117-бап. Жаңа еңбек нормаларын әзірлеу, енгізу, қолданыстағы еңбек нормаларын ауыстыру және қайта қарау 1. Жұмыс беруші еңбек нормаларын жаңадан енгізуді, қолданыстағы еңбек нормаларын ауыстыруды және қайта қарауды қызметкерлер өкілдерімен келісе отырып, еңбектің үлгілік нормалары мен нормативтерін ескеріп жүргізеді.
2. Еңбек жөніндегі үлгiлік (салалық, салааралық) нормалар мен нормативтердi тиiстi қызмет салаларының уәкiлеттi мемлекеттiк органдары еңбек жөнiндегi уәкiлеттi мемлекеттiк органмен келiсу бойынша ол белгiлеген тәртiппен бекiтедi.
Барлық қызмет салалары үшін бірыңғай (салааралық), еңбек жөніндегі үлгiлiк нормалар мен нормативтердi еңбек жөнiндегi уәкiлеттi мемлекеттiк орган тиiстi қызмет салаларының мемлекеттiк органдарымен келісу бойынша бекiтеді.
3. Еңбек жөніндегі үлгiлік (салалық, салааралық) нормалар мен нормативтердi ауыстыруды және қайта қарауды оларды бекiткен органдар еңбек жөнiндегi уәкiлеттi мемлекеттiк орган белгiлеген тәртiппен жүзеге асырады.
4. Еңбек нормалары жұмыс орындарына аттестаттау мен рационализациялау жүргізу, еңбек өнімділігінің өсуін қамтамасыз ететін жаңа техника, технология және ұйымдық-техникалық іс-шаралар енгізу шамасына қарай міндетті түрде ауыстырылуға тиіс.
Жекелеген қызметкерлердің өз бастамасы бойынша жаңа еңбек тәсілдерін қолдануы және жұмыс орындарын жетілдіруі есебінен өнім шығарудың (қызметтер көрсетудің) жоғары деңгейіне қол жеткізу бұрын белгіленген еңбек нормаларын қайта қарауға негіз болып табылмайды.
5. Қызметкерлер кемінде бір ай бұрын жұмыс берушінің жаңа еңбек нормаларын енгізуі туралы хабардар етіледі.
Ескерту. 117-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 27.06.2014 N 212-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi).