Кеңес Үкiметiнiң басты мақсаты мүмкiндiгiнше түстi металды көптеп өндiру ғана болып табылды. Кенi алынған жер асты бос кеңiстiктердiң көлемi 165 млн. текше метрге жетiп, осы учаскелерге ойластырылмастан тұрғызылған поселкелердiң опырылып құлаған жерлерi де аз болмады. Тұрғындардың қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету мақсатымен оларды көшiру үшiн қаржы бөлiнбедi.
Сондай-ақ Павлодар облысы Майқайың кен көзiнде өндiрiлетiн алтын мен күмiс, Шымкент қорғасын зауытында алынатын алтын мен күмiс қоспасы, Целиноград облысындағы Ақсу кенiшiнде өндiрiлетiн алтын орталыққа аттандырылатын. Соңғысы Мәскеу қаласындағы Басалтын (Главзолото) басқармасына тәуелдi болды, орталық осы кенiш алтынының 1 грамын 8 сомнан сатып алды да, оның әр грамын 100 сомнан халықаралық рынокқа өткiздi.
Ал Шымкент қорғасын зауыты шығаратын қорғасын 1989 жылы Лондондағы биржада эталон ретiнде тiркелдi. Жалпы одақ бойынша өндiрiлген қорғасынның жартысына жуығы осы зауыттың еншiсiне тидi. Орталық арқылы өнiмнiң 40% -ға жуығын экспортқа шығаратын Шымкент қорғасын зауытының есебiнде ешқандай валюта болмады. Оның бәрi Мәскеудегi «Разноимпорт» мекемесiнде қалып отырды.
Жоғарыдағыдай мысалдарды көптеп келтiруге болады, бiрақ осымен шектелiп, тек қосарымыз – республикадан сол кездерде жыл сайын 28 - 30 миллион тонна әр түрлi кен сыртқа әкетiлiп жатты, ғалымдардың есептеуi бойынша, дүниежүзiлiк нарықта осы көлемдегi шикiзаттың құны 40-50 млрд. доллар болады екен.
Достарыңызбен бөлісу: |