16. Доспамбет шығармаларының өзіндік ерекшеліктері.
Жырау ел қорғау, жорық тақырыбына арналған жырларында елі мен жері үшін өлген ердің арманы жоқ деп, отаншылдық рухты бәрінен биік қояды. Ол серілік пен сақилықты, дарқандықты, қонақжайлылықты ата-бабадан келе жатқан асыл дәстүр ретінде дәріптейді. Доспамбет жырау шығармалары қазақ поэзиясы тарихында өзгеше көркемдігімен, екпінді ырғағымен ерекшеленеді. Жырау айтайын деген ойының қуатын еселеп арттыру үшін қайталауларды жиі қолданады. Сөйтіп, оларды ұтымдылықпен пайдаланып, ойдың әсерлілігі мен өткірлігін күшейте түседі. Доспамбет жыраудың ерлік пен елдікке үндейтін толғаулары Бұқар жырау, Махамбет сынды өзінен кейінгі ақындарға елеулі әсер еткені байқалады. Бұл дәстүр толыса, кемелдене келе жаңа сипатқа ие болды. Доспамбет жыраудың шығармалары толық жеткен жоқ. Көпшілігі жорық үстінде қолма-қол айтылған. Ел жадында сақталғандары ғана бізге жеткен. Осы азғана жырларының өзінен-ақ оның жырды түйдек-түйдегімен ағытатын дауылпаз жырау болғаны аңғарылады.
17. Доспамбет поэзиясының көркемдігі
Жыраулар поэзиясы философиялық терең ойға құрылып, өсиетнама түрінде келеді. Жыраулар поэзиясының өзекті тақырыбы – туған ел, оған деген сүйіспеншілік, елдің бірлігі, бүтіндігімен бірге адамгершілік, этика, мораль мәселелері де кең орын алған. Жыраулар поэзиясында синтаксистік, психологиялық параллелизм, дыбыстық үндесулер, арнау түріндегі сөздер көп қолданылған.
Жырау өткен өмірді жырлағанда туған ел, өскен жерге деген ыстық махаббатын келер ұрпақ болашағымен байланыстыра сипаттайды. Олардың да ертең еліне қорған, тірек болуын қалайды. Доспамбет жырау өз басын өлімге тігіп, сан рет қанды шайқастарға қатысқан ата қонысын үлкен сүйіспеншілікпен толғайды. Жырау ел қорғау, жорық тақырыбына арналған жырларында елі мен жері үшін өлген ердің арманы жоқ деп, отаншылдық рухты бәрінен биік қояды. Ол серілік пен сақилықты, дарқандықты, қонақжайлылықты ата-бабадан келе жатқан асыл дәстүр ретінде дәріптейді.
18. Шалкиіз шығармаларындағы тарих тағылымы
Шалкиіз Тіленшіұлы (1465 — 1560 жылы ш.) — жырау, орта ғасырлардағы қазақ поэзиясының көрнекті өкілі.Шалкиіз жас кезінен-ақ ер жүрек жауынгер әрі талантты жырау ретінде даңққа бөленді.
Шалкиіз жыраудың есіміне қатысты айтылғанда, «Шалгез», «Шәлгез» түрінде келетінін көреміз. Жалпы қазақта «шәлгез», «шәргез», «шалкес» деген сөздің «асау» деген мағынасы бар екенін де ескерсек болады.Шалкиіз жыраудың шығармашылығынан байқалатын дарындылық, асаулық сарынға бола, өз заманында солай лақап атқа ие болған болуы да мүмкін деп болжауға негіз бар. Шалкиіз жыраудың өмір сүрген уақыты – Ұлы Далада көшпенді халықтар құрған қуатты феодалдық мемлекеттердің дәуірлеп тұрған шақ болатын.
Шалкиіз жыраудың жырларындағы салтанатты да еркін өмір «Қоғалы көлдер, қом сулар» толғауында көрініс тапқан. Бір айта кетерлігі – мұндай толғау Доспамбет жырауда да бар. Екеуіндегі ой бірдей болғанымен, Доспамбет жырында ер жігіттің дәурен сүріп, басынан өткерген оқиғасына өкінбейтіні өткен шақта айтылады:
Қоғалы көлдер, қом сулар,
Қоныстар қонған өкінбес.
Арыстандай екі бұтын алшайтып,
Арғымақ мінген өкінбес.
Бұл – қайта айналма өткен өмір. Ал Шалкиіз жыраудың қоғалы көлдер қом сулар жайлы толғауы риторикалық сұрау түрінде көрініс табады.
Қоғалы көлдер, қом сулар,
Кімдерге қоныс болмаған?
Саздауға біткен қара ағаш,
Кімдерге сайғақ болмаған?
Жағына жалаң жібек байлаған
Арулар кімнен қалмаған?
Сондықтан да баста дәурен тұрған шақта, ертең адыра қалатын мынау өткінші өмірдің қызығына бөленіп, тамаша күндер сүрейік дегенді айтады:
Күлелік те ойналық,
Киелік те ішелік,
Мынау жалған дүние
Кімдерден кейін қалмаған?
Шалкиіз жыраудың шығармашылығы туралы зерттеу еңбектер соңғы кезеңдерде жиі жарияланып жүр. Олардың көбінде Шалкиіздің тарихи тұлғасын қазақ пен ноғай халықтарына ортақ қарастыру қажеттігі туралы пікірлер жиі көтеріледі.
Достарыңызбен бөлісу: |