Иоганн Генрих Песталоцци (1746-1827жж.) "Гертруда өз балаларын қалай оқытады" (1801ж.) деген еңбегінде дамытып оқыту принциптерін ұсынып, бастауыш мектептегі оқыту әдістерінің негізін қалады. Қоршаған дүниені сезім арқылы қабылдау - білім негізі. "Көз көргісі, құлақ естігісі, аяқ жүргісі, қол ұстағысы, жүрек сенгісі, жақсы көргісі, ми ойланғысы келеді" - деген. Осы тұжырымдарға сай И.Г.Песталоцци буынға бөліп оқыту, алдымен сурет салуға үйрету, содан кейін жазуға үйрету тәсілдерін қолданған. Бақылау әдісін, баланың бақылаудан алған әсерлерін талқылатуды қолданған. Оның пікірінше "заттар мен құбылыстарды бақылаған баланың ойы оянып, сөйлегісі келеді". Білімді бере беру жеткіліксіз, ақылдық қуатын арттыру керек. Ол үшін түрлі жаттығулар, балаға сөйлеу, ойлату, сұрақ-жауап тәсілдері қолданылған.
Пәндерді көрнекілік арқылы оқыту тиімді екендігін дәлелдеген. Ұлы педагог көрнекілік әдісін Я.А.Коменскийге қарағанда терең жазып, ақыл-ой жұмысына керектісі еңбек пен тәжірибе деген. Жан Жак Руссо (1712-1778жж.) "Эмиль немесе тәрбие туралы" (1762ж.) деген еңбегінде халыққа білім беруді, әр адамды дамытуды, баланың белсенділігін көтеруді ұсынды. Руссо баланы өмірге бейімдеу керек деп, тәрбиешілерді оның қажеттіліктері мен қызығушылықтарын ескеруге шақырды.
Оның оқыту мен бала өмірінің байланысы, бала табиғатын зерттеу, шығармашылық күшін дамыту, еңбекке дайындау сияқты идеяларының педагогиканың дамуы үшін маңызы зор болды.
Ұлы орыс педагогы Константин Дмитриевич Ушинский (1824-1870 жж.) басқа тілде оқыту баланың табиғи күші мен қабілетін әлсіретеді, сондықтан оны ана тілінде оқыту керек деді.
Халық шығармашылығы - ертегілер, мақал-мәтелдер, жұмбақтар білімділікке көмектеседі. Зейінді жаттықтыру, есте сақтауды жақсарту, қайталау, жүйелілік, сабақтастық, беріктік принциптері, оқытудық түрлі әдістері баланың берік білім алуын қамтамасыз етеді.
Достарыңызбен бөлісу: |