333-бап. Мемлекеттік еңбек инспекторының актілері 1. Қазақстан Республикасы еңбек заңнамасын бұзушылықтардың анықталуына қарай мемлекеттік еңбек инспекторы мынадай актілер:
1) нұсқама:
Қазақстан Республикасы еңбек заңнамасының талаптарын бұзушылықтарды жою туралы;
жарақаттану қаупі бар және авариялық жағдайлардың туындауын болғызбау үшін өндірістік объектілер мен жабдықтардағы, сондай-ақ өндірістік процестердегі еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау жөніндегі алдын алу жұмыстарын жүргізу туралы;
жекелеген өндірістердің, цехтардың, учаскелердің, жұмыс орындары мен жабдықтардың пайдаланылуына және тұтас алғанда ұйым қызметіне тыйым салу (оны тоқтата тұру) туралы нұсқама шығарады (жасайды). Бұл ретте ұйым қызметіне тыйым салу (оны тоқтата тұру) туралы акт сот шешімі шығарылғанға дейін қолданылады;
2) әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама;
3) әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс бойынша іс жүргізуді тоқтату туралы қаулы;
4) әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс бойынша қаулы шығарады.
2. Мемлекеттік еңбек инспекторының актілері жұмыс берушілер мен лауазымды адамдардың Қазақстан Республикасы еңбек заңнамасының талаптарын бұзушылықтарына ықпал етудің құқықтық шаралары болып табылады. Актілер екі дана етіп жасалады, оның біреуі қолы қойғызылып, жұмыс берушіге тапсырылады.
3. Лауазымды адамдар, жеке және заңды тұлғалар мемлекеттік еңбек инспекторының актілерін орындауға міндетті.
4. Мемлекеттік еңбек инспекторы актілерінің нысанын еңбек жөніндегі уәкілетті мемлекеттік орган бекітеді.
Ескерту. 333-бапқа өзгерту енгізілді - ҚР 2009.07.17. N 188-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз) Заңымен.