Атрибутивтік көшбасшылық тұжырымдамасы болған оқиға мен болған оқиғаның себебі болып саналатын нәрсе арасындағы байланыстарға негізделген. Бұл қатынас атрибуция теориясымен түсіндіріледі. Әсер ету фактісі бойынша себеп қойылады, содан кейін ол жаңа әсер алу үшін коррекциядан өтеді. Көшбасшы субъективті түрде оқиғалардың себептерін белгілейді, қарамағындағыларға белгілі бір қасиеттерді беріп, оларға баға береді. Осыған сүйене отырып, көшбасшы өзінің жүріс-тұрысын және қарамағындағылар үшін тапсырмаларын коррекциялайды. Себеп-салдарлық байланысты дұрыс орнату жағдайында атрибутивтік көшбасшылық өте тиімді. Дегенмен, сәйкес емес болатын атрибуттар, яғни басшының қате бағалауы да мүмкін жағдайлар болады. Бұл жағдайда атрибутивтік көшбасшылық тек тиімсіз болып қана қоймайды, сонымен қатар қарамағындағыларға үлкен зиян келтіруі мүмкін.
Харизматикалық көшбасшылық тұжырымдамасы «харизма» тұжырымдамасына негізделген. Бұл ұғым адамның басқа адамдарға әсер ету, оларды сендіру, жетекшілік етудегі ерекше табиғи қабілетін білдіреді. Харизматикалық көшбасшы логика мен ақылға емес, қарамағындағылардың сенімі мен эмоцияларына негізделген әсерге ие. Соңғылары көшбасшының әрқашан дұрыс екеніне, оның басқалар қолы жетпейтін білімі мен ерекше қасиеттері бар екеніне сенімді.
Түрлендірушілік (реформативтік) көшбасшылық концепциясы, көшбасшының проблемаларға жаңа көзқарасын әрекетке айналдыру қабілетіне негізделген. Көшбасшы іс-әрекет алгоритмін құрастырады, түсіндіреді, қарамағындағыларының ынтасын оятады, олардың алдына жаңа міндеттер қояды. Ізбасарлар көшбасшының білімі мен шеберлігіне сүйенеді. Мұндай көшбасшылық инновациялық (жаңарту) қызмет жағдайында тиімді. Осы ұғымдардың әрқайсысында қарамағындағылардың көшбасшыға деген қатынасын төмендегідей бейнелі түрде көрсетуге болады: атрибутивтік – «мойындаймын – бағынамын»; харизматикалық - «сүйемін»; түрлендірушіде – «Мен құрметтеймін – саған сенемін».
Осылайша, топты белгілі бір топтық жағдайларды, проблемаларды, міндеттерді шешуге жетелей алатын, осы топ үшін ең маңызды жеке қасиеттерді бойына сіңіретін, топқа тән құндылықтарды ұстанатын және бөлісетін адам ғана, топ көшбасшысы бола алады. Көшбасшы топтың айнасы дегендей, топ қандай болса көшбасшысы да сондай, көшбасшы осы нақты топта пайда болады. Бір топта көшбасшы болған адам басқа топта міндетті түрде қайтадан көшбасшы бола алмайды (басқа топ, басқа құндылықтар, көшбасшыдан әртүрлі үміттер мен талаптар).
Бір жағынан, көшбасшылық басқаларға сәтті әсер ететін немесе әсер ететін адамдарға жататын белгілі бір қасиеттер жиынтығының болуы ретінде қарастырылады, екінші жағынан, көшбасшылық – топқа немесе белгілі бір мақсатқа жету бағытында мәжбүрлі емес ықпал ету процесі және оның мақсаттарын ұйымдастыру.
Көшбасшыларды жіктеудің әртүрлі тәсілдері бар. Ең әйгілі – дәстүрлі, харизматикалық және бюрократиялық басшылықты бөліп көрсеткен М. Вебер теориясы. Дәстүрлі көшбасшылық патриархалдық қоғамдарға тән. Ол лидерге, монархқа және басқаларға бағыну әдеттеріне негізделген. Бұл жағдайда басшы тек өзінің функцияларын орындайды. Харизматикалық көшбасшылық – Көшбасшының жеке басы және оның адамдарды біріктіру және оларды басқару қабілеті.
Шешім қабылдау стилі бойынша көшбасшылық авторитарлық немесе демократиялық болуы мүмкін. Іс-әрекет сипаты бойынша көшбасшылық қасиеттер белгілі бір сыртқы ортада көрінген кезде көшбасшылық әмбебап және ситуациялық болуы мүмкін. Лидерлерді реформатор жетекші, революционер, реалист, романтик, прагматист, идеолог және т.б. түрлері болады.
Басшылық, менеджмент формальды (ресми) қатынастар жүйесінде орын алатын құбылыс, ал көшбасшылық – бейресми қатынастар жүйесі тудыратын құбылыс. Сонымен қатар, менеджердің рөлі әлеуметтік ұйымда алдын ала анықталған, оны жүзеге асыратын тұлғаның функцияларының ауқымы қарастырылған. Ал көшбасшының рөлі стихиялы түрде туындайды.
Менеджмент – әлеуметтік құбылыс, ал көшбасшылық болса психологиялық құбылыс. Бұл олардың арасындағы негізгі айырмашылық. Бірақ сонымен бірге екеуінеде ортақ белгілер де бар. Біріншіден, басқару да, көшбасшылық та әлеуметтік топ мүшелері арасындағы қарым-қатынастарды үйлестіру, ұйымдастыру, оларды басқару құралы. Бұл құбылыстардың біреуі ғана жоғарыда айтылғандай, формальды, ресми қатынастар жүйесінде, ал екіншісі – бейресми қатынастар жүйесінде «жұмыс істейді». Екіншіден, екі құбылыс та топтағы (ұжымдағы) әлеуметтік әсер ету процестерін жүзеге асырады. Бірақ басшылық ықпал негізінен ресми арналар арқылы келсе, көшбасшылық бейресми арналар арқылы келеді. Үшіншіден, екі құбылысқа да қатынастардың белгілі бір субардинациялануы тән. Оның үстіне басшылықта ол өте айқын көрінеді және лауазымдық нұсқаулықтармен бекітілген, ал көшбасшылықта оның қатысуы әлдеқайда аз байқалады және алдын ала көрсетілмеген.
Біздің заманымызда ұйымның жақсы басшысы ол – әрі көшбасшы, әрі қарамағындағыларды тиімді басқаратын адам. Басшылық пен көшбасшылықтың үйлесімі екі бағытта жүзеге асады. Біріншіден, басшы көшбасшы болуға ұмтылуы керек. Ол қоластындағылар арасында беделге ие болуы керек, басқаруда ол ресми билікті де, жеке ықпалды да пайдалануы керек. Екіншіден, құрылымды ынтымақтастыра білуі қажет. Көшбасшы менеджер болуы міндетті емес. Көшбасшылық формальды қарым-қатынаста да, бейресми қарым-қатынаста да болады.
Сонымен, көшбасшылық – ресми биліктің бар-жоғына қарамастан жеке билігі бар адамдардың ықпалы. Бүгінгі таңда басшы мен көшбасшының айырмашылығы белсенді түрде зерттелуде. Біріншісі ресми биліктің көмегімен билік жүргізсе, екіншісі өзінің жеке билігі арқылы адамдарға әсер етеді.
Басшы мен көшбасшы арасындағы айырмашылықты қарастырғанда, олардың бір адамда үйлесуі қажет екендігі туралы идея еріксіз пайда болады.
Достарыңызбен бөлісу: |