47-СҰРАҚ.Абай шығармаларының тәрбиелік мәні: қарасөздері, өлеңдері арқылы талдау Оның әрбір өлеңі балаға жан-жақты тәрбие беруді ойластырады. «Ғылым таппай мақтанба», «Сабырсыз, арсыз еріншек», «Әсемпаз болма әрнеге», «Бойы бұлғаң» өлеңдері балаларды ғылым-білім үйенуге шақырып, адам бойында кездесетін жақсы, жаман қасиеттердің жігін түсінуге жетелейді. Адамның өсіп жетілуіндегі тәрбиесіне де ерекше мән берген ақын. Оның дәлелі: «адам баласы туа сала есті болмайды. Естіп, көріп, ұстап татып – естілердің айтқандарын есте сақтап қана естілер қатарында болады. Естіген нәрсені есте сақтау, ғибрат алу ғана есті етеді» деген даналық ойы, яғни адам ақыл-ойының, есінің тәрбие арқылы ғана жетілетінін ғылыми түрде дәлелдеген.
Әсемпаз болма әрнеге,
Өнерпаз болсаң арқалан,
Сен де бір кірпіш дүниеге
Кетігін тап та, бар қалан, – деп жас ұрпақтың белгілі бір өнер үйреніп, пайдалы іспен шұғылдануын, адал еңбекпен нан табуын уағыздайды. Ол үшін қайырымдылық пен адалдық, қайрат пен ақыл керек екенін тағы ескертеді. «Ғылым таппай мақтанба» өлеңінде “адам болам” деген жастарға бес зиянды нәрседен аулақ болып, бес асыл қасиетті бойыңа дарытпасаң, ғылымнан еш пайда жоғын өсиет етеді.Мектепте оқу-тәрбие үрдісінде Абай мұрасын қолдану өсіп келе жатқан ұрпақтың ақыл-парасаты биік болуына, мінез-құлқы, іс-әрекетіне ықпалы зор екені даусыз. Абайдың педагогикалық көзқарасындағы басты нысаны «Атаның баласы болма, адамның баласы бол» деп жас буынды елдің, халықтың қамын ойлайтын, адал қызмет ететін ұрпақ болуға шақырады.Ұлы ақын өзінің 38-қара сөзінде: «Күллі адам баласын қор қылатын үш нәрсе бар, сонан қашпақ керек» деп үйретеді. «Әуелі – надандық, екіншісі – еріншектік, үшіншісі – залымдық. Надандық – білім, ғылымның жоқтығы, дүниеде еш нәрсені оларсыз біліп болмайды. Еріншектік – күллі дүниедегі өнердің дұшпаны, талапсыздық, ұятсыздық – бәрі осыдан келіп шығады. Залымдық – адам баласының дұшпаны» дейді. Түсіне білген адамға астары терең осы сөз өз еңбегімен күн көруді, кісі ақысын жемеуді, арамдықтан бойын аулақ ұстауға тәрбиелейді.
Болмасаң да ұқсап бақ,
Бір ғалымды көрсеңіз.
Ондай болмақ қайда деп
Айтпа ғылым сүйсеңіз, – деп ұрпағына даналық ақылын айта отырып, талапты болуға, жақсыдан үлгі алуға, ғылым, білім үйренуге үндейді.