2-ші тақырып. Кеңестік Қазақстанның қалыптасуының тарихи
бастаулары
1.Бірінші дүниежүзілік соғыс жылдарындағы Қазақстан.
2. Қазақтардың 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілісі.
3.
Ресейдегі
1917
жылғы
Ақпан
буржуазиялық-демократиялық
революциясы және оның Қазақстандағы қоғамдық-саяси өмірге әсері.
4. Алаш партиясы мен Алашорда Ұлт Кеңесі үкіметінің қоғамдық-саяси
қызметі.
5. 1917 ж. Қазан төңкерісі және оның Қазақстандағы қоғамдық-саяси өмірге
әсері. Азамат соғысы және социалистік құрылыстың басталуы.
6. 1920 жылғы ҚазақАКСР-нің құрылуы.
1. Бірінші дүниежүзілік соғыс 1914 жылғы 19 шілдеде (1 тамызда)
басталды. Соғысқа дейінгі тұста Ресейде жаңа өнеркәсіп салалары жедел
қарқынмен дамыды. Өнеркәсіп орындары ел экономикасының дамуына үлес
қосумен қатар, соғыс қажеттілігіне орай ірі мемлекеттік тапсырмаларды да
атқарды. Өнеркәсіп өндірісінің ішінде металлургия өндірісі үлкен
жетістіктерге жетті. Соғыс басталған соң жалпы империяда, ішінара
Қазақстанда өндіргіш күштердің даму деңгейі бірте-бірте кеми берді.
Бірінші дүниежүзілік соғыс Қазақстан экономикасының құлдырауына
әкеліп соқты. Ауыл шаруашылығы өлкедегі егіншілік облыстар бойынша
біркелкі дамымады. Ол құнарлы, егіншілік шаруашылығын жетік меңгерген
аудандарда жақсы дамыды. Соғыс егін шаруашылығына да елеулі өзгерістер
енгізді. Ең алдымен, ауыл шаруашылық бақша дақылдарының егіс көлемі
ұлғайды. Мәселен, Қазақстан бойынша күзгі бидайдың егіс көлемі 1913
жылмен салыстырғанда 1917 жылы 63,5%-ға, жазғы бидай - 8,4%-ға, тары -
22,1%-ға, картоп - 46,3%-ға қысқарды. Ал бақша дақылдарының егіс көлемі
433,8 мың десятинадан 1115,0 мың десятинаға дейін, яғни екі еседен астам
көбейді. Өлкенің солтүстік-батыс және батыс облыстары бойынша дәнді
дақылдардың өнімділігі 1914 жылдан 1917 жылға дейін әр десятинадан
алынатын 38,7 пұттан 29,8 пұтқа дейін төмендеді. Ресейден қазақ даласына
көшіп келушілерге қазақтардың атамекенін тартып алуына байланысты
халықтың
әлеуметтік-экономикалық
жағдайы
төмендеп
кетті.
Малшаруашылығының дамуы төмендеп, жылқы, түйе, ірі қара мал саны кеміді.
Мәселен, Ішкі Ордада 1915 жылы жылқы саны 310,3 мың болса, ал 1916 жылы
160,2 мың болып, үлес салмағы жөнінен 48,5%-ға кеміп кетті. Маңғыстау
уезінде, Сырдария мен Жетісу облыстарында да осындай көріністер байқалды.
Соғыс жылдарында қазақтың мал шаруашылығы, бірінші кезекте, мал
жайылымдық алаптарды тартып алу салдарынан зардап шекті. 1913-1917
жылға дейін қазақ халқынан жалпы көлемі 764,4 мың десятина жайылымдық
алқаптың жылқы - ірі қара жайылатын 190 жайылымы тартылып алынды және
жалға алуға даярланды.
Мал санының қысқаруы, ең алдымен, қазақ халқының армия қажеттері
үшін мәжбүрлеу тәртібімен ет беруге міндетті болғандығынан орын алды. Сан
миллиондық армияның өсе түскен қажеттерін қанағаттандыру мүмкін емес еді.
Өйткені қазақ шаруашылығында мал саны жылдан-жылға азая берді. Сондай-
ақ соғыс жылдарындағы мал санының қысқаруына ауық-ауық өткізіліп
тұратын реквизиция да әсер етті. Осы жылдарда Түркістан өлкесінен 300 мың
пұт ет, 70 мың жылқы, 13 мың түйе әкетілді. 1914 жылдың ішінде Жетісудан
ғана 34 миллион сомның малы мен мал өнімдері тасылып әкетілді. Қазақ
шаруашылықтарында малды реквизициялау және жылқы малын есепсіз
пайдалануға байланысты мал санының қысқаруы село мен ауылда
шаруашылықты қалыпты жүргізуге кері әсер етті. Жылқы малы, әсіресе
солтүстік облыстарда азайып кетті. Соғыс жылдарында армияны жабдықтау
үшін мол мөлшерде азық-түлік даярлау, мал және ет өнімдері бағасының
өсуіне әкеліп соқты.
Бірінші дүниежүзілік соғыс басталған соң, Қазақстан өнеркәсібі де соғыс
қажеттері үшін жұмыс істеді. Өлкедегі кен өнеркәсібінің маңызды
салаларының бірі Успен және Сасық-Қарасу кеніштерінен темір кенін өндіру
арта түсті. Бұл кеніштерден 1914 жылы - 246 пұт, ал 1916 жылы - 1551 пұт
темір кені өндірілді. Соғыстың үш жылы ішінде темір кенін өндіру 6,3 есе
ұлғайды. Салықтардың жоғарылығынан, қатынас жолдарының қашықтығынан,
құрал-жабдықтардың жетіспеуі салдарынан және басқа себептерден алтын
кеніштерінің саны қысқарды. Түсті металдарға деген қажеттіліктердің артуы
және олардың бағасының күрт өсуі соғыс жылдарында түсті металлургияның,
әсіресе, Риддер және Сокольский кеніштерінің дамуына түрткі болды. Түсті
рудалар өндіру 1913 жылмен салыстырғанда 1917 жылы 25,3 есе өсе түсті.
Бірінші дүниежүзілік соғыс жылдарында мыс рудасын, негізінен «Спасск мыс
рудалары» акционерлік қоғамы мен «Атбасар мыс кендері» акционерлік
қоғамы өндірді. Бірақ, мыс кенін өндіру жылдан-жылға кеми берді. Жер
қойнауын жыртқыштықпен пайдалану «Спасск мыс кені» акционерлік
қоғамының Успен кенішіндегі барлық бай кенді (құрамындағы мыс 25%) алып
қоюына әкеп соқты. Соғыс жылдарында Сарысу байыту фабрикасы салынды.
Ол революцияға дейін құрамында 25-30% мыс бар 128 мың пұт шикізат
өндірді.
Көмір өндіру Семей, Торғай, Ақмола облыстарында жүргізілді. Соғыс
жылдарында Екібастұз кен орындары елеулі рөл атқарды. Ол Екібастұз
қорғасын-мырыш зауытын, Ертістегі жекеше кеме қатынасын, Оралдағы
Боголовск және Қышым зауыттарын көмірмен жабдықтап отырды.
Өңдеуші өнеркәсіп соғыс мұқтаждығына ет-сүт өнімдерін, былғары
тауарлар және басқа да тұтыну заттарын беріп отырды. Әсіресе, былғары
тауарларын өндіру өсті, бұл кезеңде өлкеде 139 былғары кәсіпорны жұмыс
істеді. Олар негізінен Семей және Ақмола облыстарында орналасты және бүкіл
ауыл шаруашылық өнімінің 64,3%-ын өңдеді. Соғыс жылдарында
интенданттық армия тарапынан былғары аяқ киімге және тері тондарға
сұраным ерекше өсті. Соғыс жылдарында жүн өніміне сұраныс ұлғайып,
өлкеде шұға өндіретін тұңғыш Қарғалы фабрикасы әскери тапсырыс орындап,
шинельге арнап шұға дайындай бастады, сол сияқты соғыс сұранымына ет
өнімін дайындауда Петропавлда ет-консерві комбинаты ашылса, Оралда мал
соятын арнайы орын ашылды. Өлкеге дайын өнім, киім-кешек пен аяқ киім
әкелудің қысқаруына байланысты соғыс жылдарында осы қажетті бұйымдарды
тігетін шеберлердің саны көбейді. Мәселен, 1916 жылы Верный қаласында 140
адам жұмыс істеген ірі шеберхана болды.
Өнеркәсіп орындарындағы жұмысшылардың, қалалардағы еңбекшілердің
жағдайы күрт нашарлады. Кәсіпорындарда жас балалардың, жасөспірімдердің,
әйелдер мен соғыс тұтқындарының еңбегі кеңінен қолданылды. Жұмысшылар
тәулігіне 10-12 сағат, ал кейде 16 сағаттан жұмыс істеді. Жұмысшылардың
нақты жалақысы үнемі төмендей берді. Мәселен, Спасск зауытында 1914 жылы
күндік жұмыс үшін - 1 сом 04 тиын, 1915 жылы - 94 тиын төленді. Мұндай
жағдай өнеркәсіп орындарында барлығында дерлік болып жатты.
1916 жылы 25 маусымда патшаның Қазақстан, Орта Азия, Сібір
тұрғындарынан 19 бен 43 жас аралығындағы ер азаматтарын тыл жұмысына
алу туралы жарлығы шығады. Бұл жарлық 1916 жылғы ұлт-азаттық
көтерілісінің басталуына себеп болды. Шілденің бас кезінде Қазақстанның
барлық аймақтарында дерлік стихиялы наразылықтар басталып, көп ұзамай
қарулы көтеріліске ұласты. Халық ашу-ызасының алғашқы соққыларына
тылдағы жұмыстарға алынатындардың тізімін тікелей жасаған болыс
басқарушылары, ауыл старшындары және патша әкімшілігінің басқа да төменгі
билік иелері ұшырады. Іс жүзінде тізімдер жасау жүйесі жаппай парақорлық
пен бұрмалаушылыққа жол ашқан болатын. Оның үстіне патша өкіметі қазақ
халқының ынтымағын бұзу үшін «бөліп ал да билей бер» саясатын қолданды.
1916 жылы 23 қыркүйекте Түркістан генерал-губернаторы Курапаткин
лауазымды адамдарды, болыстарды, село және ауыл басқарушыларын,
байырғы тұрғындардан шыққан төменгі шенді полицейлерді, имамдарды,
молдалар мен мүдәристерді, ұсақ кредит мекемелеріндегі есепшілер мен
бухгалтерлерді, жоғары және орта оқу орындарындағы оқушыларды, үкіметтік
мекемелердің шенеуніктерін, дворян және құрметті азамат құқықтарын
пайдаланатын адамдарды әскерге алудан босатты.
Стихиялы қозғалыс бірте-бірте ұйымдасқан сипат алып, қарулы көтеріліске
ұласып, оның ірі ошақтары (Жетісу мен Торғайда) пайда болды. Көтеріліс
бүкіл Қазақстанды қамтыды. Бұл көтерілістің басты мақсаты ұлттық және
саяси азаттық болды. Сол арқылы ол қазақ халқының бостандық пен
тәуелсіздік жолындағы бұрынғы бүкіл күресінің қорытындысын шығарды.
Көтерілістің негізгі күші ұлттық шаруалардың қалың тобы, сондай-ақ сол кезде
туып келе жатқан жергілікті жұмысшы табының өкілдері, қолөнершілер болды.
Сонымен бірге көтерілістің ұлт-азаттық сипатта болуы себепті қазақ
халқының барлық топтарының өкілдері (екінің бірінде байлар, болыс
басқарушылары, билер), сондай-ақ демократияшыл зиялылардың жекелеген
өкілдері қатысты.
Қазақстанның әртүрлі аудандарында пайда болған стихиялы қозғалыс
бірте-бірте ұйымдасқан сипат ала бастады: Жетісуда (басшылары: Бекболат
Әшекеев, Ұзақ Саурықов, Жәмеңке Мәмбетов, Тоқаш Бокин, Әубәкір Жүнісов,
Серікбай Қанаев, Монай және Мұқан Ұзақбаевтар және т.б.) және Торғайда
(басшылары - Әбдіғаппар Жанбосынов, Амангелді Иманов, Әліби Жангелдин
және басқалар) оның ірі ошақтары пайда болды.
Жетісудағы көтеріліс тарихын: 1) шілде - стихиялық наразылық
көріністері, 2) тамыз - оның қарулы көтеріліске ұласуы және 3) қыркүйек-қазан
көтерілістің біртіндеп бәсеңдеуі және жеңіліс табуы деген кезеңге бөлуге
болады.
М.Тынышбаевтың мәліметі бойынша, 25 маусымдағы патша жарлығы
Жетісу қалаларында 8 шілдеде белгілі болған. Облыстың жекеленген
уездерінде жұмысшыларды шақыру туралы телеграммалар одан бұрын, 2 және
3 шілдеде келіп түскен. Шілде айының бас кезінде-ақ толқулар Верный уезінің
батыс және оңтүстік бөліктерін қамтып, оларда көтерілісшілерге Бекболат
Әшекеев, Тоқаш Бокин, Ақкөз Қосанұлы және басқалар басшылық етті. Соғыс
ошағы ұлғайып, халық наразылығы үдеп кетуіне орай, патша үкіметі ендігі
тұста көтеріліс қимылдарын басу үшін іс-шаралар қолдануды ұйғарды.
Нәтижесінде 1916 жылдың 17 шілдесінде Жетісуда және Түркістан өлкесінде
соғыс жағдайы жарияланып, патша үкіметі мұнда ірі әскери күштер алып келді.
Әскери гарнизондарды нығайтып, Жетісудағы қоныс аударушы халықтың
ауқатты топтарынан қазақ және қырғыз көтерілісшілерін жазалау үшін қарулы
отрядтар құрды. Жетісу облысы Жаркент уезі көтерілісшілерінің Асы
жайлауында, Қарқараның таулы алабында, Самсы, Қастек, Нарынқол, Шарын,
Жалаңаш, Құрам елді мекендері аудандарында, Лепсі уезінің Садыр-Матай
болысында және басқа жерлерде патша жазалаушыларымен ірі қақтығыстар
болады.
Осындай жағдайда Верный уезінде Б.Әшекеев Жетісудың бытыраңқы
көтерілісшілер топтарын біріктіру үшін шаралар қолданып, 1916 жылғы 13
тамызда Ошақты деген жерде әртүрлі болыстар өкілдерінің съезін шақырады.
Съезде тыл жұмыстарына адамдар алу туралы жарлық шығарған үкімет
орындарына қарулы қарсылық көрсетуге дейін барып, бағынбауға шешім
шығарды. Өз жақтастарымен Үшқоңыр тауындағы Ошақты сайына орнығып
алған Б.Әшекеев қарулы қарсылыққа дайындала бастады, сонымен бірге
көтерілісшілердің қатарын жаңа күштермен толықтыру жөнінде шаралар
қолданды. Алайда, бұл әрекеттер айтарлықтай жетістіктер бермей Б.Әшекеев
басшылығымен орын алған Жетісудағы ұлт-азаттық көтеріліс басылып-
жаншылады. 7 қыркүйекте Верный қаласында Верный әскери гарнизонының
соты болып, көтеріліс басшыларының бірі Б.Әшекеевті өлім жазасына кесіп,
дарға асу туралы үкім шығарды. Соттың үкімін облыстың әскери губернато-
ры Фольбаум нақ сол күні бекітіп, үкім бір күннен соң, яғни 1916 жылғы 9
қыркүйекте Верныйдың жанындағы Боралдай деген жерде орындалады.
Сотсыз және тергеусіз атылғандарды есептемегенде, сот үкімімен
Түркістан өлкесінде 1917 ж. 1 ақпанына дейін 347 адам өлім жазасына, 168
адам каторгалық жұмыстарға, 129 адам түрмеге жабылуға кесілді. Патша
өкімет орындары қудалаған 300 мың қазақтар мен қырғыздар немесе
Жетісудың байырғы тұрғындарының төрттен бірі Қытайға қашуға мәжбүр
болды.
Дәл осындай көтерілістің ірі ошақтарының бірі - Торғай өңірі болды.
Көтерілісшілер саны 50 мыңға жетеді. Бұл кезде Торғай уезі негізінен қыпшақ
және арғын рулары шоғырланған 13 болыстан тұратын. Көтерілістің бастапқы
кезеңінде толқулар қыпшақтар мекендеген Қайдауыл, Аққұм, Қаратоғай,
Сарытоғай, Қарақопа болыстарын, сондай-ақ негізінен арғындар мекендеген
Тосын, Майқарау, Сарықопа, Наурызым, екінші Наурызым болыстарын
қамтыды. Көтерілістің етек жаюы барысында Әбдіғаппар Жанбосынов қыпшақ
көтерілісшілерінің ханы етіп жарияланса, Шолақ Оспанов арғын
көтерілісшілерінің ханы болып сайланады. Кейіннен 1916 жылы 21 қарашада
13 болыс (6 болыс арғын, 6 болыс қыпшақ, 1 болыс найман) өкілдерінің
құрылтайында халық арасындағы атақты Нияз бидің ұрпағы Әбдіғаппар
Жанбосынов көтеріліске шыққан Торғай уезінің ханы болып сайланады.
Құрылтайға қатысушылардың келісімімен Кенесары Қасымовтың серігі,
атақты Иман батырдың немересі Амангелді Иманов көтерілісшілердің
сардарбегі болып тағайындалады. Орталық Ресейден келген және көп кешікпей
көтерілісшілерге қосылған, осы жерлерде туып-өскен Әліби Жангелдин
көтерілісшілердің
көсемі
болды.
Ондаған
мың
ұйымдаспаған
көтерілісшілерден Ә.Жанбосынов, А.Иманов, Кейкі Көкімбайұлы және
олардың ең жақын серіктері ондықтарға, жүздіктерге және мыңдықтарға
бөлінген тәртіпті жасақ құрды. Әрбір қолды басқаруға тиісінше онбасы,
елубасы, жүзбасы, мыңбасы тағайындалды. Сардарбек жанында әскери кеңес
жұмыс істеді.
22 қазанда А.Иманов бастаған 15 мың қол Торғай қаласын қоршады.
Қаланы қоршау бірнеше күнге созылып, қоршау кезінде генерал-лейтенант
А.Лаврентьевтің жазалаушы корпусы қалаға қарай үш бағытта бет алды. 16
қарашада А.Иманов бастаған 12 мың адамға жуық сарбаздар Түнқойма пошта
станциясына шабуыл жасайды. Көтерілістің негізгі көпшілігі адам күшін
сақтау үшін қарашаның екінші жартысында Торғайдан 150 шақырым жерге
жетіп, Батпаққара ауданына шоғырланады. Осы жерден 1916 жылғы
қарашаның екінші жартысынан 1917 жылғы ақпанның ортасына дейін
жазалаушыларға қарсы партизандық жортуылдар жасалады. Көтерілісшілер
мен жазалаушылар арасында Татырда, Ақшығанақта, Доғал-Үрпекте, Күйікте
шайқастар болды. Шайқас 1917 жылғы ақпанның екінші жартысына, яғни
ақпан революциясына дейін созылды.
Қазақ халқының 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілісі Торғайдан өзге барлық
аймақтарда қатаң басып-жаншылды. Семей және Ақмола облыстарында
көтерілісшілерге қарсы 12 атты әскер жүздігі, 11 күшейтілген жаяу әскер
ротасы қимыл жасады, ал Торғай көтерілісшілеріне қарсы патшалық өкімет
орындары 17 атқыштар ротасын, 18 казак жүздігін, 4 атты әскер эскадронын,
18 зеңбірек, 10 пулемет және басқаларды әкеп төкті. Осыған қарамастан,
Торғай облысында көтеріліс патша үкіметі құлатылғаннан кейін ғана тоқтады.
«Қазақ» газетінің төңірегіне топтасқан Ә.Бөкейханов, А.Байтұрсынов,
М.Дулатов сияқты либерал-демократиялық зиялылар өкілдерінің жетекшілері
халықты жарлықты орындауға қарсы шықпауға үгіттеп, оны орындамаған
жағдайда қазақтар қантөгіске ұшырауы мүмкін деп санады және осыған
байланысты үлкен алаңдаушылық білдірді. Осынау алмағайып кезеңде «Алаш»
қайраткерлері халықты жаңа аласапыраннан қорғаштап, қайткен күнде оны
аман сақтауға тырысты. Сондықтан да олар қарулы көтеріліске қарсы болып,
қазақтарды патша жарлығын орындауға шақырды. Біріншіден, олар Ресейге
төнген сыртқы қатердің бодан болып отырған қазақтарға да толық қатысы бар
деп санады. Бұдан сырт қалуға болмайды, - деп есептеді. Екіншіден, іс жүзінде
қарусыз қазақтардың тұрақты орыс армиясына қарсы бас көтеруін
болдырмауға талпынды. Қарусыз халық өкіметтің жазалау шараларының
құрбаны болады деп қауіптенді. Үшіншіден, соғыс Ресей үшін жеңіспен біткен
жағдайда қазақтардың хал-күйі жеңілдеп, ұлттық автономия құрылатынына
үміт артты. Империямен ақылға қонымды келісім тактикасын ұстанып,
халқының аман болуын бірінші кезекке қойған «Алаш» көсемдері тыл
жұмыстарына шақыруды кейінге қалдыра тұрып, тиісті әзірлік жұмыстарын
жүргізуді ұсынды. Көтеріліс барысында орын алған қанды қырғын, жүздеген
мың адамдардың қаза табуы бұлардың қауіптерінің негізсіз еместігін
дәлелдеді.
Ал, қазақ интеллигенциясының радикалды батыл іс-қимылға бейім өкілдері
(мысалы, Т.Бокин, Ж.Ниязбеков, Т.Рысқұлов, Ә.Жангелдин, С.Меңдешев,
Б.Алманов, Ә.Жүнісов т.б.) халықты қарулы көтеріліске шақырып, оған өздері
де қатысты.
Жеке-жеке бұрқ еткен толқулар көп ұзамай қарудың күшімен жанышталып,
жұмысшыларды реквизициялаумен майданға жөнелту басталды. Сол кезде
«Қазақ» газетінің редакциясы тыл жұмыстарына жөнелтілген қазақтардың
мұқтаждықтарына қызмет көрсетуді ұйғарды және осы мақсатпен барлық қазақ
зиялыларына реквизицияланғандар жұмыс істейтін майдандарға өз еркімен
барып, оларда бұратаналар бөлімін құруға шақырды. Зиялылар (көпшілік бөлігі
мұғалімдер) бұған үн қосты және көп кешікпей Минскіде земство одағының
жанынан бұратаналар бөлімі құрылды.
Қазақ зиялылары майдан тылында еңбек еткен қазақ жігіттерінің сөзін
сөйлеп, мұңын жоқтады. Ә.Бөкейхан, М.Дулатов т.б. бастаған қазақ зиялылары
Минскіде, тағы басқа тыл жұмысына шақырылғандар көптеп шоғырланған
қалалар мен елді мекендерде болып, оларға қолдан келген көмектерінің бәрін
көрсетті. Олар шақырылғандардың құқықтарын қорғау және олардың майдан
өңірі аудандарындағы тұруы мен жұмыс істеуі үшін қажетті жағдайлар туғызу
жөнінде нақты қадамдар жасады.
1916 жылғы ұлт-азаттық көтеріліс қазақ халқының сан ғасырлық
қозғалысының тарихында ерекше орын алады. Бірінші дүниежүзілік соғыс
жағдайларында көтерілістің жалпы жұрт таныған басшылары Ә.Жанбосынов,
А.Иманов, Кейкі батыр, Ж.Мәмбетов, Ұ.Саурықов, Б.Әшекеев, О.Шолақов,
А.Жүнісов, С.Қанаев көтерілісшілердің саяси көсемдері Т.Бокин, Т.Рысқұлов,
С.Меңдешев, Ә.Жангелдин, Б.Алманов және басқалар күреске халықты
көтерді. К.Қасымов басшылық еткен ұлт-азаттық қозғалыстан кейін 1916
жылғы көтеріліс бірінші рет кең-байтақ өлкенің барлық аймақтарын әртүрлі
дәрежеде қамтып, бүкілқазақтық сипат алған көтеріліс болды. 1916 жылғы
көтерілістің айрықша ерекшелігі өлкенің бірқатар аудандарында (негізінен,
Қазақстанның оңтүстігінде және оңтүстік-шығысында) оған қазақтармен қатар
қырғыз, ұйғыр, өзбек және басқа да халықтар өкілдерінің де қатысуы болды.
Қазақстан мен Орталық Азиядағы 1916 жылғы ұлт-азаттық көтеріліс тұтас
алғанда Ресей империясындағы саяси және әлеуметтік-экономикалық
дағдарыстың одан әрі асқына түсуіне себепші болды. Ол Ресейдегі әскери-
отаршылдық басқару жүйесінің іргесін шайқалтып, шығыстың отар
халықтарының импералистік езгіге қарсы XX ғасырдың басында өріс алған
бүкіл ұлт-азаттық қозғалысының құрамдас бөлігі болды.
Ресей империясының барлық саяси жүйесіне тән дағдарыстың салдары
болып табылатын 1917 жылғы Ақпан революциясының нәтижесінде патша
үкіметі құлатылды. Ол Ресей халықтарының, оның алдыңғы қатарлы
күштерінің патша билігіне, крепостниктік құрылысқа және отарлық езгіге
қарсы көп жылдық күресінің жеңісімен аяқталды.
1917 жылы 28 ақпанда М.В.Родзянконың басшылығымен Мемлекеттік
Думаның комитеті құрылып, мемлекеттік және қоғамдық тәртіпті қалпына
келтіруді өз қолына алғанын мәлімдеді. 2 наурыз күні Мемлекеттік Думаның
Уақытша комитеті мен Петроград Кеңесінің арасындағы келісім бойынша
Уақытша үкімет құрылды. Жаңа құрылған үкіметтің құрамы мен міндеттерін
белгілеген Декларация да осы күні жарияланды. Онда: «Азаматтар!
Мемлекеттік Думаның Уақытша комитеті мүшелері астана жұртшылығы мен
әскердің қолдауы, ниеттестігі арқасында қазіргі уақытта ескі режимнің қара
күштеріне қарағанда анағұрлым табысқа жетіп отыр. Қалыптасқан жағдай
атқару өкіметін құруға мүмкіндіктер туғызды. Осы мақсатта Мемлекеттік
Думаның Уақытша комитеті бұрынғы қоғамдық-саяси қызметімен көзге түскен
өкілдерден құрылған алғашқы кабинеттің министрлерін тағайындады», - деп
князь Г.Е.Львов басқаратын кабинеттің министрлері көрсетілді. Бұл кабинет өз
қызметінде: 1) саяси, діни, қарулы көтеріліс және т.б. істер бойынша амнистия
жариялауды; 2) сөз және баспасөз бостандығын жария етуді; 3) ұлттық, діни
және сословиялық шектеушіліктерді жоюды; 4) елді басқару формасын,
конституциясын айқындайтын жалпыға бірдей жабық, тікелей дауыс беру
арқылы сайланатын Құрылтай жиналысына тоқтаусыз дайындық жүргізуді; 5)
полицияны милициямен алмастырып, жергілікті өзін-өзі басқару органдарына
бағындыруды және т.б. демократиялық негіздерді басшылыққа алатынын
мәлімдеді.
Патшалық билікті құлатқан Ақпан революциясын қазақ қоғамы зор
қуанышпен қарсы алды. «Қазақ» газеті 9 наурыздағы санында: «Киіз
туырлықты қазақтың оң жағынан ай, сол жағынан күн туды, жақсылық,
қуаныш тек қана орыстікі емес, отаны Руссия болған жұрттың бәріне тегіс
жақсылық, бәріне тегіс қуаныш» - деп жар салды. Ақпан революциясы қалың
бұқараның саяси құқықтарын кеңінен пайдалануына мүмкіндік жасады,
олардың саяси күреске ашық араласуын қамтамасыз етті. Елдегі қоғамдық
өмірде саяси партиялардың рөлі орасан өсті. Революция патшалық цензураны
жойды. Жұртшылық сөз және жиналыс бостандығын кеңінен пайдаланды.
Уақытша үкіметтің ұлттық мәселе бойынша қабылдаған алғашқы
актілерінің бірі 1917 жылы 20 наурызда Ресей азаматтарының құқындағы діни
наным-сеніміне, ұлтына қарай шектеушілікті алып тастауы болды. Халық
Уақытша үкіметке барынша қолдау көрсетуге даяр екендіктерін білдіріп,
империяның түкпір-түкпірінен құттықтау жеделхаттар жөнелте бастады.
Қызылжар қаласы мен уезінің мұсылмандары қалалық мешітте жұма-намаз
күні бүкіл халыққа шаттық әкелген Уақытша үкімет мүшелеріне ұзақ өмір
беріп, бақытты етуін Алладан өтініп, жаңа үкіметке адал қызмет етуге серт
берді. Ресей тарихында бірінші рет діни нанымдық, нәсілдік кемсітушілік
жойылды деп, ұлттар теңдігін қағаз жүзінде болса да жария еткен бұл акт
бұрынғы бұратана атанған езгідегі елдердің орыстармен терезесін тең сезінуіне
жол ашты. Қазақ халқының Ақпан төңкерісін зор қуанышпен қарсы алуының
мәні де осында болатын.
Ақпан төңкерісінің қазақтар үшін қаншалықты маңызды болғанын
А.Байтұрсынов 1919 жылы 3 тамызында «Жизнь национальностей» газетіне
былай жазды: «Алғашқы революцияны қазақтар тура түсініп, қуанышпен
қарсы алса, ол, біріншіден, бұл революцияның оларды патша өкіметінің қанауы
мен зорлығынан құтқаруында және, екіншіден, оларды өзіміз басқарсақ деген
ескі үмітінің нығая түскенінде еді», - деп түсіндіреді. Халықтың Уақытша
үкіметке барынша қолдау көрсетуіне оның 1916 жылғы 25 маусым
жарлығының күшін жойып, енді бұратаналарды қара жұмысқа алуды
тоқтатуын, ал 7 наурызда 1916 жылғы көтеріліске қатысушыларға амнистия
жариялау сияқты шаралары да ықпал етті. Бұл жөнінде М.Дулатов: «Сары
әскер» қарсылық қылған елдерге лек-легімен аттанып, қазақ-қырғыз даласын
қызыл қанға бояуға кірісіп еді. Он айға жетпей патша өкіметі құламаса,
Ресейдегі ұлы төңкеріс болмаса, не болар еді», - деп жазды.
Самодержавияның құлатылғаны жайлы хабар жер-жерлерге жетісімен
түрлі әлеуметтік топтардың, саяси партиялардың өкілдері жоғарыдан нұсқау
күтпей-ақ, өздерінің қоғамдық ұйымдары арқылы жергілікті басқару
органдарын құруды қолға ала бастайды. Қоғамдық негіздегі құрылған мұндай
жергілікті басқару органдары: азаматтық атқару комитеті, біріккен қоғамдық
құрама (коалициялық) атқару комитеті деген сияқты атауларға ие болды. 1917
жылдың 5 наурызына дейін Қазақстанда да қоғамдық негіздегі атқару
комитеттері кұрыла бастады. Мәселен, 3 наурызда Көкшетауда, 4 наурызда
Қызылжарда, 5 наурызда Семейде біріккен қоғамдық ұйымдардың атқару
комитеттері құрылды. Бұл ұйымдарға түрлі әлеуметтік топтар мен саяси
партиялар мүшелікке ұмтылды. Бұл - халықтың демократиялық басқару
дәстүріне құлшына араласқанын аңғартады.
Мемлекеттік Думаның Уақытша комитеті мен Уақытша үкімет билік
орындарын құру туралы 5 наурызда арнайы қаулы жариялады. Осыған
байланысты жергілікті басқаруда, ел өмірін жаңа мазмұнда ұйымдастыруда
өзгерістер бола бастайды. Наурыз және сәуір айлары ішінде ескі әскери
губернаторлық, уездік, болыстық және ауылнайлық басқару жүйелері
жойылып, келмеске кетті. Олардың орнына Уақытша үкіметтің облыстық және
уездік комиссарлық басқару жүйесі, сонымен бірге облыстық, уездік, болыстық
және ауылдық деңгейде азаматтық комитеттер және олардың атқару орындары
қалыптаса бастайды. Мамыр мен маусым айларында бұларға қосымша
облыстық азық-түлік комитеті, жер комитеті және басқа осы сияқты басқару
орындары құрылады.
Батыс майдан штабы жанынан земскі және қалалық одақтардың бұратана
бөлімін басқарып жүрген Ә.Бөкейханов 20 наурыз күні Уақытша үкіметтің
жарлығымен Торғай облысының комиссары қызметіне тағайындалды. Қазақ
елі патшалық Ресей құрамына енгеннен бергі уақытта оның бірде-бір өкілінің
империяның әкімшілік жүйесінде губерниялық, облыстық деңгейді қойғанда,
тіпті уезд бастығы дәрежесінде қызмет жасамағандығы мәлім. Империяның
басқару жүйесінде қазақтар болыстық атқарудан жоғарғы қызметті иемденуге
тиісті емес еді. Бұл тұрғыдан Ә. Бөкейханов ескі патшалық биліктің орнына
келген Уақытша үкімет жағдайында облыстық басшылыққа келген бірінші
қазақ болатын.
1917 жылы наурыз айы ішінде Орал облыстық комиссары болып Бизянов
бекітілді. Ақмола мен Семей облыстары қарайтын Дала өлкелік
комиссарлығына мемлекеттік кеңес мүшесі И.Лаптев жіберілді.
1917 жылы сәуірде Уақытша үкіметтің қаулысы бойынша Түркістан
өлкесінде нақты тәртіп орнатып, күнделікті туындап отыратын мәселелерді сол
жерде шешіп, өлкені басқару үшін Түркістан уақытша комитеті құрылды.
Оның құрамына Мемлекеттік Дума мүшесі Н.Н. Щепкин, бірінші Дума мүшесі
Ә.Бөкейханов, екінші Дума мүшесі М.Тынышпаев, үшінші Дума мүшелері
С.Мақсудов, В.С. Елпатовский, А.А. Липовский, П.И. Преображенский, О.А.
Шкапский және генерал-майор А.Дәулетшин енді. Комитеттің төрағасы болып
Н.Н. Щепкин тағайындалды. Самарқан, Ферғана, Сырдария, Жетісу, Закаспий
облыстарында және Хиуа мен Бұқара хандықтарындағы орыс поселкелеріне
Түркістан комитеті Уақытша үкімет атынан билік жүргізуге өкілетті болды.
Ә.Бөкейханов Түркістан комитеті құрамына енгенімен, Торғай облыстық
комиссары ретінде орны босап, оның қызметіне ат салыса алмады. Торғай
облыстық комиссары Ә.Бөкейханов өз қызметінде жергілікті жердің салт-
дәстүрін, ерекшеліктерін білетін азаматтарды, әсіресе, қазақтың зиялы
азаматтарын мемлекеттік басқару орындарына тағайындауды басшылыққа
алды. Оның ұсынуы бойынша, Қостанай уездік комиссары болып бірінші және
екінші мемлекеттік Думалардың мүшесі Ахмет Бірімжанов, Торғай уездік
комиссары болып Ғұмыр Алмасов, Ырғыз уездік комиссары болып Тобыл
округтік сотының мүшесі Ғабдолла Теміров бекітілді.
1917 жылы сәуір айында өткен Торғай облыстық қазақ съезінің шешіміне
сәйкес болыстық, ауылдық-азаматтық комитеттер ұйымдастыру үшін Ақтөбе
уезіне 9 адамнан, Ырғыз уезіне 9 адамнан, Қостанай уезіне 12 адамнан, Торғай
уезіне 6 адамнан тұратын комиссиялар құрылды. Бұл комиссиялар болыстық
комитеттерді ұйымдастыруға жан-жақты көмек көрсетіп, сайлаудың дұрыс
өтуін бақылауға алды. Ақтөбе уезіне С.Досжанов, И.Ермұратов, Ж.Кенжебаев,
Е.Өтемісов және т.б. құралған комиссия келіп 3 маусымға дейін 14 болыста
болыстық комитет, 3 ауылдық комитеттің құрылуының басы-қасында болды.
1917 жылғы Ақпан революциясынан кейін Қазақстанның қоғамдық-саяси
өмірінде белсенділіктің айтарлықтай арта түсуіне облыстық, уездік қазақ
комитеттері үлкен әсер етті. Мысалы, 1917 жылдың 10 наурызында - Оралда
(төрағасы - Әлібеков); 11 наурызында - Семейде (төрағасы - Р.Мәрсеков);
Омбыда (төрағасы - Е.Итбаев, А.Тұрлыбаев); наурыздың аяғында - Верныйда
(төрағасы - И.Жайнақов) кұрылған және т.б. облыстың қазақ комитеттері
«Қазақ» газетінің көмегімен бірден-ақ қазақтардың облыстық съездерін
дайындауға кірісті. Олар съездерге дайындалу барысында облыстық қоғамдық
және басқа комитеттермен де, Уақытша үкіметтің органдарымен де
ынтымақтастық жасады. Мысалы, Ә.Бөкейханов - Торғай облысы бойынша,
М.Тынышбаев Жетісу облысы бойынша Уақытша үкіметтің комиссарлары
болды. Ал, А.Байтұрсынов, М.Шоқаев, М.Дулатов, Ж.Досмұхамедов,
Х.Ғаббасов, Ж.Ақпаев, А.Бірімжанов, Ә.Кенесарин, Р.Мәрсеков, тағы басқа
қазақ зиялыларының өкілдері Уақытша үкіметтің жергілікті органдарында
жұмыс істеді. Осындай байырғы қазақ халқының, әсіресе, ұлт зиялыларының
саяси белсенділігі өскен жағдайда 1917 жылдың көктемінде: Торғай (Орынбор
қаласы, 2-8 сәуір, 300-ден астам делегат, төрағасы - А.Байтұрсынов), Жетісу
(Верный қаласы, 12-13 сәуір, 81 делегат, төрағасы -И.Жайнақов), Орал (Орал
қаласы, 19-22 сәуір, 800-ден астам делегат, төрағасы - Ж.Досмұхамедов),
Ақмола (Омбы қаласы, 25 сәуір - 5 мамыр, 150- ге жуық делегат, төрағасы -
А.Тұрлыбаев) қазақ облыстық съездері өткізілді. Бұл съездер ұлт азаттығын,
жер мәселесін, діни, мәдени, қоғамдық-саяси, әлеуметтік-экономикалық және
басқа да проблемаларды шешу жолындағы күрестегі қазақ қоғамының қалың
топтарының стратегиялық міндеттерін белгілеуге ұмтылуымен қатар, олардың
осы мақсаттарға жетудегі тактикалық бағыттарын жасау жолында өздерінің
одақтастары мен қарсыластарын да ашық көрсетуге тырысты. Облыстық
съездердің ішінде Торғай съезі көлемі мен қабылданған шешімдері бойынша
айрықша ерекшеленді. Съезд жұмыстарына Ә.Бөкейханов, А.Байтұрсынов,
М.Дулатов, А.Қалменов, М.Шоқаев, М.Жұмабаев және басқа да сол кезеңдегі
жас қазақ ойшылдары шешуші ықпал жасады. Соның арқасында съезд
шешімдерінде «Алаш» қозғалысының бағдарламалық талаптары өз көрінісін
тапты.
Сонымен қатар, байырғы қазақ жұртшылығының түрлі топтарын біріктіріп,
олардың аттарын анықтау мен шешу мақсатында Торғай съезі Бүкіл қазақ
съезін шақыруға қаулы қабылдап, оны шақыру мен бағдарламалық құжаттарын
дайындау үшін ұйымдастыру бюросын сайлады. Оның құрамына
Ә.Бөкейханов, М.Дулатов бастаған қазақ ұлт зиялыларының белгілі тобы енеді.
Съезд осы жылы мамыр айында Мәскеуде өткізуге тиіс болған Бүкілресейлік
мұсылмандар съезіне делегаттар сайлады.
1917 жылы мамырда Петроградта бірінші Жалпы ресейлік мұсылмандар
съезі
болып
өтті.
Съезде
ұлттық-аумақтық
федеративті
негіздегі
демократиялық республика ұлттық автономия құру мәселелері қаралды.
Қазақстанда алғашқы Кеңестер 1917 жылы наурызда пайда бола бастады.
Жұмысшы және солдаттарға қарағанда шаруа депутаттарының Кеңесі
кейінірек, яғни мамыр және маусым айларында кұрыла бастады. Кеңестердің
көпшілігін алғашқы кезде эсерлер мен меньшевиктердің ұсақ буржуазиялық
партиясы өкілдері басқарды. Бұған большевиктердің әлсіздігі мен аздығы,
жергілікті жұмысшылар ұйымшылдығының жеткіліксіздігі мен саяси
жетілмегендігі, Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық даму дәрежесінің
төмендігі себеп болды. Кейбір мәліметтерге қарағанда, 1917 жылдың наурыз-
сәуір айларында Қазақстанда 25-тен астам Кеңестер, оның ішінде 8 жұмысшы,
9 шаруа, 7 солдат депутаттарының Кеңестері жұмыс істеген. Өзінің пайда
болуынан бастап Қазақстан Кеңестері, әсіресе, жұмысшы және шаруа
депутаттарының Кеңестері өздерінің құрамы жөнінен көпұлтты болды.
Кеңестердің құрамына: орыстар, қазақтар, украиндар, татарлар, ұйғырлар,
өзбектер және басқа халықтардың өкілдері енді. Солдат депутаттары
Кеңестеріне көбінесе орыстар, украиндықтар, ішінара татарлар кірді.
Орталық
Азияда
және
Қазақстанның
оңтүстігінде
мұсылман
депутаттарының Кеңестері құрылды. 1917 жылғы 16-21 сәуірде Ташкентте
мұсылман депутаттары Кеңестерінің I өлкелік (Түркістандық) съезі өтіп, ол
Уақытша үкіметті қолдады және Ресейді басқарудың ең жақсы нысаны
Түркістанға және басқа да ұлттық аймақтарға кең көлемде автономия берілетін
жағдайдағы Федеративтік демократиялық республика деп таныды. Съезд
Құрылтай съезіне дайындалуға және «Шура-и Ислам» мұсылмандар
партиясының бағдарламасын тануға шақырды.
Осы жерде айтып кететін жағдай 1917 жылы көктемде мұсылмандар
қозғалысы негізінде «Шура-и Ислам» партиясы құрылған болатын.
Ташкенттегі съезде (1917 ж. сәуір) қалыптасқан «Шура-и Ислам» партиясының
Шымкентте, Әулиеатада, Перовскіде, Қазалыда және басқа қалаларда
жергілікті ұйымдары болды, оларға мұсылман дінінің православие дінімен тең
құқықтылығы, діни шектеулердің жойылуы, ислам діні оқу орындарының
ашылуы, Меккеге қажылыққа баруға рұқсат ету және басқа да діни құқықтар
мен бостандықтар үшін күрескен татар, өзбек, қазақ діни қайраткерлері мен
қатардағы мұсылмандар кірді.
Қазақстандағы қос өкіметтің орталық аудандарға қарағанда өзіндік
ерекшеліктері болды, бұл өлкенің отар ретінде әлеуметтік-экономикалық және
саяси даму деңгейіне, оның көпұлттығы мен халқының құрамы негізінен ұсақ
буржуазия өкілдерінен шыққандығына байланысты еді. Тап осындай жағдай
Түркістан өлкесінде де орын алды. Мұнда патша өкіметі құлаған соң биліктің
үш түрі орнады: олар - Кеңестер, Уақытша үкіметтің атқару комитеттері және
мұсылмандар ұйымы. Егер алгашқы екі билік сырт жағынан қарағанда
жергілікті халықтың мүддесіне онша жаны ашымай бұрынғы саясатты
жүргізсе, ал ұлттық зиялылар басқарған оның соңғысы жергілікті тұрғындарды
алаңдатқан мәселелерді шешуге тырысты.
Сонымен, Ақпан революциясының жеңісінен кейін Қазақстанда қоғамдық-
саяси өмірдің біршама жандануында Ресейдің саяси партиялары, әсіресе,
олардың жергілікті ұйымдары мен топтары өз әсерін тигізді. 1917 жылдың
көктемінде болып өткен облыстық қазақ съездері болашақ партияның
бағдарламасын әзірлеуге көмектесіп, съездерге қатынасқан делегаттар мен
қазақ комитеттерінің мүшелері «Алаш» партиясының әлеуметтік негізін
құрады. Осылайша, 1905 жылдың өзінде-ақ құруға әрекет жасалған «Алаш»
партиясы іс жүзінде 1917 жылдың мамыр айында қалыптасып, ал оның ресми
тіркелуі 1917 жылдың желтоқсанында жүзеге асқан еді.
Тарихта «Алаш» партиясының саяси ұйым болып құрылуының бастауын
1917 жылдың 21-28 шілде аралығында өткен бірінші Бүкілқазақ съезі айқындап
берді. Съезд жұмысына сол кезде қазақ даласының алты облысынан: Ақмола,
Семей, Торғай, Орал, Жетісу, Ферғана және Бөкей ордасынан делегаттар
қатысты. Съезде 14 мәселе күн тәртібіне қойылды: мемлекеттік басқару
жүйесі; қазақ облыстарының автономиялығы туралы; жер мәселесі; халық
милициясын ұйымдастыру; земство туралы, халық ағарту ісі; сот ісі; дін
мәселесі; әйелдер мәселесі; қазақтар облыстарында Құрылтай жиналысына
делегаттар сайлау; бүкілресейлік мұсылман съезі туралы; қазақ саяси
партиясын құру туралы және т. б. Осылардың ішінде өзінің мазмұны мен саяси
маңызы жағынан ұлттық автономия, жер мәселесі мен Құрылтай жиналысына
дайындық мәселелері бірінші кезекте, өте саяси пікірталас жағдайында
талқыланды. Мысалы, ұлттық автономия туралы А.Байтұрсынов пен
М.Дулатов тәуелсіз автономиялық Қазақ мемлекетін жақтап сөйлесе,
Ә.Бөкейханов қазақ ұлттық-аумақтық автономияның Ресейдің құрамында
болуын жақтады. Бірақ, ол мемлекет демократиялық федеративті парламенттік
республика негізінде құрылуына басты назар аударды. Бұл көзқарас көпшілік
делегаттардың қолдауына ие болды. Сонымен съездің қарарында: «Қазақ
облыстары аумақтық-ұлттық автономия құқығын алуы тиіс» деп жазылды.
Сондай-ақ, жер мәселесі де қызу талқыға салынды. Съезд Қазақстанның
барлық аймақтары мен Бұхара, Ферғана, Хиуадағы қазақтар қауымдастығынан
Құрылтай жиналысына ұсынылған 81 кандидаттың 78-ін депутат етіп сайлады.
Олардың арасында «Қазақ» газетінің жетекшілері, қазақ ұлттық- либералдық
қозғалысының көсемдері Ә.Бөкейханов, А.Байтұрсынов, аймақтардан
А.Ермеков, Х.Ғаббасов, Ж.Х.Досмұхамедовтар, М.Тынышбаев, М.Шоқаев,
С.Асфендияров болды.
Съезде қаралған барлық мәселелер талқыланып, шешімдер қабылдану
барысында қазақ ұлт зиялыларының ықпалы басым болып отырды. Сайып
келгенде, Орынборда өткен бірінші Бүкілқазақ съезі «Алаш» қазақ ұлттық
саяси партиясын шын мәнінде заңдастырды. Атқару комитеті негізінде
партияның басқарушы органы сайланды.
Сонымен, қорыта айтқанда, Кеңестік дәуірдегі Коммунистік партияның
идеологтары Алаш партиясы мен Алашорда үкіметін буржуазиялық
ұлтшылдық қозғалысының көрінісі деп бағалап келді. Алайда, біздің жоғарыда
атап көрсеткеніміздей, жалпы Алаш қозғалысы, соған байланысты XX ғасыр
басындағы
қазақ
ұлт
зиялыларының
қоғамдық-саяси
қызметінде
«ұлтшылдықтың», «буржуазияшылдықтың» ешқандай да белгісі болған емес.
«Алаш» қазақ халқының нағыз ұлттық демократиялық партиясы болды.
Сондықтан, қазіргі де, болашақ ұрпақтың да санасында оның өмір сүрген
уақыты қазақ халқының ғасырлар бойы армандаған өзінің толық тәуелсіздігін
қалпына келтіру жолындағы күресінің ең маңызды бір кезеңі деп бағалануы
керек.
Уақытша үкіметтің халық күткен аграрлық мәселені шеше алмауы, езілген
халықтарға өзін-өзі билеуі немесе автономия алу мәселесін күн тәртібіне қоюға
тырыспауы, жұмысшыларға 8 сағаттық жұмыс күнін енгізу сияқты көкейкесті
мәселелерді шешпеуі халық наразылығын одан әрі күшейтті. 1917 ж. жазының
соңы мен күзінің бас кезінде бүкіл Ресейдің жер-жерінде бұқараның Уақытша
үкіметке деген қарсылығы өсе түсті. Бұл Кеңестердегі большевиктердің
ықпалының артуына жағдай жасады. Ал Корнилов бүлігінің талқандалуы
большевиктер беделін біржола көтерді. Осындай жағдайда большевиктер
партиясы халықты қарулы көтеріліске, Уақытша үкіметті құлатуға,
пролетариат диктатурасын орнатуға шақырды.
1917 ж. 24 қазанда (6 қарашада) Петроградта қарулы көтеріліс басталды.
Келесі күні көтерілісшілер қаланың ең маңызды объектілерін басып алды. 1917
ж. 25 қазанда (7 қарашада) Әскери-революциялық комитет Уақытша үкіметтің
билігінің жойылғандығын жариялады. Осылайша Қазан төңкерісі жеңіске
жетті.
Қазан қарулы көтерілісінің Петроградта жеңіске жетуі, сондай-ақ
Қазақстанмен іргелес Ташкент, Омбы, Орынбор, Астрахань тәрізді ірі
қалаларда Кеңес өкіметінің орнауы Қазақстанда да биліктің Кеңестердің
қолына өтуіне ықпал етті. Алайда Қазақстанда Кеңес өкіметін орнату төрт айға,
1917 ж. соңынан 1918 ж. наурызына дейін созылды. Бұл процесс аймақтың
әлеуметтік-экономикалық
және
мәдени
баяу
дамуымен,
ұлтаралық
қатынастардың күрделілігімен, жұмысшылар мен большевиктік ұйымдардың
аздығымен шиеленісе түсті. Кеңес өкіметінің Қазақстанда орнауына Ленин
бастаған большевиктердің халыққа бейбітшілік, жұмысшыларға зауыт пен
фабрика, шаруаларға жер, ұлттар мен ұлыстарға теңдік пен бостандық беру
жөніндегі уәдесі өз септігін тигізді. Кеңес үкіметін орнатуға Орал, Жетісу,
Сібір, Орынбор казак әскерлері мен құлаған Уақытша үкіметтің
жақтастарының табанды қарсылық көрсетуі жағдайды одан әрі шиеленістіре
түсті.
Кеңес өкіметі Уақытша үкіметтің жақтастары қарулы қарсылық көрсете
алмаған Сырдария, Ақмола облыстары және Бөкей Ордасында бейбіт жолмен
орнады. Ал, Торғай, Орал, Орынбор, Семей және Жетісу облыстарында Кеңес
өкіметін орнату үшін қиян-кескі күрес болды. Облыстық орталықтар мен
уездік қалаларда кеңес өкіметі қызыл гвардиялық отрядтардың және жергілікті
горнизондар солдаттарының қарулы көтерілісі арқылы орнады. Перовск
(Қызылорда) жұмысшылары мен солдаттары өкімет билігін 1917 ж. 30 қазанда
(12 қараша) өз қолына алды. Ташкентте Кеңес үкіметі 1917 жылы 1 қарашада
кескілескен ұрыс нәтижесінде орнады. Ал 1917 жылдың қараша айының орта
кезінде Кеңес өкіметі Черняев (Шымкент) қаласында жеңді. Қараша-желтоқсан
айларында Кеңес өкіметі Әулиеатада, Түркістанда, Қазалыда, Арал
поселкесінде және облыстың басқа да ірі елді мекендерінде бейбіт жолмен
орнады. Көкшетау, Павлодар, Атбасар, Өскемен уездерінде казак-орыс
әскерлерінің басым болуынан Кеңес өкіметі үшін күрес біраз қиындыққа
кездесті. Кеңес өкіметі 1918 ж. наурыз айында Жаркентте, Сергиопольде
(Аягөзде), Талдықорғанда, сәуірдің бас кезінде Лепсіде орнады.
1917 ж. соңы мен 1918 ж. наурызы аралығында Кеңес өкіметі Қазақстанда
негізінен қалалар мен басқа да ірі халық тығыз орналасқан жерлерде орнады.
Кеңес өкіметін орнатумен бірге өлкенің шаруашылығы мен мәдениетін қайта
құру шаралары қатар жүргізілді. Өнеркәсіп орындарында, мәселен Спасск
зауытында, Қарағанды шахтасында, Успен кенішінде, Ембі мұнай
кәсіпорындарында бақылау қойылып, сондай-ақ банктер мемлекет меншігіне
көшірілді. Кеңестердің 2- Бүкілресейлік съезінде қабылданған Жер туралы
декрет бойынша алғашқы шаралар жүргізіле бастады.
Қазан төңкерісінің алғашқы күндерінен бастап-ақ облыстық және уездік
орталықтарда да жұмысшылар мен шаруалардың өкіметін нығайту ісі,
ауылдық және селолық Кеңестерді құру ісімен бірге жүргізілді. Алайда
ауылдың экономикалық және мәдени жағынан артта қалуынан туындаған
қиыншылықтар, әлі де күшті рулық байланыстар қазақ ауылдары мен
болыстарында Кеңес өкіметінің органдарын ұйымдастыру жөніндегі
жұмыстарын қиындатты. 1918 жылдың күзінен бастап басқарудағы ала-
құлалық жойылып, билік Кеңес атқару комитеттері қолына алына бастады.
Сонда да болса, ауыл-селоларда әлі Кеңестер күш ала алмай жатты. Кеңес
өкіметінің нұсқау, жарлықтарын іске асыруға қарсылық күшті болды. Халық
азық-түлік тапшылығынан зардап шекті. Кеңес өкіметіне қарсы күштер бас
көтерді. Кеңеске қарсы күштердің қарсылығын басу үшін, жергілікті жерлерде
өкімет билігін нығайту қажет болды. Кеңес өкіметін нығайту жолындағы
күресте облыстық және уездік кеңестер съездері көп рөл атқарды. Облыстық,
уездік, болыстық кеңестерде жер, азық-түлік, шаруашылық, сот, бақылау,
қаржы бөлімдерінің жұмысын жолға қоюға бағытталған шаралар іске
асырылды. Кеңестердің жанынан еңбек, ағарту, денсаулық сақтау т.б.
бөлімдері ашылды. Кеңес қызметкерлерін даярлайтын курстар жұмыс істей
бастады. Осындай төңкерістік шараларды іске асыру барысында, асыра
сілтеушілік, солақайлық, теріс әрекеттер орын алып, Кеңес өкіметіне деген
сенімсіздік күшейді.
Әсіресе, Қазан төңкерісінің жеңісінен кейін ұлттық, ең алдымен ұлттық-
мемлекеттік құрылыс мәселелері өткір сипат алып, талқылана бастады. Кеңес
өкіметінің ұлттық саясатының негізгі принциптері маңызды екі құжатта - 1917
ж. 2 (16) қарашада қабылданған «Ресей халықтары құқықтарының
Декларациясында» және 1917 ж. 20 қарашада жарияланған Кеңес өкіметінің
«Барлық Ресей және Шығыс мұсылман еңбекшілеріне» үндеуінде көрініс
тапты. 1918 ж. қаңтарда кеңестердің Бүкілресейлік 3-съезінде В.И.Лениннің
дайындаған
«Еңбекшілер
мен
қаналған
халықтардың
құқықтары
Декларациясы» қабылданды. Бұл құжатта Коммунистік партияның кеңес
республикасының мемлекеттік құрылымы түріндегі кеңестік федерацияны
ымырасыз жақтайтыны айқын көрсетілді. Декларацияда «Кеңестік Ресей
Республикасы еркін ұлттар одағының негізіндегі кеңестік ұлттық
республикалардың федерациясы түрінде құрылады» делінген.
РКФСР құрылғаннан кейін елдің Шығысында жаңа автономиялық
республикаларды құруға дайындық жұмыстары басталды. Большевиктік
ұйымдар, Қазақстан және Түркістанның Кеңестері кеңестік бүкілқазақ,
бүкілтүркістандық съездерін шақыруға дайындала бастады. 1918 ж. көктемінде
еліміздің шығысында Түркістан автономиялық Кеңестік социалистік
республикасы құрылды. Оның құрылуы 1918 ж. сәуірдің 20-нан 1 мамырға
дейін Ташкент қаласында өткен Түркістан өлкесі Кеңестерінің V съезінде іске
асты. Қазіргі Қазақстанның оңтүстік аймағы (бұрынғы Сырдария және Жетісу
облыстары) Түркістан автономиясының құрамына кірді. Бірақта 1918 ж.
қаңтарда кеңестердің 3-ші Бүкілресейлік съезі Ленин дайындаған «Еңбекшілер
мен қаналушы халықтар құқықтарының Декларациясында» өзге ұлттардың
өзін-өзі билеу құқы жоққа шығарылды. Осылайша, әуелі 1918 ж. 5 қаңтарында
Бүкілресейлік құрылтай жиналысы, одан кейін 5 ақпанда Ташкент кеңесі
шешімімен Қоқан қаласы шабуылмен алынып, Түркістан автономиясы күшпен
таратылды. Қазақстанның қалған жерінде - Торғай, Орал, Ақмола, Семей
облыстарында және Маңғыстауда қазақ кеңестік мемлекеттілігін құруға
дайындық жөніндегі күрделі жұмыс одан әрі жалғастырылды. Қазан
төңкерісінен бұрын-ақ қазақ либералдық-демократиялық қозғалысының
жетекшілері Қазақстанда кеңестердің бүкілқазақ съезін шақыруға дайындық
жұмыстары кеңес өкіметін нығайту процесімен қатар жүргізілді. Мұның өзі
шын мәнінде кеңестік мемлекеттікті құру және оны бекіту үшін күрес екендігін
көрсетті. Қазақ зиялылары мемлекет құру процесінің кеңестік жолмен
шешілуімен келісе алмады. Мұндай қарсылықтың себептері мынада еді:
бірінші - қазақ зиялылары әуел бастан тәуелсіз ұлттық автономия құруды
жоспарласа, екінші - олар Қазан төңкерісін қабылдамады, сөйтіп Кеңес
үкіметін мойындамады, оны заңсыз орнаған үкімет деп есептеді. Сондықтанда
«Алаш» зиялылары ұлттық мемлекет құру үшін күрес жүргізді. Ә.Бөкейханов,
А.Байтұрсынов, М.Дулатов, Е.Ғұмаров, Е.Тұрмұхамедов, Ғ.Жүндібаев,
Е.Бірімжанов құрастырған бағдарламаның жобасы «Қазақ» газетінің 1917 ж. 21
қарашадағы санында жарияланды. Бағдарламаның жобасы он тармақтан тұрды.
Осы бағдарлама Құрылтай жиналысына сайлауда «Алаш» партиясының ірі
табысқа жетуін қамтамасыз етті және 1917 ж. 5-12 желтоқсанда Орынборда
өткен Екінші жалпықазақтық съезде қазақ халқының әртүрлі топтарының
өкілдерін біріктірді. Төралқа төрағасы Бақтыгерей Құлманов және
орынбасарлары Әлихан Бөкейханов, Әзімхан Кенесарин, Халел Досмұхамедов
және Омар Қарашев басқарған съезд Қазан төңкерісіне байланысты тез өзгеріп
жатқан саяси жағдайдағы «Алаш» партиясының міндеттерін, қазақ
автономиясын құру және оның үкіметін қалыптастыру мәселелеріне бірінші
кезекте көңіл бөле отырып, қарастырды.
Съезде қазақ автономиясы құрамына Бөкей ордасы, Орал, Торғай, Ақмола,
Семей, Жетісу облыстары және Закаспий облысы мен Алтай губерниясының
қазақтар мекендеген аудандары енуге тиіс деп шешті. Съезд Уақытша үкімет
құлатылғаннан кейін қалалар мен селоларда, далада қазақтардың өмір сүруіне
қауіп-қатер туғызған бей-берекеттік күннен-күнге күшейіп бара жатқандығын
атап көрсетті. Сондықтан съезд қазақ халқын «аман алып қалу мақсатымен»
«Уақытша Халық Кеңесі» түріндегі билік құру, оған Алаш-Орда (алаш
автономиясының үкіметі) деген ат беру жөнінде шешім қабылдап және бүкіл
қазақ халқына «бағынатын үкіметіміз осы деп сеніп... басқа үкіметті
мойындамай, өз үкіметінің әмірін екі қылмай орындау керектігі» баса
ескертілді. Съезд қазақ милициясын құру жоспарын жасады. Оның әрбір облыс
бойынша белгілі бір сандық құрамы, уездер бойынша үйрету мен жабдықтау
шаралары белгіленді. Милицияны қару-жарақпен қамтамасыз етуді орталық
әкімшілік салық салу арқылы алынатын қаржы есебінен жүзеге асыруға тиіс
болды.
Ұлттардың өзін-өзі билеу құқығын талап етуін заңды процесс ретінде
түсінген «Алаш» азаматтары Кеңес өкіметімен келіссөздер жүргізіп, ұлттық
автономия мәселесін шешуді қолға алды. Осы мақсатта 1918 ж. наурызында
Алашорда үкіметінің тапсыруымен Халел және Жаһанша Досмұхамедовтер
Оралдан Мәскеуге барып, Халық Комиссары Кеңесінің төрағасы В.И.
Ленинмен және Ұлт істері жөніндегі халық комиссары И.В. Сталинмен
кездесіп, оларға 1917 ж. желтоқсанда өткен екінші қазақ-қырғыз съезінің
қаулысын табыс етті. И.В. Сталин қаулымен танысқаннан кейін 1918 жылы 19-
20 наурызда Семейдегі Ә.Бөкейханов және X. Ғаббасовпен телефон арқылы
сөйлесті. Сөз Алашорда автономиясының мәртебесі туралы болды. Телефон
арқылы сұхбаттасудағы И.Сталиннің сөзі «Сарыарқа» газетінің беттерінде
қазақ тіліне аударылып жарияланды. Газетте: «Ресейдегі халықтардың
құқықтары туралы халық комиссарлары шығарған белгілі ережесі бұл күнге
ұлт мәселесі тақырыбын кеңес өкіметінің негізгі қызмет жобасы етіп келеді.
Үшінші советтер съезі осы ережені жалғастыруға қаулы қылды. Өзінің бізге
тапсырып отырған жалпықазақ съезінің қаулысы түгелімен жоғарғы жобаға сай
келеді. Бірақ жалғыз-ақ шарт қоямыз: егер сіздің съездің қаулысы
өкілдеріңіздің совет өкіметін тануға қарсы болмаса болғаны. Үшінші советтер
съезі советтік федерация жобасын жасап, бұл жоба Советтер съезінің бекітуіне
салынсын деп қаулы қабылданды. Бұған қарағанда енді сөзді қойып, іске кірісу
керек, яғни тұрмысы бір, салты басқа халықтар жергілікті советтермен
қосылып, автономия, федерациялау, тегінде басыбайлы бөлініп кету секілді ұлт
ниеттерін жарыққа шығаруға съезд шақыратын комиссия құруға тырысу керек.
Біз ойлаймыз, жалпы қазақ-қырғыздың өкілдері тез қамданып, ыңғайлы
уақытты өткізбей, жергілікті Советтермен бірігіп, әлгідей комиссияны кұрар.
Сізден өтінетініміз, біздің осы жобамызды Алашорданың Кеңесіне салып
жауап қайтарсаңыздар екен», - деген мазмұнда болды.
Бұл берілген Сталин сөзіндегі ең елеулі нәрсе оның жалпы қазақ съезі
қаулысы мен Ресей халықтарының құқығы туралы декларацияның өзара үндес
екендігін мойындауы еді. Міне, осы үндестік Кеңес өкіметіне Алашорданы
мойындауға негіз болатындығын білдіріп, Сталин тек жалғыз ғана шарт қояды.
Ол өз ретінде Алашорданың Кеңес өкіметін мойындайтындығын мәлімдеуі
болатын. И.Сталиннің сөзінен тағы бір жағдайды анық аңғаруға болады. Кеңес
өкіметі «басыбайлы бөлініп кету секілді ұлт ниеттерін жарыққа шығару» үшін
ең алдымен оны мойындау қажеттілігін талап етті. Сонымен бірге автономия
алу мәселесі орталықта шешілетіндігін ескертті. Алашордашылар үшін мұндай
жағдай қиындық тудырғанымен олар И.Сталиннің ұсынысын талқылап,
автономияға қатысты өз шешімдерін мәлімдеді. Ол қаулы төмендегідей еді:
1918 жылы наурыздың 21-інде Алашорданың мүшелері ұлт жұмысын
басқарушы халық комиссары Сталиннің Алаш автономиясы туралы айтқан
сөзінен кейін Кеңес өкіметін Ресейдегі барлық автономиялы халықтардың
кіндік өкіметі деуге қаулы қылып, төмендегі өз шарттарын білдіріп:
«Желтоқсанның 5-нен 13-іне дейін Орынборда болған ІІ-ші жалпы қазақ
съезінің
қаулысы
бойынша
тоқтаусыз
Алаш
автономиясын
жариялайтындықтарын, Алаш автономиясының құрамына: Семей, Ақмола,
Торғай, Орал, Сырдария, Ферғана, Жетісу, Бөкей ордасы, Закаспий облысының
Маңғышлақ уезі, Самарқанд облысының Жизақ уезі, Әмудария бөлімі, Алтай
губерниясына қараған Бийскі, Барнауыл, Змеиногор уездеріндегі қазақтар
мекендеген аудандар енуге тиістін, Алаш автономиясында заң шығаратын, ел
билейтін үкімет Алашорда болатындығын, Қазақ-қырғыз істері туралы елші
ретінде совет өкіметінің қасында болуға Алашорда мүшелері Халел һәм
Жаһанша Досмұхамедовтар жіберілетіндігін ескертіп, жергілікті Советтердің
бұйрығы бойынша ұсталып, абақтыда жатқан Алашорданың мүшелерін
тоқтаусыз босатып, мұнан былай оларды өтірік шағым, жаламен қуғын-
сүргінге ұшыратуды тоқтатуды» талап етті.
Өкінішке орай, Ұлт істері жөніндегі халық комиссары Алашорданың
қойған талап-шарттарына тікелей ресми түрде жауап бермеді. Себебі,
алашордалықтардың автономия құру жөніндегі талаптары Кеңес өкіметінің
мүддесіне қайшы келетін еді. Ұлт мәселесін пролетарлық диктатураның
құрамдас бөлігі ретінде қарастыратын кеңес өкіметіне алаштықтардың
ұсынысы керағар болғандығын аңғару қиын емес. Сондықтан да 1918 жылдың
28 наурызында Мәскеуден Семейдегі Қазақ комитетіне И.Сталин және
мұсылмандар ісі бойынша комиссар Вахитов қол қойған жеделхат келді.
Жеделхатта «қырғыз істері бойынша Комиссариат құру үшін тез арада өкілдер
жіберу» жөнінде айтылды. Мұның өзі Кеңес өкіметінің өлкедегі барлық істі өз
қолдарына алғандығын көрсетті.
Осы жылдың 29-наурызында Семейге Х.Ғаббасовтың атына Мәскеудегі
Алашорда үкіметінің өкілдері Халел және Жаһанша Досмұхамедовтерден
жеделхат келді. Онда Кеңес өкіметінің тұтқынға алынған қазақ қайраткерлерін
тегіс босату туралы облыстық кеңестерге әмір бергендігі және Алашорда
өкіметінің қойған талаптарына таяу арада жауап беруге уәде еткендігі айтыл-
ды. Жеделхатта Ұлт істері жөніндегі халық комиссариаты жанынан қазақ
бөлімі ашылып, оның құрамына қазақ халқының өкілдерін сайлау құқығы
Алашордаға берілетіндігі де айтылған. «Сырдария» газетінде жарияланған
осындай мәліметтер шындыққа жанасады. Оған дәлел ретінде Алашорда
атынан РКФСР-дің Ұлт істері жөніндегі халық комиссары И. Сталинмен
Семейден тура телеграф сымы арқылы келіссөз жүргізген Халел Ғаббасовтың
1929 жылғы қарашаның 10-ында ОГПУ-дің тергеушісіне берген жауабын
келтіруге болады. Онда былай делінген: «Келіссөздерде мен Совет өкіметінің
декларациясының идеяларына сәйкес қазақ халқының өзін-өзі билеу
құқығының кедергісіз жүзеге асырылуын талап еттім. Барлығы есімде жоқ,
дегенмен де мен он төрт тармақтан тұратын талаптар қойдым. Олардың
жадымда қалған негізгілері: таратылған қазақ мекемелерін қалпына келтіру,
Совет өкіметі жағдайындағы ұлттық автономияны құру, қазақ халқының
тұтқынға алынған қайраткерлерін босату. Сталиннің жауабының мазмұны
Алашорда Совет өкіметін мойындағанда ғана Қазақстанның Құрылтай съезін
шақыруға әрекеттер жасалады дегенге сайды... Біз Сталинге телеграф арқылы
Совет өкіметін мойындайтынымызды мәлімдеп, сол кезде Москвада жүрген
Досмұхамедовтерге Орталық үкімет алдында біздің мүдделерімізді қорғауды
тапсырдық». Осылайша Халел және Жаһанша Досмұхамедовтердің Мәскеуге
Кеңес үкіметі басшыларымен кездесулері мен телеграф арқылы Сталинмен
жүргізген келіссөздерінде кеңес үкіметінің ұлттық тұтастық негіздегі қазақ
мемлекеттігін мойындамайтындығын, тек кеңестік негіздегі автономия беруге
даяр екендігін көрсетіп берді. Қысқасы Кеңес үкіметінің бұл мәселе жөніндегі
ұстанымы: «Өзін-өзі билеу принципі социализм үшін күрес құралы болу керек
және социализм мүдделеріне бағындырылуы тиіс», - дегенге сайды. Кеңес
өкіметінің мұндай ұстанымы Семей облысынан өзге де кеңестерге В.И. Ленин
мен И.Сталиннің атынан жолданған жеделхаттардан айқын көрінді. Мәселен,
Ақмола Кеңесі Мәскеуден келіссөздер жүргізу нәтижесінде орталықтан
мынадай мазмұндағы жеделхат алған, онда: «Кеңес билігі большевиктердің
қабылданған бағдарламасына сәйкес патша өкіметі кезінде қаналған барлық
халықтарға автономия береді. Қазақ халқы өз территориясына лайық
автономия құруға дайындала берсін», - делінген.
Әйтсе де іс жүзінде Кеңес өкіметі Алашорда үкіметінің өзін де, талаптарын
да мойындағысы келмеді. Сондықтан да Х.Ғаббасов 1918 жылдың 1 сәуірінде
РКФСР Халық Комиссарлары мен Ұлт істері жөніндегі комиссариатқа
жеделхат жолдап, қазақ халқының ұлттық тұтастық мүддесін көздейтін
Алашорда өкіметін тез арада ресми түрде мойындауын тағы да талап етті.
Кеңес өкіметі мұндай талаптарды жауапсыз қалдырды. Осылайша
алаштықтардың Кеңес үкіметі шеңберінде біртұтас ұлттық мемлекет құруға
талпынысы нәтижесіз аяқталды. Большевиктердің Қазақ жеріндегі ең елеулі
саяси қарсыластары Алаш партиясы еді. Сондықтан Ленин мен Сталин Алаш
көсемдерінің талабын қабылдамады.
Азамат соғысы үкімет үшін күрестің жалғасы болды, сол себепті де
революция мен азамат соғысы арасында ешбір дәл шекара болған емес. Кеңес
үкіметінің белсенді әрекеттеріне қарамастан, Қазақстанда азамат соғысының
ошақтары өте тез пайда болды: 1917 ж. қарашаның аяғында Орынборда атаман
Дутовтың басшылығымен ақ гвардия әскерлері Орынбордағы Кеңес күштерін
шегіндіріп, билікті басып алды. Сол айда Жетісуда казак әскерлері кеңесінің
«әскери үкіметі» және революцияга қарсы ошақ Оралда да құрылды. Құрылған
облыстық әскери үкімет көп ұзамай жергілікті кеңесті таратып, өкіметті басып
алды. Сөйтіп, Верныйда және Орал қалаларында ақгвардия диктатурасы
орнатылды. Бұл үш «әскери үкімет» Қазақстанда Кеңес өкіметіне қарсы
қозғалыстың басты күші болып табылды. Олар ақгвардиялық офицерлерге,
ауыл-село шаруаларына сүйенді және «Алаш» партиясының жетекшілерінен
қолдау тапты.
Жоғарыда атап көрсеткендей 1918 жылдың көктемінде кеңестік билік
тарапынан түсінушілік пен қолдау табудан күдер үзген Алашорда, енді
большевиктерге қарсы ымырасыз күрес жүргізуге ұйғарып, Сібір Уақытша
үкіметі (Омбы) мен Бүкілресейлік Құрылтай жиналысы мүшелерінің (Комуч)
Самар комитеті қолдауына сүйеніп, Алаш автономиясын жүзеге асыруға
кірісті. Сөйтіп, азамат соғысының бастапқы кезеңінде алашордашылар
ақтармен одақтасып, қызылдарға қарсы соғысты. 1918 ж. шілде мен тамы-
зында Ә.Бөкейханов, Ә.Ермеков пен әскери бөлім меңгерушісі капитан
Қ.Тоқтамысов Самар мен Омбыда Комуч пен Сібір уақытша үкіметтері әскери
ведомстволары өкілдерімен кездесіп, Алаш орданың қарулы күштерін құру
жөнінде келіссөздер жүргізді. Алашорда Батыс бөлімінің басшылары Халел
мен Жаһанша Досмұхамедовтар Комуч арқылы Самарадан 600 винтовка мен
пулемет алды және таяу уақытта 2000 адамнан қазақ отрядтарын
ұйымдастыруға уәде береді. Торғай тобына 300 мылтығы, 20000 патрон, әскери
киім-кешек бөлінді. Дутовтың көмегімен екі атты Алаш полкі: біріншісі -
Қостанайда, екіншісі - Ырғызда қүрыла бастады. 1918 жылы тамызда Семей
қаласында құрамында 38 офицері мен 750 жауынгері бар Бірінші Алаш атты
әскер полкі ұйымдастырылды. Ақ гвардияшылардың көмегімен асығыс
үйретілген Алаш отрядтары көп ұзамай Қызыл Армияға қарсы шайқастарға
қатысты.
1918 ж. жазында азамат соғысы өршіп, кең етек алды. Сібір мен Оралда
шоғырланған Чехословакия корпусының офицерлері бүлік шығаруына
байланысты әскери қақтығыстар күшейе түсті. Бұл корпус революцияға дейін
Австро-венгрияның тұтқын солдаттарынан - чехтар мен словактар қатарынан
құрылған еді. Осы корпустың бөлімдері революцияға қарсы ішкі күштермен
қоян-қолтық бірлесіп, Ақмола, Петропавл, Атбасар, Қостанай қалаларын басып
алды.
1918 ж. 2 шілдеде Дутов басқарған әскер Орынборды екінші рет басып
алды да, Түркістанды орталық Ресейден бөліп тастады. Қызыл Армия бөлімі
(10 мың адамға жуық) Орынбор қаласын тастап 2 топқа бөлінді. В.Г. Блюхер
және Н. Каширин отрядтары солтүстікке кетіп, Шығыс майданның негізін
құрды. Басқа бөлімдер Ақтөбе және Орск қалаларына шегініп, 1918 жылы
шілде айында Г.В. Зиновьевтің басшылығындағы бір армияға бірікті. Қызыл
Армия күштері қанды қақтығыстар жүргізіп Орскіні ұстап тұрды.
Орынборды алу операциясына Ақтөбе майданының әскерлері мен Шығыс
майданының әскерлері қатысты. 1918 ж. 29 желтоқсанда ауа райының
қиындығына қарамастан шабуыл басталды, Дутов ақ гвар- дияшылары екі
майданның әскерлерінің қысымынан жеңіліп, толық талқандалды. 1919 ж. 22-
қаңтарында Орынбор қаласы алынып, Түркістан аудандары мен Орталық Ресей
арасындағы қатынасты қалпына келтірді. Осымен Ақтөбе майданының
тарихтағы 1-кезеңі аяқталды (1918 шілде - 1919 қаңтар).
Алашорданың Батыс бөлімімен бірлесіп әрекет еткен Дутов бөлімдері
Орал-Гурьев ауданында генерал Толстов басқарған ақтардың негізгі
күштерімен бірікті. 1918 ж. күзінде Орал ақтарымен күресу үшін «Ерекше
армия» (кейінгі шығыс майданының төртінші армиясы) құрылды. Жыл бойы
Шығыс майданындағы Колчак әскерлерінің шешуші жеңісіне дейін Орал
аймағы қолдан-қолға өтті. Орал облысында «Бірінші ерекше атты әскер»
бригадасы құрылып, кейін Қызыл армияның 4-армиясының құрамына кірді. 4-
Армияның қолбасшысы болып М.В.Фрунзе тағайындалды. Оралды босату
операциясына В.И.Чапаев басқарған 2-Николаев дивизиясы қатысты. 1919 ж.
24-қаңтарда қала босатылды. Сөйтіп большевиктер үшін азамат соғысының
алғашқы кезеңі сәтті аяқталды.
1919 ж. көктемде Колчактың шабуылдауына байланысты Шығыс
майданында жағдай бұрынғыдан да қиындай түсті. Колчак армиясы Орынбор
мен Оралды алғаннан кейін Оңтүстік майдандағы генерал Деникинге қосылу
қажет болды. Сондықтан бұл аудандағы әскери қимылдар М.В.Фрунзе
басқарған Шығыс майданының Оңтүстік әскери бөліміне тапсырылды.
Партиялық ұйымдар «Бәріміз Колчакқа қарсы күреске» деген ұранмен
жұмысшылар, шаруалар, теміржолшыларды мобилизациялап, соғысқа
аттандырды. Ақтөбе майданына Түркістан майданынан жүздеген ұлт өкілдері
бар армия келіп қосылды. Майдан Түркістан АКСР-іне бағындырылды.
П.Кобозев басқарған ТүрЦИК комиссиясы мен Жиляев арасындағы әскери
келіспеушілік нәтижесі майдандағы жағдайды қиындата түсті. 1919 ж. шілде
аяғында шабуылға шыққан ақ гвардияшылар кеңес әскерлерін ескі Арал
теңізіне шегіндірді. Бұл кезде Шығыс майданының әскери бөлімдері
Түркістанға көмекке келді.
М.В.Фрунзенің ұсынысымен оңтүстік әскери топ Түркістан майданы болып
бөлінді, олардың алдында: Орал мен Орынборды босату және Түркістанға
экспедиция жіберу мақсаты тұрды. 1919 ж. 30 тамызы мен 1 қыркүйекте
қарсыластар Ақтөбе майданына шабуыл бастады. 1919 ж. қыркүйегінде
Түркістан, Ақтөбе майдандары Мұғалжар станциясында бірікті. Оңтүстік
Колчак армиясының негізгі күші талқандалып, Түркістанға жол ашылды.
1919 ж. жазында Шығыс майдандағы Колчак армиясының негізгі күшінің
күйреуі батыс, солтүстік, солтүстік-шығыс Қазақстан мен Жетісуды азат етуге
жағдай жасады. 1919 ж. аяғында Қазақстанның негізгі аумағы Дутов пен
Анненковтың армияларының қалдықтарынан босатылып, 22 наурызда кеңес
әскерлері Қапалды, 28 наурызда Арасан станциясын азат етті. 22 наурызда
Үржар станциясын, 27 наурызда Бақты станциясын, 25 наурызда атаман
Анненковтың ставкасы түрған Үшаралды, 29 наурызда Қапал гарнизонын тізе
бүктіріп, атаман Анненков және Дутов бастаған ақ гвардияшылардың
қалдықтарын Қытайға қарай қуды. 1920 ж. 29 наурызында ең соңғы майдан
Солтүстік Жетісу майданы жойылып, Кеңес үкіметі қайтадан қалпына
келтірілді.
Сонымен, 1920 жылы азамат соғысы аяқталып, онда қызылдар ақтарды
талқандап, жеңіске жетті. Азамат соғысы жылдарындағы қызылдардың
жеңісінің себептері: біріншіден, Кеңес өкіметіне қарсы күштер ұйымдасып,
бірлесіп қимыл жасай алмады; екіншіден, ақ гвардияшылар өкіметі орнаған
жерлерде Бұқара халыққа қарсы бағытталған шаралар жүзеге асырылып, оған
керісінше Кеңес өкіметі тарапынан ұлттардың өзін-өзі билеу құқығының сөз
жүзінде болса да мойындалуы; үшіншіден, Кеңес өкіметінің орта шаруалар-
мен одақ құруы және 1919 жылы шілдеде Казревком құрылғанда қазақтардың
жерге мүқтаждығын өтеу жөнінде сөз болып, Қазақстанға қоныс аударуды
тоқтату мәселесі қойылды. Түбірлі революцияық сипатта болмағанмен бұл
шаралар большевиктерге азамат соғысы кезінде ақтар мен қызылдар арасында
ауытқыған қазақтардың көмегіне сүйенуге жағдай жасады; төртіншіден, 1919
жылдың көктемінен бастап, А.Байтұрсынов бастаған алашордашылар
қызылдар жағына шықты. Себебі, олардың Колчактық орыс шовинистік
көзқарастарынан үміттері үзілді. Ақтар билеушілері қазақ халқына ұлттық
автономия бергісі келмеді, тіпті, өздерінің қолдап жүрген Алашорда үкіметін
де мойындамады. Сібірдегі уақытша Бүкілресейлік үкімет 1918 жылы 22 қазан
- 4 қарашадағы грамотасымен Алашорда Халық Кеңесі үкіметін таратып
жіберді. Сонымен қатар, Сібір үкіметі Алаш автономиясын қазақтың аумақтық
мемлекеттігі деп танудан бас тартты. Оған қоса, 1919 жылы жазға қарай ақтар
Сібірде жеңіліске ұшырады.
Алаш көсемдері қазақ мемлекеттілігін құрудың жаңа жолдарын іздеуге
мәжбүр болды. Қазақ зиялылары ендігі жерде Кеңес үкіметімен ымыраға келу
жолдарын қарастырды. 1919 ж. басында Алашордалықтар Кеңес үкіметімен
арадағы келіссөздерін қайта жандандыра бастады. Келіссөздер Алашорда
атынан емес, А.Байтұрсынов басқарған Торғайлық тобының атынан жүргізілді.
А.Байтұрсынов ең әуелі Ә.Жангелдинмен, одан кейін Мәскеуде Сталинмен
келіссөздерді жалғастырды. 1919 ж. наурызда Бүкілресейлік Орталық Атқару
Комитеті Алашордаға амнистия (кешірім) жа- риялады. Алашорда
басшыларының бірі А.Байтұрсынов, оның жақтастарының үлкен тобы Кеңес
үкіметінің жағына шықты. 1919 ж. желтоқсан айында Ә.Бөкейханов бастаған
Алашорданың Шығыс бөлімі толығымен Кеңес үкіметін мойындады.
Азамат соғысы шет аймақтар халықтарының ұлттық мемлекеттігі туралы
идеясымен санаспауға болмайтынын большевиктерге тағы да көрсетті. Кеңес
үкіметі кеңестік негізде Қазақ Автономиясын құру жөнінде дайындық
жұмысын жүргізе бастады. РКФСР ХКК-нің 1918 ж. 12 мамырдағы қаулысына
сәйкес, ҚазАКСР-н құруға дайындық жұмыстарын ұйымдастыру үшін Ұлттар
ісі халық комиссариаты жанынан алғашқы арнайы саяси орган - қырғыз (қазақ)
бөлімі ашылды. Алайда, азамат соғысы басталып кеткендіктен бұл жұмыстар
кейінге қалдырылды. Қазақ съезі шақырылып, Қазақ республикасының
автономиясы жарияланғанша өлкені әскери- әкімшілік басқару үшін 1919 ж.
10-шілдеде РКСФР Халық Комиссарлар Кеңесінің төрағасы В.И. Лениннің қол
қоюымен «Қырғыз (қазақ) өлкесін басқаратын төңкеріс комитеті (Ревком)
туралы уақытша ереже» жарияланды.
Ереженің 3-бабына сәйкес, Қазақ автономиялыреспубликасының аумағы
Түркістан республикасымен, Қырғыз съезі және Орталық Кеңес үкіметімен
келісіліп анықталғанға дейін Қазревком қүзырына «Астрахань губерниясымен
Орал, Торғай, Ақмола және Семей облыстарының территориялары қарайды»
делінген.
Қазревкомның бірінші құрамына: С.Пестковский (төраға), А.Байтұрсынов,
В.Лукашев, Ә.Жангелдин, М.Түнғаншин, С.Меңдешев, Б.Қаратаев кірді.
Әртүрлі уақытта Қазақ ревкомының мүшесі болып: Ә.Әйтиев, С.Арғыншиев,
А.Авдиев, Ғ.Әлібеков, Б.Қаралдин еңбек етті. Әйтсе де Алашордалықтардың
Кеңес үкіметінің жағына шығуы оңай болмады. Алашордаға жасалған
кешірімге қарамастан оның басшыларына деген сенімсіздік сақталды. Ал
Кеңес үкіметінің Қазақстандағы кейбір өкілдері Алашорда жетекшілеріне жау
ретінде қарады. Кешірім жасалғанға қарамастан Алашорда жетекшілері саяси
тұрғыда оқшаулануға тиіс болды. Қазревкомның 1920 жылғы 5 наурыздағы
«Алашорданың батыс бөлімін тарату туралы» қаулысында «Ұлттық Алашорда
үкіметінің батыс бөлімінің жауапты жетекшілері қырғыз өлкесінде Кеңес
үкіметі толық негізде орныққанша халық Бұқарасынан оқшауландырылсын» -
деп ашып айтылды. 1920 ж. 5 наурызда Алашорда таратылды.
Осылайша біртұтас тәуелсіз ұлттық мемлекетті құруға талпынған қазақ
зиялыларының пәрменді әрекеті нәтижесіз аяқталды. Кеңес үкіметі
мойындамаған Қазақ Ұлттық Автономиясы қазақ зиялыларының өркениетке,
тәуелсіздікке қол созған әрекеттері ретінде тарихта ғана қалды.
Қазревком Қазақстанда әскери-азаматтық билікті қолға алып, кеңестердің
бүкілқазақстандық 1-съезін шақыруды ұйымдастыру, Қазақ автономиясы
туралы ереже жобасын дайындап, съезд талқысына ұсыну, РКФСР, Түркістан
Кеңестік Республикасы және Қазақ өлкесі арасындағы қарым-қатынастарды
реттеу, қазақтың байырғы жерін бір қолға жинау, яғни болашақ қазақ кеңес
мемлекетінің аумақтық тұтастығын қамтамасыз ету міндеттерін өз қолына
алды.
Алғашқы күннен Қазревком әрекет-қимылда жүрген армияны азық-
түлікпен жабдықтау, астықты және басқа тамақ өнімдерін Орталыққа,
Түркістан АКСР-на жеткізу, яғни «соғыс коммунизм» саясатының басты
мәселесін шешу ісімен айналысты. Бұл саясаттың мәні - өнеркәсіпті жаппай
национализациялау, басшылықты орталықтандыру, тіршілік үшін маңызды
тауарлардың бәрін бөлу, азық-түлік салғыртын, карточкалық жабдықтау
жүйесін, жалпыға бірдей еңбек міндеткерлігін, еңбекке бір мөлшерде ақы
төлеуді енгізу, тауар-ақша қатынастарын жою болды.
Осының ішінде еңбекші халық әсіресе, шаруалар үшін ең ауыры азық-түлік
салғырты болды. 1919 жылы қаңтарда астықты дайындау мен бөлу
монополиясына азық-түлік салғырты қосылды. Өлкенің адам және материал
ресурстарын жұмылдыру экономикалық әдіске жатпайтын күштеу әдістерімен
жүргізілді. Кеңес үкіметі қала халқын және соғысып жатқан қызыл әскерді
азық-түлікпен қамтамасыз ету үшін астық өнімдерін, мал-мүліктерін
қаруланған азық-түлік отрядтарын жіберіп, халықтан күшпен тартып алып
отырды.
1920 ж. тамызында Мәскеу қаласында қазақ әскери төңкеріс комитеті және
Түркістан майданының әскери-төңкеріс кеңесі, РКП(б) Түркістан өлкелік
комитетінің партия және кеңестік ұйымдардың өкілдері қатысқан Қазақ АКСР-
н құру туралы бірнеше мәжілістер өткізді. Соңғы мәжіліске В.И.Лениннің өзі
төрағалық етті. Нэтижесінде 1920 ж. 17 тамызында РКФСР Халық
Комиссарлары Кеңесі Қазақ Республикасы жөніндегі Декреттің жобасын қарап
қолдады.
1920 ж. 26 тамызында Ленинмен Калинин қол қойған БОАК және РКФСР
ХКК-нің құрамыпда, астанасы Орынбор қаласында болатын «Қырғыз (қазақ)
Кеңестік Автономиялы Республикасын құру туралы» тарихи Декреті
жарияланды. 1920 ж. 4 - 12 қазанында Орынбор қаласында өткен Қазақстан
Кеңестерінің Құрылтай съезі, Қырғыз (қазақ) Кеңестік Автономиялық
социалистік республикасы еңбекшілері құқықтарының Декларациясын
қабылдады, ол Декларация РКФСР құрамыпа жеке автономия болып кіретін
ҚазАКСР-нің кұрылуы жұмысшылардың, еңбекші қазақ халқының, шаруалар,
қызыл әскерлер депутаттары Кеңестерінің Республикасы ретінде бекітті.
С.Меңдешевті бас етіп, Орталық Атқару Комитетін (ОАК) және В.Радус-
Зеньковичті бас етіп Халық комиссарлары Кеңесін (ХКК) сайлады.
1920 жылғы қаңтар-наурызда өлкенің губерниялары мен уездерінде партия
конференциялары өтіп, оларда халық шаруашылығын қалпына келтіру
мәселелері талқыланды. Өлкенің Соғыстан зардап шекпеген жері кемде-кем
еді. Қиыншылықтар мен ауыртпалықтарға қарамастан, Қазақстан еңбекшілері
күйзелушілікке қарсы күресті. Басты шарттардың бірі - отын өндіруді арттыру
және кәсіпорындарды жұмыс күшімен қамтамасыз ету, өнеркәсіп пен
транспортты қалпына келтіру болды. Өнеркәсіпке отын беру үшін Орал-Ембі
мұнай кәсіпшіліктері қалпына келтіріліп, Ембі-Атырау мұнай қүбыры бірнеше
шақырымға тартылды. 1920 жылғы наурыз-маусым айларында Ембі мұнай
кәсіпшіліктерінен көліктің барлық мүмкіндіктерімен және су жолы арқылы
17452 пұт мұнай тасылды. Қарағанды мен Екібастұздың шахталары қалпына
келтіріліп, 1920 жылы Қарағанды мен Екібастұздың шахтерлары 3 млн. пұттан
астам көмір өндірді. Екібастұз зауытында, Риддер кенішінде қорғасын
концентраттарының қорынан қорғасын қорыту жұмысы жолға қойылды. Семей
және Ақмола губернияларының кәсіпшіліктерінде жыл ішінде 8,5 млн. пұт тұз
өндірілді. Оралда, Қостанайда, Семейде, Ақмолада электр станциялары жұмыс
істей бастады.
Жылдың аяғына қарай республикадағы 59 электр станциясының 45-і
қалпына келтіріліп, пайдаланылуға берілді. Шойын және мыс құймамен, арбаға
арналған металл бұйымдары мен ауылшаруашылық құрал-саймандармен
қамтамасыз ететін металл өңдейтін 6 зауыт іске қосылды. Тамақ, жеңіл және
қолөнер кәсіпорындары қалпына келтіріліп жатты. Губерния орталықтарының
бәрінде диірмендер, былғары, тері, сабын қайнату, кірпіш зауыттары, аяқ-киім,
ер-тұрман шығаратын шеберханалардың жұмысы қайта басталды. Жергілікті
өкімет органдары орасан зор зиян шеккен темір жол транспортын қалпына
келтіруге айрықша көңіл бөлді. 1920 жылдың жазына қарай негізгі
магистральдарда көпірлер, жол шаруашылығы, байланыс желілері қалпына
келтірілді. 1920 жылдың аяғына таман республика өнеркәсібінде 162 кәсіпорын
жұмыс істеді. Өнеркәсіп халық қажеттерін қанағаттандыра алмады. Еңбек
өнімділігі төмен болды, шикізат пен отын жетіспеді. Азық-түлік тапшылығы
қатты байқалды.
Қазақстанның кеңес органдары совхоздар, артельдер, жерді бірлесіп өңдеу
серіктестіктерін ұйымдастыру жөніндегі жұмыстарды қиыншылықтарға
қарамастан жалғастыра берді. 1920 жылдың күзіне қарай Қазақстанда Жетісу
облысын қосқанда 1039 коллективтік шаруашылық болды. Сол жылдары
алғашқы ауылшаруашылық артельдері, коммуналар, совхоздар пайда болды.
1920 жылдың аяғында (Жетісу мен Оңтүстік облыстарды қоспағанда) 939
колхоз, оның ішінде 132 коммуна, 779 артель, 28 жерді бірлесіп өңдейтін
серіктестік (ТОЗ), 348 тұтыну қоғамы жұмыс істеді. Бірақ бұлардың бәрі әлсіз
болып, оларда құрал-сайман, күш-көлік, тұқымдық астық, айналым қаржы
жетіспеді.
Азамат соғысының қиын-қыстау жылдарында кеңес органдары жергілікті
жерлерде мәдени құрылысты да жүргізіп, саяси үгіт қатаң нысаналы сипатта
болды. 1919 жылы сәуірде уездік және губерниялық Халық ағарту бөлімдерінің
жанынан мәдени-ағарту ұйымдары құрылды. Оқу үйлері, кітапханалар,
сауатсыздықты жою мектептері жұмыс істеді. Сол жылдары республикада 199
көпшілік кітапханасы, 196 клуб, 83 халық үйі, 1478 оқу үйі болды, үгіт қызыл
керуендерін, ал темір жол бойында - үгіт вагондарын ұйымдастырды.
Қорыта келгенде, Қазақстанда Кеңес үкіметі негізінен және көпшілігінде
күштеп орнатылды. Қазақ халқы Қазан төңкерісінің мәнін, Ленин бастаған
большевиктер партиясының бағдарламасын түсінген де жоқ, қабылдаған да
жоқ. Әлеуметтік революцияға Қазақстанда ешқандай негіз жоқ болатын. Орта
Азия мен Қазақстанның жергілікті халықтары үшін Қазан революциясының
мән-мағынасы орыс үстемдігі жойылып, тартылып алынған жер-суымыз
өзімізге қайтарылады деген үмітке ғана сайды.
Достарыңызбен бөлісу: |