2 Дәріс. Жануарлар. Симбиоз. Адам.
Жоспар
1. Жануарлар.
2. Симбиоз.
3. Адам.
1. Жануарлар (лат. Animalia) — тірі организмдер дүниесіндегі негізгі екі топтың бірі (екіншісі – өсімдіктер); жүруге және сезінуге бейім тіршілік иесі; негізінен, дайын органикалық қосылыстармен қоректенетін гетеротрофты организмдер. Жануарлар құрылысына қарай бір жасушалы организмдер және көп жасушалылар болып екі топқа бөлінеді. Жер бетінде жануарлар прокариоттар (ядросыз организмдер), балдырлар, саңырауқұлақтардан кейін пайда болған. Палеонтологиялық зерттеулерге қарағанда олардың жасы – 0,8 млрд. жылдан аспайды (1998). Жануарлардың дамуы да қоршаған ортаның эволюциялық дамуына сәйкес қалыптасқан. Эволюциялық өзгерістер сыртқы ортаның өзгерісіне организмдердің бейімделуімен ұштасады. Мысалы, құрлық жануарларының арғы тегі су жануарлары болып саналады. Ал қоршаған ортаға бейімделе алмаған құрлық жануарлары бұрынғы тіршілік ортасында қалып қойған. Жануарлардың қазба қалдықтарын зерттеу нәтижесі қарапайым организмдердің архей эрасында мұхиттарда бұдан 1 – 1,5 млрд. жыл бұрын жасуша формасында хлорофилсіз амеба тәрізді талшықтылар түрінде пайда болған деп жорамалдауға мүмкіндік береді. Протерозой эрасында тіршілік еткен жануарлар қалдықтарынан радиоляриялар, фораминифералардың іздері, губкалардың қаңқалары, буылтық құрттардың түтікшелері, моллюскілердің бақалшақтары, тіпті буынаяқтылардың да қалдықтары табылған. Жануарларда ас қорыту, қан айналу, жүйке жүйесі, сезім және жыныс]органдары, тыныс алу, зәр шығару жүйесі жақсы жетілген. Дүние жүзінде жануарлардың 1,6 млн-дай түрі, 17 типі бар. Жануарлардың табиғаттағы және адам өміріндегі маңызы өте зор: көпшілігі пайдалы болып табылады. Азық-түлік, әртүрлі өнеркәсіп шикізатын: ет, май, сүт, тері, жүн, бал, жібек, мүйіз, бақалшақ, т.б. береді. Сондай-ақ, олар – ауыл шаруашылық дақылдарының тозаңдатушылары, топырақ түзушілері, басқа жануарларға азық қорлары, органикалық заттардың ыдыратушылары болып табылады. Жануарлардың өнімділігін арттыруды, тиімді пайдалануды және табиғаттағы қорын сақтауды зоология ғылымы мен оның салалары зерттейді.
Жануарлардың бағдарлануы
Жануарлардың кеңістіктегі тіршілік ету қабілеттілігі; белгілі бір экологиялық жағдайға бейімділігі. Бағдарланудың бірнеше түрі бар: 1) оптикалық – көптеген жәндіктердің полярланған жарық немесе ультракүлгін сәуле арқылы бағдарлануы; 2) химиялық – кейбір жануарлардың қорегін, жұбын иіс арқылы дәл табуы (мысалы, жібек көбелегінің аталығы 10 км жерден аналығын иіс арқылы сезеді); 3) акустикалық – жыртқыш жануарлардың өз қорегін есту арқылы ұстауы (мысалы, жапалақ кеміргіштерді 15 – 20 м-ден сыбдыры арқылы біледі); 4) терморецепция – жылу арқылы бағдарлану (мысалы, айдаhарлар мен қалқантұмсықты жыланның тұмсығында жылуды сезетін шұңқыры болады). Көптеген төменгі сатыдағы омыртқасыздар (мысалы, планария), жәндіктер (шыбын, қоңыз, термиттер), сондай-ақ, құстар және кейбір суда тіршілік ететін сүтқоректілер Жердің магниттік өрісі, ал балықтар бүйір сызығы арқылы бағдарланады. Жануарлардың бағдарлану ерекшелігін, оны атқаратын органдардың құрылысын зерттеп танудың ғылым үшін маңызы зор.
Жануарлардың дауысы
Бір түрге, кейде әр түрге жататын жануарлардың өзара бірін-бірі ажырату және түрлі сезімін білдіру үшін шығаратын дыбыстары. Бұл көптеген жәндіктерге, балықтарға, құйрықсыз қосмекенділерге (құрбақа, бақа), кейбір бауырымен жорғалаушыларға (жармасқылар, хамелеондар, қолтырауындар) және барлық құстар мен сүтқоректілерге тән. Жануарлардың дыбыс диапазоны 20 Гц – 20 кГц аралығында және ол тек дыбыс аппараты арқылы ғана пайда болатын дыбыс (шаянтәрізділерде, жәндіктерде) емес, балықтың торсылдағымен, жүзу қанатымен, құстың құйрық қауырсынымен, қанатымен, тұмсығымен (қарабауыр бұлдырық, дегелек), аяғындағы не қанатындағы арнайы аппараттарымен (түзу қанатты жәндіктер) шығаратын дыбыстары да болады. Жануарлардың сайрау, қорқу, айбат шегу, ашыққан, сескенген, жұптасу кезінде шығаратын әртүрлі дыбыстары болады. Кейбір жануарлар дауысын ғалымдар шаруашылыққа зиян келтіретін құстарға, жәндіктерге, т.б. кейбір хайуанаттарға қарсы пайдаланып, бау-бақшаны, егістікті қорғайды. Мысалы, Қазақстан орнитологтары қараторғайдың шығаратын дыбыстарын жазып алып, акустикалық әдіспен жүзім бағының зиянкестеріне қарсы қолдануда.
Жануарлардың жүзуі
Жануарлардың жүзуі - жануарлардың суда тіршілік етуге бейімделуінің бір түрі. Бұл шартты және шартсыз рефлекстер салдарынан да қалыптасады. Жануарлар жүзуге әртүрлі жағдайда бейімделген. Кейбір түрі тіршілігінің көп уақытын (су жануарлары, қосмекенділер) суда жүзіп өткізсе, құрлық жануарлары жолындағы кедергіден, судан өткенде не суға кенет түсіп кеткенде жүзеді. Жануарлардың суда жүзіп тіршілік етуге бейімделуі активті және пассивті болып екі түрге бөлінеді. Активті түрінде түрлі жүзу органдарын (қарапайымдар, құрттар – кірпікшелерін, шаянтәрізділер – мұртшаларын, құстар, ескек аяқтылар, қамшат және құндыз – аяқтарын) қозғап жүзеді. Жүзудің пассивті түрінде жануарлар денесін әртүрлі иіп (балықтардың көптеген түрлері, құйрықты қосмекенділер, барлық қосмекенділердің дернәсілі, жылан, сүлік т.б.), қозғап жүзеді. Жүзуге бейімділік сүтқоректілердің де арасында байқалады. Мысалы, камшаттың, құндыздың, жұпартышқанның, су күзенінің және ондатрдың бармақтарының арасында жарғағы болады, жүні жылтыр, су жұқпайды.
Жануарлардың қорғаныш бейімділігі
Жануарлардың қорғаныш бейімділігі – жеке организмнің тіршілік үшін күресте сақталуына, ұрпақ қалдыруына көмектесетін морфологиялық, физиологиялық және этиологиялық ерекшеліктері. Морфологиялық қорғаныш бейімділігі – бүркеніш реңнің барлық түрі, жануарлардың пішіні, жауынан қорғану органдары, т.б. Кейбір организмдердің лимфасы, қаны, терісі улы болуы, жағымсыз иіс (қандала, көптеген қоңыздар, құндыз, т.б.), улы зат шығаруы, денесіне қоректік зат жинап, қысқы-жазғы ұйқыға кетуі – физиологиялық бейімділігін көрсетеді. Жануарлардың жауынан қашуы, жасырынуы, балаларын қорғауы, жауына ұсталып қалған кезде құйрығын, аяғын үзіп кетуі, сондай-ақ қорқытатын дауыс, ысылдау не пішінін өзгертіп айбат шегуі – этиологиялық бейімділігін көрсетеді.
Жануарлардың қыстап шығуы
Жануарлардың қыстап шығуы – ауа райы суық және қоңыржай аймақтарда жануарлардың қыстың қолайсыз жағдайынан сақтануы. Қыстап шығудағы негізгі қиыншылық – қорегін табудың қиындауы, қорек қорының азайып, сапасының нашарлауы. Бұл қиыншылыққа бейімделу үшін балықтар, құстар, сүтқоректілер қорек іздеп бір жерден екінші жерге орын ауыстырады. Кейбір жануарлар, әсіресе, жыртқыш аңдар (қасқыр, жолбарыс, барыс) қорегін іздеп бірнеше шақырым жерге дейін кетіп қалады. Арқар, таутеке, елік, т.б. таулы аймақтарда мекендейтін жануарлар қыс түсісімен қары жұқа, шөбі мол жерлерге қоныс аударады. Сүтқоректілердің кейбір түрі (сарышұнақ, суыр, жайра, т.б.) қыста қорек іздемейді, олар қысқы ұйқыға кетеді. Қыс алдында көптеген жануарлар түлеп, семіреді. Бұл да жануарлардың қыстап шығуға бейімділігінің бірі болып саналады. Жануарлар тіршілік мекеніне қарай 2 топқа бөлінеді: 1) эвритоптық жануарлар – әртүрлі жағдайларда тіршілік ететін түрі (мысалы, қасқыр, түлкі, қарға, т.б.). Бұлар көп тараған, нақты мекен талғамайды, түрлі географиялық аймақтарда кездеседі; 2) стенотоптық жануарлар – белгілі бір жерде ғана тіршілік ететіндері (мысалы, тек құмды жерде кездесетін тараққұйрық сарышұнақ немесе тек таза, тұнық суда болатын бахтах, т.б.). Мекенін үнемі ауыстырып, бірнеше биотопта тіршілік ететін жануарлар да бар. Мысалы, көкқұтан биік ағаштарға ұя салады да, өзен-көлге барып жемін аулайды. Жануарлардың әртүрлі биотопта мекендеуі олардың белгілі бір даму сатысына да байланысты. Мысалы, бақаның дернәсілі суда өсіп дамиды, ал ересек бақа су жағасындағы ылғалды жерлерді мекендейді.
Жануарлардың ұшуы
Жануарлардың ұшуы - организмдердің тіршілік ортасына бейімделуінің бір түрі. Ұшу (жәндіктерді есептемегенде) өте ертеде тіршілік еткен ұшқыш кесірткелер (птерозаврлар) топтарынан бастап байқалады. Жоғары сатыдағы омыртқалылар арасында ұшуға жақсы бейімделгендері – қырлытөсті құстар. Сүтқоректілерден тек жарқанат қана ұшуға жақсы бейімделген. Сүтқоректілердің ішінде қалқып ұшатын түрлері де бар (мысалы, ұшар). Жауынан қорғану үшін ұшатын балықтар да кездеседі (мысалы, ұшқыш балықтар). Ұшу жануарлардың эволюциялық дамуында олардың әртүрлі тіршілік ортасына бейімделуінен пайда болған.
Жануарлардың қоныс аударуы
Жануарлардың қоныс аударуы(латынша mіgratіo – қоныс аудару) – тіршілік еткен ортасының өзгеруіне немесе көбею кезеңіне байланысты жануарлардың мекен ауыстыруы. Бұл тұрақты (маусымдық не тәуліктік) және тұрақсыз болып екіге бөлінеді. Маусымдық мекен ауыстыру тіршілік мекеніндегі жағдайдың әлсін-әлсін өзгеруіне немесе жануарлардың көбею кезеңіне, ал тұрақсыз мекен ауыстыру тіршілік ортасының кенет нашарлауына байланысты болады. Жануарлардың қоныс аударуы сүтқоректілер, құстар, балықтаржәне жәндіктер арасында жиі кездеседі. Жануарлардың қоныс аудару жолын, көбінесе, оларды таңбалау арқылы білуге болады.
2. Симбиоз дегеніміз — әр түрге жата даралардың екі жақты пайдалы бірігіп тіршілік етуі. Жануарлардағы симбиозға мысал – шаян мен актинияның бірігіп тіршілік етуі жатады. Актиния шаянның арқасына бекініп оны атпа жасушаларының көмегімен қорғайды, ал актиния шаяннан қалған тамақ қалдықтарымен қоректенеді және оны қозғалыс құралы ретінде. пайдаланады. Жоғары дәрежеде дамыған симбиозға термиттер мысал бола ал; Олардың ас ңорыту жолдарында талшықтылар кендейді. Термиттер целлюлозаны гидролиздеуші ферменттерінің болмауына қарамай ағашпен қоректен қабілетті. Мұны олардың орнына талшықтылар ж ге асырады. Ал нәтижеде түзілетін қантты термиттер пайдаланады. Термиттер осы ішек фаунасынсыз тіршілік ете алмайды. Өсімдіктердің арасындағы симбиозға жақсы мысал – қыналар. Қыналар, балдырлар мен саңырауқұлақтар - селбесіп тіршілік етуі нәтижесінде түзіледі. Әріптестік бірігіп тіршілік ету. Екі популяция бірлестік түзеді. Бірақ бұл бірлестік міндетті емес. Әр бөлек тіршілік ете алады, бірақ бірігіп тіршілік ету екеуіне де пайдалы. Мысалы, құстардың бірнеше түрінің бірігіп ұя салуы, тырна мен крачка, олардың бірігіп өмір сүруі жауларынан қорғануды жеңілдетеді. Комменсализм (француз тілінен аударғанда commensal — бірге тамақтану). Бір ағза екіншісінің есебінен тіршілік етеді, бірақ оған ешқандай зиян келтірмейді. Комменсализм паразитизмге қарағанда симбиозға жақындау. Мысалы, жабысқақ - балық ірі балыққа бекініп алады да, онымен бірге қозғалады және оның тамағынан қалған заттармен қоректенеді. Жер бетінде мекендейтін қоңыздарда (қиқоңыз, өлексе қоңызы және т.б.) гамазды кенелердің қозғалғыш дернәсілдері кездеседі. Осындай әдіспен олар таралады. Амменсализм (латын тілінен аударғанда mensa тамақ, азық). Бір популяция үшін қолайсыз болып табылатын өзара қатынастар. Мысалы, зең саңырауқұлақтарының бактериялармен қатынасы. Зең саңырауқұлақтары бөліп шығарған антибиотиктер бактерияларды жояды.
3. Мүшелер жүйесі (система органов); (systema organum, лат. systema — жүйе, грек, organon - мүше, ағза) — құрылысы ұқсас, шығу тегі мен дамуы біркелкі және белгілі бір қызметтерді атқаруға маманданған мүшелер тобы. Мүшелер жүйелері адам мен жануарлар организмдерінде үлкен үш топқа топталады: сомалық мүшелер жүйелері (тері жабыны, сүйектер және бұлшықеттер жүйесі), ішкі мүшелер жүйелері (ас қорыту, тыныс алу, зәр бөлу, көбею - аталық және аналық), біріктіргіш (интеграциялық) мүшелер жүйелері (эндокринді бездер, тамырлар жүйесі, жүйке жүйесі). Мүшелер жүйелері қызметіне байланысты аппараттарға, мысалы, тірек-қимыл аппараты (сүйектер және бұлшықеттер жүйелері) бірігеді.
Адам ағзасындағы мүшелері, мүшелер жүйесі, олардың құрамына жататын мүшелер мен ұлпалар
Мүшелер және мүшелер жүйесі
|
Құрамындағы мүшелер
|
Негізгі ұлпалар
|
I. Эндокриндік мүшелер жүйесі немесе ішкі секреция бездері
|
Гипофиз, эпифиз, қалқанша без,қалқанша маңы бездері, айырша без (тимус), ұйқыбез, бүйрекүсті бездері, жыныс бездері
|
Эпителий,жүйке,дәнекер
|
II. Жүйке жүйесі: а) төндік бөлім ә) өсімді бөлім
|
Ми, жұлын, мидан жөне жұлыннан тарайтын жүйкелер Мидың бағаналы бөлімі, жұлын, жүйке бағаналары, жүйке орамдары, жүйкелер
|
Жүйке ұлпасы, дәнекер, эпителий
|
III. Сенсорлық жүйе (анализаторлар)немесе сезім мүшелері
|
Көру, есту, иіс сезу, дәм сезу, түйсіну (сипап сезу)
|
Эпителий,жүйке,дәнекер,бұлшықет
|
IV. Тірек-қимыл мүшелер жүйесі: а)канқа ә) бұлшықет
|
Сүйектер және олардың байланысы қаңқаның, ішкі мүшелердің және жүректің бұлшықеттері
|
Дәнекер,бұлшықет
|
V. Иммундық жүйе
|
Лимфа түйіндері, айырша без, көкбауыр, кемік майы
|
Эпителий,дәнекер
|
VI. Жүрек-қантамырлар жүйесі
|
Жүрек, кантамырлар (артерия, вена және қылтамырлар)
|
Бұлшықет,дәнекер, эпителий
|
VII. Тынысалу жүйесі: а) ауа өтетін жолдар е) тынысалу мүшесі
|
Мұрын қуысы, жұткыншақ, көмекей,кеңірдек, ауатамырлар. Өкпе
|
Бұлшықет,дәнекер,эпителий
|
VIII. Лимфа жүйесі
|
Лимфа қылтамырлары, лимфа тамырлары, лимфа түйіндері, лимфа өзектері, бадамша бездері
|
Эпителий, дәнекер
|
IХ.Асқорыту жүйесі: а) аскорыту мүшелері ә) аскорыту бездері
|
Ауыз қуысы, жұтқыншақ, өңеш, қарын, аш ішек, тоқ ішек. Сілекей бездері (шықшыт, астыңғы жақасты, тіласты), бауыр, ұйқыбез
|
Дәнекер, бұлшықет, эпителий
|
X. Зәржыныстық мүшелер жүйесі: а) зәршығару жүйесі ә) жыныс жүйесі 1. Аналық жыныс мүшелері 2. Аталық жыныс мүшелері
|
Бүйрек, несепағар, қуық, несеп шығару өзегі. Үлкен, кіші жыныстық ернеулер, аналық бездер, жатыр, жатыр түтігі, қынап. Ұма, жыныстық мүше, аталык бездер, оның қосалқы бөлімдері (тұқым шығарушы өзекшелер, тұқым көпіршіктері, қуықасты безі)
|
Эпителий, бұлшықет, дәнекер. Эпителий, бұлшықет, дәнекер Эпителий, бұлшықет, дәнекер
|
XI. Жабын жүйесі
|
Тері және оның қосалқы бөлімдері (түк, тырнақ, тері бездері)
|
Эпителий, бұлшықет
|
Адам денесінде болатын жүйке жүйесі жүйке ұлпасынан түзіледі. Жүйке ұлпасының негізін жүйке жасушалары құрайды. Жүйке жасушалары - нейронның денеден, ұзын және қысқа өсінділерден тұратыны сендерге жүйке ұлпасынан таныс. Нейронның денесінде цитоплазма мен ядро болады. Ұзын өсіндісі - аксон ми мен жұлынның дененің кез келген бөлімімен байланысуын қамтамасыз етеді. Аксонның сырты май текті ақ қабықшамен қапталған. Бұлар шоғырланып ми мен жұлынның ақ затын түзеді. Нейронның тарамдалған көптеген қысқа өсінділері - дендриттердің сыртында ақ қабықша болмайды. Бұлардың жиынтығы мен нейронның денесі сұр зат түзеді. Нейронда ұзын әрі тарамдалмаған (тек ең ұшы сөл ғана тарамдалады) бір аксон болады. Нейронның денесіне қозу (хабар, сигнал) дендриттер арқылы келеді.
Құрылымы мен қызметіне қарай нейрондар 3 топқа бөлінеді:
сезгіш (қозу шеткі мүшелерден орталық жүйке жүйесіне өтеді);
байланыстырғыш - козуды сезгіш нейрондардан қозғалтқыш нейрондарға өткізеді;
қозғалтқыш - қозуды орталық жүйке жүйесінен бұлшықеттер мен ішкі мүшелерге өткізеді.
Жүйке жүйесіне ми, жұлын және жүйкелер жатады. Жүйкелер жүйке жасушаларының (нейрондардың) өсінділерінен түзіледі. Жүйкелер адам денесінің барлық жеріне таралған, барлық мүшелерді ми және жұлынмен байланыстырады. Егер қозғалтқыш нейронның ұзын өсіндісінен (аксондарынан) тұрса, ол қозғалтқыш жүйке. Сезгіш нейронның қысқа өсінділерінен (дендриттерінен) тұрса, ол сезгіш жүйке деп аталады. Бұл жүйкелерден басқа аралас жүйкелер де болады, ол нейронның аксоны мен дендриттерінен түзіледі. Аралас жүйкелер арқылы қозу орталық жүйке жүйесіне және одан мүшелерге беріледі.
Достарыңызбен бөлісу: |