1-ші рейтингтің СҰРАҚтары кіріспе. Мал шаруашылығы ауыл шаруашылығының саласы



бет4/4
Дата15.09.2017
өлшемі0,78 Mb.
#33259
1   2   3   4

Бақылау сұрақтары:

1. Жылқының биологиялық және өнімділік ерекшеліктері.

2. Жылқының тұқымдары және тұқымдық топтары.

3. Түйенің биологиялық және өнімділік ерекшеліктері.

4. Түйенің тұқымдары және тұқымдық топтары.

9 дәріс
Тақырыбы: Ірі қара шаруашылығы
Сабақтың мақсаты: Ірі қараның экстерьері, интерьері, конституциясы, биологиялық және өнімділік ерекшеліктерімен жете танысу
Дәріс жоспары:

1. Әртүрлі өнім бағытындағы тұқымдарының экстерьері, интерьері,

конституция ерекшеліктері

2. Ірі қара өнімінің сүт және ет өнімділігі, олардың деңгейіне әсер ететін факторлар

3. Ірі қара мал тұқымдарының өндірістік жіктелуі
Негізгі және қосымша әдебиеттер:

1. Исқақбаев Б.Б. Сиырды қолда өсіру. А., Қайнар, 1987.

2. Бегімбеков Қ.Н., Төреханов А.Ә., Байжұманов Ә.Б. Мал өсіру және селекция, Алматы, 2006ж.

3. Кәрімов Ж.К., Дәленов Ш.Д., Найманов Д. Қ. Ірі қара мал

шаруашылығы. Қостанай, 1996.
Ірі қараның биологиялық ерекшеліктері. Қоректену типі жағынан шөп қоректілерге, ал қорытуы жағынан күйіс қайыратындарға жатады. Ірі қараның күйіс қайыруы олардың ас қорыту жолдарының құрылыс ерекшеліктеріне байланысты мәселе. Ірі қара асқазаны көп камералы келеді.

Оның үш алдыңғы бөлігінде без болмайды, қарын сөлі бөлінбейді. Сондықтан олар желінген азықты күйсеуге дейін сақтайтын орын болып

табылады. Аумақтары да соған бейім, өте сыйымды келеді. Таз қарынның аумағы 150-180 л, жұмыршақтікі -12 л, жалбыршақтікі -18 л.

Жұтылған азық өңеш арқылы құрсақ қуысының негізінен сол жақ

бөлігінде орналасқан таз қарынға түседі. Ауыз қуысында мол сілекейге

шыланған (сиыр тәулігіне 100 литрдей сілекей бөледі). Жұмыршақтыңұяларында жұмсарған, бірақ толық ұнтақталмаған азықтар кекіру кезінде

өңеш жолымен ауыз қуысына қайтып оралады. Содан әбден шайналып барып, қайта жұтылады. Бұл процесті күйіс қайыру деп атайды. Қарындағы азық әбден шайналғанша ауыз қуысына осылайша қайта-қайта қайтарылып тұрады. Мал күйісті азықтанғаннан кейін 15-20 минуттан соң қайырады.

Әбден шайналып, сілекейге шыланған азық қайта жұтылып, қарынға түскеннен кейін одан әрі механикалық және химиялық өңдеуден өтеді. Азықтың осылай алдыңғы қарындарда өңдеуден өту процесі биологиялық, дәлірек айтқанда микробиологиялық өңдеумен қатар жүреді. Осы микроорганизмдер тіршілігі арқылы алдыңғы қарындарда азықпен түскен клетчатканың жартысына жуығы қорытылып, ыдырайды. Жалпы алғанда микробиологиялық процестер арқылы күйіс малын көп камералы қарындарында азық қорыту және сіңіру процестерінің негізгі бөлігі (70-80 %) ал ішектерде тек 20-30 % ғана өтеді. Сондықтан да ішекте қорытылу процессі басым бір камералы қарынды малға қарағанда көп камералы қарынды малда қарын мен ішекте қорытылу процестері қатар жүреді.

Міне, ас қорыту барысының көп камералы қарындағы ас қорыту

ерекшеліктерінің арқасында ірі қара ірі азықты барынша көп жеп, қорыта алады. Қорытылған қоректік заттардан аса сапалы өнімдер ет және сүт өндіреді. Сауын сиырлар сүт өндіру үшін азықтың қоректік затының 50% дейінін пайдаланса, бордақылаудағы өгізшелер тек 16-20% ғана пайдаланады.



Ірі қара малдың өнімділігі. 1. Сүт өнімділігі 2. Ет өнімділігі. Біздің еліміздің ауыл шаруашылығының негізгі міндеті халықты азық-түлікпен, ал өнеркәсіпті шикізатпен барынша толығырақ қанағаттандыру үшін ет, сүт және басқа да ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіруді одан әрі арттыра түсу болып табылады. Елімізде ет және сүт сияқты құнды азық-түлік өнімдерін беретін мал шаруашылығын өрістетуге көп көңіл бөлінеді. Бұл саладағы қызметкерлер сүт өндіруді арттыруда едәуір табыстарға жетті. Біздің еліміз жан басына сүт өндіруде дүние жүзінде бірінші орын алады және АҚШ-тан 1,3 есе, Англиядан 1,5 есе асып түседі. Ет өндіруде ет және сүт бағытындағы мал шаруашылығының ара салмағы үлкен орын алады.

Мал басының өсуі және оның өнімділігінің артуы көпшілік жағдайда төлді аман сақтау мен өсірудің қалай ұйымдастырылатынына байланысты. Сайып келгенде сүт пен ет өндірудің дәрежесі соған қарай анықталады. Қазіргі заманғы мамандырылған ірі кәсіпорындар мен кәдімгі фермалардағы табыннан шығарылатын сиырлар жыл сайын жаңа, барынша жоғары өнімді малмен алмастырып отырады. Сүт өндіру бағытындағы мал шаруашылығын интенсивтендіру жағдайында табын толықтыруға арналған жоғары өнім беретін төлдерді өсіру табында ұдайы толықтыру жөніндегі шаралар жүйесіндегі маңызды буынның бірі болып табылады. Сүтті сиырлардың өнімділік сапасы олардың тұқым қуалаушылығына байланысты және оларды өсірудің барлық кезеңіндегі күту және азықтандыру жағдайының ықпал әсерімен қалыптасады. Бұл факторлар ірі қараның ет өнімділігін қалыптастыруда да маңызды рөл атқарады.

Мал көп өнімді болса, оның шаруашылыққа пайдасы мол болады. Бүкіл

зоотехникалық жұмыстың түпкі мақсаты, мал шаруашылық өнімдерін өндіруге қол жеткізу. Зооинжинер бұл мақсатқа малды сан және сапа

жағынан жақсартып, оны ұрпақтан ұрпаққа тарату арқылы жетеді. Сондықтан мал шаруашылығы өнімі мен мал өнімділігін шатыстыруға

болмайды. Өнім жалпы ұғым. Оны жеке малмен, уақытпен тікелей байланыстырмай-ақ қолдана береді. Ал өнімділік деп бір малдан немесе орта

есеппен бір топ малдан нақтылы уақыт мерзімінде алынған өнімді немесе алынатын өнімді айтамыз.

Мал өнімділігінің қай-қайсысы да өте күрделі, бүкіл организмнің тіршілік әрекеті негізінде қалыптасады. Қай түріне болмасын азық қорыту, тыныс лау, қан айналу, ішкі секрециялық органдар, нерв жүйелері барлық органдары қатысады. Мал өнімділігі екі топ күштердің (факторлардың) бірлескен бір-біріне әсері негізінде қалыптасады: 1) нәсілдік қасиеттері (тұқымдық және жеке өзіндік) ; 2) тіршілік еткен сыртқы орта жағдайлары. Бұл екі топ күштерінің арақатынасының өте күрделілігіне байланысты мал өнімділігі көп өзгеріске ұшырайды. Мал өнімділігінің өзгергіштігін бақылап басқару үшін оны жүйелі негізінде анықтап, есептеп отырады. Мал өнімділігін анықтау үшін қолданылатын әдістерге мына талаптар қойылады: 1) қолданылатын әдіс малдың биологиясына сәйкес келіп, өнімділігін дәл анықтау үшін, толық мүмкіншілік туғызуы қажет; 2) шаруашылық жағдайында қолдануға ыңғайлы көп қосымша күш құралды қажет етпеу керек. Сүт - сүт бездерінің өнімі. Сүт безінің қызметі күрделі. Сүт бездерінде сүт интенсивті жүріп отыру үшін желінде үздіксіз қан айналып тұру керек. Ғалымдардың айтуына қарағанда 1 л сүт сүзілу үшін сиыр желінінен 400-500 л. қан өту қажет.

Малдың сүттілігін әдетте сауынымен (сауылған сүт мөлшерімен) анықтайды. Малдың төлдегеннен бастап суалғанға дейінгі уақыты- сауым маусымы (лактация), суалғаннан келесі туғанға дейінгі уақыты - суалған кезеңі (сухостойный период) деп айтады. Малдың түріне, тұқымына байланысты сауын маусымының ұзақтығы түрліше. Қазіргі уақытта сиырдың негіізгі сүттілігін 305 күндік сауын маусымында сауылған сүт мөлшерімен анықтайды. Сауын маусымында өндірілген барлық сүтті анықтау үшін сиырдың күндік (бір тәулік) сауымын, соның негізінде айлық сауымын анықтайды.

Сиырдың сүттіліігне әсер ететін жағдайлар мен сүттілігін арттыру

жолдары. Сиырдың сүттілігі тұқымына, өзіндік нәсіл қасиетіне, жасына,

бағым-күтіміне байланысты, кең көлемде өзгеріп тұрады. Бір сиырдан сауым

маусымында сауылатын сүт көлемі 1000 кг-нан 25000 кг дейін барады.

Сиырдың сүттілігіне оның тұқымдық тегі, жеке нәсілдік қасиеті, физиологиялық жағдайы, азықтандыру дәрежесі, бағып күту жағдайы, жасы

және т.б. факторлар әсер етеді.

Сиырдың сүттілігіне салмағының қатынасы. Малдың салмағы, оның организмінің тұқымына, жынысына және жасына лайықты өсу дәрежесін, өлшеген мезеттегі малдың қондылығын көрсетеді. Сондықтан малдың сүттілігі бүкіл организм тіршілік әрекетінің өнімі ретінде, оның салмағына көп байланысты. Бұл байланыстылық негізінен бір тұқым малының ішінде анық білінеді. Сиырдың сүттілігіне буаздылығы, сервис кезеңі және суалу мерзімі біршама әсер етеді. Сүт бездерінің жұмысы жыныс органдарының дамуымен, буаздылық және туумен өте тығыз байланысты. Бұл байланыс гипофиз бен аналық бездері гормондарының әсері негізінде жүреді.

Сиырдың бұзаулағаннан бұқаға тоқтағанға дейінгі уақытын сервис кезеңі деп атайды. Сервис кезеңі аз болған сайын жалпы сауым маусымы да қысқарады, сүт өнімі кемиді. Сервис кезеңін ұзарту арқылы сауым маусымы 305 күннен көбейтуге де болады. Сервис кезеңі тым ұзақ болса, сол сауым маусымы ұзарып, сүтті көп алған мен, келесі жылдары және сиырдың шаруашылықта пайдаланған жалпы барлық жылдарына шаққанда төл аз алынады, сүт те аз сауылады. Қорыта айтқанда, бір жылға жуық уақыт мерзімінде сиырды бір бұзаулатып, әр сиырдан мол сүт сауып, әрі төл алынып тұру басты шарт. Сиырдан ұзақ жыл бойы сапалы төл алынып, мол сүт сауылып тұруы үшін, суалған кезеңінің маңызы үлкен. Сиырдың суалған кезеңінің орташа ұзақтығы 60-70 күн болғаны жеткілікті деп есептейді. Тұқымдық тегі, нәсілдік қасиеті жан-жақты сиырдан азықтандыруы, бағып-күтуі келіспесе, күніне 5-6-ақ литр сүт шығып, етті бағыттағы сиырдан артықшылығы білігбейді. Ал күніне 15 литр сүт шығатын сиырдың желінінен тәулігіне 7 тоннадан артық қан өтіп, 485 гр сүт белогі түзіледі деген сөз.

Сиыр сүттілігінің сапалық көрсеткіштері. Сүттің негізгі сапалық

көрсеткіштеріне майлылығы, ондағы белоктық және майсыз құрғақ қалдық заттарының мөлшері жатады. Сиыр сүтінің майлылығы оның тұқымына, жеке нәсілдік қасиетіне және т.б. жағдайларға байланысты әр шамада болады. Зоотехникалық әдебиеттегі деректерге қарағанда, ол 2,5 % -тен 10,5%-ке болуы мүмкін. Дегенмен де сүттің майлылығы негізінен сиырдың тұқмына және физиологиялық жағдайына байланысты. Сүт майлылығы, белок мөлшерінің тұқым қуалаушылық коэффиценті, сүттіліктің басқа көрсеткіштеріне қарағанда көп жоғары.

Барлық тұқым сиырлары сүтінің майлылығы, сауым маусымы барысында белгілі бір заңдылықпен өзгеріп отырады. Уыздың майлылығы жоғары болады, содан кейін сауым маусымының алғашқы екінші, үшінші айлықтарында сүт майлылығы біршама кемиді де, одан әрі қайта көтеріліп, соңғайларда сүттің майлылығы ең жоғары дәрежеге жетеді.

Малдың еттілігі. Қай түлік болмасын, олардың еттілік қасиетін жетілдіру селекция жұмысының түбегейлі мәселесі. Малдың еттілігін мына

төмендегі көрсеткіштер арқылы бағалайды: тірілей салмағы, сыртқы дене

пішіні, тәулігіне қосатын салмағы, тез жетілгіштігі, сойыс салмағы мен оның

шығымы, ұшасының салмағы мен шығымы, ұшасының морфологиялық

құрамы, сұрпы етінің химиялық және биохимиялық құрамы, т.б.

Малдың нақтылы ет өнімі, негізінен сойғаннан кейінгі алынған ұшасының салмағы мен оның сапалық көрсеткіштері арқылы сипатталады. Ұшаның құрамына қоректік қасиеті әр түрлі ет, май, сүйек және дәнекер тканьдері мен шеміршек, сіңірлер кіреді. Ұшаның құрамында шеміршек пен сүйек аз болып, майлы сұрпы еті көп болса, соғырлым оның қоректілігі күшті нәрлілігімен сіңімділігі жоғары болады. Малдың еттілік қасиеттерін тірі кезінде және сойғаннан кейін тексеріп бағалайды. Малдың тірі кезінде, оның еттілік қасиетіне дұрыс баға берудің селекциялық маңызы үлкен. Селекция мақсаты тәуір деп таңдап алған малдан өзіне ұқсас ұрпақ алу. Малдың тірісінде еттілік қасиетін ауық-ауық салмағын өлшеу, соның деректері бойынша тәулігіне қосатын салмағын есептеу арқылы бағалайды.

Сонымен қатар малдың еттілік қасиетіне, оның сырт пішініне, үлкен-кішілігіне қарапта біршама толық баға беруге болады. Мұндай жағдайда малдың еттілік қасиеті мен тығыз байланысты дене биіктігі мен тұрқының ұзындығы, кеудесінің жалпақтығы мен кеңдігі, орамы, бөксесінің орамы сияқты дене мүше өлшеулерімен көзбен бағалау толықтырады. Малдың еттілік қасиетіне баға бергенде оның қондылығына баса көңіл аударылады. Мұны әсіресе малдың ерте май жинайтын құйрықтың түбін, шабын мықынын, белін, арқасын, қабырғасын және төсін қолмен ұстап бағалайды.

Малдың еттілік қасиетіне әсер ететін жағдайлар және ет өндіруді көбейту жолдары. Малдың еттілігі шаруашылыққа пайдалы көптеген биологиялық ерекшеліктерінің бір-біріне күрделі әсері негізінде қалыптасады. Еттіліктің сандық та, сапалық та көрсеткіштері малдың түріне, тұқымына және нәсілдік қасиеттеріне, бағып–күту, бордақылау технологиясы ерекшеліктеріне және т.б сыртқы орта жағдайларына байланысты. Сапалы да мол ет өнімі, етті бағыттағы мал тұқымдарынан өндіріледі. Мысалы, арнайы етті бағыттағы сиыр тұқымдарының сойыс салмағының шығымы 68-70%-ке дейін, кейде бұдан да артық болса, сүтті-етті бағыттағылардікі 55-60%, таза сүтті бағыттағылардікі 45-60% болады. Егер бұрын малдың тез жетілгіштігіне аса мән берілсе, қазіргі уақытта ұзақ өсіп, денесінен негізінен белокты көп түзіп, майы аз, көп ет беретін мал тәуір деп есептелінеді. Сондықтан барлық жерлерде етті бағыттағы шароле, лимузин, киан сияқты ірі тұқымдар жоғары бағаланып отыр. Сол сияқты жабайы түрлермен будандастыру арқылы, майы аз, мол ет алынатын асана мал тұқымын шығаруға үлкен бетбұрыс жасалып отыр. Осы жолмен брангус, брафорт, бифола және т.б. жаңа етті бағыттағы тұқымдар шығарылды.

Табынды толықтыратын мал өсіру. Мал басын өз төлі есебінен көбейту - ірі қара шаруашылығындағы бірден бір мәселе, әсіресе сүтті ірі қара шаруашылығын өндірістік технологияға көшіруге байланысты сүт комплекстерінде (кешендерінде) сауын сиыр санын көбейту қажеттілігі барған сайын арта түсуде. Ал мұндай өнеркәсіптік негіздегі комплекстерге қойылатын басты талап сауын сиырларының сүттілігін арттыру.

Әр сиырдан сауылатын сүт 4000-4500 кг және одан да жоғары болуға тиіс. Осындай өнім алғанда ғана ірі комплекстер ұйымдастыру экономикалық жағынан тиімді бола алады. Себебі комплекстегі қоражайларды салуға, құрал-жабдықтар сатып алуға, малды күтіп-бағуға және т.б. кеткен шығындар тез өтеледі. Жылдар бойы өсімталдығын төмендетпеген сауын сиырлар ғана сүтті болады. Іс жүзінде көріп отырғанымыздай, ферма мамандары соңғы жылдардың өзінде кейбір сүтті жас сиырларды да жарамсыз деп табуға мәжбүр болып жүр. Оның басты себебі: малдың желін безінің және жыныс органдары қызметінің бұзылуы. Ал мұндай мал саны мың сиырдың 2,5-5,5 процентіне дейін жетеді.


Бақылау сұрақтары:

1. Ірі қара малының тұқымдары және тұқымдық топтары.

2. Ірі қара малының биологиялық және өнімділік ерекшеліктері.


10 дәріс
Тақырыбы: Шошқа және құс шаруашылығы
Сабақтың мақсаты: Шошқа және құс тұқымдарының биологиялық,

өнімділік ерекшеліктерін сонымен бірге өндірістік жіктелу ерекшеліктерін оқып үйрену


Дәріс жоспары:

1. Әртүрлі өнім бағытындағы тұқымдарының экстерьері, интерьері,

конституциясының ерекшеліктері

2. Шошқаның биологиялық және өнімділік ерекшеліктері, олардың

деңгейіне әсер ететін факторлар

3. Құс тұқымдарының өндірістік жіктелуі


Негізгі және қосымша әдебиеттер:

1. Әлпеисов Ж. Ә., Тәжиев К.П. Құс өсіру. А., 2001.

2. Танатаров А.Б. Шошқа шаруашылығы, Практикум. А., 2006.

3. Танатаров А.Б., Әлпеисов Ш. Ә., Дабжанова С.Т.Құс шаруашылығы. А., 2005.

4. Танатаров А.Б., Атабайұлы А., Танатаров М.А. Шошқа шаруашылығы.

А., 2005.


Шошқа шаруашылығы дегеніміз - бұл елімізде ет қорын жедел толықтыра алатын мал шаруашылығының тез жетілетін саласы. Шошқа

шаруашылығының шоғырлануы және оның өнеркәсіптік негізге көшірілуі

шошқа етін өндірудің іс жүзіндегі бүкіл технологиясын қамтитын салаларды

басқарудың бірқатар мәселелерін ғылыми тұрғыда жетілдіріп, өндірістік

сынақтан өткізуді талап етті.

Өндіріс типті ірі шаруашылықтарда шошқа етін өндірудің осы заманғы

технологиясы өндірістің тасқындылығы және ырғақтылығымен, барлық цехтар және звенолардың өзара байланыстылығымен, көп еңбек сіңіруді

қажет ететін процесстерді жоғары дәрежеде механикаландыру және автоматтандырумен, табындарды стандарттап, біртектестендірумен сипатталады. Басқа үй малдарымен салыстырғанда шошқа буаздық кезеңінің

қысқалығымен, көптөлділігімен, шап-шаң өсетіндігімен ерекшеленеді. Олардың тірілей салмағын арттыруға азық аз жұмсалады, сондай-ақ шошқа

етін өндіруге көп еңбек жұмсалмайды. Қазіргі уақытта шошқа шаруашылығындағы етті бағыттағы анықтауға үлкен ғылыми өндірістік

жұмыс жүргізілуде.

Мегежіндердің өнімділігі мына көрсеткіштер бойынша анықталады:

көптөлділік, төлдің ірілігі, сүттілігі, үйшіктегі теңгермелік, енесінен айыру қарсаңындағы торайлардың тірілей салмағы. Көптөлділік туған кездегі тірі торайлар санымен анықталады. Шошқалардың көп төл бере алу шамасын анықтаған кезде үйшіктегі өлі торайлардың саны да ескеріледі. Мегежіннің орташа көптөлділігін анықтау үшін барлық торайлаулар санына бөледі.

Төлдің ірілігі туған кездегі торайлардың тірілей салмағы бойынша

анықталады (олардың жалпы салмағын туған торайлардың санына бөледі) Үйшіктегі теңгермелік дегеніміз-үйшіктегі торайлардың орташа салмағынан жеке торайлар салмағының ауытқуы. Бұл ауытқу неғұрлым аз болса, үйшіктегі теңгермелік те соншалықты арта түседі де торайлардың одан әрі өсіп дамуына зор маңызын тигізеді.

Мегежіндердің сүттілігі жанама тәсілмен 21 күндік торайлардың

тірілей салмағы бойынша анықталады. Аналықтың сүттілігін бұлай анықтау-

салыстырмалы шама, өйткені 5 күндік торайға қосымша жем беріле бастайды, бұл торайлардың салмағына белгілі әсерін тигізеді. Сүттілікті

торайлардың жемдеуге дейінгі және жемдеу соңындағы салмағының айырымы бойынша сондай-ақ есептеу әдісімен анықтауға болады (мұнда

айлық торайдың тірілей салмағының 1 кг қосымша салмағына 3 кг. сүт

жұмсалатыны ескерілуі шарт). Аналықтың сүттілігін бағалаған кезде оның аналық сапасына назар аударылады, ол емшектегі төлдің дамуы мен сақталуына едәуір дәрежеде әсер етеді.

Енесінен айыру қарсаңындағы торайлардың тірілей салмағы 60 күндік

торайлар енесінен айырылады. Осы кезеңде әрбір торайды өлшеп, тірілей салмағы бойынша торайлардың класы және дамуы анықталады. Шошқа өсіретін шаруашылықтар практикасында мегежіндерді өнімділігін

пайдалануды арттыру үшін торайларды енесінен ертерек 26-35-45 күндік

кезінде айырады.

Аталық қабанның өнімділігі мына көрсеткіштер бойынша анықталады:

Өндіргіштік қасиеті бұл торайлаған және айқын буаз мегежіндер

санының шағылысқан аналықтар санына қатынасын 100-ге көбейту арқылы

анықталады;

Көп төлділік және төлдің ірілігі бұл бағалы қабандармен, сондай-ақ дәл сондай көрсеткіштері бар келесі ұрпақтармен шағылысқан аналықтар

бойынша есепке алынады. 2 немесе 4 айлық ұрпақтарының тірілей салмағы

кем дегенде 5 мегежіннің ұрпақтарын өлшеп, салмақтық көрсеткішін торайлар санына бөлу арқылы анықталады;

Шошқа етін қалыпты жағдайда өндірген кезде барлық ақшалай шығынның 55% торайларды бордақылауға дейін өсіруге 45% оларды одан әрі

бордақылауға жұмсалады деп есептеледі. 2-ден 4 айлыққа дейінгі торайлардың сүйек және бұлшықет ұлпалары қарқынды өседі, асқорыту

мүшелері күшті дамиды, зат және энергия алмасуы қарқынды жүреді. Рациондарды кенеулігі бойынша теңестірген кезде қазіргі кезде азықтандыру

нормасын басшылыққа алады. Ірі шошқа шаруашылық кешендерінде енесінен айырған торайларды полирациондық құрама жеммен жемдейді.

Өзіндік мал азықтан шошқа етін өндіретін шаруашылықтар енесінен айырғандарға қолда бар жемнен азық дайындайды. Енесінен айырғандарды еркімен немесе күніне 3 рет жемдеген жөн. Егер мегежіндердің лактациясы аптадан азырақ уақытқа созылса, енесінен айыру ерте деп есептеледі. Бұл торайлау аралығын кемітіп, торайлау санын арттырады, мегежіндерден алынатын торайлау санын молайтады. Аналықтар басын көбейтпей-ақ шошқа етін арттырардың бірден-бір әдісі-ерте енесінен айыру. Ерте енесінен айырған торайларды жемдеу үшін азықтық қоспа рецепті-престартер жасалады, оның кенеулі заттар құрамы мегежіннің сүтіне жуық болады.

Шошқаларды бордақылау дегеніміз - бұл шошқа шаруашылығындағы соңғы операция. Бордақылаудың табысты болуына мына факторлар әсер етеді: бордақылау технологиясы, жемдеу деңгейі мен теңгермелік, жасы, қол тұқымы т.б. Шошқаларды бордақылау іс жүзінде барлық категориялардағы шаруашылықтарда өткізіледі.

Құс шаруашылығы - мал шаруашылығының ең тез жетілетін, әрі тиімді

бір саласы. Бұл саланың өркендеуіне тиісті жағдайлар жасалса, аса қысқа уақыттың ішінде еңбекті де, азықты да, қаржыны да аз жұмсап, жұғымдылығы жоғары өнім - етті және жұмыртқаны жылдың төрт мезгілінде

де көп мөлшерде өндіруге болады. Жұмыртқа әртүрлі қоректік заттарға бай

келеді. Сондықтан ол жұғымдылығы да, сапасы да жоғары өнімдердің қатарына қосылады. Дені сау құстан алынған жұмыртқа өте таза болады. Сондықтан одан ауру тарамайды. Құстың жұмыртқасы мен еті диеталық тағамдарға жатқызылады. Өйткені олар адам организміне өте жақсы сіңеді. Тамаққа жұмыртқаны пайдаланғанда ол заттың дұрыс алмасуына ықпал етеді, нерв жүйесін нығайтып, организмнің әр түрлі ауруларға төзімділігін арттырады. Республика медицина ғылым академиясының тамақ институты жан басына тәулігіне орта есеппен 50 гр немесе жылына 365 жұмыртқа қажет екенін анықтап берді.

Жоғарыда айтылғандай, жұмыртқа адамға қажетті жеңіл сіңетін қоректік заттардың бәріне де бай. Оның құрамында құнды белоктар, майлар, углеводтар, жиырмадан астам минералды заттар және оннан астам витаминдер бар. Ұзақ уақыт сақтау үшін жұмыртқаны ұнтаққа немесе мұздатылған қоспаға айналдырады яғни белогімен сарысын өз алдына жеке-жеке өңдейді. Жұмыртқа ұнтағымен мұздатылған қоспаны тамақ дайындағанда, нан пісіргенде, кондитер тағамдарын, майонез, макарон, вермишель және балмұздақ жасағанда пайдаланады.

Жұмыртқа халық шаруашылығының басқа салаларында кеңінен пайдаланады. Жылтыр және хром былғары жасаған кезде кептірілген белок

қолданылады. Тоқыма өнеркәсібінде ондай белок матаның түсіне нәзік рең беретін бояулардың тез оңып кетпеуі үшін қолданылады, бекіткіш ретінде белок баспахана бояуларында, сондай-ақ фотография өнеркәсібінде пайдаланылады, ал шарап жасағанда оған белок қосса, ол мөлдір болады. Жұмыртқаның сарысы терінің ерекше сорттарын илегенде, сабын қайнатқанда және косметикалық өнеркәсіпте қолданылады. Медицина және мал дәрігерлігі өнеркәсібінде сарысу (сыроватка), вакциналар және бактериялық құралдар дайындаған кезде, фармакологиялық дәрі-дәрмектер жасағанда да жұмыртқа пайдаланылады.

Республикадағы тамақ институтының деректері бойынша күніне орта есеппен адамға 3000 калорияға жуық азық қажет екен. Ал жан-жақты дамып, дұрыс өсіп-жетілуі үшін дені сау адам калориялылығы жоғары ет, жұмыртқа, сүт, балық т.б. өнімдерді тұтыну қажет. Ғылымға негізделіп жасалған тамақтану нормасына сәйкес бір адамға тәулігіне орта есеппен 101-105 г белок керек деп есептеледі. Мұндай белокты адам балық, жұмыртқа, сүт сияқты өнімдерді тұтыну есебінен, ал оның шамамен 50 процентін еттің есебінен алып отырады. Жылында бір адамға керек еттің орташа нормасы 80-85 кг, оның ішінде құс еті 10-16 кг болуы қажет. Құс еті маңызды диеталық тамақ болып табылады. Оның құрамында құнды белок май, минералдық заттар, витаминдер мол. Сондықтан оны, әсіресе балалар мен науқас адамдарды тамақтандыруға пайдаланудың маңызы зор. Құс етінің басқа еттерден айырмашылығы онда протейн көп және дәнекер ұлпа тканьдер аз, бұлшық еттерінің ара-арасында май қабаты болмайды. Тауық пен күрке тауық бұлшық етінің талшықтары суда жүзетін құстар бұлшық етінің талшықтарынан нәзік келеді.

Құс етінде орта есеппен 22-24%, сиыр етінде-18%, қой етінде-15%, ал шошқа етінде 13-14% белок бар. Құсты ет үшін өсіргенде өндіріс интенсивті сипат алады. Осыған байланысты оған жұмсалған қаржы шошқа етін өндіруге жұмсалатын қаржыдан 3-4 есе, ал сиыр етін өндіруге жұмсалатын қаржыдан 8-9 есе тез өтеледі.

Құстың қосалқы өнімдері-қауырсыны мен мамығы да өте пайдалы.

Жұмсақ, жеңіл, серпімді және көпке шыдайтын болғандықтан одан мамық жастық, мамық көрпе, құс төсек т.б. жасалады. Құрғақ қауырсын шірімейді, иісі болмайды және оны бөгде басқа заттардан оңай тазартуға болады. Сондықтан қауырсын мен мамық галантерия бұйымдарын жасағанда кеңінен пайдаланылады. Сапасы төмен қауырсындардан азықтық ұн дайындалады. Мұндай ұнда 80-85% протеин мен витамин болады.

Егер дұрыс күтіп, дұрыс азықтандырып отырса, тауықтың қазіргі жұмыртқалағыш тұқымдары жылына 260 жұмыртқаға дейін, тіпті одан да көп жұмыртқа салады. Соған орай жылына бір тауықтан 120 балапан алуға

болады. Құстың тез өсіп-жетілгіштігінің шаруашылықтың бұл саласының

интенсивті дамуына тигізетін ықпалы зор. Тауықтар бес айлығында, ал кейде

тіпті одан да ертерек жұмыртқалай бастайды.

Тәжірибе мынаны көрсетіп отыр: өндіріс дұрыс ұйымдастырылған болса, құс өсіретін шаруашылықтарда 10 жұмыртқа өндіру үшін небары 1,5-1,8 кг жем жұмсалады, ал 1 кг қосымша бройлер етін өндіруге жұмсалатын жем 2,5-3 кг артпайды: бұл-1кг шошқа етін өндіруге кететін азықтан үш-төрт есе аз. Сонымен мың жұмыртқа өндіруге немесе қосымша бір центнер ет өндіруге қажет уақыт мал шаруашылығы өнімдерінің басқа түрлерін өндіруге кететін уақыттан едәуір аз. Осы артықшылықтарына байланысты құс өсірудің экономикалық жағдайлары мал шарашылығының басқа салаларының экономикалық жағдайларына қарағанда едәуір тиімді болып табылады.

Құс шаруашылығын өнеркәсіптік негізде ұйымдастырудың маңызы.

Өндірісті интенсивтендірілмейінше және мамандандырылмайынша құс шаруашылығын өнеркәсіптік негізде дамыту мүмкін емес. Мұның өзі құс шаруашылығын екі бағытта-жұмыртқа және ет өндіру бағыттарында

өркендету, құс өсіретін мамандандырылған совхоздар асыл тұқымды құс

шаруашылықтарын, инкубатор станцияларын колхоздар мен совхоздарда

механикаландырылған фермалар ұйымдастыру арқылы асырылады. Осыған байланысты құс өсіретін бірлестіктер мен комплекстер ұйымдастыруда маңызы ерекше. Ондағы жұмыстардың барлығы индустриялық әдістермен жүзеге асырылады.

Құс асылдандыру жұмыстары. Жұмыртқа өндіру бағытында өсірілетін

тауықтарға жүргізілетін селекциялық асылдандыру жұмыстарының ерекшеліктері. Қазіргі уақытта жұмыртқа өндіру бағытындағы құс шаруашылығында негізінен бір тұқым (ленгорн) өсіру қалыптасты. Селекция

салынған жұмыртқаның жалпы санына және жұмыртқа массасына немесе олардың компоненті болып табылатын әйтеуір бір белгілеріне қарай жүргізіледі. Мұндай белгілер жыныстық жағынан пісіп-жетілу, мекиендердің әр түрлі жастарындағы жұмыртқалағыштық интенсивтілігі, жұмыртқа салудың ұзақтығы, жұмыртқаның масасы т.б. болуы мүмкін. Сондай-ақ селекцияны өнімділікке жанама байланысты: денесінің массасы, кейбір ауруларға төзімділік, жемнің жоғары қайтымдылығы тәрізді белгілері бойынша да жүргізіледі. Негізгі селекциялық топ ұрпақтарды сынаққа алу негізінде ішкі және линия аралық өсіру үшін қажетті генотиптерді анықтауға арналған. Құстарды ұстау ұялық тәсілде әдетте әр ұя бір әтеш пен 16-20 мекиен линиясынан тұрады. Бір линияға 60 ұя бөлінеді.

Сынаққа түсуші негізгі селекциялық үйірден ішкі линиялық шағылыстыру мен линия аралық будандастырудан барлық ұрпақтың қасиетін

алады. Әрбір мекиеннен 5-7 ұрғашы балапан, ал барлық линиядан 5700-7000

шөже іріктеледі. Құстарды ұстау топтық тәсілде. Есепке алу жекеше. Сынаушы-құс қорада балапандары 68 апталық жасқа немесе 72 апталық

жасқа дейін ұстайды. Сынау және баға беру, аяқталған соң құстарды ішкі және линия аралық өсіру үшін негізгі селекциялық үйірге, көбейтуге ауыстырады немесе жарамсыз деп табады.

Ет өндіру бағытындағы тауықтармен селекциялық-асылдандыру жұмыстарының ерекшеліктері. Селекциялық жұмыс процесінде линия жасау

үшін ең жақсы тауықтарды таңдап алу мақсатында жекеленген қасиеттерге

баға берумен құстарды таңдап алуды мынадай белгілер бойынша жүргізеді:

тірі массасы (8 апталық және 34 апалығында); қауырсындандыру жылдамдығы (7-10 және 56 күндігінде), дене құрылысының еттік формасы (8

апталығында), жеген жемін өтеуі жұмыртқалағыштық және инкубатор жұмыртқаларын саны, жас және ересек құстардың сақталуы.

Еттік тауық өсіруде селекциялық жұмыс әдетте, жас құстармен жүргізіледі. Мұнда тауықтар мен қораздарды таңдап алуға үлкен маңыз

беріледі. Үйлесімділігін үйрену үшін бұл арада диаллельдік будандастыру керек. Репродуктор шаруашылықтарда құс асылдандыру жұмыстары жаппай селекция әдістері арқылы жүргізіледі. Құстарды таңдап алу олардың сегіз апталығында массасына, қауырсындауына, кеудесінің кеңдігіне қарай жүзеге асады. Одан әрі өсіру үшін жас аталық формадағы мекендердің 60-70% мен қораздардың 25-30% және аналық формадағы мекиендердің 70-80% мен қораздардың 30-40% қалдырылады. Репродуктор шаруашылықтар жыл сайын мемлекеттік асыл тұқымды құс заводтарынан тұқымды жұмыртқалар мен тәуліктік балапандар алып отырады.
Бақылау сұрақтары:

1. Құстардың тұқымдары және тұқымдық топтары.

2. Құстардың биологиялық және өнімділік ерекшеліктері.

3. Шошқалардың тұқымдары және тұқымдық топтары.



4. Шошқалардың биологиялық және өнімділік ерекшеліктері.

Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет