1 Қазақ тіліндегі антропонимдердің тарихи-этномәдени тұРҒыдан қарастырылуы 6



бет1/5
Дата15.09.2017
өлшемі1,06 Mb.
#32306
  1   2   3   4   5



МАЗМҰНЫ
КІРІСПЕ 4
І тарау

1 ҚАЗАҚ ТІЛІНДЕГІ АНТРОПОНИМДЕРДІҢ ТАРИХИ-ЭТНОМӘДЕНИ ТҰРҒЫДАН ҚАРАСТЫРЫЛУЫ 6




    1. Антропонимдердің шығу тарихы 7

    2. Қазақ антропонимдерін зерттеудегі тіл мен мәдениет сабақтастығы 20

ІІ тарау


  1. ҚАЗАҚ ТІЛІНДЕНГІ АНТРОПОНИМДЕР МЕН ЭТНОАНТРОПОНИМДЕРДІҢ ҚАЛЫПТАСУЫНЫҢ ӘЛЕУМЕТТІК-МӘДЕНИ НЕГІЗІ 34

2.1 Қазақ ономастикасындағы антропонимдік жүйенің қалыптасып дамуы мен қызметі 35

2.2 Қазақ лақап есімдері және антропонимдердің, эпонимдердің, генетопонимдердің әлеуметтік мәні 44

ҚОРЫТЫНДЫ 58


ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР ТІЗІМІ 60
КІРІСПЕ

Халқымыздың ғасырлар бойы жинақтаған өмір тәжірибесі, адами ізгіліктері мен рухани құндылықтары, қоғамның әлеуметтік сипаты, сөйлеу әдебі принциптері, аялық білімі, жалпы этнологиялық кеңістігі туралы түсініктері ұлтымыздың қазынасы - оның тілінде, тілдік құрылымдарында көрініс тауып, сақталып , жианқталған. Жианқталу негізінде қазақ тіліндегі антропонимдердің әлеуметтік қызметі жүйелі түрде қалыптасып дамиды.

Қазақ тіл біліміндегі тіл мен мәдениет сабақтастығына негізделген қағидаға сәйкес жүргізіліп жатқан зерттеулерде мәдениеттің өзі метатіл деп анықталып, оның коммуникативтік, кумулативтік, әлеуметтік қызметтерін талдауға қазақ тіл білімінде ерекше назар аударылуда. Осы тұрғыдан қарағанда, мәдениет метатілін этномәдени негізде сипаттайтын өзекті арнаның бірі жалқы есімдердің (антропонимдердің) әлеуметтанымдық жүйесі.

Тарихи дереккөздердегі, эпостық жырлар мен фольклордағы, прецеденттік жүйедегі тілдік деректердің ұлт санасындағы ізін анықтау мәселесі – қазақ тіл біліміндегі анторпонимдердің әлеуметтік бағытындағы зерттеулердің негізгі арқауы. Осымен байланысты ұлт пен тіл, ұлт пен мәдениет сабақтастығын қарастыратын үрдіс тіл табиғатын зерттеуде жаңа сапаға көтерілуде.

Халық есімдерінің жасалу, пайда болу тарихында маңызды орын алатын мәселенің бірі тарихи-әлеуметтік жағдайлар. Халық тарихындағы бұл елеулі оқиғалар түрлі қоғамдық құрылыстағы әр түрлі діни ағымға байланысты болса, кейде көрші елдермен жасаған алуан түрлі мәдени қарым-қатынас, достық байланыстармен ұштасып жатады. Әдетте, бұл тарихи-мәдени байланыстардың тіліміздегі есімдер құрамының молая түсуіне, антропонимдердің әлеуметтік мәнінің жетілуіне зор ықпал жасағаны аян.

Қазақ есімдерінің баюы, құрамының молая түсуінің енді бір кезеңі – шығыс халықтарының мәдениетімен де тығыз байланысты. Ең алдымен діни есімдер, дін иелерінің, әулие-әнбиелердің, сопы-қажылардың есімдері болса, екіншісі – құраннан қойылған діни мағыналы есім сөздер болды. Ал, үшінші топтағы есімдер – қарапайым тұрмыстық сөздер, халық арасында жиі қолданылатын күнделікті сөздерден жасалған есімдер болды. Мінеки, жалқы есімдердің тарихын, тілдік құбылыстарын жіті байқап, оның көнелері мен жаңаларын салыстыра зерттеу осы ретте антропонимдердің әлеуметтік мәнін тілдік тұрғыдан қарастыру үшін өте құнды болмақ.



Диплом жұмысының мақсаты мен міндеттері. Қазақ тілінде ұлттың этникалық сипатын айғақтайтын тілдік деректер аз емес. Солардың бастылардың бірі – антропонимдердің әлеуметтік мәні. Атап айтқанда ру, тайпа, ел тарихын зерттеуде батырлар жыры, әр түрлі сипаттағы тарихи шығармалардың мазмұнындағы антропонимдік атаулардың ұлт болмысын тану үшін маңызы зор. Осы кезеңге дейін ол жүйелер лексикалық құрылымдарда ғана қарастырылған.

Антропонимдердің әлеуметтік мәнін қарастыру үшін төмендегідей міндеттерді шешу қарастырылды:



  • түркітану мен қазақ тіл біліміндегі ономастика жүйесінің, антропонимия саласының зерттеулеріне тарихи-лингвистикалық сипаттамаға ғылыми шолу жасау;

  • қазақ антропонимдерінің ұлттық табиғатын айқындаудың лингвомәднеи, әлеуметтанымдық бағытына мән беру;

  • қазақ антропонимдеріндегі тіл мен мәдениет сабақтастығына мән бере отырып, этноантропонимдердің қалыптасуының әлеуметтік-мәдени негіздерін жүйелеу;

  • қазақ ономастикасындағы антропонимдік жүйенің қалыптасып дамуын лингвомәдени сипатта түсіндіру, қазақ лақап есімдері мен эпионимдердің, генетопонимдердің әлеуметтік мәніне талдаулар жүргізу.

  • Жұмыстың теориялық және әдіснамалық негіздері. Тіл арқылы рухани көздерден жинақталған тарихи-этникалық үрдісті қоғамдық ой , этникалық сана мен оның тілдік бейнесі аясында алып, этникалық дереккөз ретінде қарастырғанда ғана қазақ тарихы мен мәдениеті соны тілдік мәліметтермен дәлелденеді. Осы тұрғыдан келгенде қазақ антропонимдерінің әлеуметтік қызметін сипаттайтын лингвомәдени бірліктер қарстырылды. Диплом жұмысының ғылыми негізінде А.Байтұрсынұлы, Қ.Жұбанов, Ә.Қайдар, Т.Жанұзақ, Р.Сыздық, Ж.Манкеева, Н.Уәли, Е.Керімбаев, Б.Тілеубердиев, Г.Смағұлова, С.Иманбердиева т.б. тілші ғалымдардың ономастика саласына қатысты айтқан ой-пікірлері, тұжырымдары алынды.

Диплом жұмысының дереккөздері. Жұмыстың негізгі дереккөздері лингвомәдениеттану ғылымы пәніне қатысты Ш.Уәлиханов, М.Әуезов еңбектерінен бастап, Ә.Марғұлан, Е.Жұбанов, Е.Жанпейісов, Қ.Рысберген т.б. ғалымдардың еңбектері, сондай-ақ ауыз әдебиеті үлгілерінен антропонимге байланысты деректер пайдаланылды.

Жұмыстың әдіс-тәсілдері. Жұмыста тарихи-салыстырмалы, сипаттама, этнолингвистикалық, түйіндеу, жіктеу талдау әдістері қолданылды.

Диплом жұмысының жаңалығы мен нәтижелері.

  • антропонимдердің әлеуметтік саласының әдістанымдық, әлеуметтік тұрғысынан қалыптасуына талдау жасай отырып, төмендегідей тұжырым жасадық:

  • антропонимдер этнотаңбалы, этномазмұнды, лингвомәдени жүйе ретінде қарастырылды;

  • соңғы уақытта жазылған көркем мәтіннің кестесіне кіріп, белгілі бір функционалдық, әлеуметтік, этнотанымдық жүк арқалаған антропонимдердің қолданысы түсіндірілді.

  • антропонимдердің, эпионимдердің, генетопонимдердің әлеуметтік мәні тарихи этникалық дереккөз ретінде қарастырылды.

Диплом жұмысының құрылымы. Жұмыс кіріспеден, екі тараудан, қорытындыдан, пайдаланылған әдебиеттер тізімінен тұрады.


І тарау

ҚАЗАҚ ТІЛІНДЕГІ АНТРОПОНИМДЕРДІҢ ТАРИХИ-ЭТНОМӘДЕНИ ТҰРҒЫДАН ҚАРАСТЫРЫЛУЫ.

Қазақ тіл білімінде социолингвистика ғылымы тілді зерттеудің бір саласы ретінде кейінгі кезде қалыптасқаны белгілі, бірақ бұл бағыттың қазақ тілінде негізі бар екеніне Ахмет Байтұрсынұлының , Қ.Жұбановтың еңбектерінде назар аударылды. Бүгінгі таңда социолингвистика – (қазақша –әлеуметтік лингвистика) –тіл білімі , әлеуметтану (социология), әлеуметтік психология және этнография ғылымдарының қиылысқан жерінде дамитын, тілдің әлеуметтік табиғаты мен қоғамдық қызметін, әлеуметтік фактордың тілге әсер ету тетігін және қоғам өміріндегі тілдің қарым-қатынас құралы ретіндегі коммунативтік қызметін зерттейтін тіл ғылымының бір саласы ретінде қалыптасты. Осы тұрғыдан А.Байтұрсыновтың осыдан 85 жыл бұрын тілге берген анықтамасы социолингвистикалық сипатты деп бағалауға болады: «Тіл –адамның адамдық белгісінің зоры, жұмсайтын қаруының бірі», - деді [1,141].

Себебі қоғамдағы тілдің мәні мен қызметін күнделікті өмірден өзінің ерекше тілдік тұлғалық зердесімен байқаған, сезе білген Ахмет Байтұрсынұлының тілдің әлеуметтік қызметін айрықша қабылдауы, түйсінуі –заңды құбылыс. Ал, социолингвистика болса, тіл мен қоғамның өзара байланысын динамикада, қызмет барысында зерттейді.

Сондықтан да әлемдік социолингвистика ғылымы тілдің даму сипатын үш бағытта анықтаса, тілдің таңбалануы (графизация), тілдің жаңаруы (модернизация) және тілдің қалыпқа түсуі, нормалануы (стандартизация) Ахмет Байтұрсынұлы тіл дамытарлық осы үш бағытта бірдей қалам тартты.

Осымен байланысты кез келген тілдің лексикалық қорының мәнді бір қабатын жалқы есімдер құрайды. Оларсыз адамзат қоғамының қарым-қатынас қызметі іске аса алмайды.

Тіл қызметінің ерекше бір саласы –ономастика . Жалқы есімдердің жинақтық атауын лингвистикада ономастика дейді де, оны зерттейтін ғылым ономосиология деп аталады. Ономастика –кез келген жанды және жансыз заттарды не құбылыстардың есімін зерттейді. Ономастика грек сөзі «ономия» (грек тілінде «onoma» есім, ат) onomastika –ат қою өнері, яғни атауларды зерттейтін ғылыми сала. Ономастиканы ( кісі аттарын, жер, су, ру, тайпа аттары т.б. ) зерттеудің теориялық-әдістанымдық негіздері мен тілмен сабақтастықта қарастырылатын ұлттық этномәдени, әлеуметтік сипатын анықтаудың қажеттілігін В.В.Радлов, В.В.Бартольд, Н.Катанов, А.Н.Самойлович, С.Е.Малов, Н.К.Дмитриев, А.Н.Кононов, Н.А.Баскаков, Қ.Жұбанов, І.К.Кеңесбаев, С.Аманжолов, Ә.Қайдар, Т.Жанұзақов, Ә.Абдрахманов, Е.Жанпейсов, Қ.Рысбергенова, Г.Мадиева, А.Жартыбаев т.б. ғалымдар өздерінің еңбектерінде жан-жақты көрсетті. Ономастика өз ішінде бірнеше салаға бөлінеді: топонимика ( жер, су, қала атауларын зерттейтін ғылым ), антропонимика ( адам аттарын зерттейтін ғылым ), этнонимика ( ру, ел, халық аттарын зерттейтін ғылым), зоонимика ( хайуандар аттары ), гидронимия ( теңіз , өзен, су, көл атауларын зерттейді ) т.б.

Түркі тіл білімінде жан-жақты зерттеліп, ғылыми негізі қаланған ономастиканың күрделі бір саласы –антропонимика . Антропонимика кісі аттары , әке аты patronim ( отчество ), фамилиялар, лақап аттар ( прозвища ), бүркеншік аттарды ( псевдонимы ) зерттейтін ономастиканың бір саласы.

Қазақ ономастикасының зерттелу тарихына аналитикалық шолу жасаған еңбекте бұл саладағы зерттеулер 4 кезеңге бөлінген. Соның ішінде жалқы есімдерге қатыстылары мыналар:



1 кезең: 1950-1970 ж.ж. ( Т.Жанұзақов «Лично-собственные имена в казахском языке» 1961ж; «Қазақ тіліндегі жалқы есімдер» 1965ж; «Қазақ есімдерінің тарихы» 1971ж. )

2 кезең: 1970-1990 ж.ж. ( Т.Жанұзақов «Очерк казахской ономастики» 1982; Е.Керімбаев «Атаулар сыры» 1986; «Қазақ есімдері» 1988; В.Махпиров «Собственые имена в памятнике Х в. «Дивану лугат ат-турк Махмуда Кашгарского»» 1980 ж. канд. дисс. )

3 кезең: 1990-2000 ж.ж. ( В.Махпиров «Имена далеких предков» 1997; М.Мұсабаева «Қазақ тіліндегі антропонимиялық «аталымдардың» этнолингвистикалық сипаты» 1995ж канд. дисс.; У.Мусабекова «Мотивационный аспект антропонимов казахского и русского языков» 1996 канд. дисс. Е.Керімбаев «Этнокультурные основы номинации и функционирования казахских собственных имен» 1992ж. док. дисс; К.Головина «Сопоставительный анализ идиоэтнических топонимов и антропонимов русского и казахского языков»; К.Жаппар «Эстетические функции имен собственных в поэзии О.Сулейменова» 2000ж ).

4 кезең: ХХІ ғасырдың басы, жаңа кезең ( Б.Көшімова «Қазақ лексикасындағы бейонимдену үрдісі» 2001 ж; Б.Досжанов «Қазақ тіліндегі көне антропонимдер» 2003ж; Д.Керімбаев «Қазақ фольклорындағы жалқы есімдердің құрамы мен этнолингвистикалық сипаты» 2004ж; Г.Аубакирова «Идиоэтническая семантика и лингвостилистическая функции собственных имен в художественном тексте» 2004; А.Бахамова «Уйгурские прозвища и их этнолингвистическая характеристика» 2004; ).

Сонымен бірге ономастикалық лингвокультуремалардың ұлттық мәдени ерекшеліктерді танытуда атқаратын қызметі ерекше. Себебі ономастика өзінің бойына лингвистикалық, тарихи, өркениеттік және мәдени деректерді жинаған ерекше лингвомәдени бірліктер жүйесі болып табылады. Олар халықтың бітім болмысы мен өмірге көзқарасынан хабар береді. Айтылған мәселе Т.Жанұзақов, Қ.Рысбергенова т.б. ономаст-ғалымдардың еңбектерінде арнайы зерттелген.



1.1 Антропонидердің шығу тарихы.

Антропонимия (anthropos «кісі» және onoma «ат», «есім» деген сөзі) деп бір тілдегі яки бір облыстағы кісі аттарының жиынтығын айтады. Жер жүзі халықтарының бәрінде әрбір кісінің өзіне тән аты-жөні бар. Адамзат қоғамында есімі, аты жоқ адам кездесуі мүмкін емес. Бірақ кейбір елдерде фамилиясыз, фамилия иемденбейтін адамдар ұшырасуы мүмкін (кейбір мәліметтерге қарағанда , исландықтарда фамилия болмайды екен).

Қазақ есімдері де санаулы жыл ішінде тосыннан пайда бола қалмаған. Оның өзіне тән тарихы, шығу, пайда болу жолы бар. Қазіргі есімдеріміздің ішінде сол ерте замандарда шығып, көненің қарт куәсі, жұрнағы ретінде өмір сүріп келе жатқандары да , орта ғасырға тән және жаңа дәуірде жасалғандары да көп.

Антропонимдер адамдардың өткендегі тұрмысын, қоғамдық-әлеуметтік құрлысын және материалдық әрі мәдени өмірдің құбылыстарын да көрсете алады. Олардың кейбір топттары қазақ ауылының ертедегі тіршілік, іс-әрекетінен және шаруашылық күйінен мағлұмат береді. Мәселен, төрт түлік малға, шаруашылық , тұрмыстық сөздерге байланысты есімдер. Халықтың әдет-ғұрып, тарихи дәстүрлері мен кісі аттарының арасында тозбас желі бар. Кісі аттарына байланысыты жиналған мыңдаған мысалдарды және есімдердің морфемын талдап қарағанымызда, құрылысы, лексиклық материалы, фонетикалық ерекшеліктері жағынан олардың әр кез, әр дәурге тән екенін бірден байқаймыз. Шындығында бұлай болудың өзіндік сыры бар. Өйткені әрбір кісі аты өзінің шыққан заманы мен дәуіріне, оның тілдік заңына тікелей байланысты. Соған орай олардың шығу себебін дәлелдейтін алуан түрлі тарихи жайлар мен сан қилы оқиғалар бары аян.

Халқымыздың ғасырлар бойы басынан кешірген өмір жолында табиғат пен аңға , құсқа сыйыну, ай мен күге табыну, хайуандардан ит, қасқыр, бұқа сияқтыларды тотем ету – бәрі кісі аттарының қойылуына әсер еттпей қоймады. Осымен қатар, көрші-қоңсы елдермен араласу, шет елдермен байланыс жасау нәтижесінде тілімізге мыңдаған сөздермен қатар, кісі аттарының да еніп отырғаны мәлім. Қазақ халқының құрамына енген бөлек тайпалар мен рулардағы кісі аттарының сіңіп кетуінен болған субстрат, суперстрат құбылысы да антропонимдер құрамын едәуір байытқан.

Қазақ антропонимдерінің байи түсуі ислам дінінің тарауымен де байланысты болды. Х ғасырдан бастап ислам діні қазақ даласының түпкір-түпкіріне тарап, мүмкіндігінше сіңісе бастайды. Сөйтіп, мұсылман дінінің ықпалы күшті болып, тұрмыстық, қоғамдық жағдаяттың барлық саласына әсерін тигізді. Бұл кездерде тілімізге мыңдаған сөздер мен сөз тіркестері, кісі аттары мен этнонимдер енді. Араб тілінен енген есімдердің көбеюі төл есімдеріміздің дамуына белгілі дәрежеде тежеу жасап, кедергі болды. Бірақ, халық арасында төл сөзімізден есім қою дәстүрі кеңінен қолдау тауып отырғаны аян. Ал араб-иран тілдерінен енген есімдер болса, халық тілінде бастапқы тұлғасында айтылмай, аса қатты дыбысттық өзгеріске ұшырап, жаңа формаға ие болып отырады. Қазақ есімдері әсіресе ХV – ХVІІІ ғасырда құрамы жағынан байып, толыса түсті. Мұның өзі әлеуметтік қоғамның дамуымен байланысты құбылыс еді. Бұл дәуірлерде , алдымен , қазақ тайпаларының негізінде біртұтас қазақ халқы қалыптасқан, нығайған кезі еді. Осымен байланысты жер мен жер , ел мен ел байланысы нығайып, жалпы халықтық әдет-ғұрып, тіл бірлігі күшейе түсті. Бұрын Қазақстаның бір ғана жерінде айтылатын өлең-жыр, ертектер, алуан түрлі сөздер мен кісі аттары енді басқа жерлерге де тарап, барып жатады.

Қазақ антопонимдерінің құрылысы жағынан жетіліп , құрамының байып отырған кезі – Кеңестік дәуір. Қазіргі тіліміздегі антропонимдер құрамында барлық дәуірге тән антрополекскмалар бар. Әсіресе бұл дәуірде жасалған антропонимдер жаңа форма, мазмұнға ие болып отыр. Бұл күнде дәстүрлі есімдермен қатар, жарқын дәуірімізге лайықты мыңдаған антропонимдер пайда болды. Олардың өскен, өркендеген заманымыздың мәдениеті мен өнерінің , ғылымы мен техникасының негізінде жасалғаны мәлім.

Сайып келгенде, тіліміздегі антропонимдердің шығу, даму негізі халқымыздың өткендегі тіл және азаматтық тарихымен тікелей байланысты болса , олардың типтерінің шығу, пайда болу жолдарын белгілі бір дәуірлерге бөліп қарамайнша , тиісті дәрежеде талдау жасауымыз мүмкін емес.

Сонымен, тіліміздегі антропонимдердің тарихын, шығу, пайда болу кезеңдерін талдағанда , бір заманға тән телімей, бірнеше дәуірге бөліп қарауымыз керек. Қазақ антропонимиясының даму тарихынан төрт дәуірдің көрінісі байқалады.

Бірінші дәуір – көне түркі заманын, яғни V – VІІІ ғасырлардағы антропонимдерді қамтиды. Бұл дәуірде үй хайуандары мен жабайы аңдардың, табиғат атаулары мен өсімдіктердің және қымбат металдардың атаулары кісі аты ретінде қойылып отырған. Мысалы: Айкүн, Айжарық, Айтолық, Айтолды, Күнай, Күнсұлу, Күнтуар, Бөрі, Барысбек, Арыстан, Бұқа, Түлкібай, Қоянбай, Алтын, Күміс, Қаршыға, Сұңқар т.б. Ол кезде ай мен күнге табыну, табиғатты, аңды, құстарды ерекше күш санау, кейбір хайуандарды ( мәселен, бөрі, ит, бұқа) шыққан тегіміз , біздің ата-бабамыз деп, тотем ету жайлары басым болғаны мәлім.

V – VІІІ ғасырларға тән жазба ескерткіштерде кездесетін күрделі тұлғалы кісі аттары және кісі аттарын жасауға арқау болған компоненттер қазіргі түркі тілдерінде түгелдей сақталмаған. Өйткені олрады тудырған, тиісті дәрежеде қолданған қоғамдық қатынас, дәуір түбірімен өзгерді. Дегенмен, ол антрополексемалардың кейбіреулері біздің заманымызға жетіп отыр. Сол замандағы кісі аттарының жасалу үлгісі, принципі мен лексикалық номинациясы тіпті кейбір компоненттері қазіргі антропонимдер системасында сақталып қалған. V – VІ ғасырлардағы түрік мемлекеті туралы жазылған Л.Н.Гумилевтің «Древние тюрки» атты еңбегінде берілген есімдер, титулдар мен лақап аттар ішінде қазіргі антропонимдерге ұқсастары өте көп.

Ескерткіштердің мәтінін оқып, талдауда, лексикалық құрамы мен граматикалық құрылымын, синтксистік конструкциясын зерттеуде В.В.Радлов, С.Е.Малов, И.А.Батманов, В.И.Насилов, Ғ.Айдаров, т.б. көп еңбек етті. Бұл Орхон-Енисей жазбаларындағы жалқы есімдерді талдауда тарихшылар мен лингвистер арасында әр түрлі болжам, пайымдаулар мен көзқарастар болды. Сондықтан Орхон-Енисей жазба ескерткіштеріндегі ономастиканы талдау тарихшылар Я.Бичурин, П.М.Грумм-Гржимайло, В.В.Бартольд, А.Бернштам, Л.Н.Гумилев еңбектерінен де көрініс тапты.

Ескерткіштегі ономастиканың саны мен құрамы әр түрлі. Бұлардың ішінде , әсіресе, антропонимия материалдары көбірек көңіл бөледі. Олардың құрамы , жасалу тәсілі, құрылымдық типі, қоғамдық-әлеуметтік функциясы топоним мен этнонимдерден әлдеқайда кең. Құрылымдық типіне сай ол ономастиканы былайша бөлуге болады: 1) дара тұлғалы, 2) туынды тұлғалы, 3) екі құрамды, 4) көп құрамды немесе күрделі тұлғалы.



  1. Дара тұлғалы есімдер: а) антропонимдер: Анар, Эсин, Умач, Йола, Буга, Чур, Тонг, Барс, Баз, Куч; в) топонимдер: Кам (Енисей өзені), Артіс, Салаңа (Селенги), Тама; в) этнонимдер: Аз, Огуз, Тюрк, Чік т.б.

  2. Туынды есімдер: а) антропонимдер: Шувуш, Макрач, Туран, Кутлуг, Уграч, Толаш, Туграк; б) топонимдер: Тогла, Отука, Когман, Болчу, Орпан т.б. в) этнонимдер: Карлук, Тардуш, Тангут, Толас, Басмыл, Согды, Табач т.б.

  3. Күрделі тұлғалы есімдер: а) антропонимдер: Ал Туган Тутук, Яш Ак Баш, Чочук Борі Саңун, Учін Куліг Тіріг, Уруңу Куліг Ток Боди(т), Ынанчы Кулуг Чігші баг, Туз бай Куч барс Кулуг т.б. Топоним мен этнонимдердің жасалуында күрделі тұлғалы тип байқалмайды. Жоғарыда көрсетілген мысалдардан байқап отырғанымыздай , екі құрамды және күрделі тұлғалы есімдердің компоненттері: Улуг, тутук, алп, тіріг, кулуг, куч, ынамчы, каган, баг, билге, бори, барс т.б. Бұл сөздердің бәрі көне түріктер қоғамында әлеуметтік-саяси терминдер ретінде қолданылып, сол кездегі адамдардың қоғамдағы орнын, титул, атақ-дәрежесін көрсеткен. Ал күрделі есімдермен қатар тұрғанда ол адамның ерлік, батырлық қасиетін т.б. ерекшелігін білдіретін эпитет ретінде де жұмсалған.

Қазіргі түркі халықтары тіліндегі кісі аттарының құрылысы, жасалу тәсілдері көне түркі есімдерінің типіне сәйкес. Олардың форма сәйкестігі, лексикалық номинациясы т.б. есім жасаудағы көне дәстүрлердің біздің заманымызға шейін жетіп, сақталып отырғанын көрсетеді.

Енисей дәуіріндегі кісі аттарының қазіргі түркі тілдерінің көбінде сақталып отырғаны мұның толық айғағы бола алады. Оны мына мысалдардан анық көреміз. Тува тілінде Ақпаш, шор тілінде Ақпаш, қазақ тілінде Ақбай, Ақпас; тувада Буга, қазақта Бұқа, тувада Мөңге, қазақта Мөңке, тувада Тарган, қазақта Дархан, Тархан, шор тілінде Чарык, қазақ тілінде Жарық т.б.

Ономастика материалдарына жіті көз жіберсек, жоғарыда айтқан титул, шен, атақ-дәрежеге байланысты термин сөздердің кейбіреулерінің қазіргі түркі тілдеріндегі кісі аттарының компоненттерінде сақталып отырғанын анық көреміз. Мысалы: тува, қырғыз тілдерінде Қушбек, қазақ тілінде құсбек, шор тілінде Кушпег, тува, қырғыз, қазақ тілдерінде Қарабай, Сарыбай, Пору, Борубай, Бөрібай т.б. Орхон-Енисей ескерткішіндегі және көне тарихи жазбалардағы көптеген сөздердің қазіргі кісі аттары ретінде кездесетінін көрсете кету орынды сияқты. Мәселен, Багадур, Ябгу, Бүке есімдерін талдап көрейік. Қазіргі тілімізде кеңінен қолданылып жүрген Батыр, Батырхан, Батырбек, Байбатыр тәрізді есімдердің батыр компоненті көне ескерткіштерде Багадур тұлғасында кездеседі. Біздегі батыр сөзі осы бағадурдың өзгерген түрі екені даусыз. Ал Жабатай, Жабағы, Жапақ тәрізді есімдерді бастапқы тұлғасы көне түркі тіліндегі ябга, ябгу болса керек. О баста титул ретінде қолданылған бұл сөз бара-бара дыбыстық деформацияға түсіп, ерекше өзгергенін байқау қиын емес. Оны былайша түсінеміз: Ябга>ябгу>Жабға>Жаба>Жабағ>Жабағы.

Бұл күнде тілімізде сирек болса да кездесіп, қолданылып жүрген антропоним Бүке, Бөке, Бөкебай көне түркі тілінде көбіне кісі аты емес, лақап ат ретінде «батыр, ер» мағанасында қолданылған. Мұны қарапайым адамдар емес, хандар иемденген. Мәселен, түріктер ханы Қара Журун Турк алып денелі, зор тұлғалы болғаны үшін Бокэ атанған. Атақты Билге ханның лақап аты да Богю «батыр» болған. Бұл сөз осы күнгі алтай, өзбек, ұйғыр, осман түркі тілдерінде жалпы есім сөз ретінде викä, пöкö,бөкэ – «батыр», «ер», «палуан» мағыналарында айтылады. Минусинск музейі ескерткішіндегі Шогур, Ярук Тегин, Алп Турган, Орхон-Енесей ескерткіштеріндегі Қапаған антропонимдеріне қазіргі қазақ тіліндегі Шоқыр, Жарық, Әли, Анар есімдері сай келеді.

V – VІІІ ғ. тән ескерткіштердегі көптеген сөз тудырушы аффикстер қазіргі жалқы есімдердің нормативті аффикстерімен сәйкес. Есімше тұлғаның –ған, -ген қосымшалары көне ескерткіштегі кісі аттарын жасауда белсенді роль атқарған. Мысалы: Туган, Ал Туган, Капаган, Куч Кияган т.б. Бұл қосымшалар бұл күнгі жалқы есімдерді жасауға да кеңінен жұмсалады. Мысалы: Қатаған, Қашаған, Ауғанбай, Туғанбай, Сұраған т.б. Антропонимдердегі лексика-сематикалық ұқсастықтан басқа грамматикалық формалардағы ортақ жайлар қазақ тілінің шығу тарихын айқындауға қатысы бар.

Енисей дәуіріндегі ескертткіштерде және басқа тарихи жағдаяттарында жатыр. Көп реттерде түркі қайраткерлерінің есімдері олардың қоғамдық жағдайын, лауазымын көрсетіп отырған. Көне түркі тарихын зерттеген ғалым Л.Н.Гумилев бұл жөнінде былай жазады. «Бала кезінде шын ат иемденсе, жігіт кезінде - шен , ер болғанда титулмен аталған. Егер хан болса, онда титул тиісті мәртебелі атаумен аталған. Мысалы: Кушу – есімі, Сыгин (йегин – жиен) – титул, Янды (жеңді) – лақап ат» [2, 90-91].

Сонымен, V – VІІІ ғасырларға және ескерткіштер мен тарихи деректердегі тарихи ономастикалардың тіл тарихын зерттеуде, ол халықтардың саяси-әлеуметтік, экономикалық жайын, қоғам құрылысын білуде қосымша материал болса да құны ерекше. Олардың көпшілігі лексикалық номинация, мағына, форма жағынан, жасалу тәсілі тұрғысынан қазіргі антропонимдермен ұқсас.

Екінші дәуір. Орта ғасырларға тән антрополексемалық типтерді қамтиды. Біз жоғарыда бір-бірімен жалғас, тығыз байланысты антропонимия көрсетіп өткен едік. Ал екінші дәуірде шыққан антропонимдердің өмірінде елеулі өзгешіліктер барын айтпақпыз. Егер бірінші ғасырдан ерте, орта ғасырға дейін ( І – VІІІ ғ.) көне түркі дәуірін, үйсін, қаңлы мемлекеттерінің мәдениетін және шаруашылық, экономикалық жайларын ( әлбетте жазба ескерткіштер мен тарихи деректер арқылы бізге жеткен тіл тарихын, ондағы эпостық антропонимдерді) баяндаған болсақ, енді Х– ХVІІ ғасырлардағы қазақтың тайпалық одақ болып тұрғандағы , одан кейін халық болып қалыпасу кездеріндегі әдебиеті мен мәдениетін, фольклор мен тіл тарихын, дін мен білімнің дамуын тиек ете отырып, антропонимдердің шығу, даму кезеңдерін сөз етеміз.

Бұл дәуірде қазіргі Қазақстан территориясында карлук қағандығы (766-940ж.) , қараханидтер мемлекеті (Х-ХІғ.), қыпшақ бірлестігі (Х-ХІІғ.), монғол үстемдігі (ХІІІ- ХІV ғ.), қазақ хандықтары (ХV – ХVІІІғ.), сияқты әлеуметтік қоғамдардың болып өткені мәлім. Сол ХІ – ХІV ғасырлардағы қазіргі қазақ тіліне тән сөздер мен энонимдерді, көптеген ономастикалық материалдары Махмуд Қашқаридің «Девону луғотит турк» (1072-1074) және кумандар тілінің сөздігі «Кодекс Куманикус» сияқты еңбектерден мол кездестіреміз. М.Қашқари Луғатындағы арғу, басмыл, дулу этнонимдерін талдай отырып, оларды осы күнгі қазақ болып жүрген тайпалар деп дұрыс айтқан профессор Ғ.Мұсабаев [3, 74-84]. Бұл ескерткіштегі лексиканың көпшілігі , грамматикалық форматтары қазіргі тілімізге ұқсас екені де айтылып жүр. Мысалы: аба (апа), ау (ау аулау), аушы, аз, азук, айғыр, эркак, эрлік, бай, буғра, бүрді, кэлді, кәсілді т.б. Осымен қатар жүздеген антропонимдердің ұқсас, тектес екенін де байқау қиын емес. Бұл үш томдық сөздікте саны 400-дей ономастика берілген. Орта ғасырда шыққан антропонимдердің басым көпшілігі ислам дінінің ықпалымен болды. Ислам діні алғаш, Оңтүстік Қазақсанға, кейінірек Х ғасырда Жетісуға, одан кейін Орталық Қазақсатнға енгенін тарихтан білеміз. Исламды дамытуға Қараханидтер көп күш жұмсаған. Дін және діни кітаптар арқылы көптеген араб сөздері мен кісі аттары еніп жатты. Ислам діні қазақ жерінің бәріне тез тарап, жете қоймай, ХVІІІғасырдың аяғына дейін созылды.

Қазақ антропонимдерінің шығуына, даму кезеңіне моңғол үстемдігінің (ХІІІ – ХV ғ.) аз да болса әсері тиді. Моңғол тілінен енген сөздердің тарихын тек моңғол шабуылына байланысты кірген демей, моңғол халқымен тым ерте қоян-қолтық араласу кезінде болғанын да ескеруіміз керек. Өйткені соңғы жылдары жасаған зерттеулердің өзі-ақ моңғол-қазақ халқына ортақ лексиканың ерте дәуірге тән екенін дәлелдеп отыр. [4,58].

Моңғол үстемдігі кезінде енген кісі аттары сан жағынан онша көп емес. Тек моңғол хандары мен әскер басыларының аттары және әскери атақ, мансапқа байланысты санаулы сөздер. Мысалы, Шағатай, Батый, Сыпатай (Субэдей), Ноян, Ноянбай, Нөкербек, Түмен, Түменбай, Сайын т.б.

Бұл кісі аттары тіліміздің дыбыстық заңына бағынып, халықтық тілдің айтылу нормасына сай бейімделіп, өзгеріп кеткен. Оның үстіне ол сөздерден кісі аттарын жасауда бай, бек сөздерін қосып, біріктіретін тәсілін қолданған.

Қазіргі тілімізде қолданылып жүрген антропонимдер: Жұбан, Қайп, Тоқтамыс, Едіге, Асан, Жүсіп, Бекболат, Бекқажы, Дәуіт, Махмұт, Темірболат, Рүстем, Зухра, Жамал, Бану, Ордабек типтес есімдер – ХІ – ХV ғасырларға тән жазба немесе архитектуралық ескерткіштерде кездеседі. Мысалы, Кеңгір, Сарысу өзендері алқабынан табылған ХІІ ғасырға тән архитектуралық ескерткіштер :Жұбан – ана, Қайп – ата, Мәулім-берді, Айша-Биби ғимараттары сол адамдардың өз есімдерімен аталған. ХІV ғасырға тән хан жарлықтарындағы кісі аттары: Тоқтамыш, Эдеку, Бекбулат, Бек хажы, Давуд, Махмуд, Туман. Осы ғасырдағы «Мухаббат-намедегі» кісі аттары: Азер, Сүләйман, Али, Фәрхад, Ләйла, Мустафа, Әбәд, Зухра, Жәмал, Жәнат, Хабиб т.б. Ол кездегі есімдер мен қазіргі қазақ есімдерінің арасында айта қоярлықтай ерекшеліктер байқалмайды да . Олардың негізгі айырмашылығы тек дыбыстық құбылыста ғана болып отырғанын айта аламыз. Бірақ мұның өзі де шартты нәрсе. Өйткені ол кездегі сөздер мен кісі аттарының айтылуына қазіргі орфография тұрғысынан қарауға болмайды. Мүмкін, сол дәуірдегі біздің айтылу нормамыз, дыбыстық таңбамыз солай болар.

ХІV ғасырда жазылған , тіл тарихымызға қатысы бар үлкен ескерткіштің бірі – «Кодекс Куманикус». Бұл ескерткіштегі кісі аттары мен ру, тайпа аттары қазақ есімдеріне өте ұқсас. Қазіргі Мәрия, Бекжан, Жөнкен, Тұрды, Жақып, Қахан, Садық, Қалкен сияқты кісі аттарының нұсқасы ескерткіште: Beegzan Zokan Jwachan Turdun Jacobos Chaxan Zaduk Kalken формаларында жазылған. Демек , бұл ескерткіштерде көрсетілген антропонимдердің ерте кезден-ақ түркі тілдерінде қолданыс тапқанын байқаймыз. Ескерте кететін бір жәйт, ескерткіштер мен тарихи деректердің бәрінде хандар мен әкімдердің, әскер басылары мен шожарлардың, қысқасы, қоғамдық, әлеуметтік тұрмысқа араласқан адамдардың есімдері ғана жазылған. Ал қарапайым бұқараның, әсіресе, әйелдердің аттары өте сирек кездесіп отырады.

ХV – ХVІІІ ғасырлардағы қазақ халқының мәдениеті бұрынғы дәуірлерге қарағанда ерекше дамып, өрлей түсті. Бұл кезде материалдық мәдениет, сәулет өнері, ауыз әдебиеті саласында елеулі өзгешеліктер болды. Бұның барлығы халық тілінің дамуына, сөздік қорының толысып баюына игі әсер жасады. Осымен байланысты халық есімдерінің де құрамы өсіп, өзгеріп отырды. Көшпелі халықтың тұрмысы мен өмір тіршілігіне қажет заттардың бастылары - киіз үй жабдықтары мен тағам, мал шаруашылығы еді. Міне, осы киіз жабдықтары мен төрт түлік мал атаулары адамдардың есімдері ретінде қойылып отырды. Осыдан келіп киіз үй жабдықтарына орай: Киізбай, Жапсарбай, Іргебай, Қазанқап; дәм, тағам аттарына байланысты: Сүттібай, Айранбай, Талқанбай, Тоқаш, Ақбай тәрізді кісі аттарының қойылғаны байқалады.

Зергерлік істер мен шеберлік өнерге байланысты сөздерден де кісі аттары қойылып отырған. Мысалы, Моншақ, Маржанкүл, Ақық, Түйме, Шолпыбай, Әшекей, Сырғабай т.б.

ХV - ХVІІІ ғасырларда қазақ халқының ауыз әдебиеті кеңінен дамыған еді. Ауыз әдебиетінің түрлі жанрларында төрт түлік мал көбірек айтылып отырады. Сөйтіп, төрт түлік мал атауына байланысты ат қою дәстүрі кеңінен етек алды. Бұрынғы дәуірлерде төрт түліктен жылқы, қой, сиыр, ешкі атаулары ғана кісіге есім ретінде қойлған болса, енді олардың түрлері мен жас мөлшеріне байланысты есімдер көбейеді. Мысалы, Құнантай, Дөнентай, Қаратай, Сарытай, Құлыншақ, Құлынбек, Бота, Тайлақ, атанқұл, Тоқтыбай, Қозыбай, Қозыбағар, Бұзаубай, Танабек, Баспақ т.б. Бұл кезде ауыз әдебиетінің ертегілер мен батырлары туралы, әлеуметтік-салттық поэмалары халық арасына кеңінен тарайды. Әрбір ата-ана балаларын халық қамын жеген, елін , жерін сүйген батырлардай болсын деген мақсатпен ер балаларына : Қобыланды, Қамбар, Алпамыс, Қожақ, қыз балаларына : Құртқа, Қарлыға, Назым деген аттарды қойған. Сонымен қатар, махаббат, сүйіспеншілік жырларындағы есімдер де қойылып отырған. Мысалы, Жібек , Төлеген, Сансызбай, Қарлығаш, Баян, Қозы, Мақбал, Сұлушаш, Зылиха, Жүсіп, Ләйлі т.б.

Халық құрметіне бөленген қадірлі кейіпкерлер есімдері көп-ақ. Олардың бәрін бірдей тізіп көрсету мүмкін емес. Сондықтан бастыларын ғана айттық.

ХV - ХVІІ ғасырларда қолданылған антропонимдерді сол замандарда жазылған тарихи деректерден және кейбір авторлардың еңбектерінен анық көреміз. Мырза Мухаммед Хайдар Дулати шығармасы «Тарих и Рашиди». Бұл шығармадағы автордың ата-бабалары: Бабдаған→Үртубу (Өртөбе) →Пуладчи (Болатшы)→ Худайдад→ Сайид Ахмад → Сайид Али Хайдар екен. Осымен қатар көптеген жер-су, ел аттары және кісі аттарын кездестіреміз. Мысалы: Абу-Бакир, Мухаммад Хусайн, Камарад-Дин, Мир карим-Берды, Пир-Хакк Берды, Мир Ибрахим, Санисиз Мырза, Дуст Мухаммад, Мырза Султан-Ахмад, Мир-Ахмад-Касим, Султан Махмуд Мирза (ер аттары;) Хуб-Нигар-ханим, Кутлук-Нигар-Ханим, Михр-ханим, Қара-Куз-Бегим (әйел аттары). Бұл еңбектегі антропонимдердің тілдік материалы, көбіне, араб-парсы сөздері. Сонымен қатар, қазақ сөзінен жасалған кісі аттары да бар. Қадырғали Жалаиридың ХV ғасырда жазған «Ат-тауарих» (шежірелер жинағы), Бабурдың «Бабырнама», Абулғазының «Шежіри-и Турки» атты еңбектерінде тарихи ономастикаға тән материалдар көп. Олардың ішінде қазақ тарихына қатысты жер атаулары мен кісі аттарын кездестіреміз. Мәселен, «Ат -тауарихта» мынандай антропонимдер бар. Ер аттары: Болат сұлтан, Кәнбар сұлтан, Есен, Жолан, Оразмұхаммәт, Шагай хан, Мәлик сұлтан, Тоғызсары, Башбек сұлтан, Көжік сұлтан т.б. Әйел аттары: Жағым бекім, Сұлтан ханым, Дауым ханым, Татлы ханым т.б. Қазақ антропонимдерінің біразы хандық дәуірдің, феодалдық қоғамынң сипатымен байланысты шыққаны байқалады. Бұл қоғамдағы үстем тап өкілдерінің құрылысы мен лексикалық номинациясынан екі түрлі ерекшелік аңғарылады. Біріншісі – хан, сұлтандардың есімдерінің басым көпшілігі араб-парсы сөздерінен қойылса, екіншісі - олардың компонентінде таптық шендердің болуы. Бұған басты себеп, ХV - ХVІІІ ғасырдағы қазақ қоғамында феодалдық және шаруалар тобының болуы еді.

Екінші дәуірде пайда болған антропонимдердің шығу жолын бұл көрсетілгендермен шектеуге болмайды. Өйткені бұл дәуірде, Х - ХVІІІ ғасырларда халқымыздың ұзақ өмір жолы, үлкен тарихы қамтылады. Олай болса, бұндай кезеңдерге бөлінетін дәуірдегі антропонимдердің шығуында да алуан түрлі себептер мен жағдайлардың болғаны сөзсіз.

Бұл кезеңдегі антропонимдердің басым көпшілігі төл сөздерден қойылған, халықтың тапқыр ой, алғырт қиялынан туған.Олардың ішінде жыл маусымына, астрономиялық ұғымдарға, жер, ел мекендеріне байланысты қойылған есімдер бар. Мысалы,Тышқанбай, Қоянбай, Жыланкөз, Барысбек, Жылкелді, Үркербек, Жетіген, Жұлдыз, Еділбай, Ертіс, Орал, Алтай, Жамбыл, т.б. Сол ғасырларда шыққан есімдердің кейбірі туыстық атауларға да байланысты болса керек. Бұған көптеген халықтарда туыстық атаулардың көне заманда шыққаны дәлел бола алады. Ал, қазақтағы туыстық атауларға байланысты кісі аттары фольклорда, халық арасында көп кездеседі. Ондай антропонимдер: Бабахан, Баба, Атабек, Аталық, Аналық, Дадабай, Тәтә, Аққыз, Ақжігіт, Ағабек, Балақай, Балабек, Баламер ( бала - әмір) т.б.

Кейбір туыстық атаулардың негізінде Орта Азияда таптық шендер жасалған. Мәселен, ата сөзінен таптық шендер: атабек, аталық шыққан. Атабек үш түрлі мағынада қолданылған: 1) Сельджүк сұлтандары, мұрагерлері, пекуны; 2) Азербайжандағы феодалдық князьдіктің басшысы; 3) Орта ғасырдағы Египеттегі әскер басы [5,169].

Әйел адамдарға қойылған есімдер құрамы орта ғасырда , әсіресе ХV - ХVІІІ ғасырларда ерекше дами түскен. Бұл кездерде ертеден келе жатқан дара тұлғалылы есімдерге жаңа сөздер қосу арқылы біріккен тұлғалы есімдер жасау дәстүрі күшейген-ді. Мәселен, Ақжібек, Ақшолпан, Ақкүміс, Айжамал, Бижамал, Айбаршын, Айғаным, Айғанша, Айтолқын, Алтынгүл, Алтыншаш, Балкүміс, Балғаным, Бәинұр, Бексұлу, Бибіжамал, Бибісара, Бикамал, Дәметкен, Күлшайым, Қаншайым, Мариямбике, Нұрғайша, Орынбасар, Танагүл т.б. Біріккен тұлғалы әйел есімдеріндегі ең көрнекті тәсіл гүл сөзін қосу арқылы есім жасау. Бұл тәсіл арқылы жасалған есімдер өте көп. Мысалы: Алмагүл, Айгүл, Айымгүл, Алқагүл, Анаргүл, Әсемгүл, Гүлбану, Гүлбаршын, Гүлпаш, Гүлсара, Гүлжазира т.б. Қымбат бағалы металдар мен сапасы жоғары маталар, алуан түрлі тастар атауларынан қойылған есімдер тек әйелдерге берілетін. Олар: Алтыншаш, Күміс, Ақық, Лағұл, Маржан, Меруерт, Гәуһар, Моншақ, Жібек , Торғын,Батсай, Мақпал, Қамқа , Баршын т.б. Осы кезде ең көп тараған , саны жағынан да молы араб-иран тілдерінен енген, мағынасы айқын ыңғайлы есімдер еді. Мұндай есімдер әйел адамдарға қойғанда айтуға жеңіл, Ықшамдылығы, әдемілігі мен мағына-мән айқындылығы ескеріліп отырған. Мысалы:Әдина, Әдина, Әзиз, Әлия, Бәлия, Ғазиз, Ғалия, Ғаини, Дариға, Зғипа, Зылиқа, Зура, Зәуре, Жамал, Ләтипа, Нағима, Нәзипа, Раушан, Дана, Тәбия, Фатима т.б.

Ер адамдарға тән антропонимдердің көбі күнделікті тұрмыста қолданылып жүрген төл сөздерден құралған. Олардың мағынасы мен формасы сай келіп, халықтық ерекшелігін көрсетіп тұрады. Мысалы: Ақылбай, Аппақ; Абир, Аманбай, Айдар, аймақ, Айнабек, аққозы, Алтынсары, Айсауыт, Айтжан, Бағлан, Байсал, Балта, Дайынбай, Есенаман, Жайлаубай, Жанбота, Жандар, Жандарбай, Жарылқасын, Жоламан, Игілік, Игісін, Кекіл, көпбай, Көбікті, Көпжасар, Қайырлы, Мергенбай, Мергенші, Нарбай, Нартай, Отарбай, Өскенбай, Өтеміс, Өтеп, санабай, Сансызбай, Сақтаған, Сарыбас, Саурық, Сұраншы, Таңат, Тасыбай, Тасқара, Тастан, Тоқсан, Төленді, Төленбай, Тілепберген, Тұрғанбек, Үлгібай, Шеге, Шоң, Шоңбай, Шолпан, Шуақ, Шымырбай, Шымтемір, Шынтас, Шырқабек, т.б

Жоғарыда айтылған антропонимдердің бәрі халық арасында кеңінен сақталып, кейінгі ұрпақтарға жетіп, бұрынғылардың дәстүрлі жалғасы ретінде өмірде қолданып отыр. Сөйтіп, ХV- ХVІІ ғасырлардағы қазақ антропонимиясы бұрынғы антропонимдік типті қамти отырып, жаңа түр –мазмұнға ие болып, дами түсті. Ал ХV – ХІХ ғассырларда оның құрамы бұрынғыдан да толысып, көп сатылы қасиетке ие боды.




Достарыңызбен бөлісу:
  1   2   3   4   5




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет