Дәріс 1. Кіріспе. Физика пәнін мектепте оқытудың негізгі міндеттері. Физиканы оқытудың қазіргі заманғы тұжырымдамасы. Физикадан оқу сабақтарын ұйымдастырудың формалары. Физиканы оқыту әдістері. Оқу процесін басқару және ұйымдастыру.
1-ДӘРІС. Тақырыбы: ФИЗИКА ЖАЛПЫ БІЛІМ БЕРЕТІН МЕКТЕПТІҢ ОҚУ ПӘНІ. Мақсаты: Физиканы оқыту әдістемесінің негізгі шешетін мәселелері: неге оқытады, не үшін оқытады, қалай оқытады? Физиканы орта мектеп курсында оқытудың негізгі міндеттері мен мақсатын түсіндіру.
Жоспары: І. Физиканы оқытудың мақсаты мен міндеттері: берік білім беру; қабілеттілік пен дағдыларды меңгеру; политехникалық білім беру мен іскерлікке баулу; сүйіспеншілігі мен қызығушылығын арттыру; ойлау мен таным қабілеттілігін арттыру; патриотизмге және интернационализмге тәрбиелеу.
2. Физика курсын құру жүйесінің мүмкіншіліктеріне талдау жасау.
3. Қазіргі кездегі мектеп курсындағы физиканы оқыту бағдарламасы.
Физиканы оқытудың мақсаты мен міндеттері.
Мектепте білім беру ісінде физика пәнінің алатын орны, физика ғылымының қазіргі қоғам өміріндегі маңызымен, оның ғылыми-техникалық прогрестің даму қарқынына шешуші ықпалын тигізетін және азамзаттық мәдениеттің маңызды құраушысы ретінде анықталады.
Физиканың табиғатты танып білуде, философияда, қазіргі кездегі техниканы танып білуде, сонымен бірге химия, биология, география астрономияда алатын орны ерекше. Сондықтан да физика мектепте политехникалық білім беретін пән болып табылады.
Бірнеше ғасырлар бойы физика математиканы тек өзінің есептерін шешу үшін пайдаланып келсе, енді физиканы пайдаланып математиканың сан алуан есептерін шешетін информатика-электрондық техника өсіп жетілуде. Басқа ғылымдармен тығыз байланысына қарай ғылымның жаңа салалары – астрофизика, биофизика, геофизика, космонавтика т.б. ғылымдар дамып келеді. Мектеп физикасы айналамыздағы дүниені танып білумен қатар дамытушылық және тәрбие беру қызметін атқарады. Сонымен физика пәнінің орта мектеп курсында алатын орны ерекше.
Қазіргі кезде жалпы білім беретін мектептің 7-9 сыныптарына арналған «Физика және астрономия» пәнінде физика курсының барлық бөлімдері қамтылған, оқушылардың жас ерекшеліктері ескеріліп аяқталған курс болып табылады. Мұнда оқушылардың болашақ мамандығына байланыссыз, физика ғылымының негіздері және оның қолданылуы берілген іргелі білім жүйесін қамтамасыз ететін базалық (негізгі) курс болып табылады.
Ал, 10-11 сыныптардағы физика курсы әр түрлі мектептерде түрлі бағдарламалар бойынша оқытылады. Бұл жаратылыстану, физика-математикалық, техникалық немесе қоғамдық-гуманитарлық бағыттағы сыныптарға арналған физика курсы болуы мүмкін.
Мектепке арналған физика курсының мазмұнына орай бұл пәнді оқытудың негізгі мақсаты: оқушылардың ақыл-ойын, танымдық және шығармашылық қабілеттерін дамыту; физиканың қазіргі қоғамдағы және жалпы адамзат мәдениетін дамытудағы рөлін ашу; табиғатқа ғылыми көзқарасты бекіту; адамның әлемге қатынасына, жеке тұлғаның құндылық жүйесіне физикадан берілетін білімді түрлі мәселені шешуге шығармашылықпен қолдануға болатын ебдейліктер мен дағдыларды оқушы бойында қалыптастыру.
Осы мақсаттар жалпы білім беретін мектептің негізгі сатысында оқылатын 7-9 сыныптарға арналған бағдарламалардағы келесі мәселелерді шешу арқылы жүзеге асады:
материяның біртұтастығын, табиғаттың іргелі заңдарының әмбебаптығы мен олардың қолдану шегін көрсету;
физикалық құбылыстар, ұғымдар, заңдар, теориялардың элементтері, тәжірибеден алынған деректер, физика мен астрономияның зерттеу әдістері туралы білімді қалыптастыру;
оқушылардың айналасындағы әлемді тануын дамыту, дүниенің физикалық бейнесін және ондағы адамның алатын орны жайындағы көзқарасты қалыптастыру;
оларда ғылымда ашылған мәліметтерді түсіне білуге, білімдерді өз бетінше меңгере және алған білімдерін қолдана білуге үйрету, өз бетінше әр түрлі физикалық құбылыстарды бақылап, зерттеулер жүргізуді қалыптастыру;
қоршаған ортаға бейімделетін жеке тұлғалық қарым - қатынасты меңгерген, қазіргі кездегі технологиялық дамыған ортада жеке басы үшін маңызды мәселелерді шеше алатын, этикалық және құқықтық нормаларды игеруді қалыптастыру;
жауапкершілікке, ғылыми және экологиялық мәдениетке, физика ғылымының әлеуметтік рөлін түсінуге тәрбиелеу;
ғылыми-техникалық прогрестің басты бағыттарының негізі мен өндірістің ғылыми негіздері жайлы білімдерді қалыптастыру болып табылады.
Бұл міндеттер мектепте физика және астрономия курсы мазмұнының құрамы мен құрылымын жаңадан қарауда шешіледі. Ал бұл жалпы қажетті білімнің базалық деңгейінде беріледі.
Орта мектеп курсындағы физиканы оқытудың мақсаты мен міндеттері мынаған саяды:
1.оқушыларға берік, толық білім беру – физикалық құбылыстар, негізгі заңдар, физикалық теориялар, басты тәжірибелер мен фактілер, заңдар мен құбылыстардың шығу тарихын, физиканы зерттеу әдістері және олардың өмірде қолданылуы;
2. қабілеттілік пен дағдыларды меңгеру – физиканы оқытуда оқушылардың өз беттерімен шығармашылық түрде ойлауын дамыту, жұмыс істеу дағдыларын қалыптастыру (мысалы: зертханалық жұмыстар);
3. политехникалық білім беру мен іскерлікке дағдыландыру – оларды қоғамда пайдалы еңбекке баулу, физикадан алған білімдерін өмірде іске асыруын, мамандық таңдауға көмектесу;
4. сүйіспеншілігі мен қызығушылығын арттыру – басқа пәндермен байланысын пайдалана отырып (мысалы: химия, астрономия, география, биология т.б.) физика пәніне оқушылардың ынтасын арттыру;
5. ойлау мен таным қабілеттілігін дамыту – яғни, диалектика-материалистік танымын қалыптастыру, физикалық құбылыстардың материялдығын (мысалы: магнит, электр өрістерінің) құбылыстар мен заңдардың байланысының объективтілігін (шындығын), табиғатты тануда заңдылықтарды оқып-біліп, оны қолдана білу, қандай да болсын жаратылыстан басқа күштің жоқтығын, адамның қоршаған әлемді тану мүмкіндігінің шексіздігі туралы сенім қалыптастыру;
6. патриотизмге және интернационализмге тәрбиелеу, біздің қоғамдағы физика пәнінен алған білімдерін тек адамзаттың бақытты өмір сүруіне жұмсауын, халықтар арасындағы достыққа, эстетикалық тәрбие мен еңбекке баулу.
Осы айтылған мақсат пен міндеттерді негізгі пән физика және оны оқыту әдістемесі, педагогика, психологияны бір-бірімен байланыстыра отырып қана шешуге болады.