1-дәріс. Тақырыбы: «Қазақ тілі оқулықтарының лингводидактикасы» пәнінің мақсат-міндеттері
Оқулық теориясы – Қазақстанда енді ғана зерттеле бастаған мәселенің бірі. Сондықтан оқулықтарға қойылатын ғылыми негізделген талаптар және оларды түзудің, материалын сұрыптаудың әдістемелік ұстанымдары толық қалыптаспаған. Көптеген оқулықтар шығуда, алайда оқулықтың теориялық мәселелері жасалмаған. Оның бір дәлелі – сапасыз оқулықтардың көбеюі. Ал оған себеп – оқулық туралы ғылым мәселелерінің шешілмеуі. Себебі оқулық параметрлерін айқындау – ғылыми ізденістің жемісі. Осы ретте, оқулық түзу практикасын және оқулық туралы ғылымды дамыту аса маңызды.Қазақ тілі оқулығы – білім алудың басты құралы. Сондықтан барлық басқа оқулықтар сияқты белгілі бір құндылықтардың өткізушісі, тасушысы болғандықтан, оқулықтың аксиологиялық ерекшеліктері ерекше нысанда қарастырылуы керек әрі қазақ тілі оқулықтарының дидактикалық мазмұны да, оны меңгерту технологиясы да оқушылардың ана тілін теориялық заңдылықтар жүйесі мен практикалық жаттығулар тұрғысынан меңгеру ерекшеліктеріне баса назар аудару қажет. Қазақ тілі оқулығының сапалылығы оқулық мазмұнында берілетін оқу материалының, білім мазмұнының, баланың мәдени, когнитивтік, сөйлеу тілі, эмоциялық тұрғыдан дамуына жеткілікті деңгейде ақпаратқа ие болуымен өлшеніп, танылады. Қазақ тілі оқулығының лингводидактикалық негіздері ғылымаралық диалог негізінде танылады. Оған пәнаралық кірігу үдерісінің қарқынмен өтіп жатқандығы да себеп болуы мүмкін. Қазақ тілі оқулығының лингводидактикалық болмысында философиялық білімнің негізі болатындығы анық. Қазақ тілі оқулығының жаңа моделін анықтауда лингводидактиканың гносеология яғни, таным теориясымен байланысы негізге алынады. Қазақ тілі оқулығын тану мәселесі Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілін ұлттық және өзгетілді мектептерде оқытуды ұйымдастырудың өзегі болып табылады.Пәннің мақсаты – кәсіби құзыреттілік деңгейі жоғары, жан-жақты дамыған, білім нәрімен сусындаған, теориялық білімі терең, практикалық дағдысы қалыптасқан, қазақ тілі оқулықтарымен жұмыс жасауға даяр, оқулықтарға сын тұрғысынан талдау жасай алатын, ақпараттық-коммуникациялық технологияларды меңгерген, ұлттық менталитеті жоғары маман даярлау.Пәннің міндеттері:1. Болашақ педагог маманға оқулықтану негіздерін меңгерту арқылы қазақ тілі оқулықтарының құрылымы мен мазмұнына сараптамалық талдау жасай алу құзыреттілігін дамыту;2. Қазақ тілі оқулықтарының дидактикалық, методологиялық-теориялық негіздерін меңгерту;3. Оқу-әдістемелік кешендерді оқып-талдау, баға беру, тиімді әдістемелік кешендерді құрастыра алу, оларды практикада қолдана білу дағдыларын қалыптастыру;4. Қазақ тілі оқулықтарын ғылыми тұрғыдан зерттеп-тану қабілеттерін дамыту;5. Өз бетімен ғылыми-әдістемелік әдебиеттерді іріктеу мен оларды талдай білу дағдыларын жетілдіру.2. Пәннің зерттеу нысаналары ол қолданыстағы оқулықтар. Оқулықтың жүйелі түрде қолданылып келе жатқандығына екі ғасырдан астам уақыт болды. Осыдан бері талай оқулықтар жазылды. Бірі жақсы оқулық ретінде қалса, енді бірі мүлдем ұмытылды. Бұдан жақсы оқулық жазудың сыры неде? деген сұрақтың туындауы заңды. Бұл мәселе туралы көп ғалымдар жазды. Оқулықтың оқыту процесіндегі ролін алғаш рет бағалаған Я.О.Каменский. Ол бірінші рет мектеп және педагогика тарихында алғаш рет оқулық жазды. Керемет дидактика теориясын практикаға – оқулыққа айналдырды. Одан кейін орыстың ұлы педагогы К.Д.Ушинский оқулықты оқушылардың өз бетінше жұмыс істей алуы үшін жазылған құрал ретінде қарастырды. Бұл оқыту үдерісін ұйымдастырудағы оқулықтың рөлі мен мағынасын түсінудегі үлкен қадам болды. Кейін Н.К.Крупская алғаш рет стандартты оқулық жазу талаптарын ұсынды. Ол: «оқулық кез келгеніміз алып онымен өз бетінше оқи алатындай түзілуі керек», десе, Н.Ф.Талызина «оқулықты оқытудың кез-келген кезеңінде пайдалануға болады, сондай-ақ оқулықтар оқытушы функциясын толықтай да немесе бір бөлігін ала алады» дейді. В.П.Бесполько оқулыққа жоспарланған педагогикалық жүйенің моделі ретінде қарайды. Бүгінгі уақыт талабы бүгінгі оқушы сұранысына сай оқулық жазуды, ұйымдастыруды талап етеді. Қай ғасырда болмасын, оқулық мәселесі күн тәртібінен түскен емес, өзектілігін жойған емес. себебі «жақсы оқыту да, жақсы оқу да» оқулыққа тікелей байланысты. Ал лингводидактика мәселесіне келсек, лингводидактика - тіл үйретудің жалпы теориясы. Терминді 1969 ж. М.Н. Шанский енгізген, 1975 жылы халықаралық термин болып танылды. Тіл үйретудің жалпы заңдылықтарын зерттейді. Аталмыш термин қазақ тілін оқыту әдістемесінде де қарастырып келеді (Р.Әмір, Қ.Қ.Қадашева, Н.Құрман, Ж.Сүлейменова т.б.). «Әдістемелік терминдер сөздігінде» лингводидактикаға шет тілін оқытудың әдіснамалық негіздерін жасау үшін қажетті, тіл оқыту теориясы деген анықтама берілген. Н.Д. Гальскова лингводидактиканы шет тілін оқыту теориясы ретінде, ал әдістемені практикалық, эмпирикалық тәжірибе ретінде қарастыруды ұсынады. Ал көпшілік ғалындар лингводидактиканы тілді оқытудың практикасымен тығыз байланыстыра қарайтын сала дегенге қосылады. Өйткені, практикасыз, тілді қалай оқыту керектігіне теориялық түсініктеме беру мүмкін емес. Сабақ беру үдерісінде қазақ тілінің қай бірліктерін, қай әдіспен, қандай жүйеде, нендей технологиялық құралдармен оқыту сапалы болады деген мәселелер анықталады. Соның нәтижесінде, белгілі бір әдістердің өзара байланыстылығы, комбинаторикасы мен олардың түзетін нәтижесі танылады.Лингводидактиканың әдістеменің бір саласы ретінде қалыптасуында басты қызмет атқарып отырған құбылыс – тіл білімінің, психология ғылымының, әлеуметтік тіл білімі, психолингвистика, психодидактика, әлеуметтік педагогиканың, мәдениеттанудың, лингвомәдениеттанудың т.б. көптеген ғылым салаларының дамып-жетілуі. Көптеген ғылымдардың толыққанды мәліметтеріне сүйене келе, олардың түйіскен нүктесінде лингводидактика саласы күн санап қатайып, нәр алатын ғылым көздерінің арнасы да, саны да артып келеді.