«ІЛИЯС МҰРАСЫ ЖӘНЕ АЛАШТАНУ МӘСЕЛЕЛЕРІ» атты республикалық ғылыми-тәжірибелік студент жастар конференциясының материалдары 58
да мақсатының бірі осындай шаруамен орайлас. Бұл күрес сонау Алаш қозғалысы дәуірінде
басталған аманат күресі, тәуелсіздігімізді тұғырлы етеміз десек, оны орындауға міндеттіміз.
Бұл жөнінде елбасымыз Н.Назарбаев қазақтілді басылым редакторларымен кездесуінде:
«Алаш арыстары бізге мемлекеттілік идеясын ту етіп көтеруді табыстап кетті... Алаштың
асыл аманаты бізге тарихи-мәдени бірегейлігімізді, қарапайым тілмен айтсақ, қазақы
қалпымызды қасиеттеп сақтауға міндеттейді. Алаштың асыл аманаты ауызбірлігімізді
күшейтуге шақырады» деп айрықша тоқталған болатын. Ұлттық бірегейлігімізді сақтауда
Қазақстанның ғана емес, бүкіл әлемнің қазақтары тілдік бірегейлігімізді сақтауға
ұмтылуымыз қажет. Өйткені еуропалық өмір салтына көше бастаған қазіргі заманда ұлттық
бірегейліктің бастысы – ана тілі болып отыр. Сондықтан да тіл бірлігі ең күшті біріктіруші
факторға айналуы тиіс. Бұны баршамыз неғұрлым терең түсініп, осы бағытта маңызды,
шешуші істер атқаруымыз тиіс.
Еліміздің бас қаласы – Астанада қазақы рух, ұлттық нышан қалыптасуы үшін
көптеген нәтижелі шаруалар атқарылуда. Ұлт болашағы бүгінгі бүлдіршіндер десек, астана
болғалы бері 20 қазақ мектебі ашылды. Қазақтардың саны көпшілікке айналып, алпыс пайыз
шамасына жетті. Күні кеше бір ғана қазақ мектебінің болғанын, қандастарымыздың жиырма
пайызға жетер-жетпес болғанын айтсақ, Астананың қазақтана бастағанына толық көз
жеткізесіз. Үстіміздегі жылы қаламыздың даңғылдары мен көшелеріне үш жүзден астам
қазақы атаулар берілді. Атаулар беруде ұлтымыздың тарихында айрықша орынға ие болған
тұлғалардың есімдері, Қазақстанның әр түкпіріндегі жер-су атаулары молынан қамтылды.
Олардың ішінде Алаш қайраткерлерінің барлығының дерлік есімдері бар. Біз бұларды
көлденең тарта отырып, қаламызда мәселе толық шешілді деп отырғанымыз жоқ, бұл
бағытта атқарылар шаруа әлі де шаш етектен. Біздің ойымызша, ең алдымен қазақ
баласының ана тілінде білім алуына баршамыз ықпал жасауымыз қажет. Олай болмайынша
ертең ержеткен, бойжеткенге, бүрсүгіні мемлекеттік қызметкерге өз тілін үйретіп тағы әуре
боламыз. Мұны кезінде Алаш зиялылары уақытында аңғарған. Ұлт ұстазы Ахаң, Ахмет
Байтұрсынұлы: «Орысша оқығандар орыс сөзінің жүйесіне дағдаланып үйренген, ноғайша
оқығанда ноғай сөзінің жүйесіне дағдаланып үйренген. Қазақ сөздері алып, орыс я ноғай
жүйесімен тізсе, әрине, ол нағыз қазақша болып шықпайды. Сондай кемшілік болмас үшін әр
жұрт баласын әуелінде өз тілінде оқытып, өз тілінде жазу-сызу үйретіп, өз тілінің жүйесін
білдіріп, жолын танытып, балалар әбден дағдыландығын кейін басқаша оқыта бастайды. Біз
де тіліміз бұзылмай сақталуын тілесек, өзгелерше әуелі ана тілімізбен оқытып, сонан соң
басқаша оқытуға тиіспіз» деп ұрпақтың ұлттық тәрбие алуының негізін айтса, Халел
Досмұхамедұлы: «Баспа мен мектепте қолданған тіл елге ақырында сіңбей қалмайды.
Мектеп пен баспаның тілі дұрыс тіл болса, елдің тілін көркейтіп, байытып, гүлдендіреді;
мектеп пен баспада қолданған тіл шатасқан тіл болса, ол ел – сорлы ел, мұндай елдің тілі
бұзылмай қалмайды» деп тілдің сақталуы мен дамуындағы мектептің ерекше рөлін атап
өтеді. Бұл бағытта, әсіресе, Білім және ғылым министрлігі мақсатты жұмыстар жүргізуі тиіс
деп ойлаймыз. Балабақшаға, мектепке баратын бүлдіршіндердің ата-аналарымен насихат
жұмыстарын жүргізу қажет. Қазақ мектебінің білім берудегі артықшылықтарын көрсете білу
керек. Күні ертең қазақ тілінің нағыз мемлекеттік тілге айналатынына оларды сендіру қажет.
Ол үшін қазақ балабақшаларының, мектептерінің санын көбейтумен бірге білім берудің
сапасын арттыра беру мақсатында ойлы, орайлы шаруалар атқаруды қолға алған абзал.
Осыдан барып балаларға арналған кітаптар шығару, уақыт талабына сай кинофильмдер,
мультфильмдер, мультимедиалық бағдарламалар шығару мәселесі туындайды. Өйткені
балаларымызды заманауи жаңалықтардан кенже қалдырмауымыз керек. Бұл салада мемлекет
тарапынан жоспарлы жұмыстар жүргізілуі керек екендігі бесенеден белгілі. Сондай-ақ
шығармашылық қауым бүгінгі заманғы технологияларды пайдаланып, осындай қажетті
өнімдер шығаруды ойлағандары дұрыс. Алаш қайраткерлері өз заманында сол дәуірге лайық
көркем шығармалар тудырды, ақпарат құралдарын шығарды. Ал біз ХХІ ғасыр жетістіктерін
пайдаланып, ақпараттық технологияның қазақ тіліндегі үлгілеріне бет бұруымыз керек.