165-бап. Қызметкердің жұмыс берушіге залал келтіргені үшін материалдық жауапкершілігі 1. Қызметкердің жұмыс берушіге залал келтіргені үшін материалдық жауапкершілігі осы Кодексте көзделген жағдайларда және мөлшерде басталады.
2. Қызметкер жұмыс берушіге келтірілген тікелей нақты залалды өтеуге міндетті.
3. Егер залал еңсерілмейтін күштің не аса қажеттіліктің, қажетті қорғаныстың, сондай-ақ жұмыс беруші қызметкерге берілген мүліктің сақталуы үшін тиісті жағдайларды қамтамасыз ету жөніндегі міндеттерді орындамауы салдарынан туындаған болса, қызметкердің жұмыс берушіге келтірілген залал үшін жауапкершілігі жойылады.
4. Қызметкерге қалыпты өндірістік-шаруашылық тәуекел санатына жатқызылуы мүмкін залал үшін жауапкершілік жүктеуге жол берілмейді.
5. Жұмыс беруші қызметкерлердің қалыпты жұмысы және оларға сеніп тапсырылған мүліктің толық сақталуын қамтамасыз ету үшін қажетті жағдайлар жасауға міндетті.
6. Тікелей нақты залал деп жұмыс берушінің бар мүлкінің азаюы немесе аталған мүліктің (оның ішінде, егер жұмыс беруші осы мүліктің сақталуы үшін жауаптылықта болса, үшінші тұлғалардың жұмыс берушіде жатқан мүліктерінің) жай-күйінің нашарлауы, сондай-ақ жұмыс берушінің мүлікті сатып алу немесе қалпына келтіру үшін шығындалуына не артық төлем төлеуіне деген қажеттілігі түсініледі.