Химия тілі - химияны оқытудың таным құралы
Жоспар:
Химия тілін түсінудің семиотикалық негіздері
Химиялық номенклатура мен символиканың өзара байланысын қалыптастыру.
Химия тілі ғылыми және оқу танымының құралы.
Мектеп химиясындағы тіл туралы білімнің игерілуіне қойылатын талаптар.
Дүние жүзінде қолданылып жүрген тілдердің барлығы таңбаларға жататындықтан, таңба ретінде кез-келген затты, шартты белгіні қолдануға болады. Шартты белгілер - материалдық жағынан да, білдіретін хабарының мазмұны, оны білу тәсілі мен таңбаның құрылымдық сипаты жағынан да алуан түрлі. Ол ғылым объектісі болуға әбден жарайтын мейлінше күрделі құбылыс.
Кейбір ғалымдардың кѳзқарасы (А.Ф. Полтарацкий, B.C. Швырев) бойынша таңбаның материалдық дене екендігі, оны сезім мүшелері арқылы байқауға болатындығы және оның басқа денелерден айырмасы екі жақты табиғатында екендігі айтылады. Таңбаны екі жақты деп қараудың себебі, біріншіден, таным мен қатынас үрдісінде ѳзінен басқа бір нәрсенің (заттың) немесе құбылыстың орнына жүретіндігінде, екіншіден, ѳзінен табиғаты мүлдем бѳлек нәрсе үшін қолданылатындығы.
Белгілі ғалым Б.В.Безруков осындай бір белгіге таңбаның қызметін қояды. Кең түрде қарастырғанда оның мағынасы – адамдар мен кибернетикалық машиналар ара-қатынасының екі жақты хабар алмасу құралы. Бірқатар философтардың еңбектерінде таңбаны зерттеп білуде адамның теориялық жэне практикалық іс- әрекеті ескеріледі.
Философ ғалым Н.С.Нарский "Шығу тегі жағынан таңба дегеніміз - адамның практикалық және теориялық іс-әрекеті кезінде ѳзінен басқа бір нәрсені белгілейтінін сезім мүшелері арқылы қабылдауға болатын нәрсе", - деп қарайды.
Л.О.Резниковтың пікірінше, қазіргі семиотикалық таңба таным мен қатынас үрдісіндегі ѳзінен басқа нәрсенің немесе қүбылыстың орнына жүретін, сол нәрсе мен құбылыс туралы информацияны қабылдайтын, тіркейтін және тасымалдайтын сезім мүшелері арқылы қабылдауға болатын нәрсе (құбылыс немесе қимыл) ретінде анықталады.
Бірқатар зерттеушілер ѳз еңбектерінде таңба ұғымы белгілерінің ішінен мыналарды негізге алады:
1) таңба екі жақты құбылыс, бір жағынан ѳзіндік пішіні болатын, екінші жағынан идеалды мәні бар;
2) идеалды мәні ѳзінен басқа белгілейтін нәрсесі жөнінде информация береді;
3) мәні жоқ таңба болмайды;
4) таңбаның мәнін субъект қабылдайды және пайдаланады;
5) оқыту үрдісінде таңбалар білімнің тасымалдайтын формасы болып табылады.
Әрбір ғылым танымдық білім нәтижесін өзіне түсінікті тіл арқылы түсіндіреді. Демек, химия тілі жаратылыстану ғылымдарының тілінен тұратын жалпы бөлігінен және өзіндік ерекше тілі – химия тілінен тұрады. Химиялық тіл дегеніміз химиялық терминдердің, номенклатуралардың, және символикалардың (белгі, таңба) бірлігі, оларды құрудың ережесі, түрлендіріп түсіндірудің, пайдаланудың құралы. Мектеп курсындағы химия тілі–химиядан білім беру мақсаттары мен мазмұнына сәйкес дидактикалық тұрғыдан түсіндіріліп химия ғылымының тілі болып саналады.Химиялық таңбалардың ішіндегі ең маңыздысы - тіл. Басқа таңбалар осы тілдің негізінде жасалады да, тіл арқылы тікелей іске қосылады. Осы тұрғыдан қарағанда, таңбаның мәні мен мағынасы -пікірталас туғызатын мәселелердің бірі. Философтардың пікірлері бойынша, таңбаның мәні - белгілі бір нәрсе не зат туралы беретін информация. Феноменологиялық теория тұрғысынан кез келген таңба ой мен нәрсені ұштастыру құралы ретінде қарастырылған.
Оқыту үрдісінде таңба және таңбалар жүйесінің мәні мен мағынасы туралы мәселені қарастыру және шешудің маңызы зор. Себебі кез-келген ғылымдағы білім таңбалар жүйесі арқылы беріледі. Таңба - білімді түйсінуге, қабылдауға кѳмектесетін қүрал, ал таңбаның мәні мен мағынасы - білімнің мазмұны болып табылады.
Сонымен қатар таңбаларды табиғи таңба, жасанды таңба, сигналдық, символдық, тілдік, субституттык (материалдық) таңбалар деп бѳлу де кездеседі. Табиғи таңбаларға нәрселер мен кұбылыстардың белгілері, ѳлшеуіш кѳрсетінділері, таңба ретінде болатын заттар мен құбылыстар жатады. Химия пәніндегі табиғи таңбалар - химиялық реакциялардың сыртқы белгілері.
Жасанды таңбалар тіл таңбалары және тілге жатпайтын таңбалар болып, екіге бѳлінеді. Біріншісіне дүние жүзі ұлттарының тілі, барлық ғылымдар саласының, есептеу машинасының тілдері жатады. Екіншісіне - иконикалық, символикалық және сигналдық таңбалар, түрлі ѳнер туындылары, мүсіндер мен суреттер, теледидардағы және фильмдегі бейнелер, фотосуреттер енеді. Бұлардың ерекшелігі - материалдық формасы бейнелеп отырған нәрселері мен құбылыстарына сәйкес келуінде, яғни сол заттың бейнелік кѳшірмесі болып табылатындығы. Бірақ, көпшілік жағдайда, таңбалардың пішіндері мен бейнелеп отырған заттың арасында сәйкестік байқалмайды. Мұндай таңбаларға шартты түрде алынған ұлт тілдерінің, ғылыми тілдердің, әр түрлі машиналар үшін жасалған тілдердің таңбалары жатқызылады. Сондай-ақ, алуан түрлі кѳліктер ережелері, әскери атақтардың айырым белгілері, ауада және суда жүзу белгілері -бәрі де шартты таңбаларға жатады.
Достарыңызбен бөлісу: |