17. Балалар психологиясы – бала психикасы жайлы ғылым. Балалар психикасын оқытудың мазмұны. Балалар психологиясының әдістері. Бала психологиясы — жас ерекшелігі психологиясының негізгі бөлімі. Ол адам өміріндегі тұтас бір кезең болып табылатын балалық шақтың психикалық даму заңдылықтарын зерттейді. Жас ерекшелігі психологиясының іргетасы болған Бала психологиясы 19 ғасырдың аяғында дербес пән ретінде өмірге келді. Бала психологиясының негізін қалаған — неміс ғалымы В. Прейер. Ол Бала психологиясын зерттеуде тұңғыш рет интроспекция әдісінен объективті бақылауға өтуді жүзеге асырды. В. Прейердің “Бала жаны” атты кітабы (1882) — Бала психологиясын жүйелі зерттеуді бастап берген психол. еңбек. Бала психологиясының пәні — балалық шақтағы психикалық дамудың жалпы заңдылықтарын онтогенезде ашу, осы дамудың жас кезеңдері мен оған өту себептерін анықтау. Бала психологиясы үшін басты мәселе — баланың психикалық дамуының факторларын, психикалық даму шарттарын түсіндіру. Психология ғылымында баланың психикалық дамуын түсіндіретін теориялар шартты түрде 2 үлкен бағытқа бөлінеді:
1) биогенетикалық;
2) социогенетикалық.
Бұл бағыттар бір-бірінен бала дамуының негізіне қандай факторды (биологиялық не әлеуметтік) алуымен ерекшеленеді. Бала психологиясы баланың дүниеге келгеннен мектеп бітіргенге дейінгі уақыт аралығын қамтиды (балалар психологиясы, бастауыш сынып оқушылары психологиясы, жасөспірімдер психологиясы, балаң жас психологиясы). Бала психологиясындағы “балалық шақ” ұғымы ғасырлар барысында өзгеріп отырды. Әлеуметтік-мәдени құбылыс болып табылатын “балалық шақ” ұғымы нақты тарихи сипатқа ие. Оның мазмұны қоғамдағы тәрбиелеу жүйесіне, этномәдени ерекшелікке байланысты. Бала психологиясында жалпы психологияның негізгі әдістері жас ерекшеліктеріне орай өзгертіліп қолданылады. Мысалы: бақылау мен эксперимент (лабораториялық, табиғи, қалыптастырушы) және тестер, әңгімелесу, іс-әрекет нәтижесін талдау, т.б. Бала психологиясының қалыптасуы мен дамуына зор ықпалы тигізген ағым — педалогия. Баланы біртұтас зерттеуді мақсат тұтқан педалогия қазіргі Бала психологиясының құрамына енген көптеген ғылыми мағлұматтар мен күні бүгінге дейін маңызын жоймаған психология концепцияларды өмірге әкелді. Бала психологиясының мәселелерін зерттеумен айналысқан орыс психологтарының көрнекті өкілдері осы педалогия саласында қызмет етті (П.П. Блонский, Л.С. Выготский, Б.М. Бехтерев, А.П. Негаев, Г.И. Россолимо, т.б.). 20 ғасырдың 30-жылдарында педалогияның “жалған ғылым” ретінде қудалануы Бала психологиясының дамуына үлкен зиянын тигізді. Бала психологиясы саласында дүние жүзіне әйгілі Дж. Уотсон, В. Штерн, К. Бюлер, Ст. Холл, К. Левин, А. Валлон, З. Фрейд, Ж. Пиаже, Э. Эриксон, Д.М. Узнадзе, А.Р. Лурия, А.Н. Леонтьев, т.б. психологтар еңбек еткен. Қазақстанда Бала психологиясына қатысты еңбектер жазған психологтар: С. Балаубаев, Е. Суфиев, Ш. Әлжанов, А. Темірбеков, М. Мұқанов, Қ. Жарықбаев, т.б.