ЖОСПАР
|
КІРІСПЕ.............................................................................................
|
3-9
|
І
|
1.1.«Алаш» партиясының құрылуы...............................................
|
10-15
|
|
1.2.Алаш зиялыларының ХХ ғасыр басындағы қазақ
қоғамындағы ролі.......................................................................
|
16-24
|
|
1.3. «Алаш» партиясының бағдарламалық жобасы......................
|
26-30
|
ІІ
|
2.1.Алашорда үкіметі.......................................................................
|
41-55
|
|
ҚОРЫТЫНДЫ..................................................................................
|
56-58
|
|
Сілтемелер тізімі..............................................................................
|
59-61
|
|
ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР ТІЗІМІ...............................
|
62-66
|
КІРІСПЕ
XX ғасырдың бас кезі қазақ қоғамы үшін түрлі ағымдардың өзара қақтығыс, күрес кезеңі болды. Бір жағынан, ескі, күні өткен феодалдық қатынастар өзінің барлық даму қуатын тауысып, қоғамдық өсіп-өнуде кедергіге айналса, екінші жағынан оларды ауыстыра аларлық жаңа қоғамдық қатынастар тым әлсіз, балаң күйде еді. Елдегі мұндай ауыр жағдайды ресейлік имперализмнің пәрменді отарлау және орыстандыру саясаты тереңдете түсті. Демек, бұл мезгілді орта ғасырлық мешеулік пен ұлттық езгі қыспағына бірдей іліккен қазақ елінің болашағына үлкен қауіп төнген еді.
Осындай жағдайда қоғамдық күреске қазақ қоғамы үшін мүлдем жаңа саяси әлеуметтік күш-ұлттық интеллигенция араласа бастайды. (1). Нәтижесінде қазақ қоғамында мүлде жаңа сападағы жағдай қалыптасып, феодалдық тоқырау мен отарлық тәуелділікке қарсы күрес негізгі белгілеріне айналады.
Қазақ қоғамы үшін нағыз өтпелі кезең болған сол уақытта тарих сахнасына көтеріліп, бас-аяғы жиырма жылға созылған қысқа мерзім ішінде өшпес із қалдырған ұлт зиялылары еді.
Кеңес үкіметі тұсында қазақ зиялыларының тарихын жасау ірі ресми саясатқа тікелей тәуелді болды.
Алаш қайраткерлерінің тағдырын, әсіресе шет елдерге қоныс аударуға мәжбүр болған алаштықтардың өмірі мен қызметін танып білуде X.Оралтай еңбегінің орны ерекше. Мәселен, автордың "Алаш" партиясы тарихын 1905 жылдан бастауымен "Қазақ" газетімен бірге "Айқап", "Қазақстан" басылымдарын осы ұйымның органына жатқызуы.(2) Бұл сөздер аталған еңбектің даулы жерлері болып табылады.
Ф.Голощекин 1925 жылы Қазақ өлкелік партия комитетінің басшылығына келген кезден бастап "Алаш" деген атқа қатысы бар өнер, ғылым, мәдениеттің түрлі салаларында халық үшін жемісті еңбек етіп жүрген барлық қазақ зиялыларының соңына шам алып түседі (3). Алаш қозғалысына жетекшілік еткен қайраткерлер қызметтерінен куылып, Қазақстаннан аластатылып, олардың басым көпшілігіне "контрреволюциялық әрекеттер ұйымдастырушылар" деген саяси айып тағылады. Қазақ халқына қарсы жасалған геноцидтік саясатын іске асыру үшін Голощекин 20-шы жылдардың өзінде жекелеген қызметкерлерге алаштың "контрреволюциялық ұлтшылдық мәнін" әшкерелейтін еңбектер жазуға арнайы тапсырмалар береді.
Сондай тапсырма алған республика мемелекеттік баспаның директоры А.К.Богачов "Алашорда" деген кітапша жазып, онда алашты бастан-аяқ қаралап шығады. "Алаш" жөнініде қүжаттар жинағын жазған БК(б)П Қазақ өлкелік комитетінің насихат бөлімінің меңгерушісі Николай Мартыненко жинағына "Алаш" партиясы бағдарламасының орыс тіліне А.Кенжин аударған, түпнұсқаға жақын нұсқасы бола тұрып, басқа, яғни құжаттық мазмұнын бұрмалауға салған сапасыз аударма түпнұсқасын енгізген. Кейіннен бұл нұсқа шетелдік басылымдарға да енді.
Богачев пен Мартыненко еңбектерінің шығуымен бір мезгілде алаштық интеллигенцияны қудалау және сотқа тарту ісі қатар жүрді.
БКП (б) Қазақ өлкелік комитетінің жанындағы Партия тарихы институты оның ұйымдастыруымен 1933 жылдың желтоқсанында өткен "Алашорда және Алаш партиясы тарихына" арналған пікірсайыста институт қызметкерлері С.Брайнин мен Ш. Шафиро "Алашорданың тарихи рөлі" деген баяндама жасап, 1935 жылы олар "Алашорда тарихы бойынша очерктер" деген кітабын жарыққа шығарады.
Аталған еңбектер "Правда" газетінде (14 көкек 1935 жылы) жарияланған. П.Русановтың "Алашординская контрабанда" мақаласына орай БК (б)П Қазақ Өлкелік Комитеті 1935 жылы 15 көкекте пленум өткізіп, "контрреволюциялық ұлтшылдық идеологияны таратуға қызмет етуіне" байланысты "Алаш" атауын пайдаланудан шұғыл алып тастауға қаулы қабылдайды. Сөйтіп, 1989 жылдың шілде айына дейін "Алашты" айтуға тиым салынады.
Алаш партиясы 1917 жылы 21-26 шілдеде Орынбор қаласында өткен Бірінші бүкілодақтық съездің шешіміне байланысты құрылған еді. Бұл съезге Ақмола, Семей, Торғай, Орал, Жетісу, Ферғана, облыстарынан және Бөкей ордасынан делегаттар қатысқан. Съезде қаралған 14 мәселенің ішіндегі ерекше маңыздысы қазақ қоғамының сол кездегі алдында тұрған мақсаттарына сәйкес қазақтың дербес саяси партиясын құру болатын. Бұл мәселені талқылау барысында съезд іс жүзінде партияны Ұйымдастыруға арналған Құрылтай Жиналысына айналады.
Жаңадан құрылған партия қазақ атауының синонимі "Алаш" деген атқа ие болды. Оның құрамына қазақтың ғылыми және шығармашылық зиялыларының белгілі өкілдері - М.Тынышбаев, М.Жұмабаев, Ш.Құдайбердиев, Ғ.Қарашев, С.Торайғыров, Х.Ғаббасов, Ә.Ермеков, Ж.Досмұхамедов, М.Дулатов тағы басқалар кіреді.
Әрине "Алаш" қандай партия болды деген сауал бүгінге дейін зерттеліп келе жатыр дегенмен толыққанды жауабын ала алмай келеді.
Алаш қозғалысын зерттеу және оны өз оқырмандарына таныстыруда көп еңбек тындырып келе жатқан "Ақиқат" журналы.
Қазақ ұлт-азаттық қозғалысын бүгінгі қоғамдық сұранысқа сай зерттеуде М. Қозыбаев еңбектерінің орны ерекше (4). Олар бұл күрделі мәселені ескі, ұлыдержавалық мүдде тұрғысынан емес, ұлттық ерекшеліктер мен мүддеге, жалпы адамзаттық қасиеттерге негізделген жаңа әдістемелік және теориялық деңгейде зерттеуді меңзейді. Академик М.Қозыбаев "Алаш" партиясының бағдарламасының жобасын және бүкілодақтық екінші съездің құжаттарын талдай келіп, партияны ұлтшыл саяси ұйым деп айыптаудың негізсіз екендігін дәлелдеп берді.
Интеллигенция тарихын зерттеудегі жаңа кезеңнің тағы бір белгісі бұл мәселені кең тарихи хронологиялық ауқымда және нақты деректік негізде зерттеуді қуаттайтын еңбектердің жарық көре бастауы. Ұлттық интеллигенция тарихын Кеңес билігі дәуірімен шектеген Қарағүсов және басқа авторлардың пікірін Х.Әбжанов орынды сынаған. Сондай-ақ осы жаңа кезенде ұлттық интеллигенияның қоғамдық-саяси қызметін зерттеу тарихнамасы да белгілі бір жүйеге түсе бастады. І.Қозыбаевтың тарихнамалық еңбектерінің жарық көруі соның айғағы болатын (5).
К.Нүрпейісов "Алашқа" әдеттегі таптық партияға ауысу" кезеңін бастан кешірген өтпелі жалпыұлттық саяси ұйым" деген баға берді. Т.Кәкішев "Алаш" құрылған 1917 жылы шілде айында оның нағыз саяси партияға тән қабылданған жарғысы мен бағдарламасы болмағандығын, ресми басқару органдарының сайланбағанын айта келіп, оны шын мәніндегі саяси партия ретінде қалыптасып үлгермеген ұйым деп бағалады.
М.Қойгелдиев пен Т.Омарбеков "Алаш" қайраткерлерінің негізгі мақсаттары қазақ елін отарлық езгіден азат ету және қазақ қоғамын ортағасырлық мешеуліктен өркениетті әлеуметтік-экономикалық, мәдени даму жолына алып шығу болғандықтан, "Алаш" партиясын "Ұлттық демократиялық партия" деп атады.
М.Қойгелдиевтің тұжырымы бойынша — "сол тарихи кезеңде қазақ қоғамына терең дағдарыстан өркениетті жолға шығу үшін, тарихи тәжірибе көрсеткендей, большевиктер ұсынған жол анағұрлым тиімді және азабы кем еді. Себебі алаштық интеллигенция ұсынған жол қазақ елінің сан ғасырлық даму тәжірибесін, салт-дәстүрін революциялық әдіспен күрт өзгертуді емес, қайта оларды эволюциялық жолмен, басқа өркениетті елдердің өмір тәжірибесін ескере отырып, одан әрі жетілдіре түсуді көздеді.
Қазіргі таным тарихында кеңестік саясатқа ұлттық тұрғыдан баға берген академик Манаш Қозыбаев "Кеңестік Орталық пен большевизм жүргізген геноцид-отаршылдық шыңы болды"(6) десе, кешегі КСРО-ның құлауы туралы академик Тұяқбай Рысбеков "КСРО-ның құлауы заңды құбылыс. Өйткені оны қорғайтын қоғамы орнатылмаған болатын"(7), деп ой қорытуы негізсіз еместі. Осы орайда ұлт зиялыларын зерттеп жүрген белгілі тарихшы Мәмбет Қойгелдиевтің "Алаш өкілдерінің осы аралықтағы ұстанған позициясы мен көздеген мақсаты біреу, ол мақсат қазақ қоғамын ояту, халқын, жұртын тәуелсіздікке үндеу болатын"(8) деген тұжырымы да орынды.
Кешегі таптық саясат келмеске кетті десек те, кеңестік
саясат пен кеңестер билігі бүгіндері ұлттық тұрғыдан қайта
жазылуы керек. Қазіргі тәуелсіз Қазақстан тарихында ұлт
зиялыларының саяси қызметтері қайтадан жазыла бастады.
Бұл - құптарлық жайт. Болашақ ұлт бірлігі, мемлекет тұтастығы
қазақ қоғамының болуында десек, қоғамның бірлігі ұлт
өкілдерінің саяси танымының, біліктілігінің болуына байланысты.
Еңбектің мақсаты:
1.XX ғасырдың басындағы және 20 жылдардағы "Алаш" партиясының Қазақстан тарихындағы алатын орны, "Алаш" зиялыларының қазақ қоғамындағы атқарған қызметі, сонымен қатар "Алаш" партиясының бағдарламалық жобасының негізгі ойын ашу. Тәуелсіздік жылдарындағы жарияланып отырған жаңа мәліметттер негізінде жаңа көзқарастағы тұжырымға көз жеткізу.
2.патша өкіметінің қазақ қоғамының ішкі бірлігіне іріткі түсіріп, қазақ жерлерін тартып алу, қорлау саясатының кез келген көрінісіне қарсы күштерді басып-жаншуға арналған түрлі құқықтық, нормативтік құжаттар мен актілерін талдап, олардың Ж.Ақбаев, Ә.Бөкейханов, Х.Досмұхамедов, Ә.Ермеков сияқты қазақ зиялыларының құқықтық көзқарасының қалыптасуына тигізген әсерін анықтау.
3.ғасырлар тоғысы мен ХХ ғасыр басындағы Ресейдегі саяси, қоғамдық-әлеуметтік процестердің қазақ зиялыларына, саяси қайраткер ретінде қалыптасуына және саяси күресте қаншалықты кәдеге жарағанын саралау.
4.қазақ халқының тәуесізідк жолындағы ұлт-азаттық күресінің қалыптасу, өрістеу, бәсеңдеу сатыларындағы Алаш партиясы, Алашорда үкіметі мен Алаш автономиясының рөліне құқықтық тұрғыдан баға беру.
Міндеті:
"Алаш" зиялыларының XX ғасыр басындағы қызметіне тоқтала кетіп, қазақ қоғамындағы орнының сипатын ашу.
"Алаш" партиясының бағдарламалық жобасына талдау жасап, ерекшеліктерін айтып өту.
Ә.Бөкейханов, А.Байтұрсынов Ж.Ақбаев бастаған қазақ зиялыларының саяси мұрасын және Алашорданың конституциялық құжаттарын саралай келіп, олардың Қазақстанда зайырлы қоғам құруды мақсат еткенін аңғару.
Алаш қайраткерлерінің нағыз интернационалистік келбеті де жан-жақты ашу.
Өзектілігі:
Өмірі қысқа болғанымен рухы мықты, бағытыізгі "Алаш" партиясының қазақ тарихында алатын орны және сол кезеңдегі тарихи жағдайдың ерекшелігі қай қазақ баласын қызықтырмас.
Алашорда қайраткерлерінің өмірі мен құқықтық көзқарасы арқылы саяси күрес пен оны зерттеу нәтижесінде қалыптасқан саяси және құқық ілімі тарихының пайда болуы мен даму жолын зерттеу. Сондықтан олардың қызметіндегі саяси күрестің алуан формалары: үгіт-насихат жұмысы, оның қоғамдық қызметі, патша өкіметінің жергілікті құқық қорғау мекемелерінің жүгенсіздіктеріне қарсы әрекеті, жоғары лауазымды адамдарға шағым түрінде жолдаған қоғамның саяси-экономикалық жағдайы туралы еңбектерінің, Уақытша үкімет органдарына қатысуы, Алашорда қозғалысын басқарып, оның құқықтық құжаттарын жасауға қатысуы т.б. жан-жақты талданады.
Еңбектің хронологиялық зерттеу ауқымы XX ғасырдың алғашқы жылдарынан - 20-жылдарына дейінгі кезеңді қамтиды.
Қазақстанда отаршылдық езгі, патша өкіметінің қазақ халқын қанауды одан әрі күшейтуі негізінде туындаған әр түрлі бас көтеру, наразылық акцияларынан бастап, саяси күштердің "Қазақ" газеті төңірегіне топтасуына дейінгі аралықты қамтиды. Сондай-ақ "Қазақ" газеті шығуымен ұлттық зиялы қауымның біртұтас саяси күшке айналып, оны Ақпан (1917) революциясына дейінгі азаттық жолындағы күресін қамтитын кезең. Ақпан революциясынан бастап Алаш партиясының, Алашорда үкіметінің құрылуымен аяқталатын (1917 жыл, желтоқсан) — саяси тәуелсіздік жолындағы күрес кезеңі. Соңғы кезең - қазақ қауымының саяси жетекші күшін құрайтын Алашорда қозғалысы қайтаркерлерінің қуғындалып, қозғалыстың таратылу кезеңі (бұл 1919-1920 жылдарды қамтиды).
Қазақстанның Ресейге бодан болғаннан бергі тарихындағы XX ғасырдың алғашқы ширегін «саяси күрестер мен рухани жаңғыру кезеңі» деп айтуға әбден болады. Бұл кезеңде саяси күрес сахнасына Ресейдің аса үлкен ғылыми, саяси орталықтарында білім алған, сол кезеңдегі Европадағы саяси күрестің бет алыс бағдарларынан әбден хабардар, экономика, құқық тарихы мен теориясын терең меңгерген қазақ зиялыларынын үркердей озық ойлы тобы басым көпшілігі ғылымға емес - утопияға, демократияға емес - авторитаризмге негізделген большевизм идеясын кабылдамай, баррикаданың арғы бетіне шығып, өз елінде, өз жерінде отырып азап шеккен қазақ халқының мұн-мұктажын қорғауды максат еткен «Алаш» партиясын ұйымдастырды. Ел алдындағы ұлы мақсаттарды жүзеге асыратын атқарушы билік органы - «Алашорда» үкіметін құрып, ұлттык-аумақтык негіздегі «Алаш автономиясы» мемлекеттігін жариялауға талпыныс жасады. Қазақ халқынын ұлттык, саяси санасын қалыптастырудағы ең биік белес болған. ХХ ғасыр басындағы осы бір қазақ зиялылары алдыңғы қатарлы тобының саяси қызметі де, құқықтық көзқарастары да, тіпті ғылыми, әдеби мұралары да ұзак жылдар бойы жабық тақырып саналып, зерделі зерттеулерге объект бола алмады. Оларсыз қазақ тарихы - тұл, алтын дегені - күл еді. «Алаш» партиясынсыз саяси күрес тарихын, «Алашорда» үкіметінсіз экономикалык ілімдер мен реформалар тарихын, «Алаш автономиясынсыз» Қазақстан мемлекеттілігінің негізін, Алаш ардагерлері емірінсіз ұлт тарихының ұлы аркаулары - тұлғалары тарихын жасау мүмкін емес-ті.
Қазақ коғамының қасіретін халыктың озық ойлы, көзі ашық өкілдері аңғарды. XIX ғасырдың аяғында қазақ халқын саяси жағынан қайта түлету қажет екенін айқын түсінген қазақ зиялылары қалыптаса бастады. Бұл кезде қазақ халқы саяси күрес тарихынын аренасында болуға тиіс пе, жок па деген мәселе алға қойылған еді. Қазақ зиялылары арасынан саяси қызметтің катерлі жолына жалтақтамай, жанкиярлықпен түскен көрнекті тұлғалар шықты.
Ә. Бекейханов, А. Байтұрсынов, М. Дулатов, Ж. Акбаев, Ә. Ермеков, X. Досмұхамедов және баскалар сондай адамлар болатын. Олар патша самодержавиесінің қазақ халқының саяси сана-сезімінің қалыптасып, оның саяси күреске ұласуына барынша кедергі келтіріп отырғанын әуел бастан-ақ түсінген еді. Сондыктан да олар, бір жағынан, өзін-өзі басқару негіздерін тықпаланып отырған күйінде қолданудың қазақ халқы үшін зияндылығын ашып көрсетіп, екінші жағынан, отаршыл өкімет орындары әрекетінің халыкка қарсы мәнін әшкереледі. Қазақтың қоғамдық-саяси қайраткерлері оларды сынап кана қойған жок, сонымен қатар саяси дамудың нақты жолдарын ұсынып, өздері сол үшін жапа шеккеніне қарамастан, ойын халық санасына сіңіре білді. Бұл орайда олардың ұлт-азаттык қозғалысының объективті зандарын басшылыққа ала отырып, әлдебір азын-аулақ топтардың емес, бүкіл халық мүдделерін көздеп іс-қимыл жасағанын атап көрсеткен жөн.
Бүкіл халыкты саяси ағарту, ұлттык сана-сезімді қалыптастыратын саяси ұйым құру арқылы ғана қайта түлету мақсатына жетуге үміт артуға болатын еді.
Алаш қайраткерлері жалпы адамзаттық гуманизм принциптерін асқақ тұтып, бүкіл қазақ халқының мүдделеріне қызмет етті және бүкіл ғұмырын осы максатка жетуге арнады.
Патша самодержавиесі қазақтарды саяси аренадан ығыстырып шығаруға ұмтылып қана койған жоқ, олар қазақ халқының ғасырлар бойы калыптаскан шаруашылық жүргізу нысандарын жоюға және оны тіршілік етуінің экономикалық негіздерінен айыруға құқылык негіз жасауды максат етті. Қазақ жері мемлекеттік меншік деп жарияланды. Ақмола, Семей, Жетісу, Орал және Торғай облыстарын баскару туралы ережеде (1891) көшіп-қонуға арналған жер мен сол жерлердегі барлық дүние-мүлік, соның ішінде ормандар да мемлекеттік меншік болып саналды, ал көшпелілер үшін артылып қалуы мүмкін жерлер мемлекеттік мүлік министрлігінің қарамағына түседі деп табылды. 1896 жылы Ішкі істер министрлігі жанынан қоныстандыру баскармасы ұйымдастырылып, ол қазақ халқының тағдырында зұлымдық рөл атқарды. Қазақ даласына Ф. Щербина мен Н. Н. Румянцев басшылык еткен екі экспедиция ұйымдастырылып, олар қазақ халқының «бос жаткан» немесе «артық» жерін анықтады. Соның салдарынан XIX ғасырдың аяғынан қазақтардын жерін жоспарлы түрде тартып алып, оған қазақтар мен қоныс аударушы орыс мұжықтарын орналастыра бастады. Орыстың озық ойлы қайраткерлері патша өкіметінің қазақтар жөніндегі әділетсіз көзқарасы туралы бүкіл Ресейде мәселе көтерді. «Қырғыздар (қазақтар) тірі қалар ма?» деген аландаушылық білдірген атаумен енбектер жарық керді. Алайда мұндай үрейлі ойлар «құмға сіңген судай» болып қала берді. Патша өкіметі қазақ жерлерін тоқтаусыз әрі күштеп отарлауын жалғастырып, қазақтарды бай деп, кедей деп бөлмей, шөл және шөлейт жерлерге ығыстырып көшіре берді.
Осындай жағдайда прогресшіл, озық ойлы қазақ қайраткерлері патша самодержавиесінің отаршылдық саясатына ашық карсы шыға бастады. Олар қазақ халқын жерінен айыру оның құрып бітуіне апарып соғатынын түсінген еді. Сондықтан олар, бір жағынан, патша өкіметінің отаршылдық шараларына қарсылық ұйымдастыруға тырысты, ал екінші жағынан, өз халқын құрып бітуден құтқарып қалу үшін өздерінің ұлттық жер бағдарламасын әзірледі. Бұл орайда олар халыктың жекелеген топтарынын жайын емес, бүкіл халықтың қамын ойлады.
