№1 дәріс Тақырыбы: Кинематика. Динамика


Табиғи радиоактивтік құбылыс



бет57/59
Дата07.02.2022
өлшемі2,32 Mb.
#85885
1   ...   51   52   53   54   55   56   57   58   59
Байланысты:
Физикадан ДӘРІСТЕР ТЕЗИСТЕРІ

Табиғи радиоактивтік құбылыс
Француз ғалымы А. Бекерель 1896 жылы, ойда жоқ жерде, бір жаңа құбылыс ашты; ол смолалы уран рудасының ораулы фотография пластинкасына әсер ететінін байқады. Ораулы фотография пластинкасының, үстіне темір кілт қойып, кілттің үстіне уран рудасын қойғанда, пластинкаға кілттің суреті түсті. А. Беккерель бұдан мынадай қорытынды жасады: ураннан көзге көрінбейтін ерекше сәуле шығады, ол сәуле қалың темірден өте алмайды; жеңіл, жұқа нәрседен оңай өтеді,- деді. Бұл сәулелер алғашқы кезде Беккерель сәулелері деп аталып жүрді. Бұдан соңғы оқымыстылардың зерттеуінше Беккерель сәулелерін тек уран емес, басқа заттардың да шығаратыны анықталды. Өздігінен осындай сәулелер шығаратын заттар радиоактивті заттар делініп, бұл құбылыс радиоактивтік деп аталады. 1898 жылы ураннан да гөрі, әлде қайда күштірек радиоактивті полоний және радий элементтері табылды. Бұдан кейін бірталай радиоактивті элементтер бар екені анықталды.
Уран, радий және сол сияқты радиоактивті заттардан шығатын сәулелердің қасиеттерін зерттей келгенде бұл сәулелердің үш түрі болатыны анықталды. Мұны мынадай тәжірибе жасап байқауға болады. Кішкентай қорғасын сауытқа радиоактивті зат салып, сол сауытты оң және теріс зарядталған екі пластинканың ортасына қойғанда, сауыттың үстіндегі тесіктен шыққан сәулелер үш топқа жіктеледі. Сәуленің бір тобы теріс зарядталған пластинкаға, екінші тобы оң зарядты пластинкаға қарай бұрылады. Үшінші тобы бұрылмай тік кетеді. Бұлардың бірінші тобы альфа-сәулелері деп аталады. Тәжірибе жасап, жете тексере келгенде олар оң электрмен зарядталған гелий ( 2 нейтрон мен 2 протоннан тұратын) элементінің атомдары екені анықталды. Альфа бөлшегінің массасы - 6,664 . 10 – 24 кг.
Екінші тобы бета- сәулелері делінеді, олар еркін электрондар ағыны болып шықты. Үшінші тобы гамма – сәулелері деп аталады. Гамма- сәулелер – дегеніміз табиғи немесе жасанды түрдегі радиоактивті заттардың ядролары шығаратын толқын ұзындығы өте қысқа болып келетін, соның нәтижесінде өту қабілеті жоғары электромагниттік сәуле. Оларға электрленген нәрсе әсер етпейді, яғни олардың өзінде электр зарядтары жоқ. Бұлар сәуленің айырықша бір түріне жатады.
Радиоактивті заттардың сәуле шығаруын зерттей келгенде, бұрын атом жіктеуге келмейді, өзгермейді – деген пікір қате екендігі анықталды. Зат радиоактивтік сәулелер шығарғанда, бір заттың екінші затқа, яғни бір заттың атомы екінші заттың атомына айналатыны тағайындалды. Мысалы, азғантай ғана радий тұзын шыны түтікке салып, түтіктің аузын бекітіп қойып, кейін ашып зерттеп қарағанда, түтік ішінде гелий (альфа - сәуле) және радон газдары жиналғаны байқалады. Әрине,бұл газдар радийдың өзінен-өзі жіктелу нәтижесінде пайда болған газдар. Ал, радон газының өзі де радиоактивті зат. Альфа, бета және гамма сәулелерін шығара келе басқа заттарға айналады, бұл құбылыстың ең ақырында кәдімгі қорғасын келіп шығады. Бұл радиоактивті зат емес екені мәлім. Ғылыми әдістермен тексере келгенде радий элементі радиоактивтік өзгеріс нәтижесінде ураннан келіп шығатыны анықталды. Сөйтіп, уран бір үйір радиоактив элементтердің түпатасы болады.
Тағы бір айтарлық нәрсе мынау. Радиоактивтік құбылысты зерттегенде радий тұзы салынған түтік аздап қызады. Оның температурасы айналадағы нәрсенің температурасынан бірнеше градус жоғарырақ болады. Демек, радиоактивтік құбылыс кезінде жылу энергиясы пайда болады. Есептей келгенде 1 грамм радий бір сағатта 137 калория жылу шығаратыны анықталды, басқаша айтқанда 1 сағатта 1 грамм радийдан шыққан жылу 137 грамм суды 1 градусқа жылытады. Бұл жылу ұзақ уақыт үздіксіз шығып тұрады. Белгілі мөлшерде алынған радий толығынан жіктеліп, басқа затқа айналғанда шығатын жылу мөлшері сондай сапалы таскөмір жанғанда шығатын жылудан елу мың еседей артық болады. Сөйтіп радиоактивті заттар энергиясының өте зор көзі болады; таскөмір, мұнай және бізге мәлім энергияның басқа көздерінің бәрінен де қуатты. Сонымен , бір элементтің атомы екінші элементтің атомына айналғанда энергия бөлініп шығады, осы энергия атомның ішкі энергиясы деп аталады.
Радиоактивтік құбылыс жайындағы әңгімені қазірше, осымен тоқтатып, енді қайта атом құрылысына көшейік.




Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   51   52   53   54   55   56   57   58   59




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет