Д.А.Қонаев 1955–60 жəне 1962–64 жылдары Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің төрағасы, ал 1960– 1962 жəне 1964–1986 жылдары Қазақстан Коммунистік партиясының Орталық Комитетінің Бірінші Хатшысы болды. Бірнеше мəрте КСРО Жоғарғы Кеңесінің депутаты болып сайланды. СОКП-ның ХІХ съезінен бастап кейінгі съездерінің бəріне делегат болды. Партия делегациясын басқарып, əлденеше рет шетелдерде болып қайтты. 1956 жылдан бастап СОКП Орталық Комитетінің мүшесі болды. 1966 жылы партияның ХХІІІ съезінде ол СОКП Орталық Комитетінің Саяси Бюросының мүшелігіне кандидат, ал 1970 жылы ХХІV съезде Саяси Бюроға мүше болып сайланды.
Осылай ол 20 жылдан аса уақыт бойы СОКП ОК Саяси Бюросының мүшесі болып, КСРО секілді айдарынан жел ескен алып державаның ішкі-сыртқы саясатының мəселелерін шешуге қатысқан əлемдік масштабтағы мемлекет қайраткер дəрежесіне көтерілді.
Ол Қазақстанның экономикасы мен мəдениетін өркендету жолына өзінің білімін, мол тəжірибесін жəне ұйымдастырушылық қабілетін халқының пайдасына жұмсады. Д.А.Қонаев өз заманының ұлы саясаткері бола білді. Ол билік басында болған уақыт қаншалықты күрделі, қарама- қайшылықты болғанымен, елдің экономикасын, əлеуметтік саласын, ғылымын, ұлттық мəдениетін дамыту ісіне айтулы еңбек сіңірді. Түрлі деңгейдегі партия жəне кеңес қызметін атқара жүріп, Орталықтың өктем саясатының ығымен кете бермей, ел мүддесін, болашақ қамын да бір сəт естен шығарған жоқ. 1960-шы жылдардың басында Н.С.Хрущевтің озбырлығымен Өзбекстанға беріліп кеткен қазақ жерінің біраз бөлігін, атап айтсақ, екі совхоз бен 500 мың қойдан басқа жерлердің барлыған қайтадан қайтарып алуы соның айқын бір дəлелі еді.
Республика партия ұйымын басқарған ширек ғасырға жуық уақыт ішінде өзінің үлкен мəдениеттілігімен, иманжүзді ізеттілігімен танылып, халық дəстүрін жақсы білетін, тағылымы терең, ой өресі биік жан екенін көрсетті. Кейін мемлекет ісінен қол үзген кезде де Қазақстанның тəуелсіздігінің алғашқы қиын жылдарында ол білімдар, білікті жан ретінде елде жүріп жатқан реформа бағыттарын, қоғамды демократияландырудың қажет екенін терең сезініп, қолдай білді.
Қазақстанның қуатты аграрлы-индустриалды мемлекет ретінде қалыптасуында Д.А.Қонаевтың сіңірген еңбегі ерекше. Д.А.Қонаевтың билігі кезеңінде Өскемендегі қорғасын-мырыш жəне титан- магний, Соколов-Сарыбай, Лисаков, Балқаш, Жезқазған тау-кен-металлургия комбинаттары кұрылды жəне дамыды. Оның көмегімен химия, метталлургия институттары ашылды. Қазақстандағы ВАСХНИЛ, Ақмоладағы Бараев институты əлеуметтік тапсырыс пакеттерін алды, ядролық физика саласындағы қарқынды жұмыстар басталды, Орта Азиялық əскери округ, əскери-инженерлік база кұрылды. Алматыдағы құрылыс пен қаланың өркендеуіне де ол аз нəрсе жасаған жоқ. Оның бастамасы бойынша бой көтерген Республика сарайы, Достық даңғылындағы тұрғын үйлер, «Медео» спорт кешені, Балуан Шолақ атындағы спорт жəне мəдениет Сарайы, Республика алаңы, Қазақстан, Жетісу, Алматы, Алатау мейманханалары, цирк, аэровокзал, əуежай жəне көптеген ірі ғимараттар Қазақстан Республикасының визиттік карточкасы болып қалды. Ел астанасының көркеюіне жұрттың бəрі мүдделі десек те, сол кезде оны жүзеге асыру қиын еді. Үлкен құрылысты салу үшін Мəскеудің рұқсаты керек. Ал ондағылар басқа жақта, əсіресе мəдени-ұлттық нысандардың бой көтергеніне онша құлықты емес еді. Алматыда біраз нысандардың бой көтеруіне Д.А.Қонаевтың беделі, тіпті тапқырлығы көмектесті. Айталық, Лениннің 100 жылдық мерекесін атап өту үшін көп адам сыятын əсем ғимарат керек деген себепті алға тосып, Республика сарайын салдырды. Сол ұлы көсем атындағы даңғылды көркейтеміз деп, оның бойынан біраз мəдени-тұрмыстық нысандар тұрғызды: 25 қабатты «Қазақстан» қонақ үйі, М.Əуезов атындағы академиялық драма театры, М.Лермонтов атындағы орыс драма театры, Қазақ циркі, жастардың Неке сарайы, Ұлттық кітапхана, «Арасан» моншасы, жабық Көкбазар кешені, тоғыз қабатты Баспасөз үйі, Алматы темір жол вокзалдары, республикалық Пионерлер сарайы жəне т.б.
Достарыңызбен бөлісу: |