§ 5. Түйсiктердiң түрлерi Түйсiк белгiлi-бiр физикалық тiтiркендiргiштiң сәйкес рецепторға әсерi болып табылғандықтан, олай болса, түйсiктердiң жiктеуi де осы рецепторларға негiзделетiнi анық. Осының нәтижесiнде, берiлген қасиеттi (модалдықты) түйсiну пайда болады.
Түйсiктердiң негiзгi түрлерiне жататындар: терi түйсiктерi – жанасу, қысым, сипап сезу, температуралық түйсiктер, ауырсыну түйсiктерi, дәм сезу түйсiктерi, көру түйсiгi, есту түйсiгi, күй-қалып пен қозғалыс түйсiктерi (статикалық және кинестетикалық), сондай-ақ, органикалық түйсiктер (аштық, шөлдеу, жыныстық түйсiктер, iшкi мүшелердi түйсiну және т.б.).
Әлi күнге дейiн көп зерттеле қоймаған түйсiктердiң iшiнде интермодалдық сезгiштiк – вибрациялық түйсiктердi атап көрсетуге болады. Олар тактилдi-моторлық аумақты есту аумағымен байланыстырады және генетикалық тұрғыдан сипап сезу түйсiктерiнiң есту түйсiгiне өту формасы болып табылады.
Вибрациялық сезгiштiк – бұл дененiң қозғалысынан туатын ауа тербелiсiне сезiмталдық. Бұл сезгiштiк түрi адамның, әсiресе, көру мен естуiнiң бұзылысы кезiнде ерекше практикалық мәнге ие болады.