№7 ДӘРІС.Қимыл сапалықтарын дамыту.Ептілік, иілгіштік, жылдамдық, күш, төзімділік. Жоспары: 1. Дене қасиеттері, анықтамасы, түрлері 2. Негізгі қимыл сапалықтарын дамытудың маңыздылығын, мазмұндылығын толық ашу. 3. Ептілік, жылдамдық, иілгіштік, күш, төзімділік. 4. Жас ерекшеліктеріне байланысты ептілікті, жылдамдықты, иілгіштікті, күш, төзімділікті дамыту әдістемелер
№ 7.1. «Дене қасиеттері», «қозғалыс қасиеті» деген терминдер, ұғымдар арнайы оқу кітаптарында бір мағынада пайдаланылады. Олар адамның қозғалыс мүмкіншілігінің әрекеті жағын көрсетеді. Дене қасиеттері адам қозғалғанда, дене қуатын көрсеткісі келгенде пайда болады. Адам жай тыныштық күйде болғанда ол қаншалықты күшті, жылдам немесе төзімді екенін біз білмейміз, кеңістікте көп уақыт аралығында жылдам қозғалса жылдам екенін, қарқынын азайтпай ұзақ жүгіре алса төзімді екені көрінеді. Яғни, дене қасиеттері адам денесінде белгілі бір деңгейде сақталып тұрады. Ол қозғалған кезде, дене қуаты деңгейін көрсеткісі келген кезде, ол адамның қаншалықты күшті, жылдам, төзімді екенін білеміз. Спортшы дене жаттығуларын тұрақты орындау арқылы дене қасиеттері деңгейін жоғарылата алады. Ол сол жоғарылатқан деңгейінде адам денесінде, санасында сақталып тұрады. Әрине, спортшы әрекет жасап, ол дене қасиеттерін тұрақты деңгейде ұстап отырмаса, ол қасиеттер төмендейді, егер тұрақты, өмір бойы жүйелі жаттығулар арқылы шұғылданып отырса, жаттығу техникасы секілді дене қасиеттері де адам денесінде, санасында сақталып тұрады.
Адамның денесінде, санасында белгілі бір деңгейде сақталып тұрып, ол қозғалғанда, әрекет жасағанда пайда болатын қасиеттерді дене қасиеттері дейміз.
Ол қасиеттер міндетті түрде адам сол дене қасиеттерінің деңгейін көрсеткісі келіп әрекет жасағанда толық деңгейде көрінеді. Мысалы, спортшы күш деңгейін көрсеткісі келіп ауыр штанга көтереді, белтемірде көп тартылады, жылдамдық деңгейін көрсеткісі келіп 30 м-ді тез жүгіреді, төзімділік деңгейін көрсеткісі келіп 3 шақырымға жүгіріп, жақсы уақыт көрсетеді т.с.с.
Осы дене қасиеттерінің деңгейін көтеру, дамыту, тәрбиелеу арқылы ғана біз дене тәрбиесі мен спортта жақсы нәтижеге жетеміз. Мысалы, волейбол ойынындағы маңызды техника тәсілі «шабуыл соққысын» орындау, жоғары көтерілген допты соғу үшін спортшының секірген кездегі қолы тордың үстінен ең аз дегенде 20-30 см жоғары шығу керек. Ол үшін міндетті түрде аяқтың секіру, серпін жасау күшін дамыту керек болды. Сондықтан да біз дене тәрбиесі мен спорт тәжірибесінде қозғалыс техникасын үйретумен қатар дене қасиеттерін дамытуымыз қажет. Дене тәрбиесі мұғалімі, спорт түрлерінің жаттықтырушылары, сауықтыру дене тәрбиесімен, қолданбалы дене тәрбиесімен айналысатын мамандар, спорт нұсқаушылары дене қасиеттерін дамыту, тәрбиелеу амалдарын, әдістерін, әдістемелерін, әдістемелерді жас ерекшеліктеріне байланыстыруды жақсы білуі, іс-тәжірибеде қолдана білуі керек.
Жылдамдық, оның түрлері, дамыту амалдары мен әдістері
Жылдамдық дегеніміз – адамның белгілі бір уақыт аралығында кеңістікте жылдам қозғалған әрекеті. Жылдамдық үш түрде пайда болады:
1. Қарапайым және күрделі қозғалыс әрекеті жылдамдығы.
2. Дербес қимыл жылдамдығы.
3. Қимыл жиілігі.
Қарапайым қозғалыс жылдамдығы дегеніміз – алдын ала белгілі қозғалыспен, бірақ кенеттен берілетін дыбысқа жауап (спортшының дыбыс берілген кезде белгілі қозғалыс әрекетін тез орындауы). Қарапайым қозғалыс жылдамдығы қандай да бір қоздырғышқа кері жауап қайтару уақытымен бағаланады. Қоздырғыштар – жаттықтырушының, төрешінің дауысы, сөрелік тапаншаның атылуы, шапалақтың соғылу дыбысы, жарықтың жарқ етуі, төрешінің жалау ұстаған қолын сермеуі және т.б. Мысалы, 100 м жүгірудегі сөрелік тапаншаның атылуы немесе төрешінің дауыстаған бұйрығы бойынша жүгіре жөнелу. Қарапайым көру – қозғалыс жылдамдығының ұзақтығы спортшыларда орташа 0,10-0,20 секөндтан, спортпен жаттықпайтындарда 0,15-0,25 секөндтан көбірек уақытта болады. Берілген дыбысқа жауап спортшыларда 0,05-16 секөндқа дейін, жай адамдарда 0,20-0,35 секөндтан көбірек уақыт мөлшерінде болады. Қарапайым қозғалыс жылдамдығын тәрбиелеу әдістемесі екі кезеңге бөлінеді де, әр кезеңде өзіне тән дене тәрбиесі әдістері қолданылады.
Бірінші кезеңде көп тараған әдістер мыналар:
Қайталау әдісі. Кенеттен болған дауысқа көп рет, әрбір ретте тезірек сезіну мүмкіншілігін жақсарту. Мысалы: төменгі сөреден дыбыс бойынша тез жүгіріп шығу, әр түрлі дене қалпында тұрып, отырып, жатып, сол қалыптан жаттықтырушы берген дыбыс бойынша тез сезіне жүгіріп шығу және т.б.
Ойын әдісі. Әр түрлі қозғалмалы ойындар. Спорттық ойындар (баскетбол, үстел теннисі, волейбол, бадминтон т.б.) ойнау немесе ойын элементтерін қолдану.
Жарыс әдісі. Дене тәрбиесі мұғалімі мен жаттықтырушының басқаруымен жарыс, бәсеке түрінде берілетін әр түрлі эстафеталық сипаттағы жаттығулар.
Екінші кезеңде «сенсомоторлық» әдістеме қолданылады. Бұл әдістеме спортшының жылдам қозғалысы және сол жылдам қозғалған әрекетке жұмсаған аз уақыт аралығын айыра білу қабілеттілігіне негізделген. Іс жүзінде ол былай орындалады: спортшы жаттықтырушының жылдамдық уақыты туралы хабарын ала отырып сөрелік дыбысты өте тез сезуге тырысады. Сонан соң келесі жаттығу кезеңінде ол сезіну жылдамдығын өзі бағалайды, жаттықтырушы содан кейін ғана уақыт ұзақтығын хабарлайды. Спортшы мен бапкердің уақыт ұзақтығын бағалауы бірдей болған кезде, жаттығушыға алдын ала келісілген жылдамдықты сезіну тапсырмасы беріледі. Ақырында спортшыда уақытты дәл қабылдау қабілеттілігі қалыптасады, ол сезіну жылдамдығының жақсаруын тездетеді.
Күрделі қозғалыс жылдамдығы дегеніміз – белгілі, белгісіз қоздырғыштарды сезіну, көру, жауап қайтару уақыты.
Күрделі қозғалыс жылдамдығы көбінесе спорт ойындарында, жеке сайыс түрлерінде кездеседі. Бұл спорт түрлерінде қозғалып келе жатқан жанды, жансыз затты (доп, қарсылас, семсер, жұдырық т.с.с.) сезіну және бірнеше мүмкіндіктен бір дұрыс әрекетті тауып, тез қолдану міндеті тұрады. Мысалы, қақпаға доп соғылғанда қақпашының алдында төрт міндет тұрады: допты көру, бағытын және ұшу жылдамдығын бағалау, әрекет жоспарын құру, оны орындауға кірісу. Күрделі қозғалыс жылдамдығы уақыты қарапайымға қарағанда ұзағырақ 0,25-0,80 секөндқа созылады.
Күрделі қозғалыс жылдамдығын дамыту үшін берілетін жаттығулар біртіндеп қарапайымнан күрделілендіре орындалады (мысалы, бокста қарсыласты соғу жылдамдығын арттыру, футболда ойын алаңының көлемін кішірейту, жеке сайыста қашықтықты азайту, жазу блоктары бар тренажерлік қондырғыларды пайдалану т.б.). Күрделі қозғалыс жылдамдығын жетілдіруге ойын және жарыс әдістері қолданылады.
Негізгі қолданылатыны – қайталау әдісі. Кенеттен пайда болатын дыбысты сезу, басында бір (мысалы, бокстағы оң қолмен соғатын соққы) сонан соң екі, үш, төрт және с.с. (серия) соққылар жасау.
Дербес қимылдау жылдамдығы. Дербес қимылдау жылдамдығы (семсерлесудегі түйреу, футболдағы доп тебу, баскетболдағы доп лақтырулар және т.б.) спорт ойындарында, жеке сайыста нақты бір бұлшық ет жұмысы жаттығулары кезінде пайда болады да, қозғалыс жылдамдығымен қатар тәрбиеленеді.
Дербес қимыл жылдамдығын тәрбиелеу үшін әр түрлі бұлшық ет топтарына арналған жылдамдықпен орындалатын нақты бір жаттығулар (еңкею, сермеу, секіру, түйреу т.с.с.) қолданылады. Бұл жаттығулар жалпы дамытатын жаттығулар кешеніне кіргізіліп, сабақтың кіріспе бөлімінде орындалады.
Қимылдың жиілігі. Циклді сипаттағы жаттығуларда қимыл жиілігі жылдамдығы пайда болады (мысалы, 10 секөндта орнында тұрып жүгірудегі өте көп қадам саны). Қимыл жиілігін тәрбиелеу үшін өте жоғары шапшаңдықпен орындауға болатын жаттығулар пайдаланылады (мысалы, 10 секөнд бойы жүгіру). Бұл жағдайда қимыл жиілігін дамыту үшін, аз қашықтыққа қатты (жылдамдық қашықтықтың аяғына дейін бәсеңдемеуі керек) жүгіру қажет.
Жылдамдық жаттығулары аздаған мөлшерде сабақтың негізгі бөлімінде, орталық жүйке жүйесі қалыпты жағдайда тұрған кезде беріледі. Қимыл жиілігі жылдамдығын дамыту үшін қайталау, өзгермелі орындау, ойын, жарыс әдістері қолданылады. Жарыс әдісіндегі жоғарғы сезім, қоздыру күші жылдамдық мүмкіншіліктерінің пайда болуына жақсы жағдай тудырады. Жоғары шекте жылдамдық жаттығуларын көп рет қайталау жаттығушыны шаршатып «шаршау кедергісін» тудырады, ол оқушылардың жылдамдық мүмкіншілігінің өсуіне бөгеу болады. Бұл кедергіні болдырмау үшін арнайы жылдамдықты қалыптастыратын жаттығулар қолданылады. Мысалы, олар: таудан еңіске жүгіру, бір нәрсеге тіркеле жүгіру, жеңіл снарядтарды лақтыру т.б.
№ 7.2. Иілгіштік, оның түрлері
Адамның жаттығуды үлкен амплитудамен орындау қабілеттілігін иілгіштік дейміз. Амплитуда дегеніміз - адамның жаттығуды орындағандағы дене мүшелерінің бір шеткі қалыптан екінші шеткі қалыпқа жеткізе орындаған қимыл-әрекеті. Мысалы, оқушы аяқтарын бірге қойды – бір шеткі қалып, аяқтарын жан-жаққа созып «шпагатқа» отырды – екінші шеткі қалып, қолдарын жоғары көтеріп шалқайды – бір шеткі қалып, қолдарын алақанымен, шынтағымен еденге жеткізе алдыға еңкейді – екінші шеткі қалып т.с.с.
Иілгіштікті өсу буын құрылымдарына; бұлшық еттің, сіңірдің созылымдылығына; көңіл-күйге (жоғары көңіл-күй кезінде икемділік артады); бой қыздыруға; сыртқы температураға; тәулік уақытына (12-ден 17-ге дейін ол көп); жасқа (15-16 жаста икемділік көп кезі); күш даму деңгейіне (күші көп адамдардың икемі аз); спорттық мамандыққа және т.с.с. байланысты.
Иілгіштікті белсенді және енжар болады:
Спортшының өз әрекетімен, үлкен амплитудамен қозғалысты орындау қабілеттілігін белсенді иілгіштік дейміз.
Сыртқы орта әрекеті күшімен әсер етіп қозғалысты үлкен амплитудамен орындау қабілеттілігін енжар иілгіштік дейміз. Сыртқы орта әрекетіне жататындар – дене тәрбиесі мұғалімінің, жаттықтырушының, серігінің көмегі, әр түрлі құрал-жабдықтардың көмегі т.с.с. Мысалы, кілемде аяқтарын жан-жаққа соза отырып, аяқтарының ортасына қарай терең еңкейіп, икемділік жаттығуын жасап жатқан спортшыны алайық. Ол өз әрекетімен, өз күшімен жаттығуды орындаса белсенді икемділік, ал орындап жатқан кезде жаттықтырушысы келіп арқасынан итере басып, терең еңкеюге көмектессе енжар икемділік деп танылады. Икемділікті тәрбиелеудің басты кезеңдерінде белсенді икемділікті дамытып барып, ары қарай енжар икемділікті дамыту әдісін жалғастырса дұрыс болады. Икемділік сыртқы орта әсері арқылы жақсы дамиды.
Иілгіштік ті дамытудың амалдары мен әдістері
Иілгіштікті дамытудың негізгі амалы – созылу, керілу жаттығулары. Ол жаттығулар мынандай түрлерде орындалады: қарпайым созылу, серіппелі созылу, сермеу, дене қалпын ұстау, сыртқы көмектің әсерімен созылу т.с.с. Иілгіштік жаттығуларын бой қыздырудан кейін сабақтың барлық бөлімдеріне кіргізуге болады. Иілгіштік жаттығуларын орындағанда нақтылы міндет қою қажет, мәселен белгілі затты алу немесе бір затқа дене мүшелерін тигізу т.с.с. Мысалы, алға-төмен еңкею, омыртқа жүйесін созу жаттығуын орындаудың басында қолдың ұшын жерге тигізу, алақанды тигізу, шынтақты тигізу кезекпенен, бар мүмкіншілікпен әрекеті, созыла орындалады. Созылу жаттығуларын амплитуда орындау шегіне жеткізе, яғни буындарда жеңіл ауырту сезімдерін сезінгенше орындау қажет. Созылу жаттығулары тізбегінен кейін босаңсыту жаттығулары орындалады.
Буындардың жылжымалылығын арттыру үшін күнделікті жаттығулар жасау керек. Иілгіштік жаттығулары арасындағы 2-3 апта үзіліс оның дамуына кері әсері туғызады. Иілгіштікті дамытудың негізгі жолы – қайталау әдісі. Жаттығуларды рет-ретімен мойын, қол буындарына, кеуденің омыртқа белдеулеріне, аяқ буындарына арнап орындау қажет. Иілгіштік жаттығуларын қайталау мөлшері әр түрлі. Бел-жамбас буынының иілу және жазылу жаттығуларындағы амплитуданың қозғалу шегі 7-10 жастағы оқушыларда 20-30 рет, 11-14 жастағыларда 30-40 рет, 15 жастағыларда 45 рет қайталағаннан кейін жетіледі. Одан әрі қарай амплитуда қозғалысы азаяды, жаттығуды тоқтатқан дұрыс.
Күш, күштің түрлері.Сыртқы қарсылықты жеңу немесе бұлшық ет көмегі арқылы оған қарсылық көрсетуді күш дейміз. Күш үш түрлі бұлшық ет жұмысы тәртібінде пайда болады:
1. Жеңу тәртібі. Бұл кезде бұлшық ет жиырылады, қысқарады. Мысалы, белтемірде тартылу.
2. Көну тәртібі. Бұл кезде бұлшық ет созылады, ұзарады. Мысалы, белтемірден төмен түсу, салбырау.
3. Қозғалмайтын (статикалық) тәртіп. Бұл кезде бұлшық ет ұзындығы өзгермейді. Мысалы, белтемірде асылып тұрып, екі аяқты кеудеге бұрыш жасай көтеріп, бірнеше ондаған секөнд ұстап тұру.
Күштің пайда болу түрлері:
Жеке күш мүмкіншілігі статикалық кезде (дене қалыбын ұстау) және ақырын қозғалыс кезінде пайда болады. Мысалы, еденнен жай қарқында итерілу, аспа темірде тартылу, шалқадан жатып кеудені көтеру жаттығуларын жасағандағы спортшының өз күш мүмкіншілігін көреміз.
Күш жылдамдығының мүмкіншілігі тез, жылдам қозғалыста пайда болады (секіру, лақтыру т.б.). Бұл жағдайда спортшы күшіне жылдамдық қосу арқылы, жаттығуды тез орындау арқылы жоғары нәтижеге жетеді. Мысалы, жеңіл атлетикадағы диск, ядро, граната, найза лақтыру, жүгіріп келіп ұзындыққа секіру жаттығулары.
Адам денесі күштің пайда болу үрдісінде үлкен маңыз атқарады. Адамның қозғалыста өз дене салмағын есептемей, барлық мүмкіншілігімен көрсеткен күші абсолютті күш немесе ең жоғарғы күш деп аталады.
Әр түрлі салмақтағы адамның күшін салыстыру үшін салыстырмалы күш деген ұғым пайдаланылады. Бұл - 1кг адам салмағына келетін күш мөлшері. Спортшылардың салмағы өсуімен бірге абсолюттік күші де көбейеді, ал салыстырмалы күші азаяды. Жаттығушылар абсолюттік немесе салыстырмалы күштерді спорт түрлеріне байланысты дамытады. Мысалы, жеке сайыстағы спортшыларға (ауыр салмақ дәрежесіндегілер), лақтырушыларға (найза, граната) абсолюттік күш қажет, ал гимнасттарға, акробаттарға, палуандарға, жеңіл салмақ дәрежесінде штанга көтеретін спортшыларға салыстырмалы күш керек, ол күш неғұрлым көп болса, соғұрлым спортшылардың дене дайындығы жоғары болмақ.
Күшті дамыту амалдары мен әдістері
Күшті дамыту үшін жоғарғы қарсылық жаттығулары қолданылады. Олар екі топқа бөлінеді:
1. Сыртқы қарсылық жаттығулары. Сыртқы қарсылықтарға: әр түрлі спорт құралдарының салмағы (штанга, гирлер, батпандар т.б.), серігінің қарсы әрекеті (жұптық жаттығулар), сыртқы ортаның қарсылығы (құмда, қарда, суда жүгірулер т.б) жатады.
2. Өз салмағының ауырлығын басқару жаттығулары ( белтемірде тартылу, еденнен итерілу, отырып-тұрулар, секірулер т.б.).
Ауырлық шамасын білу үшін спортшы неше рет көтере алатыны белгілі салмақ қолданылады. Ол салмақты қайталау шегі (ҚШ) деп аталады. Мысалы, 2 ҚШ дегеніміз – спортшы екіден артық, көтере алмайтын салмақ.
Дене тәрбиесі тәжірибесінде күшті дамытудың көп тараған әдістері бар:
Жоғарғы күш салу әдісі. Бұл әдіс кезінде жаттығулар аса ауыр салмақты заттармен орындалады (ауыр салмақты штанганы көтеру, салмақ қосып тартылу т.б.) Жүйке бұлшық ет аппаратының жұмысы шегіне жете қолданылып, сол арқылы күштің көп өсуіне мүмкіншілік береді. Алайда, бұл әдіс психикалық ширықтыруға соқтырады да, балалармен жұмыс істегенде байқап қолдану керек.
Жоғарғы күш салу әдісін қолдану сипаты мынандай: Қарсыласу шамасы 1-4 ҚШ (ауырлық көтеру шамасынан 90-100 %) бір жаттықтыру сабағында 3-4 тізбекпен орындалады. Орындау аралығында тынығу, спортшы ағзасы толық бастапқы қалпына келгенге дейін, 3-5 минөтқа дейін созылады.
Қайталап күш салу әдісі. Бұл әдіс екі негізгі ауырлық шегі аймақтарына бөлінеді, әрбір аймақта жаттығу әбден шаршағанша немесе көтеруге шамасы келмей қалғанша орындалады. Бұл жағдайда соңғы әрекеттерде күш түсірудің шегіне жету әсері байқалады, жаттығуға көптеген бұлшық еттер саны қатысып, көмектесе бастайды.
Бірінші аймақ: жаттықтыру сабағында қарсыласу шамасы 4-12 ҚШ (ауырлық көтеру шамасынан 50-80%) 3-6 тізбекпен орындалады. Тізбек арасындағы тынығу – 2-4 минөт. Мұнда спортшы ағзасы толық бастапқы қалпына келмейді. Бұл жерде абсолюттік күш және күш төзімділігі дамиды.
Екінші аймақ: қарсыласу шамасы 13-20 ҚШ (ауырлық көтеру шамасынан 30-60 %) 2-4 тізбектен артық қолданылады. Тізбек арасындағы тынығу - 2-4 минөт. Мұнда күш төзімділігі дамиды, жаттығу өте тез қарқында орындалса күш жылдамдығы қасиеті дамиды.
Қайталап күш салу әдісі балаларды зақымдандырмайды, жаттығу техникасын дұрыс орындауға көмектеседі, зат алмасу үрдісін жақсартады, бұлшық етті өсіреді. Жеке бұлшық ет топтарын дамыту үшін қолдануға болады.
Статикалық (қозғалмайтын) күш салу әдісі. Қатаю ұзақтығы бір орындауда 6-8 секөнд, күш салу шамасы 70-тен 100 %-ға дейін. Бір жаттығу сабағында 3-5 рет қайталанады, тынығу аралығы әрбір қатаюдан кейін – 30-60 секөнд. Бұл әдіспен жаттығу кезінде жоғары күш жақсы дамиды.
Төзімділік, оны анықтау әдістері, түрлері
Адамның жұмысты ұзақ, қарқынын азайтпай орындай алу қабілетін төзімділік дейміз.
Адамның берілген қарқынды әрекетке және болдыруға қарсылық ете алатын уақытын төзімділіктің өлшемі деп атаймыз.
Төзімділікті анықтаудың тура және жанама деген екі әдісі бар. Тура әдісінде сыналатын спортшыға бір тапсырма беріледі де (мысалы, велоэргометрде жұмыс істеу, стадионды айналып берілген қарқынмен жүгіру т.с.с), сол жұмыстың орындалған уақытының ұзақтығы анықталады. Қай спортшы берілген қарқынмен, ұзақ уақыт жұмыс істесе сол төзімді деп есептеледі. Жанама жолмен төзімділік деңгейін білу әдісінде спортшыларды белгілі бір ұзақ қашықтыққа (500,1000, 3000 метр) жүгіртеді де, жүгірген уақыты анықталады. Неғұрлым аз уақытта берілген қашықтықты жүгіріп өткен спортшы соншалықты төзімді деп есептеледі. Немесе белгілі уақытта қарқынын азайтпай, әр түрлі жұмыстарды орындау тапсырмасы беріледі. Мысалы, палуандарға берілген уақыт бойынша жамбастан асыра лақтыру тәсілімен «манекенді» лақтыру тапсырмасы берілді. Берілген уақытқа шыдап, көбірек «манекенді» лақтырған палуан төзімді деп бағаланады.
Төзімділіктің екі түрі бар: жалпы және арнайы. Жалпы төзімділіктің сипатыспортшының ұзақ уақытқа, жай қарқында бұлшық ет топтарының көпшілігін қатыстыра жұмыс істей алу қабілеттілігі (жүгіру, шаңғы тебу, ескек есу т.с.с). Жалпы төзімділіктің физиологиялық негізі адамның аэробты (тыныс алу деңгейін жоғары дамыту және сол деңгейді ұзақ уақыт ұстап тұра алу қабілеттілігі) мүмкіншілігі.
Белгілі әрекетке арналған, спорт түріне бейімделген төзімділікті арнайы төзімділік дейміз. Мысалы, палуанның арнайы төзімділігі, шаңғышының арнайы төзімділігі, жүзгіштің арнайы төзімділігі т.с.с. Арнайы төзімділіктің көптеген түрлері бар: жылдамдылық төзімділігі, күш төзімділігі, жылдамдық күш төзімділігі, статикалық күш салу төзімділігі және аралас төзімділік.
Спортшы ағзасын жаттығу жасап жатқан кезде энергиямен қамтамасыз ету жағынан төзімділік: аэробты, анаэробты және аралас (аэробты-анаэробты) деп үшке бөлінеді. Дене тәрбиесі мен спортта жоғарғы шеберліктегі спортшыларды дайындауда өте маңызды төзімділіктің осы үш түрін жеке-жеке қарастырайық.
Аэробты төзімділікті дамытудың амалдары мен әдістері
Аэробты төзімділіктің физиологиялық негізі – ол оттегіні жұмыс күшіне сәйкес пайдалану немесе «дем жетімсіздігінің пайда болмауы». Аэробты төзімділікті дамытқанда үш негізгі міндетті орындаймыз:
- ауаны үлкен көлемде пайдалану мүмкіншілігін дамыту;
- сол деңгейді ұзақ уақыт ұстау қабілеттілігіндамыту;
- тез тыныс алу үрдістерін үлкен шамаға жоғарылату.
Қалыпты күшпен ұзақ уақыт орындалған циклді (жүгіру, ескек есу т.б.) және ациклді (күрестегі лақтырулар т.б.) жаттығулар аэробты төзімділікті дамыту амалдары болып табылады. Аэробты төзімділікті дамыту үшін бірқалыпты, үздіксіз және аралық жүктемесімен төменде көрсетілген, уақыт тәртібі қатаң шектелген жаттығулардың әдістері қолданылады.
Бірқалыпты, үздіксіз жаттығулар әдісі. Жаттығуды орындау уақыты 10-нан 30 минөтқа дейін, жүрек соғу жиілігі жұмыс кезінде – 150–170 соғу/минөт. Осындай жаттығуларды орындау тәртібі жүрек бұлшық еттерін нығайтады, тыныс алу деңгейін жақсартады. Бұл әдіс төзімділікті дамытудың бастапқы кезеңдерінде пайдаланылады.
Аралық жаттығу орындау әдістері. Бұл әдіспен жаттықтыруды жүргізу, жүрек қызметі мүмкіншіліктерін арттыруға бағытталған. Аралық жаттығу әдісін қолданған кезде жұмыс ұзақтығы 1-ден 3 минөтқа дейін, жүктеме қарқыны минөтына 170-180 соғу/рет, тынығу ұзақтығы 45-90 секөнд ЖСЖ 120-130 соғу/минөтқа дейін созылады. Жаттығуды орындау ұзақтығы оқушының дайындығына байланысты беріледі.
Анаэробты төзімділікті дамытудың амалдары мен әдістері
Анаэробты төзімділікті дамыту, анаэробты жағдайдағы жұмысты энергиямен қамтамасыз етудің ең негізгі – алактатты және лактатты жолмен жұмыс қуатының деңгейін көтеруге бағытталған. Шегіне дейін және шегіне жақын күшпен орындалған, циклді немесе ациклді спорттық жаттығулар қолданылады. Алактатты төзімділік кезінде спортшы ағзасында креатинфосфаттың азаю үрдісі дамиды.
Алактаттық төзімділікті арттыру үшін ұзақтығы 5-тен 10 секөндқа дейінгі уақытта қатты қарқында, жұмыс шегі 100%-ға дейін орындалатын жаттығулар қолданылады. Мысалы, 30-70 метрге жүгіру, 25 м суда жүзу т.б. жаттығулар. Тынығу аралығы – 2-3 минөт. Креатинфосфаттың қоры бұлшық еттерде өте аз, 3-4 әрекетке ғана жетеді, сонан соң 7-10 минөт тынығу қажет. Бір сабақта 4-5 тізбек орындалады.
Қарқыны, жұмыс шегіне 85-95 пайызға жетпей, ұзақтығы 20 секөндтан 2 минөтқа дейінгі ( мысалы, 200-600 метр жүгіру) жаттығуларды орындау кезінде лактатты төзімділік дамиды. Қайталау арасындағы тынығу – 20-40 секөнд. Тез арада болдыру өрістейтіндіктен тізбектегі қайталау саны 3-5 реттен аспайды. Орындайтын тізбек саны жаттығушының функционалдық дайындығына байланысты 4-тен 10-ға дейін орындалады. Тізбек арасындағы тынығу – 15-20 минөт.