Отаршыл өкімет орындары саяси аренаға қазақ халқының алдыңғы қатарлы өкілдерінің шығуы халыктың ояну белгісі болатынын айқын да анық түсінді. Сондықтан олар өз қарсыластарының қызметін өрістетуге мүмкіндік бермеу үшін қажетті тәсілдердің бәрін пайдаланып, оларға қарсы жазалау шараларының қандайын болса да қолданудан тайынбады. Бірақ өздерінің өмірін, кабілеті мен іс-қимылын халык мүдделеріне арнауға бел байлаған ұлтжанды азаматтарды ешнәрсе тоқтата алмады. Осылайша, қазақ халқы озық ойлы өкілдері арқылы өзінің өміршендігін ғана емес, тарихи тұрғыдан келешегі зор екенін де танытты. Ұлттык мүдделерді ұғынған қазақ қайраткерлерінің саны қаншалықты аз болғанымен, олар бүкіл қазақ қоғамын саяси күрес ісіне тарта білді. Өйткені кең-байтақ қазақ өлкесінде осынау елжанды, жанқияр қайраткерлердің есімдері революцияға дейін-ак мәлім болатын және халық олардың сонынан еріп, айтқанына құлақ асты. Коммунистік партия үстемдік құрған кезде қазақ ұлт-азаттық, козғалысы қайраткерлерінің көзқарастарын, идеялары мен қызметін объективті тұрғыдан зерттеуге тыйым салып, оларға сан алуан жағымсыз айдар тағып бақты.
"Алаш " партиясының құрылуы
XX ғасырдың бас кезіндегі ұлт-азаттық қозғалыс тарихының өзекті мәселелерінің бірі "Алаш" партиясының құрылуы, оның тарихи негіздері, саяси әлеуметтік сипаты және тарихында алатын орны. Қазақ зиялылары саяси партия құру әрекетін бірінші орыс революциясы жылдарында-ақ қолға алған болатын. Бірақ белгілі обьективті себептерге байланысты бұл әрекеттері нәтиже бермеді.
Қазақ зиялылары тарапынан осы мазмұндағы әрекеттің нышандары 1913 жылы қайтадан бой көрсетті. М.Сералин бастаған "Айқап" журналы төңірегіне шоғырланған қазақ зиялылары ең өзекті қоғамдық мәселелерді талқылап, белгілі бір бағдарламалық тұжырымдарға келу үшін жалпықазақ съезін шақыру жөнінде бастама көтерді.
Сонымен, жалпықазақ кеңесін шақырып, онда ұлт өміріне қатысты өзекті мәселелерді қарау, соған сай саяси партия құру ісін қолға алуға қажетті алғышарттар тек ақпан революциясынан кейін ғана қалыптасты (9).
Тұңғыш жалпықазақ съезін шақыру туралы шешім 1917 жылғы сәуір айында өткен Торғай облыстық қазақ съезінде қабылданып, съезд оны даярлауды Ә.Бөкейханов пен А.Байтұрсынов бастаған бір топ қазақ зиялыларынан құрылған айрықша бюроға тапсырды (10).
Бірінші жалпықазақ съезіне қатысқан М.Шоқаев өзінің естеліктерінде бұл жиынға өзбек және татар елдері өкілдерінің де қатынасып, өздерінің ыстық ықыласын білдіргендігін айтып:"Сөйтіп құрылтай ұлы түркі халықтарының бас қосқан үшеуінің мызғымас бірлігін көрсететін сахнаға айналды" - дейді. Бірінші жалпы қазақ съезін ұйымдастыру бюросы "Қазақ" газетінің 24 -маусым күнгі санында съездің тәртібіне қойылатын мәселелерге байланысты ел талқысына өз тұжырымдарын ұсынды. Тезистер түрінде баяндалған бұл мәселелердің бәрі дерлік кейін бірінші жалпықазақ съезінің күн тәртібіне енді. Бұл тезистер, белгілі дәрежеде, сол тарихи кезеңдегі қазақ демократиялық интеллигенциясының күрделі аяси мәселелерге байланысты ұстанған айқындамасынан, көзқарас деңгейінен хабар беретін еді.
Мысалы, бюроның түсінігі бойынша, съезде қаралуға тиіс ең негізгі мәселе, әрине мемлекеттік дербестік мәселесі еді. Олай болса бюро мүшелері өздері сұраған ұлттық автономия мазмұнын қалай түсінді?
Бұл сауалға біз тезистерден мынадай жауап аламыз:
"Қазаққа мемлекеттік автономия ма, әлде уалаяттық автономия ма? Бұл екеуінің арасындағы айырмашылығы: мемлекеттік автономия болса өз Г.Думасы болмақ; өзіне керек закондерді сол думасы шығармақ; ақшасын өзі жасап шығармақ, барша шаруашылық ісі, темір жол, почта, телеграф сияқты істерінің бәрі де өзінде болмақ. Жер суының билігі де өзінде болмақ. Өз алдына әскер ұстамақ.
Уалаяттық автономия болса, оның өз алдына ақшасы, темір жолы, почта, телеграфы, әскері болмайды. Жалпы мемлекеттік К.Думасына уәкілдерін жібереді. Өз думасы, сол жалпы Мемлекеттік думасында шыққан законға қайшы келместей закондарды шығаруға ықтиярлы болады. Уалаяттағы барша жергілікті істерінің билігі өз қолында болмақ. Жер-судың билігі жалпы мемлекет қолында болады"(11). (Қазақ, 1917. -234).
Бюро осылайша автономия жөнінде өз түсінігін ортаға салып "біздің қазақ автономия бола аламыз десе, осылардың бәрін қарап, ар жақ-бер жағын таразылап, тексеріп барып" белгілі бір қорытындыға келуі керек деген пікірді айтты(12).
Съездің күн тәртібіне енгізуге ұсынылған мәселелердің бірі "қазақ саяси партиясын жасау мәселесі" болды. Бұл мәселелерге байланысты бюро жасаған тұжырым мынау еді: Ресейде осы күнде түрлі саяси партиялар бар. Олардың көздеген мақсаттары программасында жазылған. Қазақ мақсаттарын теріп, программа жасап, сол мақсаттарға жету шарасын қарастырып қазақ партиясын қалай жасау, қандай программа түзеу, қандай жол құру, оны осы жалпы қазақ съезінде кеңесуіміз керек."(13).
Саяси партия құруға байланысты айтылған бұл тұжырымның мынадай мәні бар. Біріншіден, ол тарихи деректермен толық таныс емес қайсібір авторлардың "Алаш" партиясы шілдедегі жалпы қазақ съезіне дейін-ақ қалыптаса бастады деген пікірін бір жола жоққа шығарды. 1917 жылғы
жалпықазақ съезіне дейін қалыптасып дамыған "Алаш" партиясы емес, кейін алаштық атанған ұлттық интеллигенция басқарған ұлт-азаттық қозғалыс болатын. Ал бұл қозғалыстың бастаушы ұйытқысының саяси партияға бірігуі
бірінші жалпықазақ съезінен басталғаны тарихи факті. Екіншіден, бұл айтылған тұжырым "Алаш" партиясының саяси мәнін кеміту мақсатында оны ресейлік кадеттер партиясының филиалы есебінде бағалаушылар пікірінің
негізсіз екендігін көрсетеді"(14). Империялық езгідегі қазақ қоғамы жағдайында "Алаш" партия ретінде өзінің идеологиялық негізі етіп, әрине, жалпыұлттық мүддені, қазақ шындығын алуға тиіс болды. Бұл толық табиғи құбылыс және басқаша болуы да мүмкін еместін.
Сонымен бірге съезд ұйымдастырушылары өз тұжырымдарын талқыға ұсына отырып, тек біздің айтқанымыз ғана оң деген ойдан аулақ еді. Съездің ашылар қарсаңында, анығырақ айтқанда, "Қазақтың" 4-шілде күнгі санында Ә.Бөкейхановтың "Қазақ депутаттары" атты мақаласы жарияланады. Ұйымдастыру бюросының атынан жазылған бұл материалда ол "осы ақыл жұрт пайдасы-ау деп" бюроның "қазақ жұртынан депутат болатын жігіттердің атын" атағанын, съезд қолдаған адамдарды бүкіл қазақ болып сайлайтындығын, депутат саны адам санынан тәуелді екендігін, ал Құрылтай Жиналысына екі жүз мың адамнан бір депутат сайланатындығын халыққа жан-жақты таратып түсіндіре келіп, қазақ халқының 1917 жылдың орта тұсындағы жалпы санына тән мынадай қызықты фактілерді келтіреді: "1897 жылғы есепте қазақ тілін ана тілім деген адам 4 миллион 48 мың еді. Бір жылдағы адам баласының таза өсімі екі жүзге
3 адам болады. Осы есепке салса біздің 9 облыс, бір губерниядағы қазақ биыл 5 миллион 400 мың болса керек. Бұлай болса, қазақ депутаты 27 болмақ. Бұларға 13-14 кандидат сайланбақ. Сонда біздің депутатымыз 40-41 болмақ"(15).( "Қазақ" газеті. 1917 ж. № 235).
Ә.Бөкейханов "бұл болып тұрған заман Алаштың азаматына зор жүк. Бізде бірлік болып, іс қыла білетін шебер табылса, Алаштың баласы бақыт-махаббат жолына түсті. Кейінгі үрім-бұтақ не алғыс, не қарғыс бере-бере жүретін алдымызда зор шарттар бар! Осыны аңғар, жұртым қазақ!" деп
көрсетіп, бюроның атынан депутаттыққа кандидат деген 43 адамның атын атап, халықтың талқысына ұсынады. Олардың арасында Ж.Ақбаев, А.Бірімжанов, Х.Досмұхамедов, Р.Мәрсеков сияқты белгілі қайраткерлерден бастап А.Кенжин, С.Сабатаев, М.Төлебаев сияқты саясатқа енді араласа бастаған жастар; Уақытша үкімет комиссарлары мен мұғалімдер, дәрігерлер
мен шығармашылық интеллигенция өкілдері бар еді. Сонымен, тұңғыш жалпықазақ съезі 21-26 шілде аралығында Орынбор қаласында өтті. Съезд жұмысына Ақмола, Семей, Торғай, Орал, Жетісу, Сырдария, Ферғана облыстарынан және Бөкей ордасынан барлығы он төрт мәселе қойылып, олардың арасында мемлекет билеу түрі, қазақ автономиясы, қазақ
облыстарындағы жер жағдайы, әскер құру, земство, әйел теңдігі және басқа мәселелер бар еді. Съезд қаулысы "Қазақтың" 1917 жылғы 31 шілде күнгі санында жарияланған (16). ("Қазақ". 1917. № 238).
Съезд қабылдаған қаулы бойынша, Ресей "демократиялық федеративтік парламенттік Республика болып, қазақ облыстары қоныс-ұлт жігіне қарай облыстық автономия алуға тиіс" болды. Демек, съезд пікірі бойынша, бұл кезде қазақ автономиясы бүтін қазақ жерлерін негізге алып емес,"қоныс-ұлт жігіне қарай" жариялануға тиіс еді. Бұл арада, өрине, дүдәмал жағдайлардың көп екендігі түсінікті. Жалпы басқа да деректерді саралай отырып, қазақ демократиялық интеллигенциясының мемлекеттік автономияға байланысты көзқарасы 1917 жылдың күзіне қарай айқындала түскенін аңғаруға болады.
Сонымен, бірінші жалпықазақ съезі қазақ саяси партиясын құру туралы шешім қабылдайды. Ал бүдан кейінгі уақытта оның қалыптасу барысы, қызметі қалай жүрді?
Съездің соңғы күндері жаңадан құрылуға тиіс партияның өміріне қатысты мынадай оқиға болады. Съезге қатынасқан бір топ депутат партия құру ісіне байланысты сөйлеген Ә.Бөкейхановтан ресейлік кадет партиясына қатынасын ашық мәлімдеуді талап етеді(1). Соған байланысты болашақ партия басшысы өзінің кадеттер партиясы құрамынан шыққандығын мәлімдейді. Ал кейінірек "Қазақ" газетіне жариялаған мәлімдемесінде ("Мен кадет партиясынан неге шықтым атты") бұл шешімнің себептерін былайша түсіндірген болатын:
"Кадет партиясы жер адамға меншікті болып берілсе де жөн дейді. Біздің қазақ жерді меншікті қылып алса, башқұртша көрші мұжыққа сатып, біраз жылда сыпырылып, жалаңаш шыға келді.
Кадет партиясы ұлт автономиясына қарсы. Біз алаш ұранды жұрт жиылып ұлт автономиясын тікпек болдық.
Француз, орыс һәм өзге жұрттың тарихынан көрінеді: молла хүкіметтен ақша алса, сатылып кетеді. Рухани іс аяқ асты болады. Жалованье алған моллалар хүкіметке жетекшіл болып, еріп кетеді. Біздің қазақ-қырғыздың ісін көркейтетін болсақ, хүкімет ісінен бөліп қойған оң болады. Оны орысша "отделение церкви от Государства" дейді. Кадет партиясы менің бұл пікіріме өзгеше қарайды.
Осы үш жол айрылғаны биыл ашыққа шықты. Мен сонан соң қазаққа "Алаш" партиясын ашуға тырыстым. Мен шілдедегі жалпықазақ съезінде осыны айтқан едім(17). (Ғалихан. Мен кадет партиясынан неге шықтым? "Сарыарқа". 1918 жыл. 25 қаңтар. №29).
Сонымен қатар, қазақ сахарасында большевиктер партиясының ықпалынан, біршама болса да қоғамдық саяси, құқықтық ой-пікірлердің ілгері дамығанын мойындаған жөн. Коммунистік тоталитарлық жүйе кезінде жазылған ғылыми зерттеулерде таптық методология тұрғысынан большевиктік, социалистік идеологияның қазақ халқына тигізген әсерінің зор тиімді болғаны жасанды түрде дөлелденді (18).
Сөйтіп, бірінші жалпықазақ съезі қазақ саяси партиясын құру туралы шешім қабылдағанымен, күзге дейін, яғни Құрылтай жиналысына депутаттар сайлау науқаны қызғанға дейін ол партияның түрлі дейгейдегі ұйымдарын құру ісімен ешкімде айналыса қоймады. "Қазақ" газетінің 1917 жылғы 5-
қазандағы санында Ж.Досмұхамедовтың хаты жарияланады. Ол Құрылтай жиналысын дайындайтын кеңесте, "Шоран Исламда", Бас Жер Комитетінде және басқа көптеген орындарда жалғыз өзі жүргендігін білдіріп, қазақ партиясының бағдарламасын жазуға уақыты мүлдем қалмайтындығын айтып шағым жасайды(19).
Бұл уақытта Құрылтай жиналысына депутаттар сайлау мерзімі таянып қалған еді. Елдегі әрбір саяси партия өз тұғырнамасын жариялап, өз ұраны атынан депутатыққа кандидаттар тізімін жасап, үгіт-насихат науқанына кірісіп кетеді. Шілдедегі жалпықазақ съезінің шешіміне сай депутаттыққа кандидат қазақ зиялылары сайлау тізіміне қазақ саяси партиясының бағдарламасы да, тіптен аты да мағлұм емес еді. Уақыттың тым аз қалғандығын түсіне отырып, "Қазақ" газетінің басқармасы Петроградтан Ж.Досмұхамедовтың хатын алған соң, 5-қазан күнгі санында "Алаш партиясы" деген бас мақала жариялап, онда былай деп көрсетеді: "Әр саяси партия өз ұранын шақырып, өз ұраны атынан список түзеп, сайлау ісіне кірісе бастады. Қазақ партиясының программасы жасалмағанмен жалпықазақ съезінің қайлысы жасалмақ программаның негізі болсын делінген еді. Съезд қаулысы халыққа мағлұм. Партия ұраны десек, бабамыздың "Алаш" ұранынан артық ұранды іздесек те таба алмаймыз. Сөйтіп, қазақ саяси партияның атын "Алаш" қою, ойлап әуре болмастан ауызға түсіп тұр. Жалпы қазақ съезінің қаулысын қабыл етіп, қазақ өз алдына саяси партия болуын қостайтындар, сайлауда кандидат списогін "Алаш" партиясының списогі деп жүргізулері керек"(20).
Сондай-ақ мақала авторлары әрбір облыстардағы орыс жұртымен ынтымақтасып келісіп Құрылтай жиналысына депутатыққа кандидаттардың ортақ тізімін жасауды мақұл көретіндерін айтып, ондай келісімге жете алмаған күнде қай облыста болса да қазақтар "өз списоктарының атын "Алаш" партиясы -Киргизская партия "Алашь"-деп жүргізулері тиіс" екендігін жазды. Осы баяндалған мақаланы жариялаумен бір мезгілде "Қазақ" басқармасы барлық облыстардағы қазақ комитеттеріне қазақ саяси партиясының атын "Алаш" қою жеделхаттар да жіберген еді(21). ("Қазақ". 1917. №244).
"Алаш" партиясының ұйымдарын ашу және бағдарламасын жазу қалай жүрді. Ғылыми әдебиетте "Алаш" партиясы негізін сәуір және мамыр айларында құрылған қазақ комитеттері құрды, ал осы комитеттердің активистері "Алаш" партиясының мүшелері болды деген пікір бар. Қазақ комитеттерінің "Алаш" партиясына қолдау жасағаны рас, бірақ бұл екі ұйымның өзара жігі бары анық. Қазақ комитеттері патшалық билік құлағаннан соң Уақытша үкіметтің мемлекеттік басқару жүйесінде қазақ елінің ұлттық мүддесін білдіру және қорғау мақсатында пайда болған демократиялық бағыттағы қоғамдық незізде құрылған ұйымдар болатын.
"Алаш" партиясының облыстық ұйымдары 1917 жылдың қазан айынан қалыптаса бастайды. Мәселен, Ә.Бөкейхановтың тікелей ұйымдастыруымен және басшылығымен қазан айының шамамен 12-20 жүлдызы аралығында партияның облыстық ұйымдары алдымен Семейде, сонан соң Омбыда, ал
қарашаның 10-на қарай Орынборда ашылады(22). ("Сарыарқа". 1917. №"18, 20).
"Алаш" партиясының Семей облыстық комитетінің ашылуы Ә.Бөкейхановтың Тамда 8-10 қазан аралығында болып өткен Сібір автономистері съезінен қайтар сапарында іске асырылады. Ол қайтар жолында Семей қаласына тоқтап 12-13 қазан күндері қала жұртшылығымен кездесулер өткізіп, баяндамалар жасайды. Ал оның соңы "Алаш" партиясының 15-кісіден тұрған уақытша комитетін ашумен аяқталады.
Комитеттің төрағасы болып Халел Ғаббасов, жолдасына Ахмеджан Қозбағаров, хатшысына Сыдық Дүйсенбин, қазынашы Әнуар Молдабаев сайланады. Комитет мүшелері оған құрматті төраға етіп Әлихан Бөкейхановты сайлайды.
Д.Әділов нақты көрсеткендей, "Алаш" партиясының Омбы облыстық комитеті мүшелерінің аты-жөні "Қазақ" газетіне жарияланған, бірақ олардың саны 10-нан көп еді. Қазан -желтоқсан айларында облыстағы бес уезде "Алаш" партиясының уездегі комитеттері ашылады. ("Қазақ". 1917. №255).
"Қазақ" газеті өзінің 1917 жылғы 14 желтоқсандағы санында "Алаш" партиясының Орынборда Торғай облыстық комитетінің ашылғандығын мәлімдейді. Комитетке мүшелікке Орынбор қаласында "тұратын 10 қазақ һәм 4 уезден 4 қазақ, барлығы 14 ағза" сайланады. Комитеттің төрағасы болып Ә.Бөкейханов төраға серігіне А.Байтұрсынов, хатшысына М.Дулатов, қазнашысы Ж.Жәнібеков сайланады.
Партияның орталық комитеті болған емес. Өйткені партияның арнайы съезін шақырып басқару орындарын сайлауға, жарғысы мен бағдарламасын бекітуге уақыт та, жағдай да болған жоқ. Бірақ оның басқарушысы ұйытқысына бірінші жалпықазақ съезі бүкілресейлік Құрылтай жиналысына депутаттыққа кандидат етіп бекіткен топты жазған.
Ол жөнінде "Қазақ" газетінде жарияланған "Алаш" партиясы" атты мақаладан мынадай хабарды оқимыз: "Орыс партияларынікіндей біздің "Алаш" партиясында кіндік комитет жоқ болғанымен Орынборда жасалған жалпықазақ тұңғыш тобы ұнатып бата қылған адамдар, бірен-саран өзі қалған, яки ризалықпен орын ауыстырған болмаса, түгелімен "Алаш" партиясының атынан кірген списоктарге жазылып отыр(24). ("Қазақ". 1917. №235).
"Алаш" партиясының жарияланбағанымен, белгілі дәрежеде дайындалып қойған шартнамасы (жарғы) да болған. Ол жөнінде партияның Семейдегі облыстық комитетінің құрылуына байланысты "Қазақта" жарияланған материалдан мынадай деректі оқимыз: "Алаш" партиясының толық шартнамасы Орынборда жасалатын болды, дайын болғанда жұртқа жария қылынады. Қазіргі шарты- кіндік комитеттің айтқанын екі қылмайтын, бұйырғанын дәл орындайтын "Алаш" партиясының программасын жақтырып, жөн көрген программадағы мәселелерді іске айналдыруға тырысатын кісі кіреді. "Алаш" программасынан таймайтын, өтірік айтпайтын, шынынан қайтпайтын, жақындық, туысқандыққа бүйрегі бұрмайтын, дүниелікке қызығып сатылмайтын, шыншыл, әділ, тура кісі осы партияға кіреді. Сыртын берсе іші басқа, тіліп берсе жүрегі басқа болатын, сөзіне ісін үйлестірмейтін, "Алаш" жолынан ауып, айтысып-тартысуға жарамайтын, ауырлық келсе бұлт беретін қорқақ, айнымалы мінезі бар кісі "Алаш" партиясына кірмейді. "Алаш" партиясына кіремін деген кісі осы айтылған шарттарды ойлап, толғап, жүрегі қалайтын болса ғана кіруге жөн"(25).
Достарыңызбен бөлісу: |