Аппараттар – денеміздегі кейбір мүшелердің бірге қызмет атқаруымен ерекшеленеді. Адам организмінде – тірек-қимыл, зәр-жыныстық және эндокриндік деп жеке үш аппаратты ажыратады. Тірек-қимыл аппаратына – адам қаңқасы (пассивті бөлімі) мен бұлшық еттер (активті) жатады. Зәр-жыныстық аппаратына – зәр шығару және жыныс жүйелері, ал эндокриндік аппаратқа – ішкі секреция бездері жатады.
Адам денесінде барлық мүшелер жүйесі және аппараттар бірігіп біртұтас организмді құрайды. Бұлардың барлығының қызметі бір-бірімен үйлесімді жүріп отырады. Организмнің өсуі, дамуы және қалыпты тіршілігі сыртқы орта жағдайларымен тығыз байланысты, сондықтан да адам организмін сыртқы орта жағдайларынан мүлде бөліп қарауға болмайды.
Адамның онтогенездік дамуының негізгі кезеңдері. Адам өмірінің басты кезеңдері. Адам дене тұрпатының ерекшеліктері
Адамның жекелей дамуында (онтогенезінде) негізінен 2 кезеңді ажыратады:
1) құрсақтағы (пренатальный);
2) туылғаннан кейінгі кезең (постнатальный).
Адам денесінің құрылыс ерекшеліктері оның эмбрионалдық дамуымен тығыз байланысты. Адам ұрығының дамуында да өзіне тән кезеңдері болады. Ұрықтың алғашқы дамуы сегіз аптаға созылады. Оны эмбрионалдық кезең деп атайды. Ұрықтың одан кейінгі даму кезеңі – шараналық (феталдық) деп аталады.
Бір клеткалық ұрықтанған жұмыртқа жасушасы – зигота, одан кейінгі көп клеткалы бір қабатты ұрық – бластула, одан кейінгі ұрықтың даму кезеңі – гаструла деп аталады. Бірте-бірте ұрықтың үш қабатты даму кезеңі басталып, үш қабатты ұрық жапырақшаларынан (эктодерма, мезодерма, энтодерма) жеке мүшелер түзіледі.
Эктодермадан – терінің сыртқы эпидермис қабаты, жүйке жүйесі, терінің қосалқы бөлімдері (тырнақ, түк, тіс кіреукесі т.б.) түзіледі.
Энтодермадан – асқорыту мүшелері, асқорыту бездері, тыныс алу мүшелері т.б. түзіледі.
Мезодермадан – қаңқа, қаңқа бұлшық еттері, зәр-жыныстық мүшелер, плевра, перикард, қан, лимфа, ішкі мүшелердің қабырғасын түзетін бірыңғай салалы бұлшық ет ұлпасы т.б. түзіледі.
Достарыңызбен бөлісу: |