2.1 Бастауыш мектептің оқыту үдерісінде жобалау іс-әрекетін ұйымдастыру бойынша мұғалім жұмысының мазмұны Жобалау мәселесіне қатысты жасалған теориялық талдауларға сүйене отырып, педагогикалық жобалаудың белгілі бір жағдайларда педагогикалық процесті жетілдіруге мақсатты түрде бағытталған іс-әрекет екенін көруге болады, ал оның мазмұндық компоненттері мақсат қою іс-әрекеті; үлгілеу іс-әрекеті; жоспарлау іс-әрекеті; ұйымдастыру іс-әрекеті; мониторингілеу және реттеу іс-әрекеті; рефлексия іс-әрекеті болып табылады.
Қазіргі жаңа формация мектебінде жұмыс істеп жүрген педагогтардың алдында тұрған негізгі проблемалар бар:
1.Баланы оқи білуге үйрету.
2.Баланы ойлауға үйрету.
3.Баланың өзін-өзі тұлға ретінде дамуына жағдай жасау.
Осыған сай мектеп білімі түбегейлі жаңартылып, мұғалімнің қызметінің мақсаттары кенейіп, үлкен өзгерістер болып жатыр.
Білім мазмұны да оқушылардан өз бетінше білім алуға, оны іс-тәжірибесінде қолдана білу қажеттілігін тәрбиелеуге бағытталған, яғни оқушыларды зерттеу мен жоба жасауға мақсатты әрі жүйелі түрде бағыттау керек.
Сондықтан да жобалау әдісін ұйымдастыру тақырыбына арналған бұл жұмыстың өзектілігін осында. Сабақ барысында және сабақтан тыс уақытта оқушылардың жоба жұмыстарын ұйымдастыру тәжірбиесін талдау, оның тиімділігін анықтау жоспарлау әдісінің негізгі бір мақсаттарының бірі болып табылады. Шығармашылық жоба жұмысы барысындағы оқушы мен оқытушы және ата-ана арасындағы іс-әрекеттік қарым қатынасты, олардың әр қайсысының атқаратын қызметінің орнын төмендегі схемадан көруге болады.
Жобалық қызметті ұйымдастыру, графикалық мәдениетін қалыптастыру, технологиялық және техникалық қызмет аймағында сұранысқа сәйкес қолданбалы міндеттерін шеше білуін қалыптастыру технология пәнінің міндеті деп нұсқау хатта көрсетілген[33].
Жобалау таным әдісі ретінде оқушыларға оқу мен білімнің өмірдегі рөлін сезінуге, оқу мен білімді мақсат етуден гөрі құрал етуді ойлау мәдениетін игеруде сарамандық көмек беруі тиіс.
Бұл әдістің негізін салушылардың бірі – профессор Кильпатриктің пікірінше, «Жобаның міндеті жұмыс барысында өзіне практикалық міндеттер қоятын және оны орындай алатын үнемі өзіндік инициатива көтеріп отыратын адамды тәрбиелеу» болып табылады.
Жалпы шығармашылық іс-әрекеттерін зерттей келе, мамандар бұл ұғымға «Шығармашылық-бұл жекелеген мотивациялық құрылым арқылы берілетін ақыл-ой жемісі, ол жеке тұлғаның бойында білім мен ептілік, қызығушылық қабілеттерінің әсерімен айқындалатын қоғамдық маңызды нәтиже... Шығармашылық потенциал әр адамның миында әрбір іс-әрекеттердің формасы ретінде жинақталады» деп тұжырымдады.
Білуге деген құштарлық, бақылауға тырысушылық, тәжірибеден өткізуге дайын тұру, әлем туралы жаңа мәлімет жинауға талпынушылық қасиеттер балаға тән дәстүрлі мінез болып саналады. Ендеше, зерттеушілік, ізденушілік - бала табиғатына тән құбылыс.
Жоспарлау әдісін қолдану арқылы мынадай нәтижелерге қол жеткізуге болады:
1.Оқушылардың тілге деген қызығушылығының, ынтасының артуы.
2.Жасампаз және өнерпаз тұлғаның қалыптасуы.
3.Тілдік қорының кеңеюі.
4.Еңбекті бағалай білетін тұлға.
Жобалау әдісін қолданудағы негізгі мақсат – оқушылардың қызығушылық ынтасын дамыту, өз бетімен жұмыстарын жүргізу арқылы білімдерін жетілдіру, ақпараттық бағдарлау біліктілігін қалыптастыру және сыни тұрғыдан ойлау қабілетін арттыру арқылы оқушыны болашақта әр түрлі жағдаяттарда, әр түрлі қоғамдық ортада өзін-өзі көрсете білуге бейімдеу[34].
Егер оқушы жобасы тақырыбын дұрыс таңдай отырып, жоспарлай білсе, оны дұрыс орындай алса - ол болашаққа дұрыс бейімделген тұлға болып қалыптасады. Әр түрлі жағдаяттарда дұрыс шешім қабылдай отырып, әр түрлі адамдармен тіл табыса отырып, әр ортада дұрыс бағыт – бағдар бере алады[35].
Мерзіміне қарай қысқа мерзімді және ұзақ мерзімді жоба болып бөлінеді.
Бірнеше тақырыптарды қамтыған жоба жұмыстарын ақпараттық, шығармашылық жоба түрлеріне жатқызуға болады.
Жобалау технологиясының негізінде–оқушылардың жұппен немесе топпен бірігіп дайындайтын шығармашылық жұмыстар жатыр.
Оқушылардың жоба жұмыстарын ұйымдастыру үшін жоғарыда
айтылғандай, оны жоспарлай білу қажет.
1.Жоба жұмысы кезеңдері
2.Жұмыстың мазмұны.
3.Мұғалімнің тәрбиелік мақсатты шешудегі негізгі іс-әрекеттері.
4.Оқушылардың іс-әрекеті.
Білуге деген құштарлық, бақылауға тырысушылық, тәжірибеден өткізуге дайын тұру, әлем туралы жаңа мәлімет жинауға талпынушылық қасиеттер балаға тән дәстүрлі мінез болып саналады. Ендеше, зерттеушілік, ізденушілік - бала табиғатына тән құбылыс. Бұл белсенділік оның жеке дамуына, өзіндік көзқарасының қалыптасуына игі ықпал етеді. Бұл пікірді Абайдың жетінші қара сөзіндегі: «...Жас бала анадан туғанда екі түрлі мінезбен туады. Біріншісі- ішсем, жесем, кисем» деп тұрады, екіншісі- «көрсем, білсем» деп, ержетіңкірегенде ит үрсе де, мал шуласа да, «ол неге үйтеді», «бұл неге бүйтеді» деп көзі көрген, құлағы естігеннің бәрін сұрап, тыныштық көрмейді...», деген ой-тұжырымы растайды[36].
Жобалау оқыту әдісі бойынша оқушылардан күтілетін нәтиже төмендегідей болмақ:
оқушының бойында рухани- адамгершілік қасиеттер қалыптасады;
ізденімпаздық, зерттеушілік қабілеттері дамиды;
ұқыптылық, жинақылыққа, икемділікке дағдыланады;
жауапкершілікке үйренеді;
шығармашылық қабілеті дамиды;
өз елінің ұлттық рухани және материалдық құндылықтарын құрметтей алатын, патриот тұлға болып қалыптасады.
Шығармашылық, ізденушілік кез-келген кәсіппен тікелей байланысты.Жобаның тақырыбы оқушының мүмкіншілігіне сай, қазіргі күнделікті өмірдегі өзекті мәселелерге байланысты, ал шығарылған қорытынды тәжірибе жүзінде іске асып, адам қажеттілігін қанағаттандырарлықтай болуы шарт. Бұл оқушының бағалы, әрі сапалы жұмыс істеуін, жауапкершілігінің жоғары болуын, өзіне талап қоя алуын, қойған мақсатына жетуін, топтаса жұмыс істеу дағдыларын, шығармашылық қабілетінің артуын қалыптастырады. Шығармашылық жобаны орындау барысында оқушы технология пәнінен алған білімін пайдаланып қана қоймай, басқа пәндерден де алған білімін пайдалана алады[37].
Жобаның тақырыбын таңдауда әрбір оқушының өзіндік ерекшеліктеріне, олардың бейімділігі мен психофизиологиялық қабілетіне, икемділігі мен қызығушылығына мән беру керек.
Баланы ізденушілік, шығармашылыққа баулу, оған зерттеу дағдысы мен білктілігін игертіп, жеке тұлға ретінде қалыптасуын қамтамасыз ету үшін, баланың қабілетін түрлі әрекетте көрсету үшін, зерттеу жүргізу керек. Зерттеу жүргізудегі ең маңызды нәрсе проблеманы көре алу болып табылады. Мұғалім оқушының қабілеттілігін жан-жақты зерттемей отырып, оның тәрбиесі мен оқуында нәтижелі жетістікке жетуі мүмкін емес.
Оқушылардың жобамен жұмыс істеуге дайындықта, жобалау іс-әрекеттерін ұйымдастыруда төмендегі кілттік құзыреттіліктерді меңгеруі керек:
Проблемаларды шешу мен өзіндік менеджмент:
проблемалық жағдайларды көре алуы;
қажеттілікті анықтай алуы;
мақсат қоя білу, оған жету үшін міндеттерді анықтай алуы;
ақпараттық мәліметтерді жинақтай білу, оның негізгісін анықтай алуы;
нақты нәтижені анық айқындап көрсете алуы;
өз мүмкіндігін дұрыс бағалай білуі.
Ақпараттық құзыреттілік:
жоба бойынша ақпараттарды алудың түрлі көздерін білуі;
әдебиеттер, анықтама құралдар, ғылыми мақалалар мен оқулықтар, түрлі кешендерді пайдалануы;
әдебиеттерге талдау жасай алуы және қажетті мәліметтерді бөліп алуы;
интернет байланыстарын пайдалана алуы;
қажетті ақпаратты тауып, жоба бойынша технологиялық карта құру;
жоба туралы ақпаратты, оның нәтижесін сауатты түрде ұсыну.
Әлеуметтік құзыреттілік:
топта жұмыс істей отырып, топ мүшелерін тыңдау білуі; өзгенің пікірін құрметтеп, сұрақтарды талдай алуы;
жоба бойынша серіктесімен қарым-қатынас орнатуы;
өз ой-пікірін анық, нақты және сауатты жеткізуі;
өз көзқарасын жеткізіп, пікірталасқа түсе білуі;
интернет байланыстарымен жұмыс жасау дағдыларын меңгеруі;
жоба жұмысын ақпараттық технологияларды пайдалана отырып, презентациясын дайындап, оны қорғауы[38].
Жобаны орындаудағы негізгі әрекет алгоритм әдістемесі болып табылады. Зерттеуші Н.В. Матяш анықтауы бойынша жобаны орындаудың алгоритмі төмендегі үш сатыдан тұрады: ұйымдастырылған дайындық сатысы, технологиялық сатысы, қорытынды сатысы [39]
Шығармашылық жоба жұмысының қорытынды бағасы әр сатылардың орындалу есебінен, әрі конструкциялау, модельдеу, дайындалуы, бұйымның сапасы және негізгі ұсынысы мен оны қалай қорғай алуына байланысты қойылады.
Қорытындылай келе, бұл көрсетілген педагогикалық жобалау іс-әрекеттің жиынтығы орындалған жоба жұмыстарының нәтижелерінің бағалануы негізінде әрбір оқушының жеке дара даму деңгейін анықтап беретін, ізденіс, зерттеушілік және шығармашылық қабілеттілігінің көрсеткіші ғана емес олардың жан-жақты дамуы мен болашақтағы мамандығына дұрыс таңдау жасай алу жолдарында ерекше орын алады деп есептеймін.
Ең маңыздысы, осы жоба әдісі арқылы ұлттық дәстүрлер мен ұмыт болған қолөнерімізді қайта жандандырып, барын жаңартып, көнесін ескінің көзі деп сақтауға үйретіп, оларды күнделікті тұрмыста, отбасында, ұрпақ тәрбиесінде қолдана білуіміз керек. Бұл оқушылардың уақыт талабына сай адам болып тәрбиеленуі мен білім алуына негіз болады деп ойлаймын.
Жобаның тиімділігі – көзбен көріп, құлақпен естіп, есте сақтай отырып, оқушыны ізденіске, іскерлік пен танымдық ынтаға, шығармашылық қабілетті жетілдіру арқылы түрлі мәселелерді шеше білуге, тапқырлыққа, жаңа ғылыми ізденіске жетелеуде.
Бастауыш мектептің оқыту үрдісінде жобалау жұмыстарын бастамас бұрын белгілі бір тақырып алынады.Ол тақырыптың мақсаты мен міндеті нақты белгіленгеннен кейін,күтілетін нәтижеге жету жолдарын жобалау керек.Қазіргі заманға сай бәсекеге қабілетті тұлға тәрбиелеуге байланысты жобалау жұмысын жүргізу өте қажет.Мынадай сабақ тақырыптары мен жоспарларын алып жобалау әдісін пайдалана отырып белгілі бір нәтижеге қол жеткіздік. Ана тілі сабағынан мынадай тақырыптарды ала отырып оқушыларды жақсылыққа,ибалылыққа баули отырып, білім нәрімен сусындатып өз мақсатымызға жеткендей болдық[40].