1-Жүргізуші Соңғы жылдары ана тіліміздің мемлекеттік мәртебеге ие болуы, халықтық педагогиканың асыл қазынасын пайдалануға, әдебиетіміз бен мәдениетімізді, салт – дәстүрімізді жетілдіруге мүмкіндік туғызғаны еліміз үшін зор қуаныш. Қазіргі заман талабы халықтық дәстүрді кеңінен пайдалана білуді көздеп отыр. Ол үшін халқымыздың ата – бабадан келе жатқан ұлттық асыл мұраларын, тұрмыс салтын, үлгі - өнегесін жүзеге асыруымыз қажет. Елімізді басқа ел танып жатқанда, тәуелсіз ел тірегі – білімді ұрпақты тәрбиелеу басты міндеттердің бірі. Тәрбиенің негізгі құралы – тіл, ол ұлттың тарихи көрінісінің белгісі болып табылады.
Ана тілін білмеуің, ананың арын төккендей,
Тілді бұзып сөйлеуің, өзіңді өзің сөккендей.
Тілде олқылық бой алса, тым алысқа бармассың,
Ана тілің жойылса халық болып қалмассың.
2-Жүргізуші Сондықтан да, біздер, бүгінгі жастар, ана тілін біліп, құрметтеп, қастерлеуді өзімізге басты міндет етіп қоюымыз керек. Болашақта егеменді ел болып, халық болып қалу – қалмауымыз бізге, мына өсіп келе жатқан жас ұрпақ сіздерге тікелей байланысты. Осы айтылған тоқсан ауыз сөзімнің тобықтай түйіні ретінде кезекті - ақын “Мұқағали Мақатаевтың : Үш бақытым атты өлең шумақтарына береміз
Үш бақытым (Темірлан)
Ең бірінші бақытым – халқым менің,
Соған берем ойымның алтын кенін.
Ол бар болса, мен бармын қор болмаймын,
Қымбатырақ алтыннан нарқым менің.
Ал, екінші бақытым – тілім менің,
Тас жүректі тіліммен тілімдедім.
Кей кейде дүниеден түңілсем де
Қасиетті тілімнен түңілмедім.
Бақытым бар үшінші - Отан деген,
Құдай деген кім десе, Отан дер ем.
Оты сөнген жалғанда жан барсың ба,
Ойланбай – ақ кел дағы, от ал менен,
1 -Жүргізуші Ана тілін жырлап өткен талайлар,
Жырлап өткен Ыбырай мен Абайлар.
Қасиетті менің ана тілімде,
Өшпес мәңгі алаулаған арай бар
«Халықтың мәңгі ғұмыры – оның тілінде. Әрбір тіл өз халқы үшін – ұлы», - деген Шыңғыс Айтматов. Сондықтан, әр адам өзінің ана тілін қорғай да, құрметтей де білуге міндетті.
2- Жүргізуші «Тәрбие басы - тіл» деген осы күнге дейін мән-мағынасын жоғалтпаған қанатты сөз XI ғасырдың ұлы ойшылдарының бірі Ахмет Иүгінекидің есіміне қатысты.
1-Жүргізуші Олай болса, «халық пен халықты, адам мен адамды теңестіретін - білімі»,- деп жазушы М.Әуезов айтқандай, елімізді өркениетке бастар жолдың бастауы - тілімізді жоғалтпайық. Тіл тағдыры - ел тағдыры екенін ешуақытта ұмытпайық. Анамыздың ақ сүтімен бойымызға дарыған тілімізді ұмыту - бүкіл ата-бабамызды ұмыту деген екен Бауыржан Момышұлы, сондықтан да ананың ақ сүтімен бойымызға тараған ана тілімізді ақсатпай, мәртебесін көтере білейік!
2-Жүргізуші Тәуелсіздік тірегінің бірі – тіл. Тіл – халқымыздың қазынасы, сан ғасырлар бойы жүріп өткен жолымыздың шежірсі. Былайғы жерде егемендігіміз баянды болсын десек, ұлттық рухымызға өріс тілесек, туған тілімізді көздің қарашығындай сақтауымыз керек.