1. Тілдің қызметі
Тілдің ең басты қызметі не?
Оның ең басты қызметі – қатынас құралы болу қызметі. Тіл – адам баласы қоғамында қатынас құралы, сөйлесіп, пікір алысудың құралы ретінде қызмет атқаратын қоғамдық құбылыс.
Тіл мен қоғамның арасындағы байланыс екі жақты болады. Біріншісі: тілсіз ешбір қоғам өмір сүре алмайды. Тіл жоқ жерде адамдардың қоғамда бірлесіп еңбек етуі мүмкін емес. Өйткені тіл – қоғамның өмір сүруінің басты шарты. Екіншісі: тіл қоғам бар жерде ғана өмір сүреді. Қоғамнан тыс тіл жоқ.
Тілдің екінші басты қызметі – ол ойлаудың, ойды жарыққа шығарудың құралы. Адамның ойы тіл (сөйлемдер) арқылы белгілі болады. Демек, ойлау мен тіл бір-бірімен тығыз байланысты.
Тілдің бұл екі қызметінен басқа, яғни қатынас құралы болу қызметі мен ойлаудың құралы болу қызметінен басқа, тағы бір қызметі бар. Ол – оның атауыштық (номинативтік) қызметі. Яғни тіліміздегі әрбір сөз, сөз тіркесі – белгілі бір заттың, ұғымның, қимылдың, сынның аты, атауы болып табылады. Тілдің үшінші қызметы бар. Ол дүниетанымдық қызмет деп аталынады. Яғни тіл арқылы біз дүниені танимыз.
Тілдің бесінші қызметі – экспрессивті-эмоционалдық қызмет. Тілдің экспрессивті-эмоционалдық қызметі деп – адамның сол затқа, ұғымға деген өзіндік (субъективті) қатынасын, эмоциясын, яғни не жақсы көру, не жек көру сезімін айтамыз. Мысалы: алақай, масқара, қап, айналайын т.б.
Тіл – халықтың тарихы, оның күллі өмірінің ізі. Тілден сол тілді жасаушы халықтың арманы мен үміті, қайғысы мен қуанышы сезіліп тұрады.
Тіл – талай заманның жемісі. Ол бірнеше қоғамға қызмет ете береді. Мысалы, қазақ тілі феодал дық қоғамға да, социалистік қоғамға да қызмет етті. Енді, міне, нарықтық қатынас қоғамына да қызмет етіп отыр.
Тіл белгілі бір топтың, айталық, не байдың, не кедейдің мұқтажын өтеу үшін емес, қоғамдағы барлық таптар үшін қызмет атқарады. Олай болса, тіл таптық сипатқа емес, жалпы халықтық сипатқа ие болады. Бұл – оның ең басты ерекшелігі.
2. Тілдің таңбалық сипаты
Тілдің таңбалық сипаты оның негізгі ерекшеліктерінің бірі болып саналады. Лингвистер бұл мәселеге ертеден бері-ақ назар аударып келеді. Фердинанд де Соссюр өзінің "Жалпы тіл білімінің курсы" (1916) атты еңбегінде тілді таңбалар жүйесі деп қарастырған және оны таңбалардың басқа жүйелерімен салыстырған.
Тілдік таңбалардан басқа таңбалар жүйесінің мынандай түрлері бар: жол бойында№ы белгілер, әскери сигналдар, цифрлар (араб және рим), әріптер т.б. Бұларды шартты таңбалар деп атайды.
Тіл – таңбалардың ішіндегі өте-мөте маңыздысы. Ендеше, тілді де, оның элементтерін де (морфеманы, сөзді, сөз тіркесін, сөйлемді) тілдік таңбалар деп білеміз. Мұндағы негізгі мәселе – таңба мен мағынаның байланысында.
Тілдің немесе тілдік бірліктердің таңбалық сипатына не жатады?
Біріншіден, тілдік бірліктер (сөздер) нені білдірсе де жалпылап білдіреді, екіншіден, сол білдірген (танытқан) нәрсесін ой№а, сана№а тіркейді (таңбалайды) және оны сақтайды, сөйтіп оны келешек ұрпаққа жеткізеді. Яғни тілдің таңбалық сипатына тілдік бірліктердің үш түрлі қызметі жатады. Олар: 1) атауыштық қызмет (затқа ат қою: белгілеу, тіркеу – номинативтік қызметі), 2) қарым-қатынастық (коммуникативтік) қызмет (бір нәрсені хабарлау, пікір алысу қызметі), 3) эстетикалық қызмет (сезімге әсер ету – эмоциялық, экспрессивтік қызмет).
Кез келген таңбаның екі жағы болады: бірінші жағы – формасы, екінші жағы – мазмұны. Мысалы, көшедегі бағдаршамның (светофордың) жасыл түсі – сол таңбаның формасы, ал "көшеден өтуге рұқсат" деген мағынасы – оның мазмұны. Тілдік таңбалардың да (бірліктердің де) дәл осындай екі жағы болады. Мысалы, бала, -лар/-лер, -дың/-дің т.б. Бұл формалар мен мазмұндар тек сол таңбалар жүйесінде ғана мәнге ие бола алады; ол жүйеден тыс әлгіндей мағыналарды білдіре алмайды. Айталық, қазақ тілінің түбір морфемасы (бала) немесе аффикстік морфемасы (-лар) орыс тілінің, болмаса басқа бір тілдің жүйесінде ешқандай мәнге ие бола алмайды. Сондықтан да, біз "қазақ тілінің жүйесі", "орыс тілінің жүйесі" деген терминдерді жиі қолданамыз.
Шартты таңбалар мен тілдік таңбалардың айырмашылықтары бар. Егер шартты таңбаның бір формасына әдетте бір ғана мазмұн сәйкес келсе, тілдік таңба әр уақыт солай бола бермейді. Кейде тілдік таңбаның бір формасына бірнеше мазмұн (мағына) сәйкес келуі мүмкін, болмаса керісінше: бір мазмұнға бірнеше форма сәйкес келуі мүмкін.
Мұны былайша көрсетуге болады: бір форма > бірнеше мазмұн (көп мағыналық, омонимия) немесе бірнеше форма > бір мазмұн (синонимия, дублет, вариант).
Тілдік таңбаның түрлері (типтері): фонемалар, грамматикалық морфемалар, сөздер, сөз тіркестері, сөйлемдер.
Тілдік таңбаның екі түрлі белгісі бар. Олар еріктілік және шарттылық.
Еріктілік пен шарттылық дегеніміз – таңба мен сол таңба арқылы белгіленген заттың немесе ұғымның арасында ешқандай табиғи байланыстың жоқтығы. Сондықтан да, бір зат әр тілде әр түрлі сөздермен (әр басқа дыбыстық кешенмен) аталына береді (белгіленеді). Ол зат пен оның атауының арасында шартты түрде ғана (табиғи емес) байланыс болады.
Енді тілдік таңба мен шартты таңбалардың арасындағы айырмашылықтарға келелік.
Бұлардың арасында ұқсастық бар, сонымен бірге, оларды бірдей, тең деп есептеуге болмайды. Ұқсастығы: екеуінде де форма мен мазмұн бар, екеуі де – бірдеме жайында "хабарлаудың" құралы. Ал айырмашылықтары:
1) Тіл – ойды білдірудің, пікір алысудың, қатынас жасасудың кең көлемде қолданылатын жалпылама құралы. Шартты таңбалардың қолдану өрісі тілге қарағанда әлдеқайда тар, хабарлау мүмкіндігі анағұрлым аз. Мысалы, бағдаршамның қызыл түсі "көшеден өтуге болмайды" дегеннен басқа еш нәрсе хабарлай алмаса және ол хабар сол маңға (төңіректе) ғана қатысты болса, тіліміздегі қызыл деген сөз бірнеше ұғымды қамтиды, ол ұ№ым барлық аймаққа ортақ болады; бірінші – түстің атауын, екінші – "ет" немесе "бидай" деген ұғымды, үшінші – "большевик" дегенді, төртінші – "қылша, қызылша" (корь) деген ауру атын білдіреді.
2) Тілдің шартты таңбалардан екінші айырмашылығы – ол (тіл) мазмұнды ғана білдіріп қоймайды, сонымен бірге, адамның хабарлайтын жайға қатысын, қалай қарайтынын, ұнатуын немесе ұнатпауын, қуанышын немесе қайғысын да білдіреді (эмоциялық-экспрессивтік қызмет). Мысалы, жоғарыда аталған қызыл сөзінің "ет" немесе "бидай" деген мағынасы жағымды сезімімізді тудырса, ауруды еске салып тұрған төртінші мағынасы ("балама қызыл шығып жатыр" деген) - аяныш сезімін тудырады. Қызыл сөзінің "большевик" деген мағынасы да сондай. Ол бұрын жағымды мағына тудырса, қазір жағымсыз мағына туғызады. Мұндай қасиет таңбалардың басқа жүйелерінде (мысалы, жол белгілерінде) жоқ.
3) Шартты таңбалар келісім бойынша қолдан жасалады, келісім бойынша өзгертіле алады. Мысалға қазақ тіліндегі Ұ дыбысын алалық. Ол дыбысты біз араб әліпбиін (алфабитін) пайдаланып жүрген кезде 9 әріпімен белгілеген едік. Кейін, яғни 1929 жылы латын әліпбиіне көшкенде оны U әріпімен таңбаладық. 1940 жылы орыс графикасына (кирилицаға) көшкен кезде әлгі дыбысты Ў әрпімен белгілеуге келістік. 1951 жылы аталған дыбысты (тағы да келісім бойынша) Ұ әрпімен таңбалауды жөн деп таптық.
Тілдік таңбалар қоғам мүшелеріне бағынышты емес. Мысалы, қара, сары деген сөздерді адамдар келісіп жасаған жоқ. Тым ерте замандарда ата-бабаларымыз ол түстерді қара, сарық деп атаған. Әрбір жаңа ұрпақ қалыптасқан сөзді сол күйінде қабылдайды, сол күйінде үйренеді. Ол ешқашан өзгермейді. Егер өзгере қалса, келісім бойынша емес, тілдің даму заңдары бойынша ғана өзгереді. Мысалы: сарық > сарығ > сары.
4) Барлық шартты таңбалар сайып келгенде дыбыстық тілге негізделеді, олардың мағыналары тіл арқылы айқындалады, тіл арқылы түсінікті болады. Мысалы, бағдаршамның қызыл түсін тіл арқылы: "қызыл шам – өтуге болмайды деген белгі" деп түсіндірмесек, қызыл шам өздігінен еш нәрсені білдіре алмаған болар еді.
Сонымен, тіл - таңба. Тілдік таңбалардың қызметі, мәні зор, ауқымы кең. Шартты таңбалар тілдік таңбалардың қызметін атқара алмайды.
Достарыңызбен бөлісу: |