163-бап. Қызметкердің мүлкіне келтірілген залал үшін жұмыс берушінің материалдық жауапкершілігі Қызметкердің мүлкіне залал келтірген жұмыс беруші оны еңбек шартының, ұжымдық шарттың талаптарына сәйкес толық көлемде өтеуге міндетті.
164-бап. Қызметкердің өміріне және (немесе) денсаулығына келтірілген зиян үшін жұмыс берушінің материалдық жауапкершілігі 1. Қызметкер еңбек міндеттерін атқаруына байланысты оның өміріне және (немесе) денсаулығына зиян келтірілген кезде жұмыс беруші зиянды Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасында көзделген көлемде өтеуге міндетті.
2. Осы баптың 4-тармағында көзделген жағдайды қоспағанда, осы баптың 1-тармағында көзделген зиян қызметкердің сақтандыру төлемдері болмаған кезде толық көлемде өтеледі. Сақтандыру төлемдері болған кезде жұмыс беруші қызметкерге сақтандыру сомасы мен зиянның нақты мөлшері арасындағы айырманы өтеуге міндетті.
3. Қызметкерлердің өміріне және (немесе) денсаулығына келтірілген зиянды жұмыс берушілердің өтеу тәртібі Қазақстан Республикасының заңнамасында айқындалады.
4. Қызметкерге кәсiптік еңбекке қабiлеттiлiгiнен айырылудың бестен жиырма тоғызға дейінгі пайызды қоса алғандағы дәрежесiмен байланысты зиян келтірілген кезде жұмыс беруші қызметкерге жоғалтылған табысын және денсаулығының зақымдануынан туындаған шығыстарды өтеуге міндетті.
Денсаулықтың зақымдануынан туындаған, әрбір оқиға бойынша жұмыс беруші өтейтін шығыстардың мөлшері төлем төленетін кезде республикалық бюджет туралы заңмен тиісті қаржы жылына белгіленген екі жүз елу айлық есептік көрсеткіштен аспауға тиіс.
Денсаулықтың зақымдануынан туындаған шығыстарды өтеу бойынша төлем осы шығыстарды шеккен қызметкер не тұлға ұсынған, осы шығыстарды растайтын құжаттардың негізінде жүзеге асырылады. Бұл ретте, Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау саласындағы заңнамасына сәйкес тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлеміне кіретін шығыстар өтелуге жатпайды.
Ескерту. 164-бап жаңа редакцияда - ҚР 27.04.2015 № 311-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).