1.4. Тіл білімінің теориялық және практикалық мәні
Әдетте біз "тіл білімінің теориялық жағынан да, практикалық жағынан да мәні күшті", – деп жатамыз. Теориялық мәні дегеніміз не?
Тіл алдымен ғылыми тұрғыдан зерттелінеді. Соның нәтижесінде тілдің табиғаты, оның даму заңдылықтары айқындалады, ондағы тілдік категориялар сараланады. Ол категориялар мен заңдардың бір-бірімен байланысы, өзара қарым қатынасы анықталады. Сөйтіп, белгілі бір тіл туралы қорытындылар, топшылаулар жасалынады. Сол қорытындылар мен топшылаулар негізінде грамматикалық, яғни ғылыми немесе нормативті оқулықтар жазылады, түрлі сөздіктер құрастырылады. Міне, тілдің теориялық мәні дегеніміз осы.
Ал тілдің практикалық мәні деп – әлгі заңдылықтарды білуді, ол үшін сол тілді оқуды, үйренуді айтамыз. Белгілі бір тілді оқып білу – ең алдымен, сөйлеу мәдениеті мен жазу мәдениетін арттырады, адамның ой өрісін кеңейтеді. Содан кейін тілді, оның заңдары мен қағидаларын үйретеді.
Университетке, институтқа түсіп оқу, білім алу, әдетте, тілді оқып машықтанудан, атап айтқанда, дұрыс сөйлеп, дұрыс жаза білуді үйренуден басталады. Дұрыс сөйлеп, дұрыс жаза білу – әрбір мәдениетті, білімді адамның алдына қойылатын басты шарттардың бірі. Ал мұның өзі тілдің орфоэпиясы мен орфографиясын, грамматикасын жақсы білуді қажет етеді. Тілдің стильдік тармақтарын жете білудің де практикада маңызы зор.
2
Тілдің шығуы туралы сөз еткенде, ең алдымен, екі түрлі мәселені бір-бірімен ажыратып алу керек. Бірі – жалпы адам баласы тілінің шығуы, екіншісі – жеке, нақтылы тілдердің (мысалы, қазақ, орыс, ағылшын тілдерінің) шығуы туралы мәселе. Бұл екі мәселені бір-бірімен шатастырмаған жөн.
Адамзат тілінің шығуы сонау көне заманға, яғни алғашқы адамдардың пайда болу заманына барып тірелсе, жеке тілдердің шығуы кейінгі дәуірлерде болған нәрсе.
Тілдің шығуы туралы мәселе әр түрлі ойшылдардың назарын баяғыда-ақ өзіне аударып келген. Олар бұл мәселе туралы түрлі-түрлі пікірлер мен жорамалдар айтып, сан қилы байымдаулар жасады.
Сондай жорамалдардың бірі – дыбысқа еліктеу теориясы. Бұл теория ежелгі грек философиясынан басталады. Ол әсіресе 17-18 ғасырда кең өріс алды. Мұның өкілі – неміс философы Г.Лейбниц (1646-1716). Аталған теория тілдің шығуын былайша түсіндіреді: Алғашқы адамдар жануарлардың дауыстарын, құстың сайрауын, судың сылдырын, желдің гуілін естіп соларға еліктеуден әр түрлі дыбыстарды шығарған. Сол дыбыстардан алғашқы сөздер жасалып, олар заттардың атауына айналды, – дейді.
Түрлі тілдерде қарқ (қарқ-қарқ), мияу (мияу-мияу), шиқ (шиқ-шиқ), гу (гу-гу), тарс (тарс-тарс) тәрізді еліктеуіш сөздер бар екені рас. Бірақ бұған қарап тіл тек қана дыбысқа еліктеуден шықты деуге болмайды. Өйткені табиғатта дыбыс шығармайтын заттар да көп екені, олардың да атаулары бар екендігі даусыз.
Бұл теория тілдің пайда болуының әлеуметтік себебін ескермеді. Дыбысқа еліктеу теориясын жақтаушылар тілді "табиғат сыйы", "құдай жаратты" деп қарайды. Ал шындығында тіл қоғамның жемісі. Ол қатынас жасасу қажеттілігінен туған.
Тілдің шығуы туралы екінші теория – эмоциональдық теория. Бұл теория 18-19 ғасырларда кең тараған. Оның жақтаушысы – Ж.Ж.Руссо (1712-1778). Ол "бір нәрсеге құштарлық алғашқы сөздерді шығарды", – деп жазды.
Ж.Ж.Руссоның "эмоциональдық теориясы" одағай теориясына (19-20 ғасырларда) келіп ұласты. Одағай теориясы бойынша, алғашқы адамдар айналадағы заттармен танысқанда өздерінің алған әсерлерін еріксіз шығарылған дыбыстар арқылы, яғни одағайлар арқылы білдірген. Сол эмоцияны білдіретін әр түрлі "еріксіз шығарылған дыбыстар" әлгі заттардың атауларына айналып, осыдан келіп тіл пайда болған.
Одағай теориясын жақтаушылардың бірі – орыс лингвисі Д.Н.Кудрявский (1887-1920). Ол: "Одағайлар адамның ең алғашқы сөздері еді. Алғашқы сөздерде дыбыс пен мағына бір-бірінен бөлінбеген, біртұтас болатын. Кейіннен олар бір-бірінен ажырасты", – дейді. Бұл онша дәл емес теория еді.
Оның дәл еместігі мынада: Тілдердегі одағайлар әр түрлі эмоцияны білдіреді. Бұл – рас. Бірақ тіл-тілде эмоцияны білдіретін сөздерге қарағанда, эмоцияны білдірмейтін сөздер әлдеқайда көп. Мұның өзі түсінікті де. Өйткені, тіл эмоцияны ғана білдіріп қоймайды, сонымен бірге, ең бастысы, қатынас құралы, пікір алысудың құралы ретінде қызмет атқарады. Тіл пайда болғанда қатынас құралы, пікір алысудың құралы ретінде пайда болған. Бұл теорияның иелері тілдің қоғамдық табиғатына мән бермеген.
Тілдің шығуы туралы теориялардың тағы бірі – қоғамдық шарттасу теориясы. Бұл теория бойынша алғашқы адамдар сөздерді өзара келісе отырып шарттасып жасаған. Осыдан келіп тіл пайда болған дейді. Тіл туралы келісу, шарттасу үшін, ол адамдардың бұрыннан тілі болуы керек қой. Олай болса, бұл теория ешбір дәлелсіз.
Тілдің шығуы туралы бесінші теория – еңбек айқайы теориясы деп аталады (Мәселен, ауыр нәрсені көтергенде "ауп" дейміз ғой). Ол 19 ғ-да шықты. Оны жасаушы – Людвиг Нуаре деген философ. Аталған теория бойынша, тіл алғашқы адамдардың еңбек ету кезінде шығарған рефлексті айқайларының негізінде пайда болған. Бұл теория да қате. Өйткені, тіл – қатынас құралы ретінде ғана жасалады.
Адамзат тілінің пайда болу теориясының ғылыми негізін К.Маркс пен Ф.Энгельс жасады. Олар: "Тіл де сана сияқты басқа адамдармен қатынас жасау мұқтаждығынан және қажеттілігінен туды",– дейді ("Неміс идеологиясы", Шығ., 3 т., 29 б.). Яғни мұнда, біріншіден, тіл мен сананың (ойлаудың) бір-бірімен тығыз байланыстылығы және олардың бір мезетте шыққандығы, екіншіден, тілдің адамдардың бір-бірімен қатынас жасасу қажеттілігінен келіп пайда болғандығы айтылған.
Тілдің шығуы туралы мәселе Ф.Энгельстің "Маймылдың адамға айналу процесіндегі еңбектің ролі", "Семьяның, жеке меншіктің шығуы" деген еңбектерінде ғылыми тұрғыдан жан-жақты талданып, бұл мәселе жайында материалистік теория әрі қарай дамытыла түсті. Ол еңбектерде тілдің шығуы жалпы адам баласының пайда болу мәселесімен тығыз байланыста қарастырылады.
Әуелі еңбек, онан соң тіл, екеуі екі жақтап адам баласы миының дамуына күшті әсер етті. Ал мидың дамуы ойлаудың дамуына әсер етті. Ойлаудың (сананың) дамуы өз тарапынан еңбек пен тілге, олардың дамуына әсерін тигізеді. Еңбек процесінде адам баласы қоғамының тууы – бұл үшеуінің (еңбек, тіл, сана) әрі қарай дами беруіне мүмкіндіктер мен жағдайлар жасады.
Қорыта келгенде, ұжымда бірлесе еңбек ету әрекеті өзара қатынас жасасу қажеттілігін тудырды. Осыдан біртіндеп алғашқы сөздер туады, тіл мен ой пайда болады. Тіл мен ойлаудың шығуын алғашқы адамдар ұжымынан бөліп қарауға болмайды. Тіл еңбекпен бірге ұжымда туды. Тілдің пайда болуы ойлаудың пайда болуымен, тілдің дамуы ойлаудың дамуымен тығыз байланыста болады.
Тілдің дамуы
Тіл – қоғамдық құбылыс. Сондықтан оның тарихы мен дамуы қоғамның тарихы мен дамуына байланысты болады.
Қоғам пайда болғаннан бері тіл қоғамға қатынас құралы ретінде қызмет етіп, оның дамуымен бірге дамып келеді. Қоғам және оның дамуы тілдің дамуына әсер етпей тұра алмайды. Солай бола тұрса да, тілдің дамуы қоғамның даму заңдары бойынша емес, өз заңдары бойынша дамиды.
Тілдің дамуы туралы бірнеше қате көзқарастар болды. Мысалы, Н.Я.Марр тіл дамуының әр түрлі сатысы бар және ол сатылардың әрқайсысы белгілі бір қоғамдық формацияға (айталық, феодалдық қоғамға, капиталистік қоғамға, социалистік қоғамға) сай келеді деп есептеді.
Ағайынды Шлегельдер мен Гумбольдтың тілдің өткен дәуірін – классикалық дәуір, тілдің гүлденіп дамыған дәуірі, ал бергі дәуірлер – тілдің азу, бүліну дәуірі деп есептеулері ешбір шындыққа жанаспайтын, мүлдем қате көзқарас.
Неміс лингвисі Август Шлейхер тілдің дамуының өсімдік пен хайуанаттардың өсіп дамуынан айырмашылығы жоқ, – деп есептейді. Шлейхердің пікірінше, тіл биологиялық организм сияқты туады, өседі, қартаяды; ақырында өледі.
Бұл да қате көзқарас. Тіл – биологиялық құбылыс емес, қоғамдық құбылыс. Осылай болғандықтан бұл екеуінің даму жолдары әр басқа. Тілдің дамуының өзіне тән заңдылықтары бар; тірі организмдердің дамуының өзіне тән заңдары бар. Демек, бұл екеуін бірдей деп есептеу қате.
Сонымен, тіл дамиды екен. Ендеше, оның даму жолдары қандай?
Н.Я.Марр тілдің сатылық даму теориясын ұсынып, тілдің ескі сападан жаңа сапаға көшуі, яғни дамуы революция жолымен, анықтап айтқанда, бар тілді жойып жіберіп, жаңа тіл жасау жолымен болады деп есептеді. Бұл қате теория болатын. Тілдің дамуы – бар тілді жойып, жаңа тіл жасау жолымен емес, бар тілдің негізгі элементтерін дамыту, жетілдіру жолымен, яғни эволюция жолымен, ішкі даму жолымен болады.
Тілдің даму заңдарына келмес бұрын, алдымен, тілдің заңдары – жалпы заңдар (общие законы) және жеке заңдар (частные законы) болып екіге бөлінетіндігін айтып алуымыз керек.
Жалпы заңдардың қатарына тілдің әр түрлі құрылымдық элементтерінің даму қарқынының біркелкі болмауын жатқызуға болады. Мысалға тілдің сөздік құрамы мен грамматикалық құрылысын алалық. Бұлардың даму қарқыны біркелкі емес. Сөздік құрам өзгеріске өте-мөте бейім болады. Қоғамдағы өзгерістерді ол тез қабылдайды. Ал грамматикалық құрылыс өте баяу өзгереді. Бұл – тіл атаулының барлығына бірдей тән, күллісіне ортақ жалпы заң.
Осылай бола тұрса да, бұл ортақ заңның әр түрлі нақтылы тілдерде жүзеге асуы түрліше болуы мүмкін. Өйткені ол тілдердің өздеріне тән заңдары болады. Сондықтан, күллі тілдерге ортақ заң жеке тілдерде өзінше дамуы орынды. Мұндай заңдарды тіл дамуының жеке, ішкі заңдары деп атайды.
Тіл дамуының жеке заңын оның барлық саласынан, атап айтқанда: лексикасынан да, грамматикасынан да, фонетикасынан да табуға болады. Мысалы, үндестік (сингармонизм) заңы бүкіл түркі тілдерінің фонетикасына ортақ. Бірақ үндестіктің түрлері әрбір түркі тілдерінде әр түрлі. Айталық, ерін үндестігі (мыс.: құлұн, бұрұм, бөтөлкө т.б.) қазақ, қарақалпақ тілдеріне қарағанда, алтай, қырғыз тілдерінде әлдеқайда басым дамыған.
Тілдің фонетикасында, лексикасында, грамматикасында әр түрлі өзгерістер жасалып, тіл ұдайы даму күйінде болады. Мысалы, лексикологияда кейбір ескірген сөздер шығып қалып, оның есесіне көптеген жаңа сөздер қосылып отырады немесе сөздердің мағыналары өзгеріп жатады; шет тілден сөз ауысып келуі де мүмкін. Сондай-ақ босқа, зорға деген үстеулер есім сөздерге барыс септігінің қосылуынан жасалған. Қабаған, тебеген тәрізді етістіктер қазіргі кезде сын есімдер болып есептелінеді.
Грамматикада да сондай. Лексикаға қарағанда баяу болса да, тілдің грамматика саласында да өзгерістер болып, оның грамматикалық құрылысы жетіліп отырады.
Өзгеру мен дамудың барысында дербес сөздердің көмекші сөздерге, ал көмекші сөздердің аффикстерге айналуы – әрбір тілдің тарихында кездесе беретін құбылыс. Бұл ретте көне қазақ тіліндегі бара дұр, жүре дұр тіркестерінен барады, жүреді формаларының, бара тұрған, келе тұрған тіркестерінен баратын, келетін есімше формаларының жасалуын мысалға келтіруге болады.
Тілдің даму барысында кейбір аффикстердің ықшамдалғанын байқаймыз. Мысалы: айтқанмын>айтқам, айтамын>айтам, барғанмын>барғам, барамын>барам т.б. Осылайша ықшамдалу сөз тіркестерінде де болады. Олар келе-келе бір-бірімен бірігіп, содан кейін кірігіп, бір сөзге айналып кетеді. Мысалы: бұл күн>бүгін, бұл йыл/жыл>биыл, алып бер>әпер.
Қазіргі қазақ тілінде баяндауышы жатыс жалғаулы тұйық етістіктен жасалған сөйлем түрлері бар. Мысалы: Ауыл шаруашылығы жекешелендірілуде. Бірінші семестр өтуде. Мұндай сөйлемдер бұрын болмайтын. Болса, жекешелендіріл+іп жатыр, бірінші семестр өт+іп жатыр болып келетін. Жоғарғыдай баяндауыш формасы кейінгі кезде жасалып қалыптасқан.
Жай сөйлемнің инверсиялы түрі де кейінгі кездің жаңалығы. Мысалы: Сөйлеп тұрған Алматы. Берілді осы анықтама (справка) т.б.
1. Тілдердің өзара әсерлері
Тілдерде неге өзгерістер болады?
Оның себептері көп. Солардың бірі – тілдердің бір-бірімен қарым-қатынасы, өзара әсері.
Тілдердің өзара әсері екі түрлі жолмен болады. Бір жолы – тоғысу түрінде, екінші жолы – тілдік элементтердің (дыбыстардың, морфемалардың, сөздердің, сөйлем құрылымының) енуі түрінде.
Тілдердің тоғысуы (этникалық топтардың бірігуі) процесінде субстрат, суперстрат, адстрат деп аталатын құбылыстар пайда болады.
Субстраттың нәтижесінде жеңген тіл жеңілген тілден сөздер мен жеке дыбыстарды, кейбір морфемаларды қабылдайды. Яғни, субстрат дегеніміз – жеңілген тілдің жеңген тілдегі элементтері. Мысалы, қазіргі франция жерінде ертеде кельт (галль) деген халық тұрған. Оларды римдіктер (француздар мен испандар) жаулап алды да, ол халықтың тілі жойылды. Бірақ қазіргі француз, испан тілдерінде сол жойылған келт тілінің кейбір элементтері сақталған. Келт субстраты дегеніміз – француз, испан тілдеріндегі сол қалдық элементтер (Мысалы, француз тіліндегі И дыбысы). Суперстрат дегеніміз – жоғарғыға керісінше: жеңген халықтың жеңілген халық тіліне қалдырған ізі, әсері. Ал адстрат дегеніміз – екі халықта да жарыса қатар өмір сүретін тілдік элементтер.
Енді тілдердің өзара әсері нәтижесінде тілдік элементтердің енуіне (яғни екінші жолға) келелік.
Удмурттар (фин-угор тобына жатады) мен татарлар (түркі тобына жатады) баяғыдан қоныстас, көршілес өмір сүріп келеді. Сондықтан олардың тілі бір-біріне әсер еткен. Татар тіліндегі дж дыбысы удмурт тіліне ауысқан. Бұл дыбыс удмурт сияқты басқа фин-угор тілдерінде жоқ.
Басқа түркі тілдерінде ұяңнан басталатын сөздер чуваш тілінде қатаңнан басталады. Мысалы: бас - пус, бар - пур, дауыл - тавыл. Неге!
Сөйтсек, ол көрші жатқан марий тілінің әсері екен. Ол тілде дауыссыздан басталатын сөздердің басқы дыбысы әр уақыт қатаңнан басталады.
Сондай-ақ, чуваш тілі марий тілінен көптік мағынаны білдіретін -сем деген аффиксті қабылдаған. Мысалы: чуваш тілінде ял "ауыл" – ял+сем "ауыл+дар". Бұл қосымша басқа түркі тілдерінде жоқ.
Керісінше, марий тілі чуваш тілінен сын есімнің салыстырмалы шырайының -рақ жұрнағын қабылдаған. Мысалы: марий тілінде сай "жақсы" – сай+рақ "жақсы+рақ".
Тілдердің өзара әсері лексика саласында жиі ұшырасады. Мысалы, түркі тілдерінде , оның ішінде қазақ тілінде де араб-парсы және орыс тілдерінен енген көптеген сөздер бар.
Әдетте, тілдің фонетикасы мен грамматикасы тұрақты болады. Жиірек өзгеретіні, ауысатыны – лексика саласы. Егер бір тілден екінші тілге дыбыс не қосымша ене қалса, олар көп жағдайда сөздермен бірге, сөздердің құрамында ғана ене алады. Мысалға, қазақ тіліне орыс тілінен ауысқан 12 әріпті (дыбысты) келтіруге болады. Ол 12 дыбыс қазақ тілінің байырғы төл сөздерінде қолданылмайды, тек орыс сөздерінде ғана қолданылады. Сондай-ақ, тіліміздегі арызқор, арбакеш, өнерпаз деген сөздердегі -қор, -кеш, -паз жұрнақтары мен бейбақ, бейхабар, бимағлұм деген сөздердегі бей-, би- префикстері де түбір сөздермен бірге келген қосымшалар.
Бір тілдің екінші тілге әсері морфологиядан гөрі синтаксисте көбірек аңғарылады. Бұған орыс тіліндегі үлгі бойынша қазақ тілінде оңашаланған айқындауыш мүшелі сөйлемдердің немесе әр түрлі қыстырма сөздері бар сөйлемдердің қалыптасуын мысалға келтіре аламыз. Мысалы: Тоғжанға Абай тағы бір рет, соңғы рет қарады (М.Әуезов).
Қорыта келгенде, тілдер бір-біріне әсер етіп отырады. Бірақ олардың әсер ету жолдары әртүрлі. Лингвист болғысы келген адам мұндай құбылыстарды біліп жүрген абзал.
№3 дәріс
Достарыңызбен бөлісу: |