, арғысына көп мазасызданбаймыз. Әсіресе, шетелдегі журналистермен қарым-қатынас жасау аса қолайлы». Осыдан келіп, еңбектің авторы интернетпен қоса пайда болған журналистиканың сапасына алаңдаушылығын да жасырмайды.

Ақпарат тасқынының ұлғаюына бірнеше фактор себеп болды:

1) теледидарда спутниктік арналардың көбеюі;

2) азаматтардың жаңа ақпараттық кеңістікті игеруі;

3) БАҚ-ның қоғамдық міндеттерінің азайып, ендігі оның коммерциялық мақсатта көбірек қолданылуы.

Қазіргі уақытта біздің өмірімізде интернеттің қамтымаған саласы жоқтың қасы. Оның техникалық ерекшеліктерін түпкілікті түсіну үшін оның пайда болу тарихы мен даму жолдарын айналып өту мүмкін емес.

Ең алғаш компьютерлердің пакеттік жүйесін құруды қолға алған - ARPA (Advanced Research Projects Agency Network) агенттігі. Интернеттің алғашқы аты да сәйкесінше ARPANet болатын. АҚШ Қорғаныс Министрлігінің басқаруындағы бұл мекеменің алдында қорғаныс саласында жұмыс істейтін зерттеу ұйымдарын біріктіріп, олардың қызметін бақылайтын және үйлестіріп отыратын сенімді компьютерлік жүйені дүниеге әкелу міндеті қойылған еді. Бұл арнадағы ізденістер 1969 жылы өзінің жеңісті мәресіне жетті. Алғашында жүйе Калифорния (University of California, Los Angeles, UCLA) мен Стенфорд (Stanford University) университеттері арасында орнатылды. Көп ұзамай, кішігірім жүйеге Санта-Барбара (University of California, Santa Barbara, LA) және Солт Лейк Сити (University of Utah, Salt Lake City) университеттері де қосылады. Ал 1972 жылы электронды пошта дүниеге келеді.

Алғашында тек салалық қолданыста ғана болған Интернеттің кейін қандай ғаламдық жүйеге айналатынын тап басып болжаған ешкім болған жоқ. Алайда американ әлеуметтанушысы Маршалл Маклюэн (Marshall McLuen, 1911-1980) өзінің «Гутенберг Галактикасы» (The Gutenberg Galaxy, 1962), «Медианы түсіну» (Understanding Media, 1964) атты еңбектерінде бүкіл әлемді тоғыстыратын бір жүйенің дүниеге келуінің алғышарттарын тұжырымдап кеткен болатын. Маклюэн өмірін технологияның бұқара мәдениеті мен адамдар қарым-қатынасына тигізетін әсері мен ықпалын зерттеуге арнаған ғалым. 1964 жылғы еңбегінде ол технологиялық дамудың нәтижесінде болашақта «глобалдық деревнялар» пайда болады деген. Мұндай мекендерде шалғай жерлерде орналасқан адамдар тобы ешқандай кедергісіз, орталықтағыдай ақпарат алуына мүмкіндігі болады – делінген кітапта.

Ол кезде телевизия пайда болып, негізгі ақпарат көзіне айнала бастағандықтан, Маклюэн еңбектерімен танысқандар оны теледидардың болашағы туралы айтып отыр деп ойлады, алайда қазіргі заман көзқарасымен оқыса, «Understanding Media» кітабында сөз болғаны – Интернет ғаламдық жүйесі еді.

Шындығында да, қазіргі уақытта Интернет – ешбір мемлекетаралық шекараларды мойындамайтын дербес бір әлемге, «глобалдық деревняға» айналып отыр. Компьютердің қай мемлекет аумағында орналасқандығынан хабар беретін тек домен ғана. Ал ең алғашында әлемтордағы домендер саны саусақпен санарлықтай ғана еді. Олардың барлығы тек АҚШ аумағында қолдану үшін ойлап табылған.

- .edu (education) – университеттер және т.б. оқу орындарының жүйесі;

- .com (commercial) – коммерциялық ұйымдардың жүйесі;

- .gov (goverment) – үкіметтік және мемлекеттік ұйымдар жүйесі;

- .mil (military) – АҚШ Қорғаныс Министрлігінің жүйесі;

- .org (organization) – түрлі қоғамдық ұйымдардың жүйесі;

- .net (network) – телекоммуникация операторларының жүйесі.

Қазіргі уақытта саяси, әлеуметтік жағдай өзгерді. Бұл домендер қазір АҚШ меншігі емес, Бірінші Деңгейдегі Ұлттық домендер ( Top-Level National Domains, TLDs) тобын құрайды. Ал Екінші деңгейдегі топқа мемлекеттердің географиялық домендері кіреді (қараңыз: қосымша). Әлемторда Қазақстан .kz доменімен таныстырылған. Совет Үкіметі кезіндегі домен - .su (Soviet Union), 19.09. 1990 жылы InterNIC ( International Network Information Center) базасында тіркеліп, Бірінші Деңгейдегі топқа кіретін. Кеңес Одағы тараған соң, 1992 жылы дүниеге .ru домені келеді. Ал 19.09.94 жылы IANA (Internet Assigned Numbers Authority) мәліметтер жинағында .kz домені алғаш рет тіркеледі. Қазіргі уақытта барлық сайттарды тіркеп, статистика жүргізетін бірден-бір «орган» - 1999 жылы қыркүйекте Әділет Министрлігі тіркеген KazNIC коммерциялық емес ұйымы. Соңғы мәліметтер бойынша, KazNIC-те 3000-ға тарта қазақстандық сайт тіркеулі.

Интернеттену кезеңі түрлі елдерде түрліше жүрді. Процесті сипаттаған кезде байқалған үрдіс – интернет дамыған елдерден дамушы елдерге қарай тарағандығы. Сонымен қатар, интернеттің даму-дамымауы нақты мемлекеттің саяси ұстанымы мен менталитетіне де тікелей байланыстылығы байқалған. 1998 жылы ең компьютерлендірілген елдер бестігіне АҚШ (1000 адамға – 520 компьютерден), Финляндия (490), Швеция (480), Дания (350) және Ұлыбритания (280) кіретін. Сондықтан Интернет-журналистиканың да осы аталған елдерде қалыптасуы да заңды болса керек.

Ең алғаш жүйелік басылымдар шыға бастағанда кейбір мамандар бұл жаңалықтың дәстүрлі басылымдардың беделіне қауіп төндіреді деген пікірлерін де жасырмады. 1996 ж. АҚШ-та «online режимінде жұмыс істейтін дәстүрлі БАҚ-ң электронды нұсқасын жасау қаншалықты тиімді болады?» деген сұрау жүргізген еді. Сонда респонденттердің 45%-ы оның сәтті болатынына күмән келтіріп, тіпті ондай жағдай әдеттегі газет-журналдар беделінің өсуіне кедергі болады деп жауап берген. Ал басқа 44%-ы керісінше, ондай үрдіс өте тиімді болады деген пікір білдірген.

Тампере Университетінің (Финляндия) ғалымы, электронды журналистикаға арналған көптеген мақалалардың авторы Ари Хейнонен өзінің «Жүйедегі журналистика туралы баяндамалар» (1998 ж.) атты кітабында: «Қазіргі уақытта дәстүрлі газет-журналдар алдында бір-ақ таңдау бар. Ол – жүйеге көшу немесе біржола жабылу» - деп «кесіп» айтады.

Алайда, осы салада маманданған тағы бір финн зерттеушісі Микко Кивилуото «Жүйе – қарақшы емес» атты мақаласында мұндай қауіптің негізсіз, әрі ондай мәжбүрлік туып отырған жоқ деген пікірін айтады. Кивилуотоның зерттеулерінің нәтижесі бойынша, жағдай мүлдем басқаша: оқырмандар бұрынғысынша дәстүрлі басылымдарды оқиды, ал электрондық сипаттағы нұсқаларын тек қызықтау үшін қарайды екен.

ТМД аймағында Интернет тұрақты қарқынмен дамып отырғанмен, шын мәніндегі БАҚ сипатына саятын сайттар кейінірек, шамамен 1995 жылы пайда болған. Д.В.Смирнов өзінің аталған еңбегінде Ресей Интернетінің хронологиясын 1995 жылдан бастап жасағанын былай деп түсіндіреді: «1995 жылға дейін Ресейдегі интернетті бар дегеннен гөрі жоқ деуге болатын еді. Ал бар дегеннің өзінде, ондағы дүниелердің саны мен сапасы БАҚ демек түгіл сайт деген сипат беру қиын соғатын. Сонымен бірге оның пайдаланушылары тым аз болғандықтан, интернеттің бұқаралық сипатын да жоққа шығаруға тура келеді».

Әлемторда таныстырылған елдердің барлығының Ресей интернеті сияқты тарихы бай деу артық болады. ТМД мемлекеттерінің ішінде интернет қолдау тауып, аса дамыған деп Ресей, Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Украина және Беларусьті атауға болады.

Ұсынылатын әдебиеттер:

Негізгі: 7,8,9,10,12,13

Қосымша:3,4,5,6,7,8,9,10
Дәріс 5. Отандық интернет журналистиканың дамуы, қалыптасуы
1.Отандық интернеттің туған күні қашан?

2.Қазақстандағы алғашқы сайттар.

3. Қазақтілді сайттар және олардың кейбір ерекшеліктері

Қазақстандық интернеттің «туған күні» қашан деген сұрақтың екі жауабы бар. Біріншісі – 1991 жылдың көкек айында. Сол жылы «Парасат» фирмасы базасында RELCOM жүйесінің Қазақстандағы алғашқы аймақтық торабы ашылған болатын. Бұл торап UUCP пртоколы бойынша элетрондық пошта қызметін көрсететін. Ал екінші туған күні – Казнеттің дүниеге келген 1994 жыл, қыркүйек айының 19-ы – осы күні алғаш рет KZ домені тіркелген еді. Сол жылдың аяғында қазақстандық сайттардың саны 15- ке жетеді. Олардың қандай сипатта болғаны туралы мәліметтер, адрестері қазіргі уақытта нақты сақталмаған.

С. Дуванов өзінің «WEB-журналистика: опасные тенденции» атты мақаласында Қазақстандағы интернет-журналистиканың қалыптасуына басты себеп болған 1996 жылғы негативті саяси процестер – деп атап көрсетеді.

KZ доменімен таныстырылған сайттар саны бүгінде 3000-нан асты. Қазіргі таңда қазақстандық сайттардың ең толық тізімі «www.site.kz – Весь WWW-Казахстан» сайтында орналасқан. Интернет пайдаланушыларының арасында аса танымалдары негізінен іздеу қызметтері (поисковые службы).

Әдетте, іздеу серверлері сондай-ақ жаңалықтар ленталарын да қамтиды. Әзірге мұндай сайттардың ішінде айтарлықтай беделге ие болып отырған – gazeta.kz. Ресейдің осы аттас сайтының қазақстандық нұсқасы боп табылатын газета.кз - әуелден қағаз баламасы жоқ, таза жүйелік ақпараттық жаңалықтар сайты. Онда жарияланатын ақпарат топтамасы күнделікті жаңартылып отырады. Тілі – бейресмиге жақын.

Ақпарат агенттіктерінің сайттары да жаңалықтар лентасын ұсынады. Бұл тұрғыда Kazinform, Internews-Kazakhstan сайттарының беделі айтарлықтай. Сайттарда жарияланатын ақпарат өте жедел әрі маңызды. Қазақстан көлеміндегі жаңалықтарды ұсынуда үлкен алуандық танытады. Сайттардың тілі – ресми.

Аналитикалық ақпарат жариялайтын сайттар негізінен оппозициялық сарынға берілген. Олардың қатарында, әрине, nomad.kz, TABU.nursat.kz, kazakhgate.kz атауға болады.

Ресми талдамалы материалдар – www.kisi.kz сайтында жарияланатын. Сайт материалдары екі тілде – орысша және ағылшынша ұсынылады. Дизайны өте ұтымды жасалған Қазақстан Стратегиялық Зерттеулер Институтының бетінде республикадағы және халықаралық басты жаңалықтар жазылады, сондай-ақ мұнда өзекті мәселелерге қатысты аналитикалық материалдар орналасқан. Флеш-технологияларды тиімді пайдалана отырып, сайтты жасаушылар оның тартымдылығын арттыра түскен.

Ал Саяси Зерттеулердің Орталық Азия Агенттігі www.apr.kz сайтын шығарып тұрғанына 3 жыл болды. Бұл да Қазақстанның ақпараттық-аналитикалық нарқында оперативтілігімен, жоғары сапалылығымен, объективтілігімен танылған интернет-басылым. Ондағы материалдар сәйкесінше өзектілігімен ерекшеленеді.

Қазақстандық интернет-журналистикасының қалыптасып, жаңа сипат ретінде нығаюына, әрине, «Навигатор» интернет-газеті зор үлес қосты. Осы арнада жаңа талаптарды, стандарттарды енгізген де www.navi.kz .

«Навигатор» интернеттің интерактивті мүмкіндіктерін пайдаланып, журналистиканың жаңа стандарттарын қалыптастырды. Сонымен қатар журналистиканың сапасын көтеруде «Навигатордың» сіңірген еңбегі зор.

«Перспектива» интернет-басылымының жарық көре бастағанына көп уақыт бола қойған жоқ. Дизайны тым жұпыны келетін аталмыш басылым әзірше мәнді еш нәрсе ұсына алмай отыр деуге болады.

Одан кейінгі орында - әлемторда таныстырылған дәстүрлі БАҚ- ның электронды нұсқалары. Қазіргі уақытта, Қазақстанда шығып тұратын барлық дерлік БАҚ жүйелік нұсқаларын да жасап алған. Мұндай қажеттілік ең біріншіден аудиториямен үнемі тығыз қарым- қатынаста болу керек деген міндеттен туындап отырғаны шындық.

Интернетте таныстырылған дәстүрлі БАҚ-ның ішінде ең елеулісі – «Хабар» агенттігінің сайты. Дизайны ең сапалы болып табылатын да, осы сайт. Бірақ, ашылғанына біраз уақыт өткеніне қарамастан, оның әлі күнге өзгертілмей келе жатқаны – www.khabar.kz электрондық бетіне кіріп-шығушыларының санының азаюына әкеліп отыр. Сайт үш тілде жасалғандығымен құнды.

«Континент» журналының да электронды нұсқасы әлемтордан орын тепкен. www.continent.kz те дәстүрлі басылымдағы материалдарын жариялап отырудан көп аса қоймаған. Бірақ, оның жағымды жағы – журнал аз тиражбен таралып, әркімнің қолы жете бермейтіндіктен, сайтта сол номердегі материалдардың жариялануы. Сайттың интерактивтілігі болмаса, оны журналдың дәлме-дәл көшірмесі деп қабылдауға болады. Алайда, журналдың интернеттегі дизайнына шығармашылық ұжым көп мән бермейді. Егер өмірдегі «Континент» - қымбат бағалы қағазға басылған, жоғары сапалы басылым болса, жүйелік нұсқасы ондай сән-салтанаттан аулақтау.

«Жас Алаш» газетінің сайтында негізінен басылымның жаңа нөмірінің материалдары жарияланып тұрады. Бірақ бір ерекшелігі анонс берілген соң, жалпы сол сандағы ең елеулі деген мақаласын атап өтеді. Тілдік жағынан сайт өмірдегі «Жас Алаштан» соншалықты ерекшелене қоймайды.

Тек жүйелік қазақтілді газеттің бірі - www.akolya.hypermart.net/links.html. Бұл негізінен іздестіру (поисковик) сайты боп саналады. Ондағы берілген қазақтілді сайттардың тізімі 10 шақты ғана атауды қамтиды. Akolya-ға тән бір ерекшелік – ондағы сайттардың «ауыл» деп аталатындығында, яғни сайтқа шақыру: «Біздің ауылдың қонағы болыңыз!» деп айтылады. Қазақтілді алғашқы іздестіру қызметі болғандықтан, сайтта қызықтайтын дүниелер баршылық: шетелдегі қазақ азаматтарымен тілдесу, қазақ тіліндегі рефераттар, қазақы қалжың, мәдениет пен әдебиетке қатысты дүниелер, т.б. Олардың бетте орналасу тәсілдері де қызықты. Бірден көзге түсетіні – сайттың саясаттан аулақтау болуға талпынысы.

Қарағандыда БАҚ-на Құқықтық көмек көрсету Орталығының базасында 2002 жылы www.arka.medilaw.kz сайты ашылған болатын. Жас журналистердің қолдауымен шығатын бұл сайт 7 бөлімнен тұрады. Бұл сайт аймақтағы журналистерге ғана емес, қалың оқырман аудиториясына бірдей қызықты екендігіне дау жоқ. Толығымен қазақ тілінде жасалған сайтта кез-келген жастағы оқырман өзіне лайық, қызықты дүниені таңдап оқи алады. Тақырыптық аясы әдебиет, мәдениет, тарих, құқық саласындығы жарияланымдар мен көрнекті тұлғалармен сұхбаттарды қамтиды.

Қазақ тіліндегі басқа ақпараттық сайттар тар шеңбердегі тақырыпты қамтиды, ал «Тарлан» сайты бұл мәселені өте ұтымды шешкен. Ондағы «Саясат», «Пікір», «Рейтинг», «Сұхбат», «Шолу» сияқты түрлі айдарлары бойынша қоғамдағы түгелдей саяси-әлеуметтік, мәдени-экономикалық салалар қамтылған материалдар аптасына екі-үш рет жаңартылып отырды. Сайт сонымен қатар, дәстүрлі қағаз басылымдармен келісім-шарт жасасып, сайттағы материалдарды белді қазақсандық басылымдардың беттерінде жариялауға қол жеткізді. Ондай келісім жасаудың тағы бір себебі – Қазақстанда интернеттің беделін нығайтып, аналитикалық сипаттағы net-журналистиканың дамыту еді.

Жалпы, Саяси Зерттеулердің Орталық Азиядағы агенттігі интернет кеңістікте одан да басқа тағы бірнеше қазақтілді жобаларды өмірге әкелуші ретінде белгілі. Оның бірі – Отырар кітапханасы, www.otrar.kz – қазақша әдебиеттерді таныстырса, екіншісі – www.munai.kz - Каспий аумағы мәселелеріне арналған.

Қорыта айтқанда қазіргі таңда қазақ интернет кеңістігі жаңа сайттармен, порталдармен, блог платформалармен, моблогтармен жаңалану үстінде. Бұл үрдіс елімізде азаматтық журналистиканың дамуына зор үлесін қосып, қазақстан журналистикасының демократиялық бағытқа қадам жасап жатқандығын дәлелдейді.

Ұсынылатын әдебиеттер:

Негізгі: 1,3,10

Қосымша: 2,4,7,9,12,13
Дәріс 6. Интернеттегі бұқаралық ақпараттың заңмен реттелуі
1.Интернет БАҚ бола ала ма?

2.Интернеттің құқықтық мәселелері

3.Ақпарат таратудағы заң бұзушылықтар.

4.Провайдерлер жауапкершілігі

5.Авторлық құқықтың бұзылуы.Киберқылмыстар туралы конвенция.

Елімізде 1999 жылы қабылданған бұқаралық ақпарат құралдары туралы Заңның 1-бабының 2-пункті бойынша «бұқаралық ақпарат құралы – мерзімді баспасөз басылымы, радио және теледидар бағдарламасы, киноқұжаттама, дыбыс-бейне жазбасы және көпшілік қолжеткізе алатын телекоммуникациялық желілердегі (интернет және басқалары) WEB – сайттарды қоса алғанда, бұқаралық ақпаратты мерзімді немесе үздіксіз жария таратудың басқа да нысаны» деп көрсетілген. Сонымен қатар, осы заңның 15-пунктінде «WEB-сайт – Қазақстан Республикасының жеке немесе заңды тұлғасының арнайы техникалық және бағдарламалық құралдардың көмегімен дайындалған, меншік иесі жаппай тарату мақсатында ақпарат беретін электорнды өкілдік билік» делінген.

Интернеттегі авторлық құқық «Авторлық құқық және сабақтас құқықтар» туралы Қазақстан Заңымен реттеледі. Заңда интернет шартты түрде ақпарат құралы ретінде қарастырылмайды, бірақ талаптары, ортақ міндеттері сай келеді. Заңның 6 бабының 1 – тармағында: «Авторлық құқық мақсатына, мазмұны мен маңызына, берілу әдісі мен нысанына қарамастан, шығармашылық еңбектің нәтижесі болып табылатын ғылым, әдебиет және өнер туындыларына қолданылады». «Кез келген сайт шығармашылық туындысы болғандықтан, интернеттегі сайттардың барлығына осы заң қолданылады». Осы баптың 2 тармағында: «Авторлық құқық белгілі бір обьективті түрге ие болған: жазбаша (қолжазба, машинкаға басылған, нотаға жазылған және сол сияқты); бейнелеу (сурет, нобай, көркем сурет, жоспар, сызба, кино, телебейне не фотокадрлар және сол сияқты) көлемді, кеңістікт (мүсін, үлгі, макет, ғимарат, сол сияқты) түріндегі жарияланған туындыларға да қолданылады» – делінген. 48 – бапта «заңда көзделген авторлық және сабақтас құқықтарды бұзғаны үшін Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес азаматтық, қылмыстық және әкімшілік жауаптылық туындайды» - деп көрсетілген. Демек кез келген сайт шығармашылық туындысы болғандықтан, интернеттегі сайттардың барлығына осы заң қолданылады. Қажеттілік туа қалған жағдайда, заңды алға тартып, шығармашылық меншігіміздің құқығын қорғай аламыз. Бірақ интернет провайдерлерінің міндеті әлі де болса жетілдіруді қажет етеді. Олардың басты табыс көзі – интернет басылымдары. Сондықтан интернет дизайнерлері де, оның шығармашылық ұжымы да одан белгілі бір дәрежеде табыс тауып отыруы заңды.

Ең алғаш интернетті бақылауға алу, шектеу жүйесі 1999 жылы «Евразия» сайтын жабуға байланысты іске қатысты тіркеліпті. Осыдан соң, Қазақстан Республикасы Үкіметінің 1999 жылдың 25 қарашасындағы қаулысымен қазақстандық сайттарды тіркеу қатаң тексеруден кейін жүзеге асатын болды.

АҚШ-тың арнайы ақпаратты инфрақұрылымды дамытудың ұлттық бағдарламасы мемлекеттің соңғы жылдардағы ең ұтымды және сәтті шешімдерінің бірі болды. АҚШ-тың бағдарламасы Еуропада қолдау тауып, сол негізде еуропалық комиссияның ақпараттық-қауымдастық тұжырымдамасы жасалынған. Өйткені интернетті АҚШ тұрғындарының 90 пайызы қолданады. Жүйе арқылы үкіметінің немен айналысып отырғаны және қандай қаржыны қандай мақсатқа жұмсалғаны туралы мәліметтер еркін таратылады. Тіпті автокөліктерді тіркеу, салық та жүйе арқылы төлене алады.

Ресейдегі жағдай 1999 жылы сол кездегі президентінің интернет-мамандармен кездескеннен кейін реттеліпті. Кездесудің нәтижесі – «Ақпаратты технологиялардың Ақ кітабы» деп аталады. Оны Ресей президенті әкімшілігі жанындағы ақпараттық технологиялар жөніндегі тұрақты кеңес мамандары жүргізеді. Интернеттегі сайттардың барлығына БАҚ деп қарауға болмайтыны айдан анық. Өйткені, БАҚ болудың басты белгілері – мерзімділігі мен жаңартылып отыратын жиілігі және сайтқа келушілерді тіркеп отыратын ақпараты. 2005 жылы мамыр айында Еуропа кеңесі «Интернет арқылы ақпарат алмасу еркіндігін» жариялаған болатын. Онда дәстүрлі ақпарат құралдарына қойылатын талаптарды интернетке қатысты қолдануға және интернет провайдерлерін әр түрлі арналар арқылы өтетін ақпараты үшін жауапқа тартуға, сайттарды блокировка жасауға болмайтындығы айтылған».

Ақпараттық технологияның мүмкіндігін пайдаланушы қылмыстық топтар ойына келгенін істеуде. Нақтылап айтар болсақ, компьютерлік ақпараттарды ұрлау, оларды заңсыз және күшпен иемденіп алу, ақпарат қорларына қашықтан шабуыл жасауды ұйымдастыру, ақпаратты жоюды, жинау және өзгертуді мақсат ететін компьютерлік вирустарды жасап, өңдеу. Олардың қатарында «логикалық бомбалар», «трояндық аттар» т.б. ақпараттық қарулар бар.

Қазіргі таңда интернет журналистиканың жаңа бағыты – блогинг дамуда, әрбір адам блог ашып, жеке күнделік жүргізуде. Сондықтан интернет кеңістігінде орындалатын заңдық нормаларды, жалпы алғанда құқықтық аспектілерді толығымен меңгеру қажет. Қазіргі таңда біршама ресейлік, «Петербург Линк», «СовНет» сияқты провайдерлік компаниялар өз тұтынушыларына өздерінің веб-беттерінде материалдың қайдан алынғаны туралы сілтемелер, анықтамалар көрсетіп отыруларын айтады. Бұл әрине интернетте өз материалдары қолданылатын жеке меншік емес авторлардың құқығын қорғау үшін де жасалған шара.

Қазақстандық www.solaide.kz ақпараттық порталында (03.10.2007) «Қазақстандық интернеттiң «туған күнi» қашан?» тақырыбында мақала жарияланған. Қолданылған әдебиеттер тізімі болғанымен, ғылыми мақаланың не авторына, не ақпараттың қайнар көзіне сілтеме көрсетілмеген. Дәл осы материал 2006 жылы жазда «Арқа Ақпарат» сайтында (www.arka.medialaw.kz) жарияланған.

Ұсынылатын әдебиеттер:

Негізгі: 2,5,6,10,12,17

Қосымша: 5,6,8,11,12
Дәріс 7. Интернет журналистика және этика мәселелері
1. Веб-Журналист және этика мәселелері

2. Интернет журналистикаға этикалық нормалар керек пе?


Интернет кеңістігінде жалпы этика мәселелері кейінгі уақыттарды кеңінен сөз болуда. Дербес компьютордың алдына жайғасқан оқырман,көрермен,тыңдарман өзін еркін сезініп, кейде тым шектен шығып кететін жағдайлар да жоқ емес.Интернет басылымдардағы мәтіндердің рұқсатсыз көшіріліп басылуы. Интернет журналистиканың этикалық кодекстері. Қазақстан Республикасының журналистерінің этикалық кодексі жобасы. Авторлық құқық мәселесі.Жарнама туралы заң баптары.Интернет басылымдардағы толеранттылық мәселелері. Интернет басылымдардағы балалар тақырыбы және этикалық нормалардың сақталмауы. Интернет тв-дағы этикалық норманы сақтамаған сюжеттер. Подкастардағы этикалық нормалардың сақталмауы.Ұлтаралық қарым қатынас мәселесінің этикалық статусы.

Ұсынылатын әдебиеттер:

Негізгі: 2,5,6,10,12,17

Қосымша: 5,6,8,11,12
Дәріс 8. Дәстүрлі БАҚ және жаңа медиа орта
1.Интернеттегі газеттер

2.Журналдар

3.Интернет радио

4.Интернеттегі телевизия

Интернет журналистиканың дәстүрлі журналистикадан айырмашылығы: интернет журналистерге жаңа технологияларды көрсетуде; ақпарат шұғыл түрде беріледі; ақпараттың күллі әлем елдеріне бір мезетте таралуы; оқырмандар санының сағат сайын жоғарылауы. Міне, осы ерекшеліктерімен бүгінде интернет журналистика көш ілгері дамуда. Десек те дәстүрлі журналистикадағы ең ұтымды тұс оның заң нормаларымен реттеліп отыратындығы болса керек. Ал, интернет журналистикада заң нормаларының орындалуы екі талай күй кешуде. Қазақстанда интернет 1990-шы жылдары дүниеге келді. Бүкіләлемдік байланыс – әлемтордың біздің елге келгеніне де 20 жылға жуықтады. Осы уақыт аралығында ғаламдық жүйе тек ұлттық және мемлекетаралық шекараны ашып қана қоймай, ол біздің ақпарат дәуіріне еркін енуімізге айтарлықтай жағдай жасады. Расында, Интернеттің көмегі, әсіресе, отандық БАҚ пен билік, түрлі коммерциялық ұйымдар мен мекемелердің қызметі үшін зор қолғабыс болды. Интернет тарихына нақтырақ тоқтала кетсек, 1991 жылы алматылық “Парасат” фирмасының базасында «Relcom» желісінің (ең алғашқы кеңестік компьютерлік желі) аймақтық түйіні дүниеге келіп, оның көмегімен елімізде тұңғыш рет электронды пошта пайда болды. Ал 1993 жылы «RelcomSL» үнемі интернеттік желіні жүзеге асыру мақсатында Санкт-Петербургте орналасқан «RELCOM-нің» түйініне жалғанып, осылайша біздің елде E-maіl, WWW, FTP, USENET, ІRC т.б. қызмет көрсету түрлері бойынша ғаламдық байланысқа ену мүмкіндігі пайда болды. Бірақ, негізінен отандық Интернеттің дүниеге келген күні Халықаралық ақпараттық байланыс орталығына тіркеліп, ресми түрде KZ ұлттық доменін иеленген 1994 жылдың 19 қыркүйегі болып есептеледі. Сол жылдың аяғына қарай елде пайда болып үлгерген сайттардың қатары 15-ке жеткен екен.

Содан бері отандық Интернет желісінде әр түрлі тақырыпты, мысалы, ірі компаниялар, мекемелер, облыстық-қалалық әкімдіктерден бастап, елдегі спорт, мәдениет, тарих, жаңалықтарды т.б. қамтыған сайттардың қатары біртіндеп көбеюде.

Мәселен, 1997 жылы қазақстандық футбол мен шайбалы хоккейге арналған тұңғыш спорттық сайт дүниеге келді. Ал Семейдің Ф.М.Достоевский атындағы орыс драма театры елдегі театрлар арасында алғашқы болып Интернетте өз сайтын жариялады. 1998 жылдың 30 қыркүйегінде Алматыдағы Орталық әмбебап дүкенінің 30 жылдығына арналған мерейтойлық концерттен республикамызда Интернеттің көмегімен тұңғыш аудиовизуалды трансляция жүзеге асты.

Сапа жағынан сөз болатын мәселелер отандық Интернеттегі дизайн, көркемдік, мазмұндық безендіру, сайттың жалпы өзінің қабілеті мен қажеттілігі, әсіресе, оның бизнес ретінде өз-өзін пайдалана алуы турасында айтылып қалып жүр. Мысалы, безендірілуі мен тұтынушыға қызмет көрсетуі жағынан ішінара отандық сайттардың шетелдік сайттармен әлдеқайда салыстыруға келмейтін тұстары бар екені шындық. Мұнда сайттардағы қазақ тілінің үлесі мен жалпы қазақ тілі қаріптерінің оқылу-оқылмауы өз алдына жеке тақырып.

 Біріншіден, веб-дизайнерлік сала енді ғана даму үстінде. Дегенмен, республикамызда жыл сайын веб-дизайнерлердің жүлдесі сарапқа салынып, ең үздік деген сайттар марапатталып жатады. Мысалы, «Отан» партиясы ұйымдастырған мұндай бәйгелердің бірінде «Хабар» агенттігінің сайты мазмұндық, көркемдік жағынан екі жыл бойы бас жүлдені иеленсе, Aword-2004 байқауында Қарағандылық «Арқа Ақпарат» сайты мазмұны мен дизайны жағынан үздік сайт атанған.

 Екіншіден, сайттардағы қызмет көрсету – «Интернет-бизнес» түрі ретінде пайдалану әлсіз күйде келеді. Мүмкін, халық бұл сервис түріне әлі дайын емес шығар. Яғни шет мемлекеттердегідей, үйде отырып-ақ «ғаламтордан» түрлі дүкендерді аралап, қалаған дүниеге тапсырыс беретін дегендей... Бірақ, ішінара кейбір сайттарда жарнама арқылы табыс табу бар. Бұл да бір «интернет-бизнес». Мәселен, алматылық Дәурен есімді студент өз блогын ашқан және оны бүгінде бизнес көзі ретінде пайдалануда, өз блогынан табыс тауып отыр.

 Үшіншіден, кез келген тақырыпта мағлұмат алудың өзі қиынның қиыны. Интернет сайттар санаулы ғана. Мәселен, www.Google.kz іздеу жүйесі, www.referattar.kz, www.tor.kz. сынды сайттар бар. Ресейлік «Рамблер», «Апорт», «Яндекс» сияқты әмбебап сайттарға ұқсас отандық Интернетіміздегі жан-жақты сайт – www.Sіte.kz-тің өзі талабыңызды қажетті деңгейде орындап бере алады деу қиын.

Қазақстанда әзірге 3 мыңға таяу интернет сайттары тіркелген. Оның 20-25 пайызы БАҚ құралдарының меншігі болса, қалғаны әр түрлі бағытта. Оның ішінде банк те бар, сауда нүктелері де бар, жекелеген адамдардың сайттары да кездеседі. Халықаралық IDC-тің (Халықаралық мәлімет корпорациясы) зерттеулері бойынша, Қазақстан Орта Азия елдері ішінде компьютерді пайдаланушылардың саны жөнінен алда келеді.

Ал Еуропа Қауіпсіздік Ұйымының зерттеулері бойынша Қазақстан халқының тек 9 пайызы кем дегенде жұмасына бір рет интернет қызметін пайдаланады. Ал, «Қазақтелеком» қызметкерлері «800 мыңнан аса абонеттеріміз Интернет қызметіне қосылды», – дейді. Зерттеулерге қарағанда еліміз жастарының 90 пайызы компьютер қолданса, олардың 60 пайыздан астамы интернетті пайдаланады.

Тіркелген 490 сайттың тек 53-ғана қазақ тілді ақпарат тарату үшін пайдаланып отырған. Әсіресе, қазақ тілді веб-беттерінің деңгейі өте төмен. Қазақстандық тұтынушылардың көбі ішкі желі ресурстарын (қазақстандық емес) пайдаланады. Олардың басым бөлігі Ресей интернет кеңістігі арқылы келеді. Қазақстандық трафик біздегі интернет трафиктің 5 те 10 пайызын ғана құрайды екен. Бұл біздің интернет әлеміндегі ақпараттардың жеткіліксіз екенін дәлелдейді. Бұл қазақстандық интернет секторында отандық провайдерлер, интернетке төменгі бағамен қол жеткізетін қызметті ұсына алмайтындығын көрсетеді. Интернет тарифтерін мысал ретінде алғашқы бөлімде айтып өттік.

Жаңа қоғам, жаңа ақпарат, жаңа медиа. Осылардың барлығы «ғаламтор» деген бір сөздің аясында жатыр. Бұл бүкіләлемдік байланыстың қуантарлығы да, құптарлығы да сол, кез келген елмен тікелей байланысқа шығасыз, кез келген қажетті дүниеңізді табасыз дедік жоғарыда. Ұлттық салт-санамызға, этикаға, төл әдеп-ғұрпымызға жат дүниелерге тосқауыл қою мүмкін емес. Бұл мәселе жөнінде «БАҚ туралы» және «Жарнама туралы» заңда да ештеңе айтылмайды. Сондықтан, әр мемлекетте Интернет жүйеге бақылау орнату қызметі болуы да шартты нәрсе.



Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет