8-мәтін
Жалғыз жүрген жақсы емес
Бір құмырсқа өз илеуін тастап, өзге жәндіктерден дос іздепті. Ақыры ара және қоңызбен достасыпты. Бір күн ол жол үстінде дән тауып алыпты. Бірақ жалғыз өзі оны қозғалта алмапты. Жаңа достарына барып, көмек сұрайды. Ара: «Уақытым жоқ, бал жинап жүрмін», - дейді.
Құмырсқа қоңызға келеді.
- Өзің көтере алмайтын дәнді қайтесің, таста да, жүре бер, - дейді қоңыз оған. Осы кезде жолда құмырсқалар кездеседі.
- Неге мұңаясың? – дейді олар. Құмырсқа не болғанын айтады.
- Жалғыз жүрген жақсы емес. Өз үйіңді енді тастап кетпе, - деп, құмырсқалар үлкен дәнді илеуге жеткізіп берді.
Сөйтіп, құмырсқа бұрынғы достарына қайта қосылыпты. «Жаңа достың қадірі ескі достай бола алмас» деген осы.
9-мәтін
Дүние жүзіндегі ең үлкен кілемнің тұңғыш рет 1959 жылы Ашхабатта тоқылғаны мәлім. Оның көлемі 192 шаршы метр болса, 1965 жылы Түркімен шеберлері оны екі есеге дейін ұлғайтты. Қазақтың қолөнер шеберлері де кілем тоқудан алдына жан салмаған. Қарт ана Барлыбаева Рымжанның тоқыған кілемі 1926 жылы Париж қаласында болған көрмеге қатысып, бәйге алды. Осыншама атақты шеберлеріміз бола тұра қазір халық арасында қолөнеріміздің дамымай ұмыт қалып бара жатқаны қалай? Бізді ойландыратын осы сұрақ.
10-мәтін
Нұржан үлпілдеген аппақ соқырды (мысықтың баласын) үйіне алып келді. Соқыр сондай сүп-сүйкімді. Қарасаң, көзің тоймайды. Аузы қызыл-ала, көзі жап-жасыл, жүні қардай.
Нұржан онымен ойнап, жастыққа ұйықтатын. Аяп, далаға да шығармайтын. Тіпті үйді ластағанына да ренжімейтін.
Соқыр өсіп, үлкейді. Түрі онша сүйкімді болмай кетті. Оның далаға шықпай, үйді ластағанына Нұржан шыдамай, оны далаға лақтырып жіберді.
Ештеңеге бейімделмеген мысықтың қыста барар жері де жоқ. Аштықтан, суықтан ол қанша мяуласа да, Нұржан үйіне кіргізбейтін. Мысықты аяған көршілердің жүрегі жарылатын, бірақ Нұржанның жүрегі емес.
11-мәтін
Кез келген адамның бос уақытында айналысатын белгілі бір сүйікті ісі болады. Оны «хобби» немесе «коллекция» деп атайды. Хобби немесе коллекция өзіңе ұнайтын, өзің қызығатын нәрсемен айналысу, соларды жинау дегенді білдіреді. Мысалы, кейбір адамдар маркаларды, ескі ақшаларды жинайды, кейбіреулер гүл өсіреді, кітап жинайды.
Сондай-ақ жекелеген адамдардың ғана емес, әр ұлттың өзіне тән қызығушылықтары болады.
Ұлттық қызығушылық дегенде, мысалы, жапондықтар жақсылап шай ішумен, Бансай, сакура ағаштарын өсірумен айналысса, американдықтар бейсбол, баскетбол, американдық футбол ойнаумен әуестенеді.
Достарыңызбен бөлісу: |