Біріншіден,
қазақтың
дәстүрлі шаруашылық жүйесі сақталып отырған жағдайда шабындық және
жайылымдық жерлерді жәй бөліске салу еш нәтиже бермеді.
Екіншіден,
шабындық және жайылымдық жерді бөлудің өзі дәстүрлі егін шаруашылығы
жүйесіндегі заңдылықтар жетегінде қалып қойды, яғни шабындық және
жайылымдық жерлерді бөлу шаруа қожалығындағы отбасы мүшелерінің
санына байланысты жүргізілді. Ал қазақтың дәстүрлі шаруашылығында,
керісінше, жерді малдың санына қарай иемденді, яғни көшпелілер үшін
жайылымға сұраныс мал басының санына және оның құрамына байланысты
болды.
Үшіншіден,
жартылай көшпелі аудандардағы жер бөлінісі
нәтижесінде жерге ие болған шаруалар үшін бұл кезеңде ол жерлерден келер
пайда жоқ еді. Себебі, ауылдағы кедей шаруалардың қожалықтары ғана емес,
тіпті орта шаруа қожалықтары да бұл кезеңде ауылшаруашылық құрал сай-
мандарына, егетін тұқым және т.б. заттарға өте зәру болды. Мысалы, 1928
жылы республикада 1927 жылғы есеп бойынша 800 мың қазақ шаруа
қожалықтары бар болғаны 124 мың өте қарапайым еңбек құралдарына ие
болды. Олар 54 мың соқа, 500 мың тұқым себетін машина, 13,5 мың шөп
шабатын шалғы, 9,4 мың тырма т.б. Бұл еңбек құралдары сан жағынан
алғанда көлге тамған тамшыдай ғана еді және оның сапасы да өте төмен
болды. Тіпті әлеуметтік тұрғыдан келгенде Петропавл округінде еш құрал-
сайманы жоқ шаруа қожалығының мөлшері 95,5%, ал орта шаруа
қожалықтары 83,2 % болса, Павлодар округінде 99,45% және 85,8 5%,
Қызылорда округінде 72,95% және 69,15% болған. Шаруашылық
құралдардың жетіспеуі, әрине, кедей қожалықтарын өз үлесінен бас тартып,
бөлінген жерлерді бұрынғы иесіне қайтаруға мәжбүр етті.
1927 жылы желтоқсанда ірі бай шаруашылығын тәркілеу жөніндегі заң
жобасын әзірлейтін арнайы комиссия құрылды. 1928 жылы наурызда
Қазақстан Өлкелік комитетінің бюросы ол заң жобасын бірнеше рет қарап,
нақтылады. Осы жылдың тамыз айында Өлкелік комитет тәркілеу науқанына
тікелей басшылық жасайтын комиссия ұйымдастырды. Комиссияның
төрағасы болып Е.Ерназаров тағайындалды, оның құрамына О.Исаев,
Н.Нұрмақов, Г.Тоғжанов, О.Жандосов және т.б. кірді. 1928 жылдың 27
тамызында Орталық Атқару комитеті мен Халық Комиссарлары Кеңесінде
тәркілеу жөніндегі заң жобасы қабылданды. Республиканың барлық
аудандарына тәркілеуді өткізу жөнінде нұсқаулар жіберілді.
Заң бойынша малы, дүние-мүлкі тәркіленіп, өзі жер аударылуға тиісті ірі
байларға: көшпелі аудандарда ірі қараға шаққанда 400-ден астам малы бар,
жартылай көшпелі аудандарда 300-ден астам малы бар, отырықшы
аудандарда 150-ден астам малы барлар және бұрынғы сұлтандар мен
хандардың ұрпақтары жатқызылды.
1928 жылы тамыздың 30-да Қазақ АКСР ХКК-нің «Қазақстанның
көшпелі, жартылай көшпелі және отырықшы аудандарын белгілеу туралы»
арнайы қаулысы қабылданып, соған сәйкес аудандар белгіленді. Науқанды
1928 жылдың 1 қарашасында аяқтау жоспарланды, яғни бір ай ішінде бітіру
керек деп шешті. Кейінірек ол тағы 10 күнге ұзартылды. 1928 жылғы 30
тамыздағы қаулыға сәйкес, сонымен қатар тәркіленгендерді жер аударылуға
тиісті аудандар да анықталды.
Тәркілеуге байланысты декретте әсіресе, көшпелі аудандардағы шаруа
қожалықтарына
деген
қаталдық
айқын
болды.
Осы
көшпелі
аудандағылардың малы тәркілеу мөлшерінен аз болған күннің өзінде де, егер
бұл адамдар ауылда ықпалды болса, кеңестендіруге қауіпті элемент ретінде
жер аударылуға тиіс болды. Тәркілеу туралы ереже бойынша жер
аударылғандардың бәрі сайлау құқығынан айырылды.
Байларды тәркілеуді жүзеге асыру үшін комиссиялар құрылды. Уәкілдер
бастаған комиссия мүшелері тәркілеу барысында кеңес үкіметінің
нұсқауларын, яғни байларды тәркілеу туралы ережені өрескел бұрмалады.
Ауыл белсенділері жоғарыдан келген уәкілдің қолдауымен тіпті ауқатты
адамдарды да қыспаққа түсірді.
Республика көлемінде барлығы 696 «отбасы» тәркіленді. Қазақ
қоғамында ірі байлардың көп болмағанын осы 1928 жылғы жүргізілген
тәркілеу барысы мен оның нәтижелері көрсетіп берді. Алдын ала жасалған
жоспар бойынша үкімет жоғарыдағы байлардан 225972 бас малды
тәркілейміз деп үміттенген еді. Бірақ үміт ақталмады, барлығы 144474 бас
мал ғана тәркіленді: бұл белгіленген жоспардың 64%-і ғана. Оның себебі,
алдын ала жасалынған малдың есебі дұрыс емес еді. Қазақстан басшылығы
кейіннен оны мойындауға мәжбүр болды. Барлық тәркіленген малдың 10,2%
отырықшы аудандардан, 83,3% жартылай көшпелі аудандардан және 6,5%
көшпелі аудандардан еді. Тәркіленген малдың 118919 басы жеке
шаруашылықтарға (74,3%) және колхоздарға (25,7%) таратылып берілді.
Тәркіленген малдар негізінде жаңадан 292 колхоз құрылды.
Көптеген қазақ партия-кеңес қайраткерлері тәркілеуге қарсы шықты.
Олар қазақ қоғамының экономикалық деңгейінің төмен екенін, сондықтан да
әлеуметтік сілкіністерге бармай, ауқатты шаруа қожалықтарына салық
мөлшерін көбейту шаралары арқылы реттеуді ұсынды. Ал большевиктер
болса бұл пікірлерге құлақ аспай, таптық принциптерінен ауытқымай, сол
мақсатқа жету жолында күшпен тәркілеу идеясын жүзеге асырды. Қазақ
байларын тәркілеу Қазақстандағы күшпен ұжымдастыру саясатының
бастамасы болды. Байларды тәркілеуден қазақ кедейлері материалдық
жағынан да, рухани жағынан да ештеңе ұтқан жоқ. Керісінше, байлардың
малын тәркілеу «қайыршыланған» ауылдар халқының өсуіне әкелді.
Қазақстандағы
ауқатты
шаруа
қожалықтарын
тәркілеу
мал
шаруашылығының даму қарқынын тежеді.
Қазақстанда большевиктер ауыл шаруашылығын социалистік жолмен
қайта құру тәжірибесінде тәркілеу саясатымен шектелмеді. Шаруа
қожалықтарын біртіндеп, ерікті түрде кооперативтендіру арқылы
социалистікірі ауылшаруашылық ұжымына біріктіру туралы 1927 жылы
желтоқсанда өткен партияның XV съезінің шешімдерін жүзеге асыруға
кірісті. Алайда үкімет біртіндеп құрылып жатқан колхоздарға материалдық
жағынан көмекті күшейту шарасының орнына, керісінше нұсқаулар беру
арқылы күштеу әдістерінің кең етек алуына жол ашты. Орталық билік колхоз
құрылысындағы біртіндеп өзбетінше жүріп жатқан қозғалысты жоспарлы іс-
әрекетке ұластырды. Үкімет органдарының жоспарлаған межелерін партия
ұйымдары да қайта талқылады, соның нәтижесінде жоспардың өзі бірнеше
рет өзгерістерге ұшырады.
Жергілікті жерлерде жоғары басшылық белгілеген межеден асып түсу
үшін күрес басталды. Оның күшеюіне Қазан революциясының 12 жылдық
мерекесіне орай «Правда» газетінде жарияланған Сталиннің «Ұлы бетбұрыс
жылы» деген мақаласы түрткі болды. Сталин «шаруалар жаппай мақтау
тұтып келген жеке меншік туын лақтырып тастап, ұжымдастыру рельсіне
көшуде» деген пікір айтты. Ал 1929 жылы 10-17 қарашада өткен БК(б)П
Орталық Комитетінің пленумында Молотов та келесі жылы тек
«ұжымдастырылған облыстар ғана емес, ұжымдастырылған республикалар
туралы да айтуға болады» деген көзқарасты білдірді.
1930 жылы 5 қаңтарда БК(б)П Орталық Комитеті «Ұжымдастыру
қарқыны және мемлекеттің колхоз құрылысына көмек шаралары туралы»
қаулы қабылдады. Қаулыда Орталық комитет жаппай ұжымдастыруды
жүзеге асыру үшін елдің аудандарын үш топқа бөлді:
Бірінші
топқа осы
ұжымдастыруға белгілі мөлшерде даяр деп есептелінген таза астықты
аудандар жатты. Оларға Орта және төменгі Волга, Солтүстік Кавказ
аудандары кірді. Ол аудандарда шаруа қожалықтарын социалистік жолмен
қайта құруды 1931 жылдың көктемінде аяқтау белгіленді;
екінші
топқа елдің
Украина, Орталық қара топырақты облыстар, Сібір, Орал, Қазақстанның
астықты аудандары жатты. Бұл аудандарда ұжымдастыруды аяқтау мерзімі
бір жылға ұзартылды, яғни шаруа қожалықтарын ұжымдастыруды 1932
жылдың көктемінде аяқтау қажет болды; елдің бүкіл басқа өлкелері мен
облыстары
үшінші
топқа енді. Бұл жерлерде шаруа қожалықтарын
ұжымдастыруды 1933 жылдың көктемінде, яғни бірінші бесжылдықтың
аяғына қарай аяқтау жоспарланды. Көшпелі қазақ ауылдары осы үшінші
топқа жатқызылды.
Алайда, Қазақстанда ұжымдастыру елдің басқа аймақтарымен
салыстырғанда баяу жүргізілуі тиіс деген пікірге Ф.И. Голощекин мүлде
қосылмады. Ол Қазақстанның кенже дамыған аймақ екеніне қарамай,
ұжымдастырудың жоғары қарқынын мақтаныш етті. Ф.Голощекин Жер
халық комиссариатының комиссары Яковлевке (ол Бүкілодақтық
ауылшаруашылық ұжымдары кеңесінің төрағасы) және РКФСР ХКК
төрағасының орынбасары Т.Рысқұловқа жіберген жеделхатында 1929-1930
жылдары республикада ұжымдастыруды күшейту үшін жоспардың қайта
қаралғанын, сөйтіп 1930 жылдың күзіне қарай ұжымдастырумен 350 мың
шаруашылықтың қамтылатынын көрсетті. Осыған байланысты бүкіл
республикадағы ұжымдастыру жоспары қайта қаралды.
Қазақстанда 1928 жылы шаруа қожалықтарының тек 2 проценті ғана
ұжымдастырылса, 1930 жылы 50 проценті, 1931 жылдың қазанында 65
проценті ұжымдастырылды, яғни ұжымдастыру қарқыны жеделдетілді. 1931
жылы республикадағы 122 ауданның 78 ауданында ұжымдастырумен 70-тен
100 процентке дейін шаруа қожалықтары қамтылды.
Шаруа қожалықтарын ұжымдастырудың жеделдетілген қарқыны күштеп
жүзеге асырылды. Ұжымдастыруды жүзеге асыру барысында еріктілік,
қоғамдастыру принциптері толық бұрмаланды. Ұжымдастыруға байланысты
жүргізілген шараларда кімнің осы шараға қарсы екенін айқындау бірінші
орынға қойылды. Кімде-кім қарсы болса, ол тіптен кедей шаруа болса да, тап
жауы қатарына жатқызылды. Ұжымдастырылған шаруашылықтарға жұмыс
күші болып саналатын малды ғана қоғамдастырудың орнына, барлық малды
түгелдей алу шаралары жүргізілді. Күштеу, зорлық-зомбылық көрсету
арқылы ұжымдастыру шаралары тездетілді. Күштеп ұжымдастырушылар
қазақ қоғамындағы дәстүрлі мал шаруашылығының ерекшелігін мүлде еске
алмады. «Асыра сілтеу болмасын, аша тұяқ қалмасын», «Қайдан тапсаң онан
тап, қаптың түбін қақ», «Социализмде сотқа тартылмаған адам болмайды»
деген ұр да жық ұрандар елдің түбіне жетті.
Алайда ұжымдастыруды жүзеге асыру барысында жіберілген зорлық-
зомбылықтар Орталық Комитеттің 1930 жылы 14 наурызында қабылданған
«Колхоз қозғалысындағы партия бағытын бұрмалаушылықпен күрес туралы»
қаулысында партия бағытын бұрмалау деп қана бағаланды. Большевиктік
орталық билік ауыл шаруашылығында жүргізіліп жатқан шаралардың бәрін
дұрыс деп есептеп, кемшіліктерді жіберіп отырғандармен күресу қажет деді.
Ол кемшіліктердің жалпы жүргізіп отырылған саясаттың қателігінен екендігі,
яғни үкіметтің шешімдері мен солақай нұсқаулары нәтижесінде болып
жатқаны мойындалмады.
Күштеп ұжымдастыру науқаны кезінде ауылда әлеуметтік жіктеу саясаты
өте жоғары қарқынмен жүргізілді. КСРО ОАК мен ХКК-нің 1930 жылы 1
ақпанда қабылдаған «Жаппай ұжымдастыру аудандарындағы ауыл
шаруашылығын социалистік қайта құруды нығайту және кулактармен күрес
шаралары туралы» қаулысы негізінде ауқатты шаруа қожалықтарына қарсы
ашық террор басталды. Шаруа қожалықтарынан бай-кулактарды бөліп алып,
оларды тап ретінде жою жүзеге асырылды. Бай-кулактарды үш топқа бөліп
жазалады. Бірінші топқа контрреволюцияшыл белсенділер жатқызылды.
Ондай топқа енген шаруалар бірден тұтқындалып, олардың ісі сотқа берілді.
Екінші топқа ірі кулактар жатқызылды. Бұл топқа енген шаруаларды да
бірден ұстап, солтүстікке немесе жаппай ұжымдастыру аудандарынан алыс
аудандарға жер аударды. Ал, үшінші топқа кулактар отбасылары жатты.
Оларды сол ұжымдастыру аудандарындағы колхоздар бөлген жерлерге
қоныстандырды.
Енді осы шаралардың жүзеге асырылуы барысында жазалануға
белгіленген топтармен қатар сол үкім шығарылып, жазаға тартылғандар
арасында орташалар, тіптен кедейлер де болған. 1928-1929 жылдарда бай-
кулактар есебіне алынып жазаға тартылғандар, яғни қудаланғандар есебі 54
625 болды. 1931 жылы 5500 шаруа бай-кулак ретінде аластатылды. Ал енді
1928 жылғы тәркілеу кезіндегі қазақ қоғамындағы бай-феодалдар саны тек
696 ғана болғанын ескерсек, бұлардың да кімдер екені белгілі. Бұл сан-
дарды нақты деп айту қиын, себебі жауапқа тартатын органдардың саны өте
көп болды. Мысалы, 1932 жылы Юстиция Халық Комиссары өзінің өте
кұпия хатында барлық жауапқа тартылғандардың бар болғаны 37,3 проценті
кулактар екенін, ал қалғаны қатардағы еңбекшілер екенін мойындаған.
Күштеп ұжымдастыру саясаты халықтың наразылығын тудырды. Сол
жылдары өлке басшыларының Сталинге жазған хаттары қазақ даласында осы
наразылықтың өте зор көлем алғанын, Алтайдан Маңғыстауға дейінгі
аймақты түгел қамтығанын, бұл туралы Кеңес өкіметі басшыларының
хабардар болғанын көрсетеді. Бір ғана 1929 жылдың өзінде Қазақстанда 30-
дан астам үлкенді-кішілі халық наразылығы болды. Олардың ішінде өте кең
көлемде болған көтерілістерге Тақтакөпір, Бостандық, Батпаққара
көтерілістері жатады. 1929-1930 жылдар аралығындағы қыс айларында
наразылық өте күшті өршіді. Ол туралы Ф.Голощекин Сталинге хабарлауға
мәжбүр болды. 1929-1931 жж. өлкеде барлығы 372 көтеріліс болып, оларға 80
мыңдай адам қатысты. Большевиктер бұл наразылықтардың негізгі себебін
байлар мен дін басыларының Кеңес үкіметіне қарсы халықты
ұйымдастыруынан деп көрсетті. Кеңес үкіметі бұл көтерілістерді әскери
күшпен басып жаншыды.
Большевиктер жүргізген күштеп ұжымдастыру мен солақай
отырықшыландыру саясаты қазақ ауылына үлкен соққы болды. Қазақ
шаруаларының малын совет өкіметі күшпен тартып алып, үкіметтің ет
салығын орындауға жұмсалды. 1931-1932 жылдары Шұбалтау ауданында
барлық малдың 80%-і мемлекетке еске өткізілді. 173 мың малы бар Балқаш
ауданына 297 мың малға салғырт салынды. Торғайлық асыра сілтеушілер:
«Асыра сілтеу болмасын, аша тұяқ қасмасын!» деген ұран тастап, онда
миллионға жуық малдың небары 98 мыңы қалды. О.Исаев Қазақстан өлкелік
комитетінің VI Пленумында 1929 жылы Қазақстанда 40 млн. бас мал
болғанын, содан 1933 жылы 4 млн. ғана мал қалғанын айтты. Ұжымдастыру
саясатының зардаптары қазақ халқының басына үлкен апат әкелді. Күшпен
ұжымдастырылған және материалдық жағынан өте әлсіз шаруашылықтар
күйзеліске ұшырап, нәтижесінде 1931-33 жылдары халық аштыққа ұшырады.
Сол кездегі мәліметтерге қарағанда аштық жайлаған аудандарда халық түгел
қырылған. Аштықтан өлген адамдарды жинап, көмуге мүмкіндік болмаған.
Аштықтың салдарынан адам етін жеу фактілері де өте көп болған. Осындай
жантүршігерлік көріністер туралы мәліметтерді зерттеушілер тәуелсіздік
алғаннан кейін архив қойнауынан алып жариялады. 1932 жылғы шілдеде
республика қайраткерлерінің бір тобы – Ғ. Мүсірепов, М. Ғатауллин, М.
Дәулетқалиев, Е. Алтынбеков, Қ. Қуанышев аштық және оның себептері
туралы БК(б)П өлкелік комитетіне, тікелей Ф. Голощекинге ашық хат жазды.
Т. Рысқұловтың И. Сталинге 1933 жылы 9 наурызда жазған хатында
босқын қазақтар көшіп барған аудандардан алынған мәліметтер бар. Бұдан
аңғаратынымыз, көрсетілген уақытта Орта Еділде босқын қазақтар-40 мың,
Қырғызстанда-100 мың, Батыс Сібірде-50 мың, Қарақалпақстанда-20 мың,
Орта Азияда-30 мың адамға жеткен. Сондай-ақ Т.Рысқұлов босқындардың
Қалмақ, Тәжікстан, Солтүстік өлке өңірінен де кездесетінін көрсетеді.
Аштыққа ұшыраған қазақтар босқын болып, елден шет аймақтарға үдере
көшті. Қазақстаннан шет аймақтарға кеткен қазақ босқындарының ауыр да
жанкешті тұрмысы туралы да деректер жеткілікті. Зерттеушілер 1930-1932
жылдары шетелге кеткен қазақтар санын, қайтып келгендерді шығарып
тастағанда 1,3 млн. адамға жеткізеді.
Қазақтардың аштықтан қырылуы және шет аймақтарға үдере көшуі
нәтижесінде халық саны күрт азайды, яғни демографиялық апатқа әкелді.
Мысалы, 1937 жылдың басында халықшаруашылығы есебінің бастығы М.
Саматовтың Л.Мирзоянға берген мәліметі бойынша 1930 жылдың 1 маусымы
мен 1933 жылдың 1 маусымы аралығында халық саны 2 есеге кеміген.
Қазақ халқының ауыр жағдайын Қызыл крест және Қызыл жарты ай
қоғамының баяндама хаттарынан және Ресейдің басшы мемлекет қайраткері
ретінде жергілікті жерлерден Мәскеуге келіп түсіп жатқан басқа да
мәліметтерден хабардар болған Т.Рысқұлов, көп кешікпей-ақ Сталинге хат
жазады.
1932ж. 17 қыркүйекте «Ауыл шаруашылығы туралы» қаулы қабылданып,
Қазақстан мал шаруашылығындағы «кемшіліктерді түзеу» бағыты
белгіленеді. Алайда қаулы өлкелік комитеттің жүргізген саясатын
айыптамады, тіпті, ол қаулыда аштық туралы бір сөз жоқ. Қаулы егіншілік
аудандарында жеке меншікте 2-3 бас сиыр, 10-20 бас қой, ал мал
шаруашылығы аудандарында 100 бас қой, 8-10 бас ірі қара, 3-5 түйе, 8-10
жылқыға дейін ұстауға рұқсат берді.
1931-1933
жылдардағы
қазақ
даласындағы
жартүршігерлік
ашаршылықтың көрінісін архив қойнауындаға құжаттардан кездестіреміз.
Мұны Голощекин өзі жіберген жергілікті жерлердегі уәкілдері арқылы жақсы
біліп, толық хабардар болып отырған. Міне сондай жергілікті жағдайдан
нақты да шынайы мәліметтер түсірген Ораз Жандосовтың Әулеатаның
Сарысу ауданындағы ашаршылық туралы мәлімдемесін сол қалпында
келтірелік: «Ауылдарды аралаған кезімде, мен ондағы күндер бойы
жерленбеген мәйіттерді кездестірдім. Бұл жағынан тірі қалған әйелдер мен
жас балаларға ешкім көмек көрсетпейді. Күйзелгендер қолдарына не түссе де
түк қалдырмай жеп қояды. Сүйек-саяқты жинайды және жүрек жалғау үшін
ондаған мәрте қайнатады. Тамақ орнына жартылай өңделген аң терілері де
кете береді. Мен иттің етін жеген және онысын жасырмайтын бірнеше
адамдарды көрдім. Оныншы ауылдан келе жатқан жолымда елсіз жапаннан
екі жасөспірімді көрдім. Олар қайдағы ескі жұрттағы, терісін алу үшін
атылған иттерден қалған өлімтіктеріне бара жатыр екен. №5 ауылда
тамақтанбауынан жартылай ісінген, аяғы ауыр әйел маған жақын келіп, ит
атып беруімді өтінді».
Осы жағдайлардың барлығы жинақтала келіп, 1931-1933 жылдардағы
аштыққа әкелді. Нәубеттен 2,2 млн қазақ Кеңес өкіметінің қолдан
ұйымдастыстырылған
ашаршылығынан
қырылды.
Бұл
ашаршылық
мемлекеттік саясаттың нәтижесінде қолдан жасалды. Тарихшы М.Қ.
Қозыбаев «1931-1933 жылдары қолдан жасалынған аштық және сонымен
байланысты аурулардың салдарынан республиканың тұрғылықты халқының
1 млн 750 мыңы құрбан болды», - дейді. Америкалық маман Марта Олкотт
«Өткендегі әлеуметтік құрылым: Орта Азия қазақтары» деген еңбегінде 2
млн қазақ ашаршылықтың құрбаны болды деп көрсетті. Қазақстандағы
Голощекиннің қылмысты әрекеттерін көре тұрып көрмеген, тіпті оның
сойылын соғып өздері де қаттырақ сілтеген І.Құрамысов, О.Исаев
Е.Ерназаровтардың және оны қолдаған тағы басқа белсенділердің қолынан
қазақ халқының 49% қырылды. Зұлмат ауқымының зор болғаны сонша, 1930-
1932 жылдардағы аштық тарихқа «ұлы жұт», қазақ халқының аса зор
қасіретті жылдары ретіде енді.
Қолдан ұйымдастырылған аштық қазақ халқының демографиялық
үдерісін шайқалтып жіберді. Қазақ халқының бұрынғы санына тек 40 жылдан
кейін ғана, яғни 1969 жылы қалпына келді.
Қорыта келе 1931-1933 жылдардағы Қазақстанды жайлаған алапат аштық
ауыл шаруашылығын лениндік кооперативтендіру жолымен социализм
арнасына түсудің идеяларымен бүркеніп алған, шын мәнінде оларға қарама
қарасы әрекеттер жасаған Сталиндік-Голощекиндік басқару аппаратының
қазақ халқын қорлап, жойып жіберуді алдарына мақсат қылғанын байқаймыз.
Бұл Кеңес өкіметінің қазақ халқына қарсы жасалған қылмыстың ең ауыр түрі
– фашистік-геноцид саясатының көрінісі және адамзатқа қарсы жасалған
қылмысы болып табылады.
Достарыңызбен бөлісу: |