Жалпы және жергiлiктi қан айналымының бұзылуы туралы ұғым, олардың бiр-бiрiмен байланысы, жiктелуi.
Қан айналымы мен лимфа айналымының бұзылуын шартты түрде жергілікті жəне жалпы деп екі топқа бөледі. Жалпы қан айналымының бұзылуы дененің барлық ағзаларының қанмен қамтамасыз етілуін өзгертеді. Жергілікті қан айналымның бұзылуы жеке қан тамырларының немесе оның тармақтарының патологиясы ретінде белгілі бір жерде ғана байқалады.
Қан жəне лимфа айналымының бұзылыстары төмендегі топтарға бөлінеді:
Қан тамырларының қанмен толуының өзгеруіне байланысты бұзылыстар (артериялық жəне веналық толақандылық, қаназдық);
2. Қан жəне лимфа тамырларының қабырғасының бұзылуына жəне өткізгіштігінің артып кетуіне байланысты бұзылыстар (қан ағу, қан құйылу, плазморрагия);
3. Гемостаздың жəне қанның реологиялық қасиеттерінің өзгеруіне байланысты бұзылыстар (сладж, стаз, тромбоз, ҚШҰ синдромы жəне эмболия);
4. Шок;
5. Тіндегі сұйықтық мөлшерінің өзгерістеріне байланысты бұзылыстар (ісіну жəне дегидратация) деп бөлінеді.
Артериялық толақандылық деп қанның ағып келуі күшейіп, артерия қан тамырларына қанның жиналып қалуын атаймыз, ал қанның ағып кетуі қалыпты болады. Артериалық гиперемияның физиологиялық жəне патологиялық түрлері бар. Күн сəулесі əсерімен терінің, ұялғанда беттің қызаруы физиологиялық толақандылықтың мысалы бола алады.
Патологиялық жағдайда жиі кездесетін гиперемияларға: 1) ангионевроздық; 2) коллатералдық; 3) қабынуға байланысты; 4) қысымның өзгеруіне байланысты (вакаттық); 5) қан келуі азайғаннан кейінгі; 6) артериовеноздық саңылау пайда болғанда дамитын гиперемиялар кіреді. Ангионевроздық (нейропараличтік) гиперемия қан тамырларындағы нерв рецепторларының қозуына байланысты. Организм үшін коллатералдық гиперемияның маңызы өте зор. Себебі, тромбоз, эмболия, спазм салдарынан қан тамырларының негізгі салаларында қан жүрмей қалғанда, қосымша қан тамырлары немесе анастомоздар ашылып, қан бармай қалған ағзаларды ауыр, қайтымсыз өзгерістер дамудан сақтап қалады.