Тақырып – 6
Азаматтық құқық объектілері
Азаматтық құқық объектілер түсінігі және түрлері
Заттар және оларды саралау
Бағалы қағаздар
Мүліктік емес өзіндік құқықтар
Азаматтық құқықта объекті ұғымы өте даулы мәселеге жатады. Жалпыға таныс анықтамасы келесі болады: азаматтық құқық объектісі дегеніміз - ол азаматтық құқық қатынастарының пайда болуына себеп болатын және субъектілердің әрекеттері оған бағытталатын (ықпал ететін) заттар болып танылады. Рим құқығынан бастап азаматтық құқық объектілеріне материалдық игіліктер: мүлік (мүліктік құқықтар мен игіліктер), жұмыстар мен қызметтер жатады. Азаматтық кодекс жоғарыда аталған қосымша объектілерге: шығармашылық қызмет нәтижелерін және материалдық емес, яғни мүліктік емес жеке құқықтар мен игіліктерді де жатқызады.
Мүлiктiк және жеке мүлiктiк емес игiлiктер мен құқықтар азаматтық құқық объектiлерi бола алады.
Мүлiктiк игiлiктер мен құқықтарға (мүлiкке): заттар, ақша, соның iшiнде шетел валютасы, қаржы құралдары, жұмыс, қызмет, шығармашылық интеллектуалдық қызметтiң объектiге айналған нәтижелерi, фирмалық атаулар, тауарлық белгiлер және бұйымды дараландырудың өзге де құралдары мүлiктiк құқықтар мен басқа да мүлiк жатады.
Жеке мүлiктiк емес игiлiктер мен құқықтарға: жеке адамның өмiрi, денсаулығы, қадiр-қасиетi, абырой, игi атақ, iскерлiк бедел, жеке өмiрге қол сұқпаушылық, жеке құпия мен отбасы құпиясы, есiм алу құқығы, автор болу құқығы, шығармаға қол сұқпаушылық құқығы және басқа материалдық емес игiлiктер мен құқықтар жатады.
Заттар – адамның, қоғамның қажеттіліктерін қанағаттандырады.Заттар жылжитын және жылжымайтын болады.
Қозғалмайтын және қозғалатын мүлiк
1. Жылжымайтын мүлiкке (жылжымайтын дүние, жылжымайтын зат) жер учаскелерi, үйлер, ғимараттар, көпжылдық екпелер және жермен тығыз байланысты өзге мүлiк, яғни орнынан олардың мақсатына сай емес шығынсыз ауыстыру мүмкiн болмайтын мүлiк жатады.
2. Мемлекеттiк тiркеуге жататын әуе және теңiз кемелерi, iшкi сауда жүзу кемесi, "өзен-теңiз" жүзу кемесi, ғарыштық объектiлер де қозғалмайтын заттарға теңестiрiледi. Заң құжаттары бойынша қозғалмайтын заттарға өзге мүлiктер де жатқызылуы мүмкiн.
3. Қозғалмайтын заттарға жатпайтын мүлiк, оның iшiнде ақша мен бағалы қағаздар қозғалатын мүлiк деп танылады. Заң құжаттарында көрсетiлгеннен басқа реттерде қозғалатын мүлiкке құқықтарды тiркеу талап етiлмейдi.
Қозғалмайтын мүлiктi мемлекеттiк тiркеу
1. Қозғалмайтын заттарға меншiк құқығы мен басқа да құқықтар, бұл құқықтарға шек қою, олардың пайда болуы, ауысуы және тоқтатылуы мемлекеттiк тiркелуге тиiс.
2. Меншiк құқығы, шаруашылық жүргiзу құқығы, оралымды басқару құқығы, бiр жылдан астам мерзiмге жер пайдалану құқығы, бiр жылдан астам мерзiмге пайдалану құқығы, жылжымайтын мүлiктi кепiлге беру, жылжымайтын мүлiкке рента, сенiм бiлдiру арқылы басқару құқығы мемлекеттiк тiркеуден өткен кезден бастап пайда болады.
3. Қозғалмайтын мүлiкпен жасалатын мәмiле осы Кодекстiң 4-тарауындағы ережелер сақтала отырып, мемлекеттiк тiркелуге тиiс.
4. Қозғалмайтын мүлiкке құқықты және онымен жасалатын мәмiленi мемлекеттiк тiркеудi жүзеге асырушы орган құқық иеленушiнiң өтiнiшi бойынша тiркелген құқық немесе мәмiле туралы құжат беру арқылы не тiркеу үшiн табыс етiлген құжатқа жазба жасау арқылы тiркеуден өткендiгiн растауға мiндеттi.
5. Қозғалмайтын мүлiкке құқықтарды және онымен жасалған мәмiленi мемлекеттiк тiркеу жария түрде өтедi. Тiркеудi жүзеге асырушы орган жасалған тiркеу мен тiркелген құқықтар туралы ақпаратты кез келген адамға беруге мiндеттi.
6. Қозғалмайтын мүлiкке құқықты немесе онымен жасалатын мәмiленi мемлекеттiк тiркеуден бас тартқан не тiркеуден негiзсiз жалтарған жағдайда сотқа шағым жасалуы мүмкiн.
7. Мемлекеттiк тiркеу тәртiбi және тiркеуден бас тарту негiздерi осы Кодекске сәйкес қозғалмайтын мүлiкке құқықтарды және онымен жасалатын мәмiленi тiркеу туралы Қазақстан Республикасы Заңымен белгiленедi.
Бөлiнетiн және бөлiнбейтiн мүлiк
1. Мүлiк бөлiнетiн және бөлiнбейтiн болуы мүмкiн.
Бөлiнетiн мүлiк дегенiмiз - бөлу нәтижесiнде бөлiктерi өз мақсатын (мiндетiн) жоғалтпайтын мүлiк.
Бөлiнбейтiн мүлiк дегенiмiз - өзiнiң шаруашылық мақсатын (мiндетiн) өзгертпей бөлуге болмайтын немесе заң құжатында ұйғарылуына қарай бөлуге жатпайтын мүлiк.
2. Құқық объектiлерi ретiнде бөлiнбейтiн заттардың ерекшелiктерi заңдарда белгiленедi.
Күрделi заттар
1. Егер әртектi заттар оны бiрiгу мәнi белгiлейтiн мақсаты бойынша пайдалануға мүмкiндiк беретiн бүтiн бiр затты құрайтын болса, олар бiр зат (күрделi зат) деп қаралады.
2. Күрделi зат жөнiнде жасалған мәмiленiң күшi, егер шартта өзгеше белгiленбесе оның барлық құрамдас бөлiктерiне қолданылады.
Басты зат және керек-жарақ
Керек-жарақ, яғни басты затқа қызмет етуге арналған және ортақ шаруашылық мақсатқа қолданылуы сонымен байланысты болатын зат, егер заңдарда немесе шартта өзгеше белгiленбесе, басты затқа iлесiп жүредi.
Жемiстер, азық-түлiк және табыстар
Мүлiктердi пайдалану нәтижесiнде алынған түсiм (жемiстер, өнiмдер, табыстар), егер заңдарда немесе бұл мүлiктi пайдалану туралы шартта өзгеше көзделмесе, осы мүлiктi заңды негiзде пайдаланушы адамға тиесiлi болады.
Жануарлар
Заңдарда өзгеше белгiленбегендiктен, жануарларға заттар туралы жалпы ережелер қолданылады.
Ақша (валюта)
1. Қазақстан Республикасының ақша бөлiнiсi теңге болып табылады.
2. Теңге Қазақстан Республикасының бүкiл аумағында өз құны бойынша қабылдануға мiндеттi заңды төлем құралы болып табылады.
3. Қазақстан Республикасы аумағында төлемдер қолма қол төлеп және қолма қол төлемей есеп айырысу түрiнде жүзеге асырылады.
4. Қазақстан Республикасы аумағында шетел валютасымен есеп айырысудың реттерi, тәртiбi мен шарттары Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленедi.
Валюталық қазыналар
1. Валюталық қазыналар деп танылатын мүлiк түрлерi және олар арқылы мәмiлелер жасау тәртiбi заң құжаттарында белгiленедi.
2. Валюталық қазыналарға меншiк құқығы Қазақстан Республикасында жалпы негiздерде қорғалады.
Бағалы қағаздар
1. Бағалы қағаз - мүлiктiк құқықты куәландыратын белгiлi бiр жазбалар мен басқа да белгiлердiң жиынтығы.
1-1. Бағалы қағаздар борыштық және үлестік болуы мүмкін.
Борыштық бағалы қағаз – эмитенттің (борышкердің) осы бағалы қағаздарды шығару шарттарында борыштың негізгі сомасын төлеу жөніндегі міндеттемесін куәландыратын бағалы қағаздар.
Үлестік бағалы қағаз – Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген жағдайларда мүлік иесінің мүлікке белгіленген үлесіне иелік ету құқығын куәландыратын бағалы қағаз.
2. Бағалы қағаздарға акциялар, облигациялар және бағалы қағаздардың осы Кодекспен және Қазақстан Республикасының өзге де заң актiлерiмен айқындалған өзге де түрлерi жатады.
3. Бағалы қағаздар шығарылым нысаны бойынша:
1) құжатты және құжатсыз;
2) эмиссиялық және эмиссиялық емес;
3) атаулы, ұсынбалы және ордерлiк бағалы қағаздар болып бөлiнедi.
Достарыңызбен бөлісу: |