121-бап. Жалақының мөлшері 1. Қызметкердің айлық жалақысының мөлшері қызметкердің біліктілігіне, орындалатын жұмыстың күрделілігіне, санына және сапасына, сондай-ақ еңбек жағдайларына қарай сараланып белгіленеді.
2. Осы кезеңге белгіленген жұмыс уақытының нормасын толық атқарған және еңбек нормаларын (еңбек міндеттерін) орындаған қызметкердің айлық жалақысының мөлшері Қазақстан Республикасының заңында белгіленген айлық жалақының ең төменгі мөлшерінен кем
болмауға тиіс.
122-бап. Жалақының ең төменгі мөлшерін белгілеу 1. Тиісті қаржы жылына арналған республикалық бюджет туралы Қазақстан Республикасының заңымен жыл сайын белгіленетін айлық жалақының ең төменгі мөлшері ең төмен күнкөріс деңгейінен кем болмауға тиіс және ол қосымша ақылар мен үстеме ақыларды, өтемақы төлемдері мен әлеуметтік төлемдерді, сыйлықақылар мен басқа да ынталандыратын төлемдерді қамтымайды және жұмыс істелген уақытқа барабар төленеді.
2. Еңбекке ақы төлеудiң ең төмен стандарты республикалық бюджет туралы заңда белгiленген және тиiстi қаржы жылының 1 қаңтарында қолданыста болған айлық жалақының ең төмен мөлшерін және салалық келісімде айқындалатын салалық арттырушы коэффиценттерді есептеуден айқындалады.
3. Өз еңбек міндеттерін (еңбек нормаларын) орындаған қызметкердің сағаттық жалақысының ең төменгі мөлшері тиісті күнтізбелік жылдағы жұмыс уақыты балансына сәйкес орташа айлық жұмыс сағатының санына бөлінген айлық жалақының ең төменгі мөлшерінен кем болмауға тиіс.
4. Бірінші разрядты қызметкердің еңбек шартының, ұжымдық шарттың талаптарында және (немесе) жұмыс берушінің актілерінде көзделген айлық жалақысының ең төменгі мөлшері немесе айлық тарифтік ставкасының мөлшері тиісті қаржы жылына арналған республикалық бюджет туралы Қазақстан Республикасының заңында белгіленген айлық жалақының ең төменгі мөлшерінен кем болмауға, ал ауыр жұмыстарда, еңбек жағдайлары зиянды (ерекше зиянды), қауіпті жұмыстарда істейтін қызметкерлер үшін - еңбекке ақы төлеудің ең төменгі стандартынан кем болмауға тиіс.
Ескерту. 122-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 27.06.2014 N 212-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi).