Тіл - белгілі бір құрылымы және жүйесі бар біртұтас құбылыс. Құрылым деп әр тектес элементтердің Тіл деген тұтастық шектігіндегі бірлігін айтамыз. Тілдің құрылымдық элементтері: фонема, морфема, сөз, сөйлем, мәтін, дискурс. Тіл құрылымындағы элементтердің өзара айырмашылығы сандық емес, осы элементтер қызметтерінің әртүрлілігіне байланысты сапалық ерекшелік болып табылады. Аталған құрылымдық элементтердің қызметтері: тілдің материалдық таңбалары ретінде анықталатын дыбыстар перцептивтік (қабылдау объектісі болу) және сигнификативтік (тілдің мәнді элементтерін ажырату қабілетінің болуы) қызметтерін атқарады. Дыбыс пен мағынаның бірлігінен тұратын түбір морфемалар заттық, ал қосымша –жұрнақтар таңбаның мәнісін, ал жалғаулар қатынас мәнісін білдіреді, морфемалардың ұғымдарды білдіру қызметі семасиологиялық деп аталады. Сөздер номинативтік, ал сөйлемдер коммуникативтік және экспрессивтік қызметтер атқарады.