А. Ахматованың «Реквиемi» сталиндiк репрессияның құрбаны болды. Сондай-ақ оның «Ерлiк» («Мужество») өлеңi де сынға алынды. Өлеңдерiнiң әр жолы идеологиялық меже тұрғысынан қарастырылып, пессимистiк, болашаққа сенбейтiн, көңiл құлазытатын сарында жазылған, ескiлiктiң лебi еседi деп тұжырымдалды.
«Бiздiң идеологияға жат» деген желеумен ығыстырылған М.Зощенко мен А.Ахматованың творчествосы ұзақ жылдар бойы оқырманын таппады. 1985 жылғы елдегi қайта құрумен байланысты 1988 жылы «Ленинград» және «Звезда» журналдары туралы» қаулы бұрыс деп табылып, шындық салтанат құрды. 1953 жылдың 23 қаңтарында ТАСС-тың (Телеграфное Агентство Советского Союза) бiр топ дәрiгерлердiң тұтқынға алынғандығы туралы хабары бүкiл елдi дүр сiлкiндiрдi және осыдан бастап аты шулы қолдан жасалған «ДӘРIГЕРЛЕР IСI» дүниеге келдi.
Онда дәрiгерлердiң террористiк бiр тобы емдеудiң қастандық жолымен Кеңес мемлекетiнiң белсендi қайраткерлерiнiң өмiрiн қысқартуды көздегендiгi мәлiмдендi. Осындай бандалардың құрбандары А.А.Жданов, А.С.Щербаков жолдастар болды деп жарияланды.
Дәрiгерлердiң террорлық тобының барлық мүшелерi шетел барлаушыларының қызметiнде тұрғандығы және солардың жалдамалы ақылы агенттерi болғандығы анықталынып отыр деп байбалам салынды. Террорлық топ мүшелерiнiң көпшiлiгi – М.Вовси, Б.Коган, Фельдман, Гринштейн, Этингержәне басқалары американ барлаушыларының агенттерi, олар Кеңес мемлекетiне американ барлауының филиалы – халықаралық буржуазиялық - ұлтшыл «Джойнт» еврей ұйымының жiберуiмен келген десе, Виноградов, М.Коган, Егоров сияқты дәрiгерлерге ағылшын барлауының агенттерi деген жала жабылды.
Сонымен қатар В.Василенко, Зеленин, Преображенский, Попова, Закусов, Шерешевский, Майоров т.б. да «түрме кезеңiн» басынан кешiрдi. Қызмет бабында ешқандай қылмыс жасамаған жазықсыз, асқан талантты маман иелерi – академиктер мен профессорлар – аяқ астынан «халық жаулары» болып шыға келдi. Сол жылғы қаңтар айының ортасында «халық жауларының» зайыптары тұтқынға алынып, балаларының артынан қудалау басталды: жұмыстан босату, партия, комсомол қатарынан шығару т.б.
Сталиннiң өлiмiмен байланысты сол жылғы сәуiр айының басында жала жабылған дәрiгерлердiң қызметiнде қылмыстық әрекет жоқ деп табылып, бас бостандықтары қалпына келтiрiлдi.
Қайта құру жылдарында аталған iс тоталитарлық жүйенiң қауырт шараларының бiрi екендiгi негiзделiп, адал адамдардың ақық аттары ақталудан өттi.
Сондай-ақ 1946 жылы драма театрлардың репертуарлары, «Большая жизнь» кинофильмiне қатысты кинематография, В.Мураделидiң «Великая дружба» операсы негiзсiз сынға алынып, бiрнеше қаулылар жарық көрдi. Орталықта ұстанған қоғамдық пiкiрге қарсы қатаң бағыт Қазақстанда да шешiмiн тапты. 1947 жылы 21 қаңтарда Қазақстан Коммунистiк партиясының «Қазақ КСР Ғылым академиясы тiл және әдебиет институты жұмысындағы өрескел саяси қателер туралы» қаулысына сәйкес Мұхтар Әуезов, Ғабиден Мустафин, Сәрсен Аманжолов, Ғабит Мүсiрепов, Есмағамбет Исмаилов, Қажым Жұмалиев, Нығмет Сауранбаев, Ахмет Жұбанов т.б. сынға алынып, аяусыз талқыға түстi және қызметтерiнен қуылды. Сол кезде әдебиет пен мәдениетке партиялық басшылық жасап, идеологиялық тазалықты қатаң қадағалаймыз деген желеумен әдебиетке жөнсiз араласып, асыра сiлтеп, солақайлыққа жол берiп, творчество табиғатына қиянат жасаған партия органдары мен идеология саласының жетекшiлерi аз болмаған. Мысалы, М. Әуезов Сталиндiк сыйлыққа ұсынылып, ертең ол туралы ресми хабар шығады деп отырғанда, «Казахстанская правда» газетiнде Алексей Брагиннiң «Абай жолы» романын сынап, жоққа шығарған мақаласы жарияланған болатын. Зерттеушiлердiң пайымдауынша, мақаланың газет бетiнде жарық көруiне «септiгiн тигiзген» сол кездегi Орталық Комитеттiң идеология жөнiндегi хатшысы М. Әбдiқалықов деп табылуда.