1 Қазақ тіліндегі антропонимдердің тарихи-этномәдени тұРҒыдан қарастырылуы 6



бет2/5
Дата15.09.2017
өлшемі1,06 Mb.
#32306
1   2   3   4   5

Үшінші дәуір – тарихта жаңа заман саналатын ХVІІ - ХІХ ғасырларда дамыған көп салалы антропонимдерді қамтиды. ХVІІ - ХІХ ғасырлардағы антропонимдердің көбі қазақ халық ауыз әдебиетнің бай саласы – ғашықтық жырларда кездеседі. Ғашықтық жырлардағы кісі аттары халық арасына жазба түрінде де, ауызша айтылу үлгісінде де тарап отырған. Түркі халықтарының көбіне тараған, ортақ «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» жырындағы кейіпкерлер есімдері қазақ халқының ауыз әдебиетінде көрнекті орын алады. Ондаған есімдердің барынша халыққа түсінікті төл сөздерден жасалғаннын байқаймыз. Мысалы, Кемел ақын, Сыбанбай, Жанақ, Бекбау, Сарыбай, Қарабай, Тайлақ, Қозы, Танас, Баян, Ай, Таңсық. (Қарабайдың қыздарының аттары) , Нұрқара, Көсем сары, Қаратоқа, Бұлан қара, Тоқсан, Айбас, Күліп (Қозы Көрпештің баласының аты). «Айман-Шолпан» поэмасындағы есімдер: Маман бай, Көтібар, Айман, Шолпан, Арыстан, Әлібек, Теңге т.б.

ХVІІ - ХІХ ғасырлардағы антропонимдер шығу, пайда болу жағынан көбіне осы дәуірлерге тән саналады. Өйткені олардың кейбір топтары орта ғасырлардағы деректерде кездеспейді. Тарихи антропонимдерд шығу , пайда болуы жағынан көбіне осы дәуірлерге тән саналады. Өйткені олардың кейбір топтары орта ғасырлардағы деректерде кездеспейді. Траихи антропонимдердің көбі «Қазақ ССР тарихында » көрсетіліп отырған. Оларды мазмұнына қарай екі топқа бөліп қараймыз. Бір тобы - тарихта аты белгілі хан, сұлтан, билаер мен ірі феодалдардың есімдері болса, екінші тобы – атақты батырлар мен ақын-жыраулардың, беделді адамдардың есімдері. Бұл тарихи антропонимдердің құрамы мен тілдік материалы әр түрлі. Олардың көпшілігі төл сөздерден жасалған, мағынасы саралы да айқын, грамматикалық нормамызға сәйкес болып келеді Мысалы, Тәуекел (1590ж.), Күшік (1592ж.), Мұрат (1595ж.), Жәңгір (1643ж.), Тасым батыр (1697ж.), Бекболат Екешов, Байдәулет Нұриев (1716), Құтты би (1718), Қойбағар Көбеков (1726), Барақ батыр(1713), Жолбарыс (1741), Аралбай, Ырыскелді (1735), Құлсары батыр (1741), Қазыбек, Қабанбай (1770), Қаратай (1797), Тінәлі Тайсойғанов (1836), Қуаныш сұлтан (1814), Қаракөбек би , Сегізбай, Сартай би (1785), Ырысалды , Көшербай, Тоқсанбай, Серкебай, Қойсары, Медет, Жиенбай, Қарабатыр, Елшібек, Өмір батыр, Жандар, Кенжеқара, Тіленші батыр, Отарбай, Ақбура (1794ж.). Есмұрат, Сартай, Боранбай, Келдібай, Аққозы, Асау батыр, Балтабек Отанұлы, Бағлан Бұланұлы, Нарбек, Сатыбалды, Арыстанбай, Тілеулі, Ақболат, Байкелді, Бердібек (1817ж.), Естемес, Байтақ, Орақ, Сүгір, Мыңбай, Дәуқара, Табылды, Тілеубай, Жақсылық, Бесбай, Тоқбай, Күнту (1824.)т.б.

Осымен қатар араб-иран тілдерінен енген есімдер біршама кездесіп отырады. Олар сол кездегі қазақтардың сөйлеу тілінің заңына бағынып , түрлі дыбыстық өзгерістерге ұшырып, бастапқы тұлғаларынан айырылған еді. Мысалы: Хақназар , Шахмамет , Әлімбет, Сұлтанмамбет, Досалы , Сейдалы, Нұрмамбет, Уәли, Шерғали, Мұхаметмырза, Абдуллатиф, Хасан, Сұлтаналы, Қадыр, Әбілжәлел, Шахмұрат, Әбілғазиз, Мұхаммеджан, Наурызбай, Шахғазы, Досмұхамамбет, Шерғазы, Әлғазы, Мырзалы , Сейталы, Мырза Ормамбет, Мұхамбет, Алмағамбет, Сұлтанбет, Мирхайдар, Дәулет, Құлмамбет, Сейфулла, Нығметұлла, Махамбет т.б. Талдап отырған антропонимдаердің, негізінен , екі компоненттің бірігуі арқылы, көне түркі тілдеріне тән, ескі структуралық система жолымен жасалғаны аңғарылады және бұл дәуірде араб-иран тілдерінен енген есмідер әсіресе Оңтүстік, жетісу қазақтарында көбірек болған. Мұның басты себебі, территория жағынан Орта Азияның Бұхара, Ташкент, Самарқант, Душанбе қалаларына жақын тұруынан және ислам дінінің тез тарауынан болса керек.

Бұл дәуірдегі антропонимдердің көбі өткен замандағылардың жалғасы ретінде қайталанып қойылып отырған. Бұдан айтылып отырған үшінші дәуірде, жаңа антропонимдік типтер тумады, жасалмады деген ұғым тумаса керек . Бұрынғы әдет-ғұрып пен дәстүрге, ескі наным мен сенімге байланысты есімдер қою бұл дәуірде де кеңінен етек алды. Және ол кездегі антропонимдердің біразы қазақ даласында сауданың дамуымен байланысты да шыққан еді. Мәселен, Теңге, Теңгебай, Ақша, Сомбек, Саудабек тәрізді есмідер. Осы кезде семантикалық айқын сөздерден де көптеген есімдердің қойылғаны байқалады: олар: Бегіс, Тегіс, Сырым, Арынғазы, Тілеке, екілік, Жандар, Тіленші, Елғон, Садыр батыр, Түрке, Жалтыр, Жиен, Дәуірбай, Отан, Айдос, Беке, Қуаныш, Бұхар, Тәтіқара, Шал, Жанкісі, Шернияз, Дәулеткерей, Құрманғызы, Түбек, Жапақ, Марабай, Жамбыл, Біржан, Болық, Елентай, Сара, Құлмамбет, Шортанбай т.б.

Бұл дәуірде де кеңінен тараған – орта ғасырлық антропонимдердің үлгісімен жасалған - бай, сұлтан, төре, хан компонентті антропонимдік композит. Олардың бұл дәуірде қайталанып, кеңінен қолданылуының негізгі себебі – саяси құрлыстағы өзгерістерге тікелей байланысты еді.

ХVІІ - ХІХ ғасырларда шыққан әйел есімдерінің басым көпшілігі төл сөздерден жасалса, бір тобы араб-иран тілдерінен енген еді. Әсіресе Орта Азия халықтарына тараған қисалардың бас кейіпкерлерінің есімдерін қою әдеті дәстүрге айналған. Бұл кезде де бұрынғы есімдерді қайталап қою, болмаса тыңнан есімдер талғап қою дәстүрі өріс алған еді.

Бұл дәуірдегі көп салалы антропонимдік композиттің тарихындағы көбірек назар аударатын мәселелер - патроним (әке аты) мен фамилияның шығуы және дамуы.

Ерте дәуірлерде ресми түрде бір ғана есіммен аталу дәстүрі болса , ендігі жерде патроним иемдену, яғни әке атымен аталып, олар шын атпен қатар айтылатын болған. Потронимдердің көрсеткіштері болып, ілік септіктің –ның, -нің формасы және ұлы, қызы тәрізді сөздер қолданылған. Бұл құбылыс ХVІІ- ХVІІІ ғасырлардағы халықтың сөйлеу тілі мен ауыз әдебиетінде кеңінен орын алғаны байқалады. Мысалы, Базарбай ұлы Төлеген, Сырлыбайдың қызы Жібек, Көктімнің қызы Құртқа , Сейілдің ұлы Қараман, Қаржан ұлы Қосдәулет, Өмір ұлы Сыбан, Қарасай ұлы Көбен, Алшағыр ұлы Теген, Керей ұлы Келімбет, Қоянақ ұлы Қарт Қожақ т.б. (бұлар фольклорда бар есімдер).

ХVІІІ ғаысрдың орта кезінен бастап ресми документтердегі патронимдердің жұрнағы ретінде арабтың бин сөзі қолданылған. Мысалы: Тіленші батыр бин Бөкенбай, Сырым бин Дат, Алла Жар бин Ертай, (1794). Алайда, мұндай патронимдік форма тұрақтанбай , оның орнына қайтадан көне тұлғалы ұғлы сөзі басады; Сейтқали Нұрғали ұғлы, Сұлтан Мырза ұғлы, Бердіқожа Қадырбай ұғлы, Сатай Бұлан ұғлы т.б.

Фамилиялардың шығу, пайда болу тарихы саяси қоғам өмірімен тығыз байланысты. Ол ең алдымен қазақ хандарының Ресеймен экономикалық және саяси байланыстар жасау кезінен бастап пайда бола бастайды. Сол кездегі патша үкіметінің іс қағаздарында әке атымен жазылмай , -ов, -ев жұрнақтары арқылы фамилия ретінде жазылу белгіленді. Ең алғаш рет, мұндай фамилиялар 1716 жылы Тобольскі қаласына барған қазақ хандарының елшілері орыс құжаттарында Бекболат Екешов және Байдәулет Нұриев болып, 1726 жылы Әбілқайыр елшісі Қойбағар Петербургке барған соң Қойбағар Көбеков болып , одан кейінгілер Сейтқұл Құндағұлов, Құтлымбет Көштаев болып жазылған көреміз. [6,243-252].

Сөйтіп, ХVІІІ ғасырдан бастап орыс құжаттарында қазақтардың әке атымен аталуы орысша –ов, -ев жұрнақтары арқылы көріне бастайды, Мысалы, Сұлтан Қаратай Нұрғалиев, Жоламан Тленчин, Кулмухаммед Джанибеков, Асан Барков, Дербисали Кайгиликов, Асан Барашев, Джанали Инбаев, Арангазы Абылғазиев, Байгана Куниев, Күтебер Бясинов, Арслан Таналин, Байбек Байготанов.

ХVІІІ – ХІХ ғасырларда әке атына орыс фамилияясының –ов, -ев жұрнақтарын қосу нәтижесінде фамилиялалар қалыптаса бастайды. Ондай фамилияларды иемденген адамдарды тарихи деректемелерден көптеп кезестіруге болады. Мысалы: Бегалиев, Шөке Нұралиев, Исатай Тайманов, Махамбет Өтемісов, Қапланбай Қалдыбаев, Сарт Ералин, Сымайыл Өтемісов, Жанқожа Нұрмағанбетов, Бекет Серкебаев, Ерназар Кенжалин, Есет көтібаров т.б.

Ресми түрде фамилия қабылдау, әсіресе, ХVІІІ ғасырдың екінші жартысынан басталады. Бұл кезде оқып , білім алған халқымыздың тұңғыш оқымысты, ағартушы демократтары мен ақындары да ресми фамилиямен жазылғаны белгілі. Мысалы, Шоқан Уәлиханов, Ыбырай Алтынсарин, Абай Құнанбаев т.б.

Бұл қазақ фамилиясының шығуының, оның қалыптаса бастауының бастапқы кезеңі еді. Сонымен үшінші дәуірде – төл есім, патроним және фамилия – көп салалы антропонимдік типтің негізі болған.



Төртінші дәуір. Қазан төңкеісінен кейінгі Кеңес заманында туып, дамыған антропонимдік типтерді қамтиды.

Қазіргі қазақ тіліндегі есімдер негізінен екінші дәуірден бері қолданылып, төртінші дәуірде қалыптасып, толасып көбейген антропонимдер.

Оның құрамына ислам дініне дейінгі көне түркі есімдер де, ислам діні әсерімен араб-иран тілдерінен енгендер де, аз да болса моңғол, Батыс Европа тілдерінен енген есімдер де бар.

Кеңес өкіметі орнаған Қазақстанда ірі мәдени өзгерістердің болғаны аян. Жаңа тұрмыс, бақытты заманға лайқ мәдениет, әдибет өрістеді. Халықтың сөйлеу тіліне көптеген жаңа мағыналы сөздер енді. Бұл кезде дүниеге келеген сәбилерге жаңа заманның жаршысы ретінде жаңа ат қою іске асты.

Жер жүзі жұмысшы қозғалысының көсемдері мен қайраткерлерінің есімін жас балаға қою 30-жылдары кеңінен дамыған еді. Бұл кезде Мэлс, Эмиль, Маркс, Клара, Марлен, Тельман, Марат, Суньят, Диас, Хозэ, Долорес деген есімдер қойлды. Ким, Социал, Закон, Кима, Совет, Генерал, Маршл, Армия, Большевик, Октябрина сияқты есімдер де сол кездерде шыққан.

Мәдениет пен әдебиет, ғылым мен экономика, шаруашылық дамуына байланысты жаңа атулар туады. Осымен байланысты 30-40 жылдар арасында туған балаларға: Ғалмы , Ғалымбек, Мәдениет, Облыс, Өндіріс, Сайлау, Колхозбек, Совхозбек есімдер қойылды. Отан соғысы жылдарныда және жеңіс жылдарынан кейін Майдан, Майданбек, Нұрлан, Бейбіт, Қайсар, Солдатбек, Жеңіс, Жеңісбек, Бейбітгүл, Гулмира, Мира, Гүлжеңіс, Талап т.б. есімдер пайда болды.

Жаңа ат қоюда бұрынғы аттардың таңдаулы , ең сұлу, айшықтыларын талғау принципі басым болды. 50 жылдардан бастап балаларға өте әдемі , айтылуға ықшам, мағынасы айқын, көбіне , жалаң түбірлі есімдер қойылып келеді. Ондай есімдер: Алма, Сәуле, Ажар, Айбарша, Айгүл, Айдай, Айзада, Айша, Ақлима, Алтын, Бағила, Бану, Баян, Бәкия, Гүлшара, Ғазиза, Ғайша, Дана, Данила, Дидар, Зағипа, Зайра, Мағрипа, Майра, Майса, Маржан, Нағима, Нәзипа, Нұрша, Тана, Тәбиа, Тәмина; Абай, Абзал, Адай, Азамат, Айбол, Айдар, Айдос, Әбді, Әнуар, Бейсен, Бекен, Ғани, Ғали, Ғазиз, Данай, Досан, Елдос, Елжан, Есен, Қайрат, Мәжит т.б.

30-жылдардан бастап көркем әдебиет кейіпкерлерінің есімдерін балаға қою әдетке айналды. Мысалы: Ботакөз, Асқар, Амантай, Сәуле, Мекер, Нұрлан т.б.

Халық арасына ең көп тараған азамат соғысының ардагер батырлары: Аманкелді, Бекболат және көрнекті революционер Әліби есімдері болды. Кеңес дәуірінде даңқы шыққан еліміздің атақты ғалымдары мен жазушыларының, Қазақстан бұлбұлы атанған әртістеріміздің есімдері де баларға қойылып отырды. Мысалы: Қаныш, Мұқтар, Сәбит, Күләш, Шара, Роза, Рашид т.б.

Кеңес өкіметі кезіндегі есімдердің баю, даму деректері төмендегідей:



  1. Әйел есімдерінің көбі орыс тіліндегі әйел аттары мәнерімен жасалды. Мысалы: Гүлнара, Сұлтанша, Алтынша, Нұрша, Айгуля, Аймана, Айнаша, Бакиша, Гауһария, Гүлжана, Гайния, Жамилия т.б.

  2. Туысқан республика азаматтырының есімін қою арқылы жасалды. Мысалы: Динара, Дилара, Замира, Зарема, Карима, Карина, Герта, Ирма, Лаура, Линда, Эльза.

  3. Орыс тілінен енген есімдер Қазақ халқы орыс халқымен ежелден мәдени қарым-қатынас, байланыс жасап келді. Бұл жағдай әсіресе Қазақстанның Ресейге өз еркімен қосылуынан кейін ерекше дамыған еді. Қазан төңкерісінен бұрынғы орыс тілінен көптеген кісі аттарының енуі елеулі тарихи себептерге байланысты. Ол, біріншіден, орыс мәдениеті мен өнерінің, тілінің дамуының игі әсері болса, екіншіден, екі халықтың тікелей қоян-қолтық араласуынан. Сонымен бірге көптеген отбасылар арасындағы ортақ, аралас некенің себебі де үлкен әсер етті.

Қазақ отбасыларында мейлі ол малшы, егінші, колхозозшы болсын, мейлі оқыған интеллигент қызметкер болсын баласына өздерінің орыс достарының, яки олардың балаларының атын қойып отырған. Сонымен бізге: Алексей, Максим, Виктор, Клим, Ждан, Ефим, Илья, Алеша деген ер аттары: Анна, Валентина, Галина, Лиза, Зина, Зоя, Ирина, Ира, Наташа, Раиса, Рая, Светлана, Нина, Лариса, Рада, Муза сияқты әйел аттары қосылды. Бұлар орыс орфографиясы бойынша жазылды.

  1. Қазан төңкерісінен кейін қазақ антропонимиясының құрамы интернационалдық есімдер есебінен байи түсті. Мысалы: Артур, Марат, Эрнест, Роман, Спартак, Диас, Роза, Жанна, Дина, Софья, Элеонора, Анжелла, Арагония т.б.

  2. Халықтың өз ойынан , алғыр қиялынан туған: Жігер, Айқын, Айдын, Арман, Байтақ, Дарын, Дастан, Дәурен, Ерлан, Жаскілең, Келіс, Қуаныш, Қуат, Нұржан, Нұрлан, Айдай, Айтолыс, Арайша, Бүлдіршін тағы осы сияқты әдемі есімдермен толықты.

Қазіргі қазақ антропонимиясы құрамын заман талғамына сай жаңа есімдермен үстемелеп, байытып отыру бағыты байқалады. Ата-ана мен туысқандар балаға өздері ұнатқан , талғап алған есімдер қояды. Сөйтіп , дүниеге жаңа келген сәбиге ат қоюда жарқын , бақытты дәуір талғамын ескере отырып, белгілі бір принцип дәстүрге сүйенеді.
1.2 Қазақ антропонимдерін зерттеудегі тіл мен мәдениет сабақтастығы.

Қазақтың кең даласы –мәдениет пен тіл бірлігі, әдет-ғұрып, салт-сана тұтастығының негізі. Мысалы, бұл көзқарас қазақтардың балаға ат қоюында өзіндік ерекшеліктерінің бар болмысымен көрінеді. Себебі олар бұл рәсімде ұлт болмысының барлық этномәдени, әлеуметтік сипатын басшылыққа алып отырған.

Мысалы, тіл мен сөздің магиялық күшіне сенген олар әдетте қарғыстан, балаларын мақтаудан қорыққан. Соның нәтижесінде Күшікбай, Жаманбала, Салбыр, Қасым, Сағал, Кенесары сынды жалқы есімдер дүниеге келген. Олар «көз тимесін», «балам аман болсын» деген ырымнан туған болуы керек. Немесе дүниеге келген балаға Артықбай, Несібелі, Бекенбай, Мырзагелді сияқты ат қою арқылы оған белгілі бір қасиеттерді дарытуды көздеген мақсат қойылған. Ал, Тілеміс, Тұрлыбек, Сағындық, Есенгелді лингвокультуремалары ұл күту, бала тілеу, балалары тұрақталмаған себебінен туған антропонимдер.

Антропонимика ( кісі аттары ) –тіл тарихын, ұлт мәдениетін зерттеуде құнды да бағалы мұра. Антропонимдер жүйесі адамдардың өткендегі тұрмысын, қоғамдық-әлеуметтік құрылысын және материалдық әрі мәдени өмірдің құбылыстарын да көрсете алады. Олардың кейбір топтары қазақ ауылының ертедегі тіршілік, іс-әрекетінен және шаруашылық күйінен мағлұмат береді. Мәселен, төрт түлік малға, шаруашылық, тұрмыстық сөздерге байланысты есімдер. Немесе қазақ халқының ұлттық әдеті бойынша жас келіндер күйеуінің жақын туыстарының, ата-енесінің аттарын атамайтын. Сөйтіп жас келін күйеуінің ағасын, інісін я қарындасын тура атымен атай алмай, жанама ат қойып алатын. Атап айтқанда, қайынсіңілілерін -шырайлым, бикеш, бойжеткен, әке қыз, еркем, ержеткен, ерке қыз, ал ер адамдарды төрем, шырақ, мырза жігіт, молда жігіт т.б. деп атайды.

Әйелдер күйеуінің атын атамай «әлгі», «біздің үйдегі», «от ағасы» немесе баласының атымен атау (Баймырзаның әкесі деп) дәстүрінің қалдығы әлі де кездеседі. Тіпті күйеуінің құрдастарының аттарын атауды да ұят санап құрдас, замандас немесе аттас деп атау дәстүр ұстанған. Сөйтіп, жаңадан түскен жас келін болсын, оның абысын-ажындары болсын ат тергеуді міндет санаған.

Ат тергеу салтында түрлі әдістің болғаны байқалады. Кейде адамдарды түр-келбеті, дене пішініне қарай: «бауырсақ», «айыр сақал», «бай семіз», «мес», «төрт сақал», «саққұлақ» деп атау болған. Кейде кісі есімдерінің басқы әріптерін өзгертіп айту дәстүрі де болған. Мысалы: Мәмбет орнына Сәмбет, Әли – Сәли, Тұрсын – Мұрсын, Ахмет – Сахмет, Жақып демей Мақып деп атаған. Жас әйелдер мен егде әйелдерге туыстас адамдардың атын атамау былай тұрсын, жалпы кісі аттарын тура атауға тиым салынып отырған. Ат тергеуде әйелдердің мәндес сөздерді шебер қолданғаны байқалады. Бұның өзі әйелдердің ой-өрісінің кеңдігін және тіл байлығының байтақтығын көрсетеді. Ат тергеу дәстүрінде олардың ерекше тапқырлығы, ойының ұшқырлығы, қара сөзге дес бермейтін шешендігі көрініп тұрады.

Сөзге тиым салу дәстүрі тек әйелерге ғана тән ғұрып болмаған. Бұл жағдайды ер адамдар өмірінен де анық аңғаруға болады. Әсіресе жастар жасы үлкен адамдар мен беделді ақсақалдардың немесе лауазымы жоғарылардың аттарын тура атамай «ата», «жәке», «отағасы» және лауазымына сай, «би ата», «төре», «болыс аға», «сұлтан», «батыр » деп атаған.

Осымен байланысты эвфемизм мен табу ерекше назар аударды да, антропонимдердің лингвомәдени, әлеуметтік т.б. аспектілерінің архетиптік сипатын көрсетеді. Яғни, эвфемизм –бір затты немесе құбылысты тікелей өз атымен емес басқа сөзбен атау. Айтуға дөрекі, қолайсыз сөзді сыпайы сөзбен ауыстырып айтудың негізінде шыққан. Оның тілдік көріністері қазіргі қазақ тілінде көптеп кездеседі. Мысалы өтірік айту -қосып айту, ұрланыпты –қолды болыпты, өлді –қайтыс болды, үзілді т.б.

Ал, табу ерте замандардағы адамдардың мифтік танымына сәйкес кейбір заттардың аттарын тікелей айтуға қорқып, тыйым салынуынан қалыптасқан. Бұл құбылыс әдетте табу деп аталады. Бұл проблеманың қазақ және түркі тіліндегі табиғаты, тілдік көрінісі Ә.Ахметовтің еңбегінде арнайы зерттелген[7,8-10]. Солардың нәтижесінде оның дәстүрлі мәдениетпен сабақтастығы, оның генезисі анықталады.

Тілші-ғалым Ә.Хасенов эвфемизм мен табу құбылысын лексиканың қалыптасып баю барысындағы тарихи тұрғыдан семантикалық тәсіл қатарында қарастырып, нақты антропонимдерге қатысты былай деп көрсетеді: - кісі аттарына байланысты эвфемизм мына сықылды болып келеді: ауылдағы үлкен кісінің аты Жаман болса -Соқпақ жол, Сүттібай болса –Желінді уыз, Бұқабай – Сүзербай, Өгізбай, Қарабас – Боран шеке, Сарыбас – Шикіл шеке, Сары – Шикіл, Бейсембі – Күн жұма аттас, Көжекбай – Қоян ата, Үзікбай – Дөдеге, Жамантай – Жайсыз тай, Ақбай – Қылаң ата, Түңлікбай – Қайырма, Қозыбақ – Кене, Жусанбай- Сыбақ, Қойлыбай – Жандық ата, Қамшыбек – Ат жүргіш, Бүйенбай – Жуан ішек , Еламан – Халық есен, Асубай – Тарпаң, Асыл – Бекзат ата, Ақылбай – Ой ата, Мергенбай – Атқышыл, Жылқыбай – Туар т.б.[8,66].

Әлем халықтарының көпшілігінде, оның ішіндегі қазақ тілінде де жалқы есімдердің көбі табуға айналған. Ш.Саадиевтің мәліметі бойынша, әзірбайжанда күні бүгінге дейін шын аттар жасырын болған. Түркіменстанда «әр баланың чын ады –шын аты және ямен ады – жасырын аты бар». Сібірдің солтүстігінде ер адамдарда екі ат болады, оның бірі –шын ат, ол сирек қолданылса, ал екіншісі күнделікті қолданыстағы ат болып саналған [9,42]. Қазақ жалқы есімдерін –антропонимдерді зерттеуші Т.Жанұзақ былай дейді: «Запрет некоторых слов (табу) имел свое влияние и всфере личнособственных имен. Казахские замужние женщины давали свои имена Төрем, Шырақ, Жарқын, Тетелес, Мырзажігіт, Шырайлым, Бикеш и др»[10,56].

Оңтүстік Сібірдегі Түркілердің дәстүрлі дүниетанымын А.Самойловичтен кейігі зерттеушілер күйеуі мен оның туыстарының атын айтуға тыйым салыну некелік қарым-қатынастың сипатына байланысты деп есептейді. Әйел басқа тектен (әлемнен) болғандықтан күйеуінің жағында оған бірқатар сөздік тыйымдар салынады: «Большинство запретов, которыми было окружено её поведение во время сватовства и свадьбы, постепенно снимались, но оставался минимум символов, который на протяжении всей ее жизни на земле мужа подчеркивал особый стаус женщины – пришелицы, единственного существа «со стороны», находившегося в роде. Она не имела права произносить в слух имена своих старших родственников. Для нее их имен словно бы не существовало, равно как имена мужа»[11,151]

Антропонимдер мен жалқы есімдерді қолданған кезде мұндай сөздік тыйымдар (табу), жоғарыда атап өткендей, қазақ әйелінің де сөздік ғұрпында болған. Қазақ әйелінің сөздігіндегі табуға айналған жалқы есімдер эвфемизмдермен алмастырылған. Профессор Т.Жанұзақов былай деп жазады: «Личные имена заменялись нарицательными по определенной системе. Мужчин старше мужа женщины называли қайынаға (деверь) . При запрете личное имя определенного человека употреблялось в искаженной форме, например вместо Али – Сали, Турсын – Мурсын . Для замужней женщины являлись запретными и нарицательные имена » [10,45].

Акдемик А.Н.Самойлович ХХ ғасырдың бас кезінде-ақ бұл проблеманың әлеуметтік, этномәдени аспектісіне мән беріп, түркітанудың болашағы өзекті мәселелерінің бірі ретінде мән берген: «чтобы исследователи разных тюркских народов обратили особое внимание на личные имена, о том, что следовало бы составлять полные алфавитные списки личных имен, как мужских, так и женских, по отдельным народам и племенам с подробными указаниями, в каких случаях, в какую историческую эпоху, кому и почему давалось то или иное имя, что в последствии позволило бы произвести весьма интересные в культурно-историческом отношении сравнительное исследование личных имен всех тюркоязычных народов»[12,299].

Қазіргі қазақ тіліндегі антропонимдерді тарихи-этномәдени, әлеуметтік тұрғыдан анықтап, зерттеу олардың тамырының көне түркі (қыпшақ) кезеңімен сабақтасып қана қоймай, түркі тілдерінің басқа халықтарымен мәдени-тарихи байланысын, қарым-қатынасын да деректейді. Сондықтан белгілі ономаст-ғалым В.А.Никонов антропонимика саласының негізгі міндеттерін кезінде былай деп анықтаған: «Антропонимия может служит драгоценным источником, помогая выяснить былой этннический состав и миграции населения в прошлом, датировать, локализовать письменные памятники и т.д... Антропонимика образует в языке особую подсистему, разобраться в которой бессильны методы только лингвистики без неразрывного единства с этнографией, историей, социологией, правом» [13,56].

В.Гумбольдттың концепцияларын басшылыққа ала отырып, оны одан ары дамытқан американдық ғалым Э.Сепирдың мына пікірі: «тіл әлеуметтік шындықты түсіндірудің құралы адамдар белгілі мөлшерде, өз тілінің ықпалында болады, тіл мінез-құлық нормасына да әсер етеді, халықтың мәдени дәрежесін, оның тілін зерттемей тұрып түсінуі мүмкін емес, тіл әлеуметтік шындықты түсіндірудің жетекші құралы » дегенге саяды[14,29]. Бұл мәселе өткен ғасырдың ІІ жартысында орыс ғалымдары Н.Буслаев, А.НАфанасьевтердің еңбектерінде алғашқы рет сөз болды. Олар тіл ерекшеліктерін пайдалана отырып, орыс халқындағы табиғи құбылыстарға байланысты пайда болған әртүрлі наным-сенімдерді зерттеу негізінде көптеген мифтеріне талдау жасады.

Атап айтқанда, антропонимдік зерттеулердің басы ертеден басталып, даму барысында әртүрлі сипатта қарастырылған. Мысалы, Қазанда 1905 жылы жарық көрген В.К.Магницкийдің «Чувашские языческие имена» кітабында, академик К.Мусаевтың көрсетуінше, 10587 ер адамның аты (фонетикалық варианттарымен қоса) берілген [15,206].

Қырғыз есімдерін зерттеген А.Идрисовтың (Кыргыз тилиндеги ысымдар. Фрунзе,1971) еңбегінде антропонимдердің қалыптасу кезеңдері қоғамының тарихи – экономикалық даму кезеңдеріне сәйкес анықталады: 1) Алтай дәуіріне дейінгі ежелгі кезең. Оған жануарлармен, құстармен, географиялық атаулармен байланысты антропонимдер жатады. 2) Хун дәуірінде қалыптасқан антропонимдер (б.э.д. ІІ, ІІІ-VІб.ғ.) Оған мал жануар, құс, өсімдік, жәндік, аспан денелері, т.б. байланысты аттар жатады.3) Көне түркі кезең (V – Хғ ). Алдындағы кезеңдердегі антропонимдермен қоса, мысал ретінде ескі түркі ескерткіштеріндегі антропонимдер – Чур, Барс, Шумкар, Арстан т.б. келтіреді. 4) Ортағасырлық кезеңдегі (Х – ХVғғ.) аттарға араб есімдері қосылады. 5) Жаңатүркі кезеңде (ХV-ХХғғ.) бұрынғы есімдерге ескіеврей (библиялық) араб, парсы аттары қосылады. 6) Қазан төңкерісінен кейінгі кезең аттарының қатарында революционерлер, әдеби кейіпкерлер, мемлекеттік ресми тұлғалар атауларымен сипатталған [16.17-37].

Қазақ тіл білімдегі ономастика, антропонимика саласын қалыптастырушы ғалым Т.Жанұзақовтың антропонимдердің қалыптасуын, даму кезеңдерін басқаша жіктегенін байқаймыз. Атап айтқанда: 1) Ескі түркі кезең (V-Хғғ.) пұтқа табынуға байланысты жалқы есімдер. 2) Ортағасырлық кезең (Х-ХVІІғғ.) – туыстық атаулар, тайпа, ру атауларымен, жануар мен өсімдіктер, астрономиялық атаулар, қымбат тастар мен материалдық мәдениет пен тұрмыс, әлеуметтік-саяси терминдермен байланысты. 3) ХVІІ – ХІХғғ. Кезең – негізінен аппелятивтік лексикамен байланысты қалыптасқан жаңа атаулар: Жібек, Баршын, Қамқа, Шекер, Алау т.б. 4) Кеңес кезеңі – жаңа дәіурге сәйкес жаңа ұғымдармен байланысты есімдер көріп отырғанымыздай, бұл зерттеудің нәтижесі, тілдік деректердің мазмұны нақтылығымен дәйектелген [17, 15-24].

Сонымен бірге Г.Ф.Саттаровтың мақаласында татар тілінің антропонимиясының ежелгі қабаты көне түркі және ежелгі бұлғар кезеңіне қатысты анықталып, ежелгі түркілердің наным-сенімдеріне сәйкес - аспанға табиғатқа табынуды сипаттайтын есімдермен көрсетіледі: Таштемир, Бикташ, Тәңгеребирде, Кугәй, (Кук+ай), Айсылу, Чулпан т.б. [18,69].

Сол сияқты түркімен тілінде де ежелгі антропонимдер ретінде атмосфералық ылғал, күн, ай, флора мен фаунаға байланысты қалыптасқан есімдер көрсетіледі. Мысалы, Ягмур, (жаңбыр) ХІғ. Түркіменнің қолбасшысының аты.

Академик В.А.Гордлевскийдің түркі антропонимдер жүйесінің түркі қабатын мұсылмандыққа дейінгі деп анықтауы көптеген түркі тілдері бойынша антропонимист ғалымдардың пікірлерінде қолдау тауып жалғасты. Нақты айтқанда, осы зерттеулердің нәтижесінде танымдық, мифотанымдық сипаттама космонимдік лақап аттардың т.б. негізі осы қабатқа тән [19,131-136].

Башқұрт антропонимиясындағы қыпшақ қабатын зерттеуші Г.М.Гариповтың пікірінше, барлық түркі тілдеріне ортақ, байырғы, түсінікті этностың терең қайнарларынан деректер беретін тарихи көздер [20, 52-54].

Түркі тілдерінің лексикологиясын салыстырмалы түрде зерттеуші К.Мусаевтың еңбегін антропонимияға қатысты топтастырудың 7 принципін береді.

Өз дәуірінде ардақталып, ата-бабадан әулетке мұра болып ауысып, рудан-руға, ұрпақтан-ұрпаққа жеткен дәстүрдің бірі осы атқоюмен байланысты. Бұл қазіргі тіл білімдегі, соның ішіндегі қазақ тіл білімдегі тілді сол тілде сөйлеушінің мәдениетімен, тарихымен т.б. тығыз байланысты зерттейтін антропоцентристік бағытқа, оның ішіндегі лингвомәдениеттануға, этнолингвистикаға сай келеді.

Халықтың әдет-ғұрып, тарихи, дәстүрлері мен кісі аттарының арасында байланысы бар екені ономастикада дәлелденген. Ал оның этномәдени тәні ерекше екені жоғарыда атап өтілген. Мұны қазақ тіл білімдегі антропоцентристік бағыттағы лингвомәдениеттанымдық, этнолингвистикалық, әлеуметтанымдық зерттеулер дәлелдеп отыр. Мысалы, балаға ат қоюда ерте кездің өзінен-ақ ырым мен әдет-ғұрыпты сақтаушылық болған. Ал, ырым мен әдет-ғұрып Ш.Уәлиханов атап көрсеткендей, салт-санаға тән [21, 176]. Мысалы: ұлы жоқ үйлерде қыз туатын болса, онда ол қызға Ұлтуған немесе Ұлболсын деп ат қояды. Ондағысы «кейігі бала ұл болса» деген ырым-сенім.

Демек, қазақ халқында ат қою ұлттық тарихымен, рухани мәдени өмірмен, әдет-ғұрпы, салт-дәстүрімен тығыз байланысты. Ал, ұлттық тарих, әдет-ғұрып, салт-дәстүр деген ұғымдар мәдениетпен байланысты. Мәдениет дегеніміз адамдардың өмірі мен іс-әрекетін ұйымдастыру тәсілінен, сондай-ақ олардың материалдық және рухани байлықты жасауынан көрінетін қоғам мен адамның белгілі тарихи даму дәрежесі.

Тіл мен мәдениетті сабақтас зерттейтін ғалымдар соның ішінде қазақ ғалымдары Ә.Қайдаров, Е.Жанпейісов, Ж.Манкеева, Г.Смағұлова, т.б. мәдениетті тілден бөліп алып қарамай, тіл – мәдениеттің бір көрінісі, ол екеуінің арақатынасы ерекше де маңызды деп санайды [22,282]. Себебі, кез келген мәдениеттің түрлері, атаулары тіл арқылы бейнеленіп көрінетіні, ұрпақтан-ұрпаққа жеткізілетіні белгілі. В.Гумбольдт айтқандай «Ұлттың өзіне тән, іштей дамитын рухы бар, сол рухтың ерекшелігіне сыртқа шығарып, сақтап, ұрпақтан-ұрпаққа беруші күш – тіл» [23,349].

Осы тектес тұжырымдардың қалыптасуында, тілді зерттеудің барысында ұлттық мәдениеттің, дәстүрдің ерекшеліктері ескеріледі. Әсіресе, ұлттық рухымыз жаңғырып, салт-дәстүрлеріміз қайта жанданып жатқан қазіргі қазақ қоғамындағы рухани-әлеуметтік құбылысты дұрыс бағалап, негізін түсіну үшін осындай тілдің дамуының ішкі формасынан туындайтын жалпы заңдылықтарды адам рухымен байланысты түсіне білудің маңызы зор. Себебі, дәстүр әркімнің жеке басының жағдайына байланысты емес, ол халықтың әлеуметтік-психологиялық мәдени, тұрмыстық, дүниетанымдық жағдайына байланысты қалыптасқан- жалпыхалықтық құбылыс. Екіншіден, дәстүрдің тағы бір сипаты – оның тұрақтылығы. Ол оңайлықпен өзгере салмайды, тіл арқылы ол ұрпақтан-ұрпаққа беріледі. Сол арқылы ұлт өмірінің желісі үзілмей, ұрпақтан-ұрпаққа жеткізіледі. Сол себепті әртүрлі ұрпақ болғанымен, бірін-бірі түсініп бір ұлтқа жатады. Осы жайт түркі соның ішінде қазақ антропонимдерінің тілдік табиғатына да тікелей қатысты.

Мәдениеттің әр түрлі көріністері мен қызметін мәденинттану зерттейтіндігі белгілі, өйткені лингвистика мен мәдениеттану ғылымдарының түйісу нүктесінен ХХ ғасырдың 90-шы жылдарында өз алдына жеке, жаңа бағыт пайда болды, бұл бағыт В.Н.Шаклейн, В.А.Маслова және т.б. ғалымдардың еңбектеріне байланысты «лингвомәдениеттану» деген атауды иеленді.

Осымен байланысты тіл мен мәдениетті біріктіріп қарастыратын сала – лингвомәдениеттану (лингвокультурология) деп аталады. В.Воробьев лингвомәдениеттануға мынандай ғылыми анықтама береді: «Лингвокультурология – это комплексная научная дисциплина синтизирующего типа, изучающая взаимосвязь и взаимодействие культуры и языка в его функционировании и отражающая этот процесс как целостную структуру единицу в единстве их языкового и внеязыкового (культурного) содержания при помощи системных методов с ориентацией на современные приоритеты и культурные установления ( система норм и общечеловеческих ценностей)» [24,37]. Ғалым В.А.Маслова бұл пәнді халық мәдениетін танытушы ғылым деп санап, былайша анықтайды: «Лингвокультурология – это наука, возникшая на стыке лингвистики и культурологии и исследующая проявления культуры народа, которые отразились и закрепились в языке» [25,8].

«Теория и методика ономастических исследований» атты ұжымдық монографияда мәдениет пен ономастикалық байланыс былай деп атап көрсетіледі: «Біз талдап өткен материал негізінде белгілі болғандай, ономастикада мәдениет өзінің жан – жақты көрінісі арқылы бейнеленеді, алайда ол әр түрлі жолмен беріліп отырады. Бір жағынан алып қарағанда, есімдер тілде ғана жасалады, осы тұрғыдан алғанда олар үшін ең бірінші және басты нәрсе – рухани мәдениет. Басқа бір жағынан қарастырғанда, жалқы есімдер сөз ретінде тек қана рухани емес, сондай-ақ материалдық мәдениеттің кез-келген фактілеріне мән береді»[26.129].

Кез – келген тілдік құбылыстың табиғатын оның тек тілдік заңдылықтарына сүйеніп қана қоймай, сонымен қатар халықтың дүниетанымына, салт-дәстүріне, ұлттық болмысына назар сала қарау лингвомәдениеттану пәнінің үлесіне тимек. Ал лингвомәдениеттану латының Linqua – тіл, Cultura – мәдениет, Logos – ілім деген терминдердің жинақталуынан туындап, лингвистика мен мәдениеттану пәндерінің тоғысуында пайда болған, халық мәдениетінің тілдегі әсерін зерттейтін сала.

Демек, этнолингвистикамен сабақтас, этнос тіліне жалпы қатысы бар ғылымның бір саласы – лингво-мәдениеттану. Бұл сала этнос тілінің табиғатын айқындауға тікелей қатысты болмас да, этностың мәдениетін таныту мүддесін көздеген мәдениеттанумен сабақтас [27.37].

Тіл ғылымында лингвомәдениеттану – лингвистика мен мәдениеттанудың, соның ішінде антропонимдерге қатысты жағын ортақтастыратын жаңа ғылым. Сонымен, лингвомәдениеттану - ұлттық сипаты бар деп танылатын әлеуметтік, танымдық, этникалық, эстетикалық, саяси , адамгершілік, руханилық, тұрмыстық қағидалар мен заңдылықтарды тілдік құралдар арқылы жеткізуді зерттейтін тіл білімінің бағыты. Лингвомәдениеттанудың ең негізгі мақсаты – ұлттық болмыстың тілдегі көріністерін, тіл фактілері мен халықтық танымдық, этика-эстетикалық категориялары арқылы рухани мәдениетін танытып, олардың қызметі мен орнын анықтау деп түйіндеуге болады.

Білімнің жаңа бір өз алдына жеке саласы ретінде лингвомәдениеттаным ерекше міндеттерді шешіп, бірқатар мәселелерге жауап беруі тиіс, бұл мәселелерді В.А.Масолва келесі түрде атап көрсетеді:



  1. мәдениет тілдік концептілердің жасалуына қалай қатысады;

  2. тілдік таңба мағынасының қай бөліміне «мәдениет мағыналар» ұғымы бекітіліп көрсетіледі;

  3. осы мағыналар сөйлеушілер мен тыңдаушылар тарапынан таңбалана ма және олар тілдік стратегияларға қалай әсер етеді;

  4. шындығында тіл тасмалдаушының мәдени - тілдік хабарлардағы, копетенциясы бар ма , соның негізінде мәдени мағыналар мәтіндерде орын алып, тіл тасмалдаушылар тарапынан таныла ма;

  5. бір мәдениеттің универсалияларды мәдениетті көрсетуге бағытталған мәдениет дискурстары, концептілік саласы (осы мәдениеттің концептілерінің жиынтығы) қандай, осы таілдік таңбаларының мәдени семантикасы әр түрлі екі сала болып табылатын тіл мен мәдениеттің өзара әрекеті негізінде қалай қалыптасады;

  6. осы ғылымның негізгі ұғымдарын қалай жүйелеуге яғни ұғымдық аппаратты қалай құруға болады.

Біздің көзқарасымыз бойынша жоғарыда қойылған міндеттерді ономастикада да қолдануға болады, өйткені атап айтқанда нақ осы онимиялық бірліктер, онимиялық лексика туындаған және қызмет атқарып жатқан сол этностың мәдениетімен тығыз байлаенысты болып келеді. Бұл тұрғыда Е.Ә.Керімбаев былай деп жазады: «Жалқы есімдердің ұлттық-мәдени ерекшеліктерін зерттеу қазақ тілінің ономастикалық жүйесін зерттеуде мәдениеттанымдық аспектіні пайдалануды қарастырады. Қазақ тілі онимдерінің генезисіне, қалыптасуы мен дамуына қазақ халқының этномәдени өмірі шешуші мәнде әсер етеді. Халықтың этномәдени тарихи фактілерінің тұтас бір жиынтығы қазақ онимдерінің түрлі тақырыптық топтардың пайда болуы мен қызмет атқаруының негізі мен себебі болып табылады. Этностың материалдық және рухани өмірі қазақ тілінің этностық болмысмен өзара байланысты, этностық тұрғыдан өзіндік таңбаға ие болған онимиялық бірліктер өзіндік бейнеге ие болады» [28, 7].

Е.Ә. Керімбаев мәдениет ерекшеліктері қазақ онимиясының ұлттық ерекшелігінің қалыптасуына шешуші ретте әсер етеді деп көрсетеді, ал кейбір зерттеушілер «есім дегеніміз – мәдениеттің пайда болуы мен бейнеленуі» деп санайды [28, 127-132].

Лингвомәдениеттану пәнінің зерттеу деректері мен дәйектері ұлттық мәдениеттің және рухани құндылықтардың тілдегі көрінісі әдебиет, фольклорда т.б. Қазақ тіл білімде лингвомәдениеттану ғылымы пәніне қатысты деректер Ш.Уәлиханов, М.Әуезов еңбектерінен бастап, Ә.Марғұлан, І.Кеңесбаев, Ә.Қайдар, Р.Сыздық, Е.Жұбанов, Е.Жанпейісов, Т.Жанұзақов, Н.Уәлиев, Ж.Манкеева, А.Жылқыбаева, Қ.Рысбергенова, Р.Шойбеков т.б. ғалымдар еңбектерінде көрсетіледі.

Бүгінде лингвомәдениеттану ұлттық тілді танудың да негізі екені соңғы кездегі біраз зерттеулерде (Г.Смағұлова, А.Алдашева, А.Сейсенова, Г.Қажығалиева, А.Сейілхан, Қ.Қайырбаева т.б.) анықталып, лингвомәдениеттану ғылымының пән ретінде қалыптасуынан қазақ тіл білімінде жеке сала ретінде қарастырылуынан көрінеді.

Г.Смағұлова өз еңбегінде лингвомәдениеттану пәнінің ерекшелігін былайша көрсетеді: Лингвомәдениеттану бұл тіл-ұлт-мәдениет дейтін үштік (триада лингвомәдениеттану пәнін зерттеу нысанасы болмақ) .[29,196]

А.Салқынбайдың пікірі бойынша , тілдік деректерді лингвомәдени аспектіде зерттеу – ең әуелі тілдер арасындағы жалпыадами, гуманитарлық, мәдени, өркениеттік қырларды айқындау болып табылады. Табиғаттағы әлемдегі құбылыстар, қоғамдағы сана мен салт, әрі тілде өз көрінісін табатындықтан, атау мен оның жасалу сипаты лингвомәдени аспектіде қарастырылады [30,309].

А.Алдашева бұл пәннің зерттеу көздерін ғылыми тұрғыдан анықтап әрі лингвистика ғылымымен ортақтығын лингвомәдениеттанудың ауқымы өте кең, ол әрбір тілдік единицаның белгілі бір халықтың төл элементі, халық тілімен бірге жасасып келе жатқан ұлттық «бет-пішіні» бар деп есептелінген сөз ұлттық әлеуметтік, этникалық, адамгершілік, мәдени, тұрмыстық нормаларға сай деп тұжырымдайды [31,15].

А.Сейтова лингвомәдениеттану мәдениеттің тілдік жүйеге қалай әсер ететінін, яғни фактор мен адам бойындағы тілдік факторлардың байланысын қарастырады[32,22].

Сол сияқты тіл мен мәдениеттің сабақтастығының көркем мәтіндегі көріністері Г.Снасапова, Ш.Елемесова, Г.Абдрахманова, Ф.Қожахметова, А.Әмірбекова, т.б. зерттеулеріне арқау болған.

Мысалы, Г.Ж.Снасапова Ғ.Мүсіреповтің «Ұлпан» повесіндегі лингвомәдени бірліктер ретінде ономастикалық лингвокультуремаларды қарастырады. Солардың қатарында антропонимдердің лингвомәдени коннотацияларын талдайды. Осы тұрғыдан қазақтардың балаға ат қоюында белгілі бір ырымдардың негіз болуы сөздің құдіретті күшіне сенуді көрсетеді: Жаманбала, Күшікбай, Салбыр, Сүйір, Сағал т.б. есімдер көз тимесін, балам аман болсын деген мәнді аңғартса, Тілеуімбет, Тілеміс, Тұрлыбек, Сағындық, Ұлпан т.б. лингвокультуремалардың прототипі ұл күту, бала тілеу тәрізді тілек мәнді семантиканы білдіретін антропонимдер. Артықбай, Бақберді, Байдалы, Қайыргелді, Несібелі т.б. жалқы есімдердің прототипі дүниеге келген балаға ат қою арқылы оған белгілі бір қасйеттерді дарыту дегенге меңзейді[33,22].

Қазақ есімдерінің осындай лингвомәдени типтері семантикалық маңызға ие белгілі бір әдет-ғұрып және ритуалдармен байланысты болып келеді. Адам есімінің құдіретті, сиқырлы күшіне сенумен байланысты ырымдар мен әдет-ғұрыптар туралы сонау ХІХ ғасырдың өзінде Ш.Уәлиханов былай деп жазған болатын: «Ырым , яғни әдет-ғұрып деп алдын - ала бір нәрседен хабар беру тұрғысында орындалатын салтты атайды. Мәселен, ұлды болмай, үнемі қыз көретін ата-ана өзінің соңғы туылған қызына Ұлтуған деген есім береді, мұның өзі кейінгі перзентінің ұл болсын деген үміт – тілегінен туындайды »[21,163].

Антропонимдердің мұндай типтерінің лингвомәдени семантикасына белгілі қазақ ономасты, профессор Т.Жанұзақов жан-жақты сипаттама береді: «Мұндай түрдегі есімдер барлық түркі тілдерінде келесі нұсқаларда кең тараған: «...қазақша Тоқтасын, Тұрсын, Тоқтар, Тоқтамыс, Ұлтуар, түркіменше Турсын, Турды, Иетер (жетер); өзбекше Турсын, Тохта, Олмес, Қалсын. Егер отбасында бірнеше қыз дүниеге келіп, бір де бір ұл тумаса, ең соңғы қызына ендігіде қыз туылмау үшін Қызтумас деген есім беретін. Құм. Қыстаман – қызтумау немесе Улангерек – ұл керек; қырғыз Бурулгу – бұрылшы, Тоқтобубу – Тоқта бибі »[34,9-10].

Ілгеріде қазақтар сәтті таңдап алынған сәби есімі оны өмірде кездесетін түрлі апаттардан, мезгілсіз өлімнен аман сақтайды деген ырымға сенетін болған. Мәселен, Мыңжасар, Жүзбай, Өмірұзақ т.б. Сондай-ақ мынандай да сенім болады: «Егер балаға сұрықсыз, жаман ат беретін болсақ, оның өмірі ұзақ болады, ешқандай пәлекет жағдайға ұшырамайды». Сол себепті ілгеріде Байпақбай, Жаман, Жаманбай, Жылангөз т.б. да есімдерді сәбилеріне қойып отырды. Қазіргі таңда жаңа туған сәбиге мұндай есімдер берілмейді, бірақ олар тегін (фамилиясын) білдіруі мүмкін. [27,40].

Қазақтың ескі салты бойынша отбасында бала қайтыс бола берсе, келесі туған перзентіне Өтеген, Өтеміс, Төлеген, Төленді, Орынбасар есімдер берілетін.

Қазан төңкерісіне ейінгі уақытта көшпелі қазақ отбасыларында шала туылған балалар жиі кездесетін. Оларға осы себепті Шалабай, Шалабек, Лекер деген есімдер берілетін. Егер отбасында қыз көп болса, кезекті жаңа туылған қызға Жаңыл, Жаңылхан есімдері қойылды, мұның өзі болашақ та ананың қыз туудан жаңылсын, ұл туса деген ниетінен келіп туындаған. Қазақ қыздары мен әйелдері арасында ер адамдардың есіміне ие және керісінше ер адамдар арасында әйелдердің есімдерін иемденгендер жиі кездеседі. Мұның өзі ата-аналардың ендігіде ұл туылса екен деген ниетінен туындаған. Алтай, Болат, Қанапия, Асыл сияқты ер адамдардың есімдері берілген отбасында қызды ерте жасынан бастап ерекше киіндірген, шашын ұл балалардікіндей тақырлап алып тастаған. Бұл «балалар» кәмелет жасқа толғанша ұлдармен дос болып, бірге ойнаған. Қазіргі таңда бұл құбылыс қазақ отбасыларында мүлдем кездеспейді десе болады.[34,11-12]

Жоғарыда келтірілген дәйексөзден көрініп тұрғандай, қазақ рухани мәдениетінің ерекшеліктері лингвомәдени антропонимдердің белгілі бір түрлері немесе типтерін тудырады, я болмаса пайда болуына ықпал етеді. Сонымен қатар атап өтетін бір жағдай, мәдениет құбылыстары диахрониялық түрде, яғни олар хронологиялық тұрғыдан өзгерістерге ұшыраған, сондай-ақ әрбір ұлттың менталитеттегі қайсібір факторлар мен құбылыстар өзгеруі немесе мүлдем құрып кетуі де мүмкін. Рухани мәдениеттегі өзгерістер жалқы есімдер жүйесінде де жеке есім түрлері мен тұтас бір онимиялық категориялардың ауысуында да кездеседі.

Т.Жанұзақов бұл жөнінде былай деп жазады: « Кеңес дәуіріндегі қазақ антропонимиясы құрамында қазіргі тұрмысты, ғылым, техника және мәдениеттің дамуын бейнелейтін көптеген жаңа сөздер пайда болды. Біздің шындық өмірімізге сәйкес келмейтін кейбір ескі есімдер қолданыстан шығып қалды»[34, 21-22].

Кеңес дәуірінде қазақ антропонимиясында келесі сипаттағы жаңа есімдер пайда болды:

І. Орыс тілінен енген есімдер:

а) ерлердікі: Алексей, Андрей, Аркадий, Александр, Ефим, Ждан, Борис, Валерий, Владимир, Вильтан, Вильжан, Гепан, Денис, Мирон, Петр, Сергей;

ә) әйелдердікі:Анна, Валентина, Галина, Зоя, Лиза, Лида, Лика, Ирина, Нина, Мария, Рая, Лариса, Рада, Светлана т.б.

Орыс және интернационалдық сөздерден жасалған есімдер тобы: Генерал, Маршл, Октябрь, Совет, Съезд, Докторхан, Фермехан, Колхозбек, Совхозбек, Армия, Солдатбек, Ким, Мэлс, Майя, Мира, Мирагүл.

ІІ. Орыс тілі арқылы енген интернационалдық есімдер:

а) ерлердікі: Август, Артур, Базен, Эдуард, Диас, Карл, Марат, Спартак, Сократ, Суньят, Роман, Ричард, Эрнест;

ә) әйелдердікі: Дана, Жанна, Анжела, Анелия, Арагония, Долорес, Колонтай, Марго, Клара, Маргарита, Роза, София, Элеонора, Эльмира т.б.

ІІІ. КСРО халықтары тілдерінен алынған есімдер:

а) ерлердікі: Абрек, Арсен, Камо, Серго, Тайыр, Тарас, Габдулла, Жалил, Салават;

ә) әйелдердікі: Альфия, Бэла, Дила, Дилира, Карима, , Зухра, Лола т.б.

ІV. Қазақ сөздері негізінде пайда болған:

а) ерлердікі: Әдебиет, Ауданбек, Мәдениет, Өндіріс, Талап, Жігер, Тілек, Бейбіт, Жеңіс, Кеңес, Майдан, Нұрлан, Серік, Мұрат т.б.

ә) әйелдердікі: Алма, Айжан, Лиза, Ардақ, Арна, Сәуле, Бейбіткүл, Мейрамгүл, Әсем, Жанар т.б.[34, 22].

Жоғарыда келтірілеген мысалдардан көріп тұрғанымыздай халық пен қоғамның мәдени және әлеуметтік өмірі тарихи жалқы есімдер жүйесінде де бейнеленеді. Мәдени, рухани және идеологиялық көзқарастардың алмасуы ұлттық есімтанудағы жалқы есімдердің белгілі бір типтерінің ауысуына ықпал етеді әрі соның себебі де болып табылады. Мәдениет диахрониялық тұрғыдан болады, ол синхрондық кеспе тұрғысынан алғанда түрлі уақыттың көп қабатты жасалуын білдіреді. Оның қабаттары немесе қатпарлары тарих, архиология, тіл білімі, этнография т.б. ғылыми пәндерге, түрлі әдістер мен тәсілдерге бөлінеді. Ономастикада сондай-ақ хронологиялық жағынан этностың рухани және мәдени тарихындағы түрлі кезеңдерінен бастау алып дамитын түрлі мәдени кезеңдерге бөліп көрсетуге болады.

Жалқы есімдердің ономастикалық (онимиялық) бірліктерінің түрлі типтері мен категорияларының мәдениетпен байланысы және өзара әрекеті әр түрлі болып келеді, бірақ міндетті түрде онда өзіміз байқағандай диахрониялық (хронологиялық) аспект болады.

Әр халықтың өзіндік қайталанбас ерекшеліктері, яғни ұлттық, этникалық реңк өзгешіліктері болатындығы белгілі. Ұлттық есімдер ұлттық мәдениет ерекшеліктерін білдіріді, мұндағы бір есімдерде ұлттық-тарихи болмысы айқын көрінсе, ал басқаларында оның қарқыны нашар болады, алайда оны жасаған немесе қолданушы халықтың мәдениетімен байланысы жоқ есімі табыла қоймайды. Ұлттық есімдерде мейлі антропоним, топоним, зоонимдер болсын олардың бойында алуан түрлі тарихи-мәдени ақпарат қалыптасқан . Ю.К.Юркенас : «... антропонимдер өзіндік бір мәдени мәтін ретінде қабылдану тиіс» , - деп тұжырымдайды [35, 5].

Қазқ жалқы есімдерін лингвомәдениеттанымдылық тұрғыдан зерттеу қазақ онимдерін қазақ ономастикасының ұлттық-мәдени ерекшеліктерін айқындау мен суреттеу арқылы зерттеуді қарастырады. Профессор Е.Ә.Керімбаев бұл бағытта едәуір маңызды жұмыстар атқарған. Ол қазақ жалқы есімдерін мәдениеттпен байланыстыра зерттеу ономастикадағы басты бағыттардың біріне айналуы мүмкін деп есептейді. Бұл жөнінде өз пікірін былайша келтіреді: «Қазақ жалқы есімдерін этномәдени аспектіде зерттеу қазақ ономастикасының этнографиялық, материалдық және рухани мәдениетінің кең әрі алуан түрлі байланыстарын ашып көрсетеді. Жалқы есімдерде халықтардың жайғасқан орны мен этникалықт құрамы туралы ақпарат, материалдық және рухани мәдениеті жөніндегі деректер болуы, діни дүниетаным мен сенімдер, әдет-ғұрыптар мен салттар және халықтың рухани әрі әлеуметтік өмірінің басқа да салалары туралы мәліметтер орын алуы мүмкін» [36, 9].

Лингвомәдениеттану пәні басқа халықтардың өмірінен де мәдени ақпарат береді яғни бір ұлттың көршілес ұлтпен туыстығын немесе дәстүр ұқсастығын салыстыруды да мақсат етеді. Басқаны айтпағанда, мұның мәдениаралық коммуникация, оның тіларалық коммуникацияның көріністері ретіндегі антропонимдердің тілдік табиғатын тануға тікелей қатысы бар.

Тіл мен мәдениетті зерттейтін пәндердің қатарына «лингвоелтану», «лингвоөлкетану», «лингвомәдениеттану» , «этнолингвистика», «этномәдениеттану» т.б. жатады. Аталған пәндердің зерттеу нысаны ортақ болып қана қоймай, кей жағдайда олардың зерттеу әдіс-тәсілдері, кейбір теориялық принциптері мен негіздері ұқсас болып келеді. Жалпы тіл арқылы мәдениеттанудың ғылыми үлгілері: этнолингвистиканың, этномәдениеттанудың, елтанудың, лингвомәдениеттанудың пәні ретіндегі жалпы және ұқсас мақсаттары мен міндеттері - ұлт тілі арқылы ұлтты тану, ойлау жүйесінің ерекшеліктерін анықтау , қысқаша айтқанда, ұлттық металитетті айқындау, басқалардың айырмашылығын көрсету.

Осымен байланысты қазақ ақын, жазушыларының шығармалары бойынша қазақ тілінің рухани мәдениет лексикасына талдау жасаған С.Жанпейісованың, Қ.Қайырбаеваның, Ш.Елемесованың, Ф.Қожахметованың т.б. рухани лексикасының негізгі тақырыптық топтарын және олардың қалыптасу көздерін анықтау, лексиканың бұл аталмыш қабатын, этнолингвистикалық аспектілерін халқымыздың этномәдени өміріне қатысы тұрғысынан алып қарастырып, рухани мәдениетпен байланысты түрлі тілдік номинациялардың жасау тәсілдерімен даму жолдарын айқындап көрсетуіне арналған зерттеу жұмыстарында жан-жақты ашылған, дәйектелген.

Қазақ тіліндегі антропонимдердің лингвомәдени сипатын ашуға арналған жұмысымызда тіл мен мәдениет мәселесі төңірегіндегі қазақ тіл білімдегі А.Байтұрсынұлы, Қ.Жұбанов, Ә.Қайдаров, Е.Жанпейісов, Р.Сыздық, Т.Жанұзақов, Н.Уәлиев, Ж.Манкеева, Қ.Рысбергенова, Б.Тілеубердиев т.б. жалпы тіл білімі мен орыс тіл біліміндегі В.фон Гумбольдт, А.Потебня, Э.Сепир, Б.Уорф, К.Леви-Стросс, Е.Верещагин, В.Воробьев, В.Маслова, И.Толстой, С.Толстая т.б. ғалымдардың теориялық ой-пікірлерін басшылыққа алып, сүйенеміз.

Жер бетінде 3 мыңнан астам тіл бар. Әрбір халықтың тілі арқылы сол халықтың өмірінің рухани қазынасын, мәдениетін білуге болады. Бұл жөнінде академик Ә.Қайдаров: «Әрбір халықтың тілі – тек қатынас құралы ғана емес сонымен қатар рухани болмысы мен мәдени бйлығының күзгері барлық болмысы мен өмір тіршілігін, дүниетанымы мен әдет-ғұрпын бойына сіңіріп, ата мұрасын, асыл қазынасы ретінде ұрпақтан-ұрпаққа жеткізіп отыратын қасиеті бар» деп тілге анықтама береді[37,34]. Сондықтан да халықтың тілі рухани болмысы және мәдени байлығы бірімен-бірі тығыз байланысты. Бұл жөнінде көптеген зерттеуші ғалымдардың пікірлері бір ізділік табады.

Лингвистика тарихында тіл мәселелерін, сол тілді қолданушы қауымның мәдени өмірімен, салт-сана, әдет-ғұрпымен байланыстыра зерттеу жөнінде алғашқы пікір ХVІІ ғасырдың соңғы жартысында өмір сүрген неміс жазушысы және әдебиетшісі Иоганн Гердердің поэзияға байланысты зерттеулерінде, одан кейінгі кезде В.Гумбольдт еңбегінде кездеседі. Бірақ тіл мәселесін мәдениет, әдет-ғұрып, салт-санамен байланыстыра зерттеуге ерекше көңіл бөлу, оған тіл білімінің күрделі проблемасы ретінде қарау ХХ ғасырдың 20-30 жылдарда белең алды. В.Гумбольдт дүниені тану, білу процесінде тілдің атқаратын рөлін түсіндіре келе, тілге мынандай түсініктеме береді: «Язык и духовная сила народа развиваются не отдельно друг от друга и не последовательно одни за другим, а составляют исключительно не раздельно одно и тоже действие интеллектуальной способности. Хотя мы разграничиваем интеллектуальную деятельность и язык, в действительности такого разделения не существует»[38,10].

Орыс ғалымы М.К.Азадовский өзінің еңбектерінде фольклорлық, этнографиялық және тарихи-мәдени мәліметтерді пайдалану тіл үшін нәтижелер беретінін дәлелдеп береді. Ол бір еңбегінде тіл мен мифологияның байланысы мен өзіндік ерекшеліктеріне мынадай анықтама береді: ...язык это основной слой народности, мифология народная словестность в которой и выражена вся совокупность верований, преданий нравов и обычаев народа [39,60].

Сонымен коммуникативтік қызметімен ерекшеленетін антропонимдердің әлеуметтік мәнін ашу қазіргі тіл біліміндегі антропоөзектік бағытпен сабақтасады.

Ономастиканың теориясы мен практикасын осы бағытпен бір байланыста қарастырған ғалым Г.Мадиеваның еңбегінде осы сабақтастық былайша көрсетілген:



  • тіл қызметін іске асыратын нақты тілдік социум мүшелерінің жалқы есімдерді қабылдауы;

  • тілдік тұлғаның санасындағы жалқы есімнің қызметі;

  • ұжымдық санадағы жалқы есімдердің қызметі;

  • жалқы есімдердегі ұлттық танымда бекітілуінің әдісін сипаттау;

  • жалқы есімдердің инварианттары мен варианттылығын анықтау;

  • тілдік санада ұлттық когнитивтік қорды құрайтын өзекті жалқы есімдерді анықтау;

  • жалқы есімдер жүйесінің ұлттық қорының негізгі элементтері мен стереотиптерін жіктеу;

  • жалқы есімдер мен мифтік танымның байланысы, т.б. [40,28-29].



Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет