147-бап. Жұмыс берушінің жұмысқа орналастыру кезіндегі құқықтары мен міндеттері 1. Жұмыс берушінің:
1) кадрлар іріктеуді жүзеге асыруға;
2) жұмыспен қамту мәселелері жөніндегі уәкілетті органдардан еңбек нарығының жай-күйі және кәсіптік даярлаудың мүмкіндіктері туралы дәйекті, толық және жедел ақпарат алуға құқығы бар.
2. Жұмыс беруші жұмыспен қамту мәселелері жөніндегі уәкілетті органға:
1) жұмыс беруші-заңды тұлғаның таратылуына не жұмыс беруші-жеке тұлғаның қызметін тоқтатуына, қызметкерлер санының немесе штаттың қысқаруына байланысты алдағы уақытта қызметкерлердің жұмыстан босатылуы туралы, жұмыстан босатылатын қызметкерлердің лауазымдары мен кәсіптерін, мамандықтарын, біліктілігі мен еңбекақысының мөлшерін көрсете отырып, босатылуы мүмкін қызметкерлердің саны мен санаттары туралы және олардың босатылатын мерзімдері туралы жұмыстан босату басталардан кемінде екі ай бұрын;
2) өндірісті ұйымдастырудағы, оның ішінде қайта ұйымдастыру кезіндегі өзгеріске және (немесе) жұмыс берушідегі жұмыс көлемінің қысқаруына байланысты қызметкерлердің толық емес жұмыс уақыты режиміне көшуі бөлігінде алдағы уақытта болатын еңбек жағдайларының өзгеруі туралы кемінде бір ай бұрын;
3) бос жұмыс орындары (бос лауазымдар) туралы олардың пайда болған күнінен бастап үш жұмыс күні ішінде;
4) азаматтарды жұмысқа қабылдау туралы немесе жұмысқа қабылдаудан бас тарту туралы (жолдамада тиісті белгі қою арқылы себебін түсіндіре отырып) оларды уәкілетті орган жіберген күннен бастап бес жұмыс күні ішінде ақпарат беруге міндетті.
3. Жұмыс беруші жергілікті тұрғындар болып табылмайтын адамдарды жұмысқа қабылдау және (немесе) ол адамдармен еңбек қатынастарын тоқтату туралы ақпаратты ішкі істер органына бір ай ішінде береді. Ақпаратты беру тәртібі мен нысанын Ішкі істер министрлігі айқындайды.
Ескерту. 147-бапқа өзгерту енгізілді - ҚР 2009.05.05 N 159-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз), 2011.07.22 № 478-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі), 13.06.2013 № 102-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.