Қазіргі заманғы тәрбиенің іргетасын құндылық туралы ілім – аксиология құрайды.
Құндылық – көпшілік адамдар мақұлдайтын және ортақтасатын жақсылық