11. Қазақ тілінің этимологиясы
Этимология тіл білімінің ең бір күрделі, әрі қызықты саласы. Этимология грек тілінің etumos «ақиқат» және logos «білім» деген сөздерінің бірігуінен жасалған. Тіл білімінің
ішінде тарихи лексикологияның арнаулы саласы. Ол жеке сөз тіркестерінің, грамматикалық тұлғалар мен морфемалардың, фразеологизмдер мен мақал-мәтелдердің де түп-төркіні мен шығу тегін, олардың пайда болу, даму жолдары мен қазіргі тілдерден көрініс сабақтастығын анықтап, тарихын ғылыми тұрғыдан зерттейді. Этимологиямен арнайы айналысып сөз тіркесін туралы ойларын үнемі ортаға салып жүретін ғалымдарымыздан академик Ә.Т.Қайдар, Р.Сыздық, Ә.Нұрмағанбетов, Қ.Өмірәлиев, Е.Жанпейісов, С.Исаев, А.Махмудов, Н.Уәлиев, Ж.Манкеева, Ғ.Әнес т.б. ғалымдардың атын атауға болады Этимологияның негізгі принциптері. Этимология саласында ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізу тілдің тарихын, оның тарихи фонетикасы мен тарихи грамматикасының заңдарын, зерттелетін тілдің басқа туыстас тілдермен байланысын, семасиология мәселелерін жақсы білуді, салыстырмалы-тарихи методты жете меңгеруді талап етеді. Сөздердің шығу тегін айқындау үшін ғылыми этимология: генеологиялық, фонетикалық, морфологиялық, семантикалық, этимологиялық деп аталатын принциптер қолданылады.
12.Түркі тілдерінің даму кезеңдері. Әр кезеңге сәйкес тарихи әдеби мұралар
Түркі халықтарының Отаны жер шарының екі материгі – Азия мен Европа. Дегенмен басым көпшілігі Азия болып саналады. Оған себеп – көпшілік түркілер осы жерлерді мекендейді, екіншіден, тарихи тамыры да осы құрлықта. Ал Еуропадағы түркілер, негізінен, оның оңтүстігінде орналасқан да, Еділ мен Кавказ тауларының етегін мекендеген.
Жеке түркі тілдерінің қалыптасу дәуірлері әр түрлі. Олардың кейбіреулері ерте қалыптасып, өз іргесін басқалардан бұрынырақ алыстатқан болса, енді біреулері ортақ тіл қауымына соңғы дәуірлерде (ХІҮ-ХҮІ ғғ.) ғана бөлініп шыққан.
Түркітанушы ғалымдар түркі тілдерінің даму кезеңдерін белгілі кезеңдерге бөліп, әрқайсысының өзіндік ерекшелігін анықтауға әрекет етіп келеді. Мысалы, Н.А. Баскаков түркі тілдерін дамуы мен қалыптасуына қарай 6 кезеңге бөлген:
1). Алтай дәуірі;
2). Хун дәуірі (Ү ғасырға дейін);
3). Көне түркі дәуірі (Ү-Х ғасырлар);
4). Орта түркі дәуірі немесе негізгі түркі тайпаларының қалыптасуы мен даму дәуірі (Х-ХҮ ғасырлар);
5). Жаңа түркі дәуірі немесе түркі халықтарының қалыптасуы мен даму дәуірі (ХҮ-ХХ ғасырлар);
6). Ең жаңа дәуір немесе түркі тілдерінің Қазан тіңкерілісінен кейінгі даму дәуірі.
Н.А. Баскаковтың бұл пікірін ғалымдардың көбісі-ақ қолдайды, бірақ онымен келіспеушілер де жоқ емес. Мәселен, біраз ғалымдар түркі тілерінің Алтай дәуірін мойындамайды. Алайда біз түркі тілдерінің қалыптасуын Н.А.Баскаковтың дәуірлерге бөлуіне сүйене қарастырамыз.
Түркі тілінің дамуындағы Алтай дәуірі – мерзімі жағынан әлі анықталмаған, ғалымдардың арасында дау туғызып келе жатқан мәселелердің бірі. Тілдерді салыстырмалы-тарихи тәсілмен зерттеп, туыстық жақындығын анықтағанда олардың ортақ белгілеріне сүйену қажет. Осындай туыстық белгілер түркі-монғол тілдерінің
арасында да бар және олар фонетика жүйесінде де, лексика мен грамматикалық құрамында да кездесетіндігін ескере келіп, бір топ ғалымдар «түркі тілдері өз алдына бөлініп шыққанға дейін алтай дәуірі тобында болған» деген топшылау айтады. Олар алтай тілдері тобындағы тілдерден: 1) түркі-монғол тілдері; 2) тунгус-маньчжур тілдері; 3) жапон-корей тілдері бөлініп шықты деген болжамды ортаға салады. Ал Х. Винклер, С.М. Широкогоров, Б. Колиндер, М. Рясянен, Д. Шинор, А. Дильачар сияқты ғалымдар тіпті алтай тіл бірлестігінен де арыға барып, орал-алтай тіл бірлестігі теориясын ұсынады.
Бұл жоба бойынша: бір кездерде, уақыт кезеңі анықталмаған дәуірде орал тілдері мен алтай тілдері генеологиялық жағынан туыстас болған. Тайпалар одағының ыдырауы негізінде орлал тілдері алтай тілдерінен бөлініп шыққан. Өз ретінде, уақыттың өтуіне байланысты, орал тілдері екі топқа (угро-фин және самоди) ыдыраған. Алтай тілдері жоғарыда айтылған үш тармаққа бөлінген.
Достарыңызбен бөлісу: |