2 - ДӘРІС
Тақырыбы: ФИЗИКАНЫ ОҚЫТУ ӘДІСТЕРІНІҢ КЛАССИФИКАЦИЯСЫ ЖӘНЕ ОНЫ ОҚЫТУ ҮРДІСІН ҰЙЫМДАСТЫРУ
Мақсаты: Физиканы оқыту әдістерінің классификациясын беру және физиканы оқыту үрдісін ұйымдастыруды талдау.
Жоспары: 1. Физиканы оқыту әдістерінің классификациясы.
2. Физиканы оқыту үрдісін ұйымдастыру.
1. Физиканы оқыту әдістерінің классификациясы.
Мектептегі оқыту әдістері деп мұғалім мен оқушылардың өзара байланысқан іс-әрекетінің тәсілдерін және мұның нәтижесінде оқушылар қажетті теориялық және практикалық іскерлік дағдыға ие болуын айтады.
Басқаша айтқанда, оқыту әдістері – білім беру мақсатына байланысты мұғалім мен оқушы арасындағы байланыстың белгілі бір қалыпқа түскен тәсілі.
Дидактиканың және физиканы оқыту әдістемесінің ұзақ уақыт бойы дамып жетілуіне байланысты оқыту әдістері мен олардың классификациясын жасаудың бірнеше әрекеттері болды. Бірақта барлық жағынан , логикалық жағынан жетілген, жеткілікті түрде дәлелденген және барлық пәндерге ортақ мойындалған әдістер классификациясы жоқ. Себебі әр пәннің өзіне тән оқыту тәсілдері мен әдістері бар. Мысалы, физикаға тән өлшеу ебдейліктерінің қалыптасуы, теориялық алған білімдерін экспериментте жасап көріп, екеуінің бір-біріне дәл келуі, оқушылардың физикалық ойлауының дамуы және т.б.
Мектепте физиканы оқып үйрену кезінде көптеген оқыту әдістері пайда болды. Көбінесе оларды дәстүрлі және дәстүрлі емес оқыту әдістері деп екі топқа бөлуге болады.
Дәстүрлі оқыту әдістер классификациясына:
1. Сөздік әдістер – мұғалімнің материалды баяндап беруі (дәріс, әңгімелеу, түсіндіру, әңгімелесу).
2. Көрнекілік әдістер – көрнекі құралдарды (жұмыс істеп тұрған машиналар мен макеттерді, техникалық қондырғыларды, схемаларды, суреттерді, чертеждарды, коллекцияларды) көрсету, оқу кинофильмдері мен диафильмдері, кинокольцовкалар мен кинофрагменттерді көрсету.
3. Физикалық эксперимент әдісі - мұғалімнің демонстрациялық тәжірибе жасап көрсетуі, оқушылардың тәжірибе және практикалық жұмыстары, зертханалық жұмыс, фронталь тәжірибелер, физикалық практикум, үй тәжірибелері.
4. Есептер шығару - әр түрлі типтегі есептерді шығару (сандық есептеу есептері, сұрақ есеп, сурет есептері, графиктік, сапалық есептер).
5. Оқушылардың өз беттерінше істейтін жұмысы - кітаппен жұмыс істеуі, карточкалар арқылы жұмыс істеуі және қосымша әдебиеттермен өз бетінше жұмыс істеуі, зертханалық жұмыстар, зерттеу жұмыстары, шығармашылық жұмыстары, есептер шығаруы, коллекциялармен жұмыс істеуі және т.б.
6. Физикадан оқушылардың алатын білім дағдыларын, іскерліктерін тексеру әдістері – бақылау жұмысы, физикалық диктант, тест, карточкалар (берілген сұраққа жауап беру), зертханалық жұмысты бағалау.
Оқытудың осы классификациясы дәстүрлі сабақ беруде кеңінен қолданылады. Педагогикалық жоғарғы оқу орындарында «Физиканы оқыту технологиялары мен әдістемелері», «Физика есептерін шығару әдістемесінің негіздері» және «Мектептегі физика экспериментінің техникасы» атты пәндерде студенттерді дайындықтан өткізеді.
Қазіргі кезде оқыту әдістерін жүзеге асырудың алуан түрлі тәсілдері бар. Мысалы, проблемалық оқыту әдісі, бағдарламалап оқыту әдісі, компьютерді пайдаланып оқыту әдісі, жүйелеп оқыту әдісі, деңгейлеп оқыту әдісі, модульдік оқыту әдісі, тірек конспектілерін пайдаланып оқыту әдісі және т.б. дәстүрлі емес оқыту әдістеріне жатады.
Сондай-ақ жаңа технологияларға: ұжымдық оқыту технологиясы, ынтымақтастық педагогикасы технологиясы, дидактикалық бірліктерді ірілендіру технологиясы, деңгейлеп саралап оқыту технологиясы, С.Н.Лысенкованың технологиясы, В.Т.Кабуш технологиясы, іскерлік ойынның жүргізілу технологиясы, білім беруді ізгілендіру технологиясы (Ш.А.Амоношвили бойынша) және т.б. байланысты оқыту тәсілдері қолданылады.
Осы әдіс, тәсіл технологиялардың барлығы дәстүрлі емес оқыту әдістері деп аталады. Бұл дәстүрлі емес әдістер мен технологиялардың өз мақсаты, ерекшелігі, қойылатын талаптары, технологияның жүргізілу кезеңдері, тәрбиелік мәні бар. Қазақстанда алдыңғы қатарлы озат мұғалімдер осындай дәстүрлі емес оқыту әдістерімен жұмыс істеп, өз оқушыларының білімдерін жоғарылатып, нақты да терең білім беруде. Жыл сайын әр аймаққа байланысты «Жыл мұғалімдері» атты сайысқа қатысып, өз әдіс-тәсілдерін, оқыту технологиясын көрсетеді.
Оқушыларға физика пәнінен өзіндік жұмыс жүргізуде оқытудағы жалпы танымдық әдістердің ролі жоғары. Қазіргі кездегі мектеп бағдарламасына 7 сыныптың «Физика және астрономия» пәніне «Табиғатты зерттеудің ғылыми әдістері» деген тақырыппен бақылау, эксперимент, ғылыми болжам енгізілді. Абстракциялау, салыстыру, аналогия, үлгілеу, ойша эксперимент, индукция және дедукция әдістерінің де алатын орны ерекше. Міне, енді оқытудағы жалпы танымдық әдістерге тоқталайық.
Достарыңызбен бөлісу: |