2. ДӘРІС. Әлеуметтану теориясына кіріспе. 1. О.Конт – әлеуметтанудың негізін салушы. Оның қоғамның даму кезеңдерін қарастыруы. Әлеуметтік статика және динамика концепциясы.
2. О. Конттың көзқарастарының Г.Спенсер, Г.Тард, Э.Дюркгейм және т.б. ғалымдардың еңбектерінде жалғастырылуы.
3. М.Вебер социологиясы.
4. Әлеуметтанудағы құрылымдық-функционализм (Т.Парсонс, Р.Мертон).
5. Қазақстандағы социологиялық ойлардың дамуының кезеңдері мен бағыттары.
Әлеуметтанудың негізін қалаушы О.Конт әлеуметтану пәнін жалпыға ортақ келісім негізін құрайтын тұтас алынған қоғам деп түсінді. Бұл келісім өз кезегінде адамзат тарихының және адамның өз табиғатының бірлігіне сүйенеді. О.Конт оң әлеуметтанушылық білімді табиғи-физикалық процестерге ұқсатып құрды. Әлеуметтануды әлеуметтік физика деп түсіну, оның пәндік саласын әлеуметтік статикаға және әлеуметтік динамика бөлу осыдан келіп шыққан. Ағылшын философы әрі ғалымы Г.Спенсер әлеуметтануды әлеуметтік институттардың табиғи эволюциясы нәтижесінде ондағы жіктелу тұтасумен ұштасатын әлеуметтік организм ретіндегі қоғам туралы ғылым деп білді. Неміс кәсіби әлеуметтануының атасы Ф.Теннис әлеуметтанудың өзі жасаған тұжырымдамасы шеңберінде теориялық және қолданбалы әлеуметтанумен қатар салыстырмалы оқу пәні ретінде эмпирикалық әлеуметтануды бөліп қарайды. Ол индуктивтік әдіске сүйенеді және жалпы ұстанымдар ретінде теориялық әлеуметтану ұғымдарын пайдаланады. Ф.Теннистің ойынша, әлеуметтану пәнін әлеуметтіліктің, қоғамдастықтың барлық түрлері және олардың негізін адамдардың өзара әрекеті құрайды. Француз әлеуметтану мектебінің негізін қалаушы Э.Дюркгейм үшін дербес және ерекшеленген ғылым ретіндегі әлеуметтанудың пәні әлеуметтік фактілерді зерделеу болды, оларды “заттар ретінде”, қоғамдық тұтастықты нығайтатын наным, ұжымдық сана жүйесіне қатысты функционалдылық көзқарасы тұрғысынан түсіндірілуге тиіс нәрсе ретінде қарастыру қажет. Неміс әлеуметтанушысы М.Вебердің көзқарасы бойынша, әлеуметтану пәнін анықтау әлеуметтік мінез-құлықты түсінумен тығыз байланысты. М.Вебер үшін әлеуметтану пәні дегеніміз әлеуметтік іс-әрекеттердің мән-мағынасының, әлеуметтік қарым-қатынастар мәнінің және олардың әрекет субъектісіне арналған құрылымдарының тұтас жиынтығы. Бұл позитивтік-баяндаушы емес, түсінікті әлеуметтану болуға тиіс. Әлеуметтану пәні туралы американ әлеуметтанушысы П.Сорокиннің түсініктері қызықты. Ол барлық ғылымдарды үш топқа - объективті нақты өмірдің органикалық бөлігін зерделеумен шұғылданатын ғылымдарға, органикалық емес бөлігі және “органика үстілік” немесе әлеуметтік мәдени бөлігін зерделейтін ғылымдарға бөледі. Объективті шынайылықтағы органикалықтан тыс феномендер саласын адамның ментальдік, ойлау қызметінде көрініс табатын әлеуметтік феномендер құрайды. Бұл салаға тіл, ғылым мен техника, дін, философия, өнер, құқық, этика, адамдардың әдет-ғұрыптары мен мінез-құлықтары жатады. Әлеуметтану ғылымдардың үшінші тобына кіреді және органикалықтан тыс феномендер үшін ортақ нәрселерді зерделейді. Сонымен әлеуметтану барлық категориядағы әлеуметтік феномендер, сондай-ақ оларды біріктіретін қарым-қатынастар мен өзара байланыстар туралы жалпы ғылым болып табылады. Американ әлеуметтануының классигі Т.Парсонс әлеуметтануды мінез-құлықтардың өзара іс-әрекеттері мен атқаратын рөлдерінен - құндылықтардың жалпы иерархиясына бағытталған өзара іс-қимылдардан тұратын, мәдени үлгілер, ережелер мен мәртебелердің институциялануына негізделетін құрылымдарға сүйенетін, әлеуметтік жүйелерді зерделейтін ғылым деп біледі. Символикалық интеракционизмнің негізін қалаушы Дж. Г.Мид әлеуметтану жануарлардың мінез-құлқынан принципті түрде өзгеше болатын адам мінез-құлқының механизмін түсінуге тырысуы тиіс деп есептейді. Әлеуметтік өзара әрекет механизмін оның барлық деңгейлері мен мән-мағынасы бойынша барабар түсіну міндетін жеке тұлғаның ішкі дүниесі мен оған себепші болатын факторларды түсінген жағдайда ғана шешуге болады. А.Шюцтің пайымдауы бойынша, әлеуметтану пәні “интерсубъективтіліктің”, яғни жеке адамдар бірін-бірі қалай түсінетіндігінің, дүние туралы жалпы қабылдау мен жалпы түсінік қалай қалыптасатындығының проблемасы болып табылады. Шюцтің интерсубъективтілікті талдаулары кәдуілгі білімнің әлеуметтанушылық іргетасын - феноменалдық әлеуметтанудың бүгінгі таңдағы неғұрлым толық жасалған тұжырымдамаларының бірінің іргетасын қалады. Қазақстанда әлеуметтану көзқарастарының қалыптасу негіздері Қазақстандағы әлеуметтік ой қалыптасуының қазақ халқының қоғамдық және әлеуметтік болмысының, дүниетанымының, әлеуметтік құндылықтар жүйелерінің айрықша нысандарына байланысты өзіндік ерекшеліктері бар.
ХІХ ғасырдың аяғы мен ХХ ғасырдың басындағы әлеуметтік және әлеуметтік-саяси ілімдер қалыптасуының объективті шарттары мынадай факторлар болды: 1) рухани көтерілу - мәдениет, тарих, жаратылыстану, әдебиет өркендеді, сондай-ақ халықтың саяси және әлеуметтік санасы сапалық жаңа деңгейге көтерілгені атап өтілді; 2) әлеуметтік-саяси даму - Қазақстандағы патшалық отаршылдық саясат әкімшілік, сот нормалары арқылы қоғамдық құрылымның дәстүрлік нысанының өзгеруіне әкеп соқты. ХІХ ғасырдың аяғында Қазақстанның қоғамдық ойында қазақ ағартушылығы қалыптасты, оның жарқын өкілдері Шоқан Уәлиханов (1835- 65), Абай Құнанбаев (1845-1904), Ыбырай Алтынсарин (1841-89) болды.
Қазақ ағартушылығының философиялық мұрасы Қазақстан ғылымында кеңінен зерттелген, онда қазақ ағарту ісінің екі кезеңі қарастырылады:
1. Классикалық кезең - Ш.Уәлихановтан, А.Құнанбаевтан және Ы.Алтынсариннен бастау алады;
2. Дамыған ағарту ісі кезеңі. Оның өкілдері: М.Сералин, С.Торайғыров (1893-1920), С.Дөнентаев. Әлеуметтанудың біршама бой көтеруі ХХ ғасырдың 60-шы жылдарында “хрущевтік жылымық” дейтін кезеңде ғана атап өтілді. 1962 жылы Кеңестік әлеуметтанушылар қауымдастығы құрылды, ол әлеуметтанудың ресми институттануын білдіретін еді. Мәскеу және Ленинград университеттерінің философия факультеттерінде әлеуметтану лабораториялары құрыла бастады (Ю.В.Арутюнян және В.А.Ядов), 1960 жылы КСРО ҒА Философия институтында әлеуметтану бөлімі ашылды, оны Г.В.Осипов басқарды.
1968 жылы Нақты әлеуметтік зерттеулер институты және оның басқа қалалардағы бөлімдері жұмысын бастады. Қазақстанда 1964 жылы ҚазКСР ҒА Құқық философиясы институтының жанындағы қылмыстың әлеуметтік-психологиялық проблемаларын зерделеу жөніндегі топ ұйымдастырылды, оны заң ғылымдарының кандидаты У.Жекенбаев басқарды. Топ қылмыс әлеуметтануы саласындағы проблемалармен шұғылданды. Ғылыми өмірдегі маңызды оқиға КСРО-ға Батыстың көрнекті ғалымдары Р.Аронның, Р.Мертонның, Т.Парсонстың келуі болды (1958-64). 1970-ші жылдары Қазақстанда мына бағыттар бойынша бірнеше әлеуметтанулық топтары құрылып, жұмыс істеді: ұлттық қатынастардың дамуын басқару проблемаларын зерделеу жөніндегі топ (1970), жетекшісі - М.М.Сужиков; ғылыми-техникалық революцияның (ҒТР) рухани-идеологиялық салдарларын зерделеу жөніндегі топ (1974), жетекшісі - В.А.Черняк; Қазақ политехникалық институты жанындағы өнеркәсіптік әлеуметтану лабораториясы (1975), жетекшісі – М.Б. Батырбеков. Осы даму кезеңінде әлеуметтану маркстік әдістеме шеңберінде белгілі бір тәжірибе жинақтады. Осы жылдарда қазақстандық авторлардың - С.Н.Соскин, А.А.Рогачев, У.М.Ысқақов, А.Ш.Алтаев, Н.А.Аитов сияқты ғалымдардың әлеуметтанулық зерттеулерінің нәтижелері бойынша алғашқы ғылыми еңбектері, социалистік қоғамның, еңбек ұжымының, қала мен ауылдың әлеуметтік құрылымы проблемаларын зерделеуге әлеуметтанушылық зерттеулер әдістерін қолдану жөніндегі әр түрлі әдістемелік ұсынымдары жарыққа шықты. Л.А.Байдельдиновтің, Ө.К.Шеденовтің, Д.А.Дорждың және т.б. еңбектерінде әлеуметтану ғылымының қолданбалы жақтары қарастырылды. Әлеуметтанудағы жеке тұлғаның проблемалары Ғ.Ғ.Ақмамбетовтің, Т.М.Дәуітовтің және т.б. еңбектерінде қаралған. Қаз КСР Ғылым академиясының жанындағы әлеуметтану секциясы жұмыс істеген қысқа мерзім ішінде әлеуметтануға арналған зерттеулердің тұтас сериялары жүргізілді, олардың нәтижелері В.А.Сапрыкиннің, В.А.Черняктің, Т.С.Сәрсенбаевтің және т.б. монографияларында көрсетілген. Бұл жұмыстардың құндылығы әлеуметтану зерттеулерін жасағанында. Зерттеушілер бір мезгілде әлеуметтануға арналған зерттеулердің бірнеше әдістерін қолданған. В.А.Черняк өзінің әлеуметтанулық зерттеулерінің материалдары негізінде атеизм әлеуметтануының негізін салушы болды, оның зерттеулерінің әдістемесі мыналарды қамтыды:
1) халықтың мәдениеті мен тұрмысын іріктеп тексеру;
2) құдайға мінәжат ету орындарына еніп бақылау;
3) әлеуметтік ақпаратты айқындау, белгілеу жөніндегі іс-шаралар кешені, оның ішінде, біздің көзқарасымызша, фокус топтық зерттеу;
4) құжаттарды - қолжазба материалдарды, мұрағат көздерін, мерзімді баспасөзді зерделеу;
5) қоғамдық пікірді зерделеу. Аталмыш зерттеулер көпфакторлы сапалық және сандық сипаттамаларымен ерекшеленді, бұл қазіргі заманғы жаппай қолданылатын сауалнама жүргізу әдістерімен салыстырғанда өзіне назар аудартады. Алайда әлемдік әлеуметтану практикасынан, атап айтқанда, американдық зерттеу әдістерінен бойды аулақ ұстау ғалымдарды зерттеулерге өте сақтықпен қарауға және жүргізетін зерттеулеріне маркстік дәйектеме келтіруге мәжбүр етті, бұл зерттеулердің сандық әдістерін, олардың инструментарийлерін жасауға және мәліметтерді өңдеуге қиындық туғызды. Бұл кезеңде Қазақстан ғылымында қоғамның әлеуметтік құрылымын зерделеудің әдіснамалық негіздері қаланды, ол 90-шы жылдары әлеуметтану ғылымы шеңберінде одан әрі дами түсті. Жоғары оқу орындарындағы әлеуметтанудың қалыптасуы мен дамуында
1996 жылы әлеуметтану ғылымдарының докторы, профессор К.Ғабдуллинаның жетекшілігімен құрылған “Әлеуметтанушылар академиясы” әлеуметтану орталығы үлкен рөл атқарды. Қазақстандық әлеуметтанудың дамуы мен қалыптасуына Нариман Әбдірахманұлы Аитов ерекше үлес қосты. Ол ондаған ғылыми еңбектер, алғашқы жаңа буын оқулықтарын жазған. А.Ә.Аитовтың жаңа еңбектерінің бірі – “Тең емес адамдардың теңдігі” маркстік және қазіргі заманғы әдіснаманың өзіндік ара жігін ашушы болды.
Өзін-өзі тексеру сұрақтары:
1. Огюст Конттың негізгі теориялық ойлары қандай?
2. Қазіргі қазақстандық әлеуметтанудың даму ерекшеліктерін атап өтіңіз.
3. Қазақстанда әлеуметтану көзқарастарының қалыптасуы кімнің есімдерімен байланысты?
ҚОЛДАНЫЛАТЫН ӘДЕБИЕТТЕР:
Негізгі әдебиет:
1. Әбдікерова, Г.О. Әлеуметтану, Алматы, Қазақ университеті, 2012, 132б.
2. Әбдірайымова Г.С. Жастар социологиясы, Алматы, Қазақ университеті, 2012, 166б.
3. Биекенов К.Ү. Әлеуметтану тарихы, Алматы, 2010, 214б.
4. Нұрбекова Ж.А. Отандық әлеуметтану тарихы, Алматы, 2012, 112б.
5. Маулшариф М. Әлеуметтану, Алматы, 2010, 115б.
Қосымша әдебиет:
1. Бачинин В.А. История западной социологии. Учебник. СПб.: Лань, 2002. – 383 с.
2. Голенкова З.Т. История социологической мысли в странах Центральной и Восточной Европы. М., РУДН, 2003. – 235 с.
3. Гофман А.Б. 7 лекций по истории социологии. М.: Университет: Высшая школа, 2003. – 237 с.
4. Кравченко А.И. История зарубежной социологии. М.: Культура: Академический проект, 2005. – 701 с.
5. Кравченко А.И. История отечественной социологии. М., 2005.