1 Дәріс тақырыбы: Педагогика адам туралы ғылым жүйесінде



Дата22.09.2022
өлшемі38,15 Kb.
#150360
Байланысты:
дәріс 1


  1. 1 - Дәріс тақырыбы: Педагогика адам туралы ғылым жүйесінде

  2. Оқу нәтижелері

  3. Студент:Тақырыптағы кілт сөздердің анықтамасын біледі,

  4. Дәріс мәтініндегі материалдардың қолданыс аясын,т.б. толығымен түсінеді;

  5. Өтілген материалдар бойынша берілген жаттығуларды жүргізудің жолдарын тәжірибе жүзінде қолданады

  6. Дәріс жоспары:

  7. 1.Педагогика ғылымының қалыптасуы мен дамуы.

  8. 2.Педагогика ғылымдарының қоғамның қазіргі даму кезеңіндегі міндеттері. 3.Педагогиканың негізгі категориялары (тәрбие, оқыту, білім беру, педагогикалық үдеріс), олардың өзара байланысы.

  9. 4.Педагогиканың философия, психология, әлеуметтану, физиология және басқа ғылымдармен байланысының түрлері.

  10. Дәріс тезистері

  11. Педагогика ғылымының қалыптасуы мен дамуы.Педагогика - қазіргі адамтанудың саласы. Педагогика ғылым ретінде. Педагогиканың обьектісі, пәні және қызметтері.Педагогика ғылымдарының қоғамның қазіргі даму кезеңіндегі міндеттері. Педагогиканың негізгі категориялары (тәрбие, оқы-ту, білім беру, педагогикалық үдеріс), олардың өзара байланысы. Педагогика-лық ғылымдар жүйесінде пәнаралық ұғымдардын. (тұлға, іс-әрекет, қарым-қатынас, дамыту, әлеуметтену, қалыптастыру) қолданылу ерекшелігі. Педагогикалык, ғылымдар жүйесі. Педагогиканың философия, психология, әлеуметтану, физиология және басқа ғылымдармен байланысының түрлері.

  12. Негізгі ұгымдар:педагогика,педагогика обьектісі, педагогика пәні, педагогиканың қызметтері, педагогикалық үдеріс, педагогика ғылымдарының жүйесі.



Студенттерге ұсынылатын талдау сұрақтары:
1. Тұрмыстық тəрбие біліктерінен ғылыми педагогикалық білімдердің айырмашылығы неде?
2. Педагогика пəні мен педагогикалық тəжірибеге негіздеме беріңіз?
3. Педагогика қызметтері қандай?
4. Əлеуметтік қажеттілік ретінде білім сипаттамасын беріңіз.
5. Білімнің педагогикалық процесс ретінде мəнін ашыңыз.
6. Аталған ұғымдарға түсініктеме беріңіз: педагогикалық процесс, педагогикалық жүйе, педагогикалық өзара ықпалдастық, тəрбие, оқу, педагогикалық технология, педагогикалық іс-əрекет, педагогикалық міндет.
7. Қазіргі заман педагогика ғылымының құрылымы қандай?

Дәріс 1
Адам биологиялық тіршілік иесі ретінде дүниеге келеді. Оның тұлға болып жетілуі үшін – тəрбиелеу қажет. Тəрбие адамды ізгілендіріп, оған қажет қасиет, сапаларды қалыптастырады. Қазіргі қоғамда тəрбие жұмыстарын жүргізу үшін арнайы мекемелер түзілген. Бұл процесті кəсіптенген адамдар басқарады. Тəрбие жөнінде арнайы ғылым қалыптасқан. Міне сол ғылымды үйренуді енді бастаймыз.
Адам тəрбиелеу жөніндегі ғылым педагогика деп аталады. Ол өз атамасын грек сөздері «пайдес»- балалар жəне «аго» -жетектеу дегеннен алған, тікелей аудармасында «педагогика» сөзі бала тəрбиесін бағыттау өнері дегенді аңдатады, ал «педагог» сөзі бала жетектеуші мəнін білдіреді.
Барша дəуірлерде педагогтар балалардың табиғаттан берілген мүмкіндіктерін іске асырып, жаңа сапаларды қалыптастырудың тиімді жолдарын тауып, оларға көмектесумен келеді. Мыңдаған жылдар бойы қажетті білімдер тырнақтап жиналып педагогикалық жүйе негізге келді, тексерілді, қажет болмаған тұстары қолданымнан шығарылды, ақырында өміршең, ең пайдалы педагогикалық идеялар сақталып, бүгінгі күнімізге жетті. Бірте-бірте басты міндеті ғылыми білімдерді топтастыру жəне жүйеге келтіру болған тəрбие жөніндегі ғылым пайда болды. Ұзаққа созылған даму жолын бастан кешірген бүгінгі заман педагогикасы адам тəрбиесі заңдылықтары жөніндегі ғылымға айналды.
Педагогика мұғалімдерді белгілі жас тобындағы балаларды тəрбиелеу ерекшеліктері жөніндегі кəсіби білімдермен қаруландырып, əрқилы жағдайлардағы оқу-тəрбие процесін болжастыруға, жобалауға жəне іске асыруға, оның тиімділігін бағалауға үйретеді. Тəрбие процесін ұдайы жетілдіріп отырып қажет, себебі адамдардың өмір жағдайлары өзгермелі, ақпараттар көлемі ұлғаяды, осыдан мұғалімге қойылатын талаптар жыл сайын күрделеніп баруда. Қоғамның мұндай талаптарына педагогтар өсіп келе жатқан əулетті оқыту, тəрбиелеу жəне оған білім берудің жаңа технологияларын құрастырумен жауап береді.
Бұдан бұрынғы мыңдаған жылдардағыдай-ақ баланың өмірлік мектебі оның алғашқы демімен бірге басталады. Осыдан мектеп педагогтары мəңгі проблемалар құрсауында келеді. Баланы адамаралық қатынастар дүниесіне енгізуді олар өзінің ең басты парызы деп біледі. Алайда, осы уақытқа дейін тəрбиелік қызмет мұншама қиын, күрделі жəне жауапкерлі болып көрген емес. Дүние басқаша кейіпте болған, онда бүгінгі балаларға төніп тұрған қауіп-қатерлердің кейбір түрлері тіпті болмаған. Отбасында, мектепке дейінгі балалар мекемелерінде, мектепте болашақ азаматқа қандай негіз қаланса, болашақ өмірі мен бақыты, бүкіл қоғамның берекесі соған тəуелді болып тұр.
Қазіргі заман педагогикасы үлкен қарқынмен дамудағы ғылым. Сол дамуға байланысты өзгерістердің ізімен асығу қажеттігі пайда болып отыр. Педагогиканың іркіліс, кешеуілдеуі адамдардың даму дағдарысына алып келеді, ғылыми-техникалық прогрестің шабандауына соқтырады. Сондықтан да, педагогика қалаған дерек көздерінен жаңа білімдерді теріп, жинақтап баруы қажет. Педагогиканың дамуына себепші көздер – адамдардың өмір салтында, дəстүрлерінде, халықтық педагогикада бекіген көп ғасырлық тəрбие тəжірибесі, іс-қызметтері; философиялық, қоғамтану, педагогикалық жəне психологиялық еңбектер; əлемде жəне елімізде жүріп жатқан тəрбие практикасы; арнайы ұйымдастырылған педагогикалық зерттеу деректері; жаңа идеялар, жаңарған бағыт-бағдарлар, жылдам өзгерістерге келіп тұрған бүгінгі дүниедегі тəрбиенің тиімді соны технологиялары.
Сонымен, педагогика - тəрбие жөніндегі ғылым. Оның басты міндеті адам тəрбиесі жөніндегі ғылыми білімдерді жинақтау жəне жүйелестіру. Педагогика адамдарды тəрбиелеу, білім беру жəне оқыту заңдылықтарын ашып, соның негізінде алға қойылған мақсаттарға жетудің ең пайдалы педагогикалық жолдары мен тəсілдерін көрсетіп отырады.
1.2. Педагогиканың пайда болуы мен дамуы
Тəрбие практикасы өз бастауларын адамзат өркениетінің бірінші қадамдарымен байланыстырады. Тəрбие алғашқы адамдармен бірге пайда болды. Ол замандары бала ешқандай педагогикасыз-ақ тəрбиеленген. Адамдардың ол жөнінде тіпті хабары да болмаған. Тəрбие жөніндегі ғылым геометрия, астрономия басқада ғылым салаларынан көп кейін қалыптасқан.
Белгілі болғандай, барша ғылым салаларының пайда болуындағы алғы шарт - өмір қажеттігі. Кейін тəрбие идеялары адамдар өмірінде аса маңызды рөл атқара бастады. Себебі əр түрлі қоғамда өсіп келе жатқан əулиетке берген тəрбиесіне орай өмір қажеттігі де жылдам немесе шабан дамитыны белгілі. Осыдан тəрбие тəжірибесін топтастыру жəне қорытындылау, арнайы оқу- тəрбие мекемелерін ұйымдастырып, жастарды өмірге дайындаудың қажеттігі туындады.
Ежелгі дүниенің Қытай, Индия, Египет, Греция сынды аса дамыған елдерінде сол заманның өзінде тəрбие тəжірибесі бір арнаға келтірілді, одан теория түзу қадамдары жасалды. Ол кезде табиғат, адам, қоғам жөніндегі барша білімдер философия шеңберінде жинақталатын, алғашқы педагогикалық тұжырымдарда сол ғылыми аумақта дүниеге келді.
Барша замандарда адамдардың рухани жəне тəн-дене дамуында шешуші рөл атқарған қуаты мол күшті халық педагогикасы беріп келген. Инабаттылық, еңбектік, тəн-дене тəрбиесі бойынша халық қайталанбас ғажайып өміршең жүйе түзді.
Еуропалық тəрбие жүйесінің бесігі – ежелгі Греция философиясында қалыптасқан. Оның көрнекті өкілі Демокрит (460-370 жж. Б.э.д.)- балалар тəрбиесі бойынша алғашқы нұсқаулар кітабын жазған. Сол уақыттың өзінде ол: «Табиғат жəне тəрбие мегзес. Дəлірек айтсақ, тəрбие адамды қайта жасайды жəне оны өзгерте отырып, болмыс табиғатын түзеді… Жақсы адам болу табиғат ықпалынан гөрі тəрбиеге көбірек тəуелді».
Адам тəрбиесіне жəне тұлға қалыптастыруға байланысты идеялар мен тұжырымдар ежелгі грек ойшылдары Сократ (469-399жж.б.э.д.), Платон (427-347жж. Б.э.д.), Аристотель (384-322жж.б.э.д.), Тертуллиана (160-222жж. Б.э.д) еңбектерінде жарияланған.
Орта ғасырлар дəуірінде шіркеу ықпалы қатайып, тəрбиені толығымен діни арнаға бұрды. Бұл Еуропада 12 ғасыр бойы үстемдік еткен догматикалық оқу принциптерінің шыңдалуына жол берді. Солай да болса, өз философиялық тұжырымдары мен педагогикаға үлес қосқан шіркеу өкілдері Августин (354-430жж.), Фома Аквинский (1225-1274) есімдері ғылым тарихында сақталған. Бүгінгі күйінде жалпы білім беретін мектепті ойлап отырып, іске қосқан Лойола (1491-1556) жəне оның ізбасарлары.
Қайта тіктелу заманы (эпоха возрождения) аса жарқын ойшыл педагог-гуманистерді ғылым сахнасына келтірді. Олардың қатарында голландиялық Эразм Роттердамский (1466-1536), италияндық Витторино де Фельтре (1378-1446), француздық Франсуа Рабле (1483-1553) жəне Мишель Монтень (1553-1592) өздерінің педагогикалық еңбектерімен əйгілі болды.
Педагогика көп заманға дейін философияның бөлігі болып, тек қана XVII ғасырда ол дербес ғылым лауазымына ие болды. Осыдан педагогика бүгінгі күнде де философиямен аса тығыз байланысқан. Себебі бұл екі ғылымның да шұғылданатыны адам, оның өмірі мен дамуын зерттеу.
Педагогиканың философиядан бөлініп, өз алдына ғылыми жүйеге келуі ұлы чех педагогы Ян Амос Коменскийдің (1592-1670) есімімен байланысты. Оның 1654 жылы Амстердамда жарық көрген «Ұлы дидактика» атты еңбегі алғашқы ғылыми-педагогикалық кітаптардың бірегейі болды. Ондағы айтылған идеялардың көпшілігі осы күнге дейін өзінің көкейкестілігін жəне ғылыми маңызын жоғалтқан емес. Я.А.Коменский ұсынған табиғи сəйкестік принципі, сынып-сабақтық оқу жүйесі жəне басқа да оқу принциптері, əдістері, формалары педагогикалық теорияның алтын қорынан орын алды. «Оқу негізіне басқалардың зат жөніндегі бақылаулары мен айғақтарын жаттау алынбай, сол заттар мен құбылыстарды танып, білу қалануы тиіс»; «Естігенді –көргенмен, сөзді- қол əрекетімен байланыстыру қажет»; «əрқандай үйрету сыртқы сезім жəне ақыл-парасат байланысы негізіндегі дəлелдерге сүйенуі қажет»… Ұлы педагогтың осы тұжырымдары біздің заманымыздың талаптарына да сəйкес келіп тұр.
Ағылшын философы жəне педагогы Джон Локк (1632-1704) өз қайрат-күшін тəрбие теориясына бағыштады. Өзінің «Тəрбие жөніндегі ойлар» атты басты еңбегінде ол өзіне сенімді, ауқымды білімділігін іскерлікпен, берік наным-сенімдерін сұлу мəнерлілікпен ұштастыра білген адам - джентельмен тəрбиелеуге арналған көзқарастарын жариялады.
XVIII ғасырда мектеп педагогикасы бойынша өз шығармаларымен танылған француз материалист-ағартушылары Д.Дидро (1713-1784), К.Гельвеций (1715-1771), П.Гольбах (1723-1789), əсіресе Ж.Ж.Руссо (1712-1778) болды. «Затқа назар! Затқа! Мен ешқашанда біздің мылжың тəрбиемізбен сөзге аса көп маңыз беріп, құрғақ сөзді адамдарды жасайтынымызды қайталап айтудан жалықпаймын» -деп ұрандады ол.
Педагогиканың қалыптасуында И.Г.Песталоцийдің (1746-1827) есімі аса құрметпен аталады. «О сүйікті халқым! Сенің қаншалықты төмен жасап жатқаныңды мен байқап жүрмін, мен саған көтерілуге жəрдем беремін»-деп, ол жан айқайын салды. И.Г.Пестолоций өз дегеніне жетті: мұғалімдерге оқыту мен адамгершілік тəрбиесінің ізгілікті теориясын ұсынды.
«Өзгерістерден басқа тұрақты ешнəрсе жоқ», -деп үйреткен неміс педагогы Фридрих А.В.Дистервег (1790-1886) барша педагогикалық құбылыстарға тəн тəрбиенің қозғаушы күштері мен қарама-қарсылықтарын зерттеген.
Орыс ойшылдары, философтары жəне жазушыларының арасында педагогикалық шығармаларымен белгілі болған есімдер: В.Г.Белинский (1811-1848), А.И.Герцен (1812-1870), Н.Г.Чернышевский (1828-1889), Н.А.Добролюбов (1836-1561). Бүкіл əлемде Л.Н.Толстойдың (1828-1910), Н.И.Пироговтың педагогикалық идеялары əйгілі. Олар таптық мектепті қатаң сынға алып, халықтық тəрбие саласын түбегейлі өзгерту қажеттігін ұрандады.
Қазақ халқының да тəлім-тəрбиелік жүйесі ұланғайыр да мəуелі. Бұл салада халқымыздың тəлім-тəрбиелік алтын қорына елеулі үлес қосқан арыстарымыз А. Құнанбаев, Ы.Алтынсарин, С.Торайғырұлы жəне т.б. Олардың тəлім-тəрбиелік өсиеттері талай зерттеулерге арқау болған. Кемеңгер Ахмет Байтұрсынұлының өткен ғасыр басында –«Мектептің жаны мұғалім. Мұғалім қандай болса, мектебі həм сондай болмақшы…əуелі біз елді түзетуді бала оқыту ісін түзетуден бастауымыз керек. Неге десек, болыстық та, билік те, халықтық та оқумен түзеледі. Қазақ ісіндегі неше түрлі кемшіліктің көбі түзелгенде, оқумен түзеледі» – деген ұлағатты ескертпесі бүгінгі қазақ мектебінің ұлттық білім стратегиясының тұғыры ретінде қабылдануда.
Орыс педагогикасын əлемдік даңққа бөлеген Константин Дмитриевич Ушинский (1824-1871) оқу-тəрбие теориясын түбегейлі өзгеріске келтіріп, педагогикалық практикада төңкеріс жасады. К.Д. Ушинскийдің педагогикалық жүйесінде жетекші орын тəрбие мақсаттарына, принциптеріне жəне оның мəніне берілген. «Тəрбие, егер ол адамға бақыт бағыштағысы келсе, оны бақыт үшін тəрбиелемей, өмірлік еңбекке баулуы тиіс. Ұдайы жетілуде болған тəрбие адамның тəн-дене, ақыл-парасат жəне ізгілік-инабаттық күштерінің ауқымын барынша кеңейту мүмкіндігіне ие болады»- деп жазған еді ұлы ғұлама.
Тəрбие жолындағы жетекші рөл мектеп жəне мұғалімнің билігінде: «Тəрбиедегі барлық істер тəрбиеші тұлғасына негізделуі тиіс, себебі тəрбие күші тұлғаның адамилық қадір-сапаларынан бастау алады». «Ешбір жарғы немесе бағдарлама , ешқандай жасанды мекеме организмі, қаншалықты айламен құрылса да, тəрбие жұмысындағы тұлға беделінің орнын баса алмайды» -деген К.Д.Ушинский бүкіл педагогиканы қайта қарастырып, жаңа ғылыми деректер негізінде білім беру жүйесін толығымен түбегейлі қайта құруды талап етті:
«…теориядан алшақтаған педагогикалық практиканың бір өзі –медицинадағы тəуіпшілдікпен тең».
XIX ғ. ақыры - XXғ. басында педагогикалық проблемалар АҚШ-та қарқынды зерттеле бастады. Ол жерде адам тəрбиелеудің жалпы принциптері мен заңдылықтары өрнектелді, əрбір адамға белгілеген мақсаттарына тез, əрі табысты жетуге мүмкіндік беретін тиімді білім технологиялары қалыптасып, практикаға енді. Американ педагогикасының белгілі өкілдерінің бірі Джон Дьюи (1859-1952). Оның зерттеу жұмыстары бүкіл батыс Еуропа, Америка жəне Австралия аймақтарында педагогикалық ойдың дамуына үлкен ықпал жасады. Американ педагогтарының тағы бір көрнекті тұлғасы Эдвард Торндайк (1874-1949) оқу процесін зерттеумен атын əйгілеп, əрекетшіл тəрбие технологиясын бүкіл əлемге жария етті.
Елімізде аты танымал американ педагогы жəне дəрігері Бенджамен Спок. Ол қауым өкілдеріне, бір қарағанға қарапайым ғана тəрбиеде басты не болу керек: қаталдық па қайырымдылық па? –деген сұрақ қойып, көпшіліктің санасына жаңа тəрбие лебін жеткізді. Бұл сұрақтардың астарынан күтілген жауап- педагогика қай бағытта: əміршіл-əкімшіл немесе гуманистік – жолымен дамуы қажет пе? Бұған нақты жауапты Б.Спок өзінің “Бала жəне оған қамқорлық”, “Анамен сұқбат” жəне т.б. еңбектерінде беруге тырысқан.
XX ғасырдың басында əлемдік педагогикада еркін тəрбие жəне бала тұлғасының дамуы идеялары белсенді жария етіле бастады. Бұл идеяға жетекші Мария Монтессори (1870-1952) болды. Өзінің «Ғылыми педагогика əдістемесі» кітабында ол балалық жас мүмкіндіктерін барынша пайдалану қажеттігін түсіндіріп бақты. Себебі, сəбилік шақтағы бала дамуы үлкен тəрбиелік табыстарға есік ашады. Оның пікірінше, мектеп оқуының басты формасы өзіндік оқу жұмыстары болуы қажет. Монтессори оқушылардың жекелеп оқуына ыңғайлы грамматикалық, математикалық, биология-жаратылыстану жəне басқа пəндерге арнап дидактикалық материалдар ұсынды. Бұл оқу құралдарының ерекшелігі, оларды пайдалана отырып, бала өз кемшілік-қателерін табады жəне оларды түзетеді. Бүгінгі күнде Қазақстан Республикасында да Монтессори жүйесінің тараптарлары мен қолдаушылары баршылық. Осы бағытта түзілген «бала бақша -мектеп» жүйесі іске қосылып, балаларды еркін тəрбиелеу идеясы өз жемісін беруде.
Ресейдегі еркін тəрбие идеяларын қуаттаушылардың бірі Константин Николаевич Вентцель (1857-1947)еді. Ол 1917 жылы дүниеде алғашқылардың бірі болып, бала құқықтары декларациясын түзіп, жариялады. 1906-1909жж. аралығында Мəскеуде ол ұйымдастырған «Еркін бала Отауы» жұмыс істеп тұрды. Бұл ерекше оқу мекемесінде басты кейіпкер- бала аса құрметпен танылды. Тəрбиешілер мен мұғалімдер бала қызығуларына икемдесіп, оның табиғаттан берілген қабілеттері мен дарынының дамуына жəрдемдесу қызметтерін атқарды.
Қазан төңкерісінен кейінгі кеңестік педагогика жаңа қоғамдағы адам тəрбиесі идеяларын өзіндік түсінім жолымен дамыта бастады. Жаңа педагогикаға байланысты шығармашылық ізденістер аймағында белсенділікпен қатысқан белгілі педагог ғалымдар: С.Т.Шацкий (1878-1934), П.П.Блонский (1884-1941), А.П. Пинкевич (1884-1939) болды. Социалистік дəуір педагогикасын танымал еткен Н.К.Крупская, А.С. Макаренко, В.А.Сухомлинский еңбектері. Надежда Константиновна Крупскаяның (1869-1939) теориялық ізденістері жаңа кеңес мектебін қалыптастыру, сыныптан тыс тəрбиелік жұмыстарды ұйымдастыру, енді пайда бола бастаған пионер қозғалысы проблемаларының төңірегінде шоғырланды. Антон Семенович Макаренко (1888-1939) балалар ұжымына педагогикалық басшылық, еңбек тəрбиесі, саналы тəртіп қалыптастыру жəне балаларды отбасында тəрбиелеу əдістемелеріне байланысты идеяларды қорытындылап, оларды практикада іске асыру принциптерін ұсынды, əрі өзі оларды тəжірибе тексеруінен өткізді. Василий Александрович Сухомлинский (1918-1970) өз зерттеулерін жастарды тəрбиелеудің моральдық проблемаларымен байланыстырды. Оның дидактикалық кеңестері мен нақты да дəл бақылаулары қазіргі педагогикалық ой дамуы жəне қоғамды қайта түзу дəуіріндегі мектеп тағдыры жөніндегі ұсыныстары өз маңызын əлі де сақтауда, сонымен бірге білім сапасын жаңаша түсінуде үлкен жəрдемін тигізіп отыр.
Халыққа білім беру аймағында өткен ғасырдың 40-60 жылдары белсенді еңбек еткен педагог-ғалымдардың бірі Михаил Алексеевич Данилов (1899-1973). Ол бастауыш мектеп тұжырымдамасын жасап шықты (“Бастауыш білім беру міндеттері мен ерекшеліктері”,1943), (1947 жылы “Адамның ақыл-парасат жəне моральдық дамуында бастауыш мектептің рөлі”) кітабын жазып, мұғалімдерге арналған көптеген жетекші əдістемелік еңбектер жариялады. Олар осы күнге дейін мұғалім қауымының таптырмас құралдарына айналып отыр.
70-80 жылдары жалпыбілімдік мектеп проблемаларымен академик Л.В.Занковтың ғылыми лабораториясы белсенді айналысты. Бұл мекеменің зерттеулері нəтижесінде кіші, орта жастағы балаларды оқытудың жаңа, оқушылардың танымдық мүмкіндіктерін арқау еткен оқу жүйесі пайда болды.
80-жылдардың ақырында бұрынғы Кеңес республикаларында мектепті жаңалау мен қайта құру қозғалысы өріс алды. Бұл қызметтестік педагогикасының туындауынан көрінді. Осы дəуірдегі жаңаланған педагогиканы дамытуға ат салысқан педагог ғалымдар мен бірегей шығармашыл мұғалімдер көптеп таныла бастады. Олардың арасында Ш.А.Амонашвили, Л.С.Соловейчик, В.Ф.Шаталов, Н.П.Гузик, Н.Н.Палтышев, В.А. Караковский жəне басқалар болды.
Бүкіл елге белгілі болған мəскеулік бастауыш мектеп мұғалімі С.Н.Лысынкова “Қалайша жеңіл оқуға болады?” атты кітабын жариялап, онда бастауыш мектеп оқушыларының оқу істерін схема, тірек карточкалар, таблицалар пайдалану арқылы басқару тəсілдерін көрсетіп берді. Сонымен бірге С.Н. Лысынкова “Ілгерілестірілген (опережающее) оқу” əдістемесін жасады.
Бүгінгі кезеңдегі педагогика өзінің диалектикалық, өзгермелі ғылым сипаттарына сай болуымен қарқынды дамуда. Кейінгі он жылдықтарда педагогиканың бірнеше салаларында келелі табыстарға қола жеткізілді, əсіресе мұндай жетістіктер мектептегі оқудың жаңа технологияларын жасауда көрініс берді.
Сапалы оқу бағдарламаларымен жабдықталған қазіргі заман компьютерлері оқу процесін басқаруда үлкен жəрдемін тигізуде. Соның нəтижесінде оқу барысында аз қуат пен уақыт жұмсап, жоғары нəтижелерге жету мүмкіндіктері пайда болды.
Тəрбиенің жетілген əдістемелерін жасау бағытында да пайдалы өзгерістер көптеп болуда. Ғылыми -өндірістік комплекстер, авторлық мектептер, эксперименталды оқу-тəрбие алаңдары - ұнамды өзгеріс-тер жолындағы елеулі көзге түскен педагогикалық жаңалықтар. Еліміздегі жаңа жəне жаңаланған мектеп оқуы мен тəрбиесі басты назарда тұлға дамуын көзге алып, гуманистік бағытта өрлеп, өрістеуде.
Сонымен, тəрбие тəжірибесі адамзат өркениетінің тереңдегі тарихи сатыларынан бастау алады.Тəрбие жөніндегі ғылым негіздері ежелгі, көне дəуір философиясының арнасында дамыған. Тəрбие, оқу, білім берудің тиімді теориялары мен əдістемелері пайда болғанша, педагогика дамудың ұзақ та қайшылықты жолын басып өтті.
1.3. Педагогика нысаны, пəні жəне қызметтері
Өткенде де, қазіргі күнде де педагогика жөніндегі ғалымдар пікірі үш бағытта өрбіген. Бірінші топ ғылым өкілдерінің ойынша педагогика адамзат білімдерінің пəнаралық аймағын құрайды. Осыдан мұндай көзқарас педагогиканың дербес теориялық ғылым екендігін, яғни педагогикалық құбылыстардың идеялық түйіні боларын тіпті де мойындамайды. Бұл жағдайда педагогикалық нысан ретінде əртүрлі күрделі болмыс объекттері (космос, мəдениет, саясат жəне т.б.) қабылданары сөзсіз.
Ендігі ғалымдар тобы педагогиканың басқа ғылым салаларынан (психология, жаратылыстану, əлеуметтану жəне т.б.) алынған білімдерді жанама түрде пайдаланып, оқу жəне тəрбие аймағында туындайтын мəселелерді шешуге икемдестірілген қолданбалы пəн рөлін таңдады. Бұлай болғанда педагогикалық практиканың іске асуы мен өзгерістеріне тұғырлы тірек болар тұтастай теориялық негіз қалыптасуы мүмкін емес. Мұндай педагогика мазмұны педагогикалық құбылыстардың жеке тақырыптары жөніндегі кездейсоқ, жүйеленбеген, байланыссыз деректер жиынтығы күйінде көрінері екінің біріне аян.
Қазіргі кезеңде ғылым мен практикаға үшінші ғылыми тұжырым өз тиімділігімен танылып отыр: педагогика- өзіндік нысаны мен зерт-теу пəніне ие салыстырмалы дербес білім саласы («Педагогика» оқулықтарының ең соңғы басылымдары: Б.Т.Лихачев, И.П.Подласый, В.А.Сластенин жəне т.б.).
Педагогика нысаны. Педагогика ғылымының нысандық ерекшелігі жөнінде батыл ой ұсынған ғалым жəне практик А.С.Макаренко болды. Оның пікірі: көпшілік педагогика нысаны бала деп біледі, алайда бұл дұрыс емес. Ғылыми педагогика зерттеулерінің объектісі – бұл «педагогикалық дерек (құбылыс)». Дегенмен, бала, адам да зерттеуші назарынан тыс қалмайды. Керісінше, адам жөніндегі ғылымдардың бірі болғандықтан, педагогика аталған объекттердің тұлғалық дамуы мен қалыптасуына мақсатты бағдарланған саналы іс-əрекеттер аймағын зерттейді. Осыдан, педагогика өз нысаны ретінде тек өкілі (индивид) не оның психикасын қарастырмай (бұлар психология объекті), оның дамуына байланысты педагогикалық-тəрбие құбылыстар жүйесін зерттеуге алады. Сондықтан да педагогика нысаны деп қоғамның мақсатты бағдарланған іс-əрекеттері үдерісінде дара адам дамуына себепкер болған болмыс құбылыстарын айтамыз. Бұл құбылыстар педагогика ғылымында білімдену (образование) атамасымен белгіленіп, педагогика шұғылданатын шынайы дүниенің бір бөлігін танытады.
Педагогика пəні. Білім, білімдену процесі тек педагогиканың ғана меншікті зерттеу аймағы емес, оның зерттеуімен философия, əлеуметтану, жантану, экономика жəне де басқа ғылымдар шұғылданады. Мысалы, экономист білім жүйесінде өндірілген «еңбек ресурстарының» шынайы мүмкіндіктер деңгейін анықтай отырып, олардың дайындығына жұмсалатын қаржы мөлшерін белгілеуге тырысады.
Социолог өз міндетіне орай білім жүйесінде дайындықтан өткен адамдардың əлеуметтік ортаға икемдесу қабілеттері мен ғылыми-техникалық үдеріске жəне əлеуметтік өзгерістер жолында ықпал ету мүмкіндіктерін білгісі келеді.
Философ, өз кезегінде, ауқымдылау бағдарын негізге ала отырып, білім саласының жалпы міндеттері мен мақсаттары жөніндегі сұрақтарға жауап іздестіреді: Білімнің бүгінгі жайы қалай? Ол келешекте қандай болмақ? Психолог білімді педагогикалық үдеріс ретінде қарастыра отырып, оның психологиялық қырларына назар аударады. Саясаткер қоғам дамуының нақты кезеңіндегі мемлекеттік білім саясатының тиімділік деңгейін тануға ұмтылады т.с.с.
Əлеуметтік құбылыс болған білімді зерттеудегі əртүрлі ғылымдардың қосқан үлесі, əлбетте, құнды да қажетті, бірақ олардың бəрі де адамның күнделікті өсу жəне даму процестерімен байланысқан білімнің мəндік астарын жəне сол даму процесіндегі педагог пен оқушы ықпалдастығы мен оған сəйкес жүйелік құрылымдарды назардан тыс қалдырады. Солай болуы заңды да, себебі аталған проблемалардың баршасы арнайы ғылым – педагогиканың зерттеу нысандары.
Осыдан, педагогиканың пəні – арнайы əлеуметтік мекемелерде (институттарда): отбасы, білім беру жəне мəдени-тəрбие орындарында –мақсат бағдарлы ұйымдастырылған шынайы біртұтас педагогикалық процесс ретінде көрінетін жүйеленген білім саласы. Бұл тұрғыдан педагогика əрбір адамның бүкіл өмір бойы дамуының кепілі жəне құралы болған педагогикалық процестің мəні мен мазмұнын, заңдары мен заңдылықтарын жəне оның бүгінгі бағыт-бағдары мен болашақ өркендеу жолын зерттеуші ғылым жүйесін аңдатады. Осы негізде педагогика тəлім-тəрбие процесінің ұйымдасу теориясы мен технологиясын, педагог іс-əрекетін (педагогикалық қызметті) жəне оқушылардың əрқилы оқу жұмыстарын жетілдірудің формалары мен əдістерін əрі олар арасындағы оқу істері төңірегінде туындап отыратын қарым-қатынас, ықпалдастық стратегиялары мен тəсілдерін нақтылап, ашып отырады.
Педагогика ғылымының қызметтері. Дербес ғылым ретінде танылған педагогиканың қызметтері оның жоғарыда аталған пəндік сипаттарымен сабақтас, яғни табиғи бірлікте іске асырылуы қажет теориялық жəне технологиялық міндеттер.
Педагогиканың теориялық міндеттері үш деңгейде жүзеге асырылады:
- сипаттау немесе түсіндіру – озат əрі жаңашыл педагогикалық тəжірибені зерттеу;
- анықтау (диагностикалық) – педагогикалық құбылыс жағдайын, педагог пен оқушы іс-əрекеттерінің нəтижелілігі немесе тиімділігін жəне оларды қамтамасыз етуші шарттар мен себептерді айқындап алу;
- болжау (прогноздау) – барша педагогикалық жағдаяттарды табиғи тұтастық күйінде эксперименталды зерттеуден өткізу жəне оның негізінде сол педагогикалық болмыстың жаңаланған моделін құрастыру.
Теориялық қызметтің болжау, болжастыру деңгейі педагогикалық құбылыстардың мəнін ашу, педагогикалық процестің түп-төркінінде орын алатын құбылыстарды таба білу, сонымен бірге болып қалуы мүмкін ықтималды өзгерістерге ғылыми негіздеме бере алу сынды іс-əрекеттермен байланысты. Осы деңгейде анықталған деректерге орай оқу жəне тəрбие теориясы анықталып, білім беру практикасына жетекші рол атқарушы озық педагогикалық жүйе моделі құрылады.
Педагогиканың технологиялық қызметтері де үш көрініс береді:
- жобалау (проекттеу) – педагогикалық іс-əрекет пен оның мазмұны əрі сипатын қалыптастыру жəне реттеуге нұсқау болғандай теориялық тұжырымдар мен анықтамаларды қамтыған қажетті əдістемелік материалдарды (оқу жоспары, бағдарлама, оқулықтар мен оқу құралдары, педагогикалық ұсыныстар) жасауға байланысты;
- жаңалау – тəрбие жəне білім беру тəжірибесін жетілдіру мен қайта түзу мақсатына орай педагогика ғылымының замандық жетістіктерін мектеп өміріне енгізе, пайдалану;
- ықпал таныту (рефлексивтік)жəне реттеу-түзетулер енгізу (коррекциялық)- ғылыми зерттеу нəтижелерінің оқу-тəрбие ісіне болған əсер-ықпалын бағалау жəне одан соңғы ғылыми теория мен тəжірибелік іс-əрекеттер байланысына қажет болып қалатын реттеу-түзетулерді іске асыру.
Өзінің қоғамдық қызметтерді орындауға қажет қабілеттерінің дамуына себепші болған əлеуметтену процесінде адам тұлғалық кемелдену сатысына көтеріледі. Адамның əлеуметтенуі оның қоғамдағы ауыспалы жағдайлар мен шарттарға икемдесе білуі ғана емес, ол өз ішіне жеке тұлғаның дамуы, өзіндік танымы мен өз мүмкіндіктерін өз күшімен іске асыра алу сияқты процестерді де қамтиды. Дегенмен, аталған процестерге байланысты міндеттердің шешімі бірде мүдделі, жүйеленген болып, бүкіл қоғам, сол үшін арнайы ұйымдастырылған мекемелердің қолдауымен жəне жеке адамның ынта-ықыласына негізделсе, кейде кездейсоқ келеді. Ал осы əлеуметтенуге орай жүргізілетін, нақты мақсатқа бағыттала ұйымдастырылған басқару процесі білім (образование) деп аталады. Білім мəні – əр адамның өте күрделі өзіндік басқару жүйесінің тиімділігін көтеру жəне оны жоғары моральдық жəне азаматтық мұраттар рухында тəрбиелеу.
Сонымен, əлемде кең таралған педагогикалық ойдың дамыған екі бағыты танылған – үлкендердің бедел – абыройына жəне балалардың бағыныштылығына негізделген əкімшіл (авторитарлы) ағым, шəкірт құқығы мен еркіндігін құрметтеуші – гуманистік ағым. Олардың арасында –сан қилы педагогикалық бағыттар өрбіген. Əлемнің ізгілікті педагогикасы өзінің гуманистік таңдауын қабылдады.
1.4. Педагогикалық ғылымдар жүйесі
Педагогика – кең ауқымды ғылым. Оның шұғылданатын оқу жəне тəрбие мəні мен олардың барша байланыстарын жеке бір ғылым шеңберінде қамту мүмкін емес. Педагогика дамудың ұзақ жолын басынан кешіріп, көптеген білімдер жинақтап, бүгінгі күнде ғылыми білімдердің кең тармақты жүйесіне айналып отыр. Сондықтан бүгінгі педагогиканы тəрбие жөніндегі ғылымдар жүйесі деп атаған дұрыстау келеді.
Педагогиканың ірге тасы- философия, дəлірек айтсақ, тəрбие проблемаларымен арнайы шұғылданатын оның тəрбие философиясы тармағы. Тəрбие философиясы өз алдына білім саласы ретінде тəрбиелік практикада əртүрлі философиялық жүйе идеяларын пайдаланады. Философия – педагогикаға танымның жалпы бағыт-бағдарын, педагогикалық құбылыстар мен процестерді зерттеудің əдіс-тəсілдерін көрсетеді. Сондықтан да, философияны оның біртұтас жəне жүйелік, құрылымдық талдау əдістерімен бірге педагогиканың əдіснамалық негізі деп атау қабылданған.
Қоғамдық құбылыс ретінде тəрбие дамуы мен педагогикалық білімдердің өткен жолын педагогика тарихы зерттейді. Өткенді түсіне отырып, болашаққа көз тігеміз. Бастан кешіргенді зерттеу жəне оны бүгінгімен салыстыру осы заманғы құбылыстардың негізгі даму кезеңдерін нақтылаумен бірге бұрынғы қателерді қайталаудан сақтандырады.Педагогика жүйесі келесі салаларды қамтиды: жалпы педагогика; жас кезеңдер педагогикасы; əлеуметтік педагогика; арнайы педагогика.
Жалпы педагогика – адам тəрбиесі заңдылықтарын зерттеп, барша типтегі тəрбиелік мекемелердегі оқу-тəрбие процесінің жалпы негіздерін теориялық тұрғыдан қарастыратын іргелі ғылыми пəн. Қалыптасқан дəстүр бойынша жалпы педагогика төрт бөлімнен тұрады. 1) оқу-тəрбие процесінің негіздері; 2) дидактика (оқу теориясы); 3) тəрбие теориясы; 4) мектеп тану. Жас кезеңдер педагогикасы педагогиканың мектепке дейінгі жəне мектептік жүйелерін өз алдына бөліктеп қарастырады. Олар өсіп келе жатқан əулеттің белгілі жас тобына байланысты оқу-тəрбие іс-əрекеттері ерекшеліктерін бейнелейтін тəрбие заңдылықтарын зерттейді. Бүгінгі күнде жас кезеңдер педагогикасы орта білім берудің барша жүйесін қамтиды. əрқилы жас топтарында немесе оқу-тəрбие мекемелеріндегі тəрбие айырмашылықтарын танытушы дербес педагогикалық салалар пайда болуда. Олардың ішінде қазіргі күнде өз алдына пəн ретінде оқылатындары – мектепке дейінгі педагогика, кəсіби техникалық мектептер педагогикасы, өндірістік педагогика, ұзақтан оқыту педагогикасы жəне т.б.
Ғылыми пəндер ішінде ересектердің педагогикалық проблемаларымен айналысып, қарқынды даму жолына түскен – жоғары мектеп педагогикасы. Оның міндеттері- барша деңгейдегі ресми, ресми емес тіркелген жоғарғы оқу орындарында жүріп жатқан оқу-тəрбие процесінің заңдылықтарын ашып беру, қазіргі ауыспалы кезеңде жоғары білім алудың арнайы проблемаларын зерттеу, жоғары технологиялық жəне компьютерлік оқу жүйелерінің принциптерімен таныстыру. Дипломнан соңғы білім педагогикасы еңбек педагогикасымен тығыз байланыста мамандық көтеру, сонымен бірге нарықтық экономикаға орай көкейкесті болып тұрған халық шаруашылығының əртүрлі салаларында қызмет етіп жатқан жұмысшылардың қайта мамандану, егделік жасқа келгенде жаңа білімдерді, жаңа кəсіпті игеру мəселелерімен шұғылданады. Арнайы жағдайларда өтетін тəрбие процестер ерекшелігін əскери педагогика зерттейді.
Əлеуметтік педагогика ауқымында отбасы педагогикасы, мəжбүрлі тəрбие (первентив) педагогикасы, алдын алу (профилактикалық) педагогикасы дамуда.
Өз дамуында əрқилы мүшелік бұзылыстар мен ауытқуларға ұшыраған адамдар арнайы педагогика аймағында зерттеледі. Есітпейтіндер мен мылқаулар оқуы жəне тəрбиесімен сурдопедагогика, зағиптар- тифлопедагогика, ақыл-есі кемдер- олигофренопедагогика шұғылданады.
Педагогика ғылымдарының арнайы тобын жекеленген немесе пəндік əдістемелер құрайды. Олар оқу-тəрбие мекемелерінің барша типтерінде өтілетін нақты оқу пəндерінің оқытылуы мен игерілуі заңдылықтарын ашып, мұғалімдерге ұсынады. Өз пəнін оқыту əдістерімен əрбір педагог жоғары деңгейде таныс болуы міндетті. Педагогиканы оқыту əдістемесі де жоқ емес. Қолыңыздағы оқу құралы осы əдістеме талаптарына лайық жазылған. Соңғы он жылдықтарда педагогиканың барша салалары дəстүрлі əдістемелерден ерекшеленген, нақты жағдайларда жоғары нəтижеге жеткізуші ең тиімді деген жолдар мен тəсілдерді түзуге көмектесетін жекеленген технологиялар жасау бағытында дами бастады.
Тəрбиеге байланысты жаңа ғылым салалары педагогиканың дəл жəне техникалық білімдермен тоғысында қылаң бере бастады. Олар – кибернетикалық, математикалық, компьютерлік педагогика, суггестология (гипноздық сендірумен жедел оқыту жүйесі) жəне т.б.
Осы заманғы педагогика адам жөніндегі басты ғылымдардың бірі ретінде ауқымды да қарқынды даму жолына түсті.
Сонымен, бұл күнде педагогика кең тармақты ғылыми жүйе ретінде танылған. Бұл жүйеде мектеп педагогикасы маңызды орынға ие. Себебі тəрбие процесі əсіресе балалық шақта жылдам жүрісте болады, сондықтан да оны жоғары кəсіптік деңгейде басқара білу қажет. Өз проблемаларын шешу барысында педагогика көптеген ғылымдардың деректерін пайдаланады.
1.5. Педагогика жəне басқа ғылымдар
Адам жөніндегі ғылымдар жүйесіндегі педагогиканың орны оны басқа ғылымдармен байланыстыра қарастырғанда ғана айқындалуы мүмкін. Өзінің ұзаққа созылған тарихында педагогика көптеген ғылымдармен тығыз байланыста болып, өз дамуы мен кемелденуінде олардың əрқилы ықпал-əсеріне ұшырап отырды. Бұл ұштастықтардың кейбірі тарих тұңғиығынан жалғасып келе жатса, енді біреулері-кейінгі, жақын дəуірлерде пайда болды. Педагогиканың алғашқы байланыс түзген білім салалары-философия мен психология. Бұл ғылыми «одақ» қазіргі күнде де педагогикалық теория мен практиканың кең, өрістеп дамуының алғы шарты.
Педагогиканың философиямен байланысы өте бір ұзақ та өнімді болды, себебі философиялық идеялардан педагогикалық тұжырымдар мен теориялар туындап отырды. Педагогикалық ізденістердің бағыттары белгіленді, сонымен бірге педагогиканың əдіснамалық негізі осы философиялық көзқарастардан қалыптасты. Философиялық бағыттар (экзистенциалды, прагматикалы, неопозитивистік, материалистік т.б.) жүйесін ұстануына орай педагогика зерттеушілерінің оқу-тəрбие саласындағы ғылыми-ізденіс жолы, білім беру процесінің мəні мен мағынасы, мақсаты мен технологиялық сипаттамасы айқындалады. Философия сонымен бірге педагогикалық болмыс пен нақты тəжірибені теориялық тұрғыдан түсінудің құралы ретінде қолданылып, жаңа педагогикалық тұжырымдамалар жасаудың бастау көзін береді.
Педагогиканың ежелден келе жатқан дəстүрлі де аса бір құнды байланысы жантану (психология) ғылымымен орныққан. Адам табиғатын білу, оның тума қасиеттері мен мүмкіндіктерін түсіну, тұлға дамуы мен оның жандүниелік қозғалыстарында байқалатын заңдылықтар жəне оларды басқарушы тетіктерді ескеру, сонымен бірге оқу мен тəрбие жүйесін осы психикалық заңдылық, қасиет-сапа, қажеттіктер мен мүмкіндіктерге негіздей отырып құрастыру талаптарын елеулі ғұлама-педагогтардың бəрі де алға тартып отырған. Дегенмен, ескеретін жəйт: тұлғаның дамуы мен қалыптасуын бір жақты тек психологиялық шарттармен ғана түсіндіру шынайылыққа келмейді, себебі педагогтар мен балалар өмірі табиғи заңдылықтардан кейде басымдау түсетін əлеуметтік-педагогикалық жағдайларға тəуелді келеді, тіпті сол психологиялық дүние, болмыстың өзі де арнайы қоғамдық ықпал нəтижесінде өзгеріске келуі əбден мүмкін.
Педагогиканың басқа ғылымдармен байланысы адамды тұлға ретінде зерттеуімен ортақ келетін философия жəне психология аймағымен шектеліп қалмайды. Оның адамды тіршіліктегі сипатында танушы анатомия, физиология, астрология жəне медицина ғылымдарымен де байланысы заңды құбылыс.
Адам дамуына ықпал жасаушы табиғи жəне əлеуметтік факторлар арақатынасынан туындайтын проблема - педагогика үшін өзекті мəселелердің бірі. Адамның жекеленген табиғи дамуын зерттеуші биология ғылымында бұл мəселе аса маңыздылығымен танылған.
Адамды табиғи жаратылыс туындысы жəне əлеуметтік болмыс жемісі ретінде қарастыра отырып, педагогика антропология ғылымындағы адам туралы білімдердің бай қорын толық пайдаланады, осыдан олардың бəрін жалпыланған адам бойында теориялық бірігімге келтірумен оның сан қырлы да көп сырлы болмысын тануға жол ашады.
Педагогиканың медицинамен байланысының нəтижесінде педагогикалық білімдердің арнайы саласы коррекциялық (реттеуші) педагогика пайда болды. Осыдан, өз дамуында тума немесе жасанды ауытқуы бар балаларға білім берудің тəсілдері анықталды. Педагогиканың бұл саласы медицина деректерін пайдалана отырып, бала деніндегі кемшіліктердің орнын толтыру мен оның қоғам өміріне толыққанды араласып кетуін жеңілдететін терапиялық құрал-жабдықтар жүйесін түзіп, қолданымға келтірді.
Сонымен бірге педагогиканың дами түсуі адамды қоғам мүшесі ретінде, оны əлеуметтік қатынас, байланыстар жүйесінде зерттеуші ғылымдарға да тəуелді келеді. Сондықтан да осы заман педагогикасының əлеуметтану, экономика, саясаттану жəне басқа əлеуметтік ғылым салаларымен тұрақты да ықпалды байланысқа түсуі кездейсоқ емес.
Педагогика жəне экономикалық ғылымдар арасындағы қатынастар өте күрделі, бірақ біртекті емес. Қай заманда да экономикалық саясат қоғам білімін қамтамасыз етудің қажетті шарты болған. Осы саладағы ғылыми зерттеулерді экономикалық қолдау педагогика дамуына үлкен ықпал жасаушы факторға айналып отыр. Осы ғылымдардың байланысынан «Білім экономикасы» деген арнайы педагогика саласы дүниеге келіп, білім беру аймағын реттестіруші экономикалық заңдылықтар ашылды, олардың қоғамды сауаттандыруға байланысты ерекшеліктері зерделенді.
Педагогиканың əлеуметтану ғылымымен байланысы ежелден келе жатқан, дəстүрлі. Себебі бұл екеуін де толғандыратын ортақ проблемалар: білімді жоспарлау; халықтың əртүрлі топтары мен əлеуметтік қатарының негізгі даму бағыттарын айыра тану; əрқилы əлеуметтік орта мен ұйымдардағы тұлғаның қоғамдық кемелденуі мен тəрбиесі заңдылықтарын ашу.
Қоғам мен мемлекеттегі білім саясатының қалыптасуы əрдайым үстемдік жүргізуші партиялар мен таптардың идеологиясы негізінде түсіндіріледі; бұл тұрғыдан педагогика мемлекеттік оқу-тəрбие құралы ретінде саясаттану ғылымының заңдылықтарына сүйене отырып, адамның саяси сана субъектісі ретінде қалыптасуының шарттары мен механизмдерін белгілейді, саяси идеялар мен талаптарды игеріп, орындау мүмкіндіктерін нақтылап, ашып отырады.
Педагогиканың басқа ғылымдармен байланыстарын талдауға сала отырып, оларды пайдаланудың келесі формалары анықталған:
– басқа ғылымдардың негізгі идеялары, теориялық болжамдары мен қорытындыларының педагогикада пайдалану;
– бұл ғылымдарда қолданылатын зерттеу əдістерін шығармашылықпен қабылдап, меншіктеу;
– психология, жоғары жүйке қызметі физиологиясы, əлеуметтану жəне басқа да ғылымдар зерттеулерінің нақты нəтижелерін педагогикада қолдану;
– адамды жан-жақты жəне көптарапты зерттеуде педагогиканың қатысуы.
Жекеленген əдістемелер – оқудың жалпы заңдылықтарын жəне пəндерді оқытуда қолдану ерекшеліктерін зерттеуші пəн дидактикасы.
Педагогика тарихы – əрқилы тарихи дəуірлердегі педагогикалық идеялар мен білімдендіру тəжірибесін зерттейтін ғылым саласы.
Педагогика ғылымындағы жаңа салалардың жіктелу процесі белсенді түрде жалғасын табуда. Соңғы жылдардың өзінде педагогиканың бұрын болмаған салалары өзінің қажеттілік маңызымен көзге ілінуде: білім философиясы, салыстырмалы педагогика, əлеуметтік педагогика ж.т.б.

Достарыңызбен бөлісу:




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет