Мұнай және мұнай өнімдері көмірсутектер мен басқа қосылыстардың өте күрделі қоспасы. Оларды кәдімгі айдау әдістері бойынша жеке заттарға бөліп алу мүмкін емес. Әдетте, мұнайды және мұнай өнімдерін айдау арқылы жеке бөліктерге бөледі, бұлардың әрқайсысы көмірсутектердің күрделі емес қоспасынан тұрады. Мұндай бөліктерді фракциялар немесе дистилляттар деп атайды. Мұнай фракцияларының жеке қосылыстар сияқты тұрақты қайнау температуралары болмайды. Олар белгілі бір температуралар аралығында қайнайды, яғни қайнаудың басталу (қ.б.) және қайнаудың аяқталу (қ.а.) температуралары болады. Қайнаудың басталу және аяқталу температуралары фракцияның химиялық құрамына байланысты болады.
Сонымен, мұнайдың және мұнай өнімдерінің фракциялық құрамы белгіленген температуралық аралықта қайнайтын әртүрлі фракциялардың құрамын көрсетеді. Мысалы, «фракция 180–350 оС» көрсеткіші фракцияның 180 оС бастап 350 оС дейін қайнайтындығын көрсетеді. Бұл көрсеткіштің үлкен практикалық мәні бар. Мұнайдың фракциялық құрамы арқылы қандай мұнай өнімдерін және қандай мөлшерде бөліп алуға болатынын анақтайды. Бензиннің және басқа да мотор отындарының фракциялық құрамы олардың буланғыштық дәрежесін сипаттайды. Өндірістік қондырғыда мұнайдан бөлініп алынатын негізгі фракциялар мыналар:
бензинді – қ.б. (28оС) – 180 оС (керосин фракциясы бөлініп алынбаған) немесе қ.б. (28оС) – 150 оС (керосин фракциясы бөлініп алынған); керосинді – 150 оС – 250 оС;
дизельді – 180 оС – 350 оС (керосин фракциясы бөлініп алынбаған) немесе 250 оС – 350 оС (керосин фракциясы бөлініп алынған).
Осы фракциялардың жиынтық шығымы (350 оС дейін) мұнайдағы ашық түсті фракцияларды құрайды.
350 оС жоғары фракциялардан вакуумды газойль 350-500 оС және гудрон 500 оС – ең ауыр өнімдер алынады.
Фракциялық құрамын анықтау үшін мұнайды немесе мұнай өнімдерін арнайы құралда белгілі температурада қыздырып айдайды және координат жүйесіне айдаудың қисық сызығын тұрғызады: 3.1. суретінде көрсетілгендей етіп абсцисса осіне – фракцияның шығымын (көлемдік немесе массалық %), ал ордината осіне – қайнау температурасын (оС) орналастырады.
Мұнайдың және мұнай өнімдерінің фракциялық құрамын анықтайтын барлық әдістердің негізі қайта айдау (дистилляция) процесі болып табылады. Зертханалық тәжірибеде кең қолданыс тапқан қайта айдау түрлері мыналар: 1) біртіндеп булану принципіне негізделген қайта айдау: а) атмосфералық қысымда 350 оС дейін қайнайтын мұнай және мұнай өнімдерін айдау;
ә) вакуумда 350 оС жоғары қайнайтын мұнай өнімдерін айдау; б) дефлегматорды қолдану арқылы айдау; в) анық ректификациямен айдау; 2) бір рет булану принципіне негізделген қайта айдау; 3) жоғары молекулалы қосылыстар үшін молекулалық дистилляция; 4) имитацияланған қайта айдау.
1 – анық ректификациямен айдау арқылы алынған қисық сызық (ИТК қисығы); 2 – бір рет буландыру қисық сызығы (ОИ қисығы); 3 – қалыпты айдау арқылы алынған қисық сызық (Энглер бойынша айдау); t1, t2, t3 ... tn – х1, х2, х3 ... хn нүктелеріндегі дистилляттың қайнау температуралары; t1 – t2 фракциясы х2 – х1 мөлшерінде қайнайды; е – фракцияның массалық үлесі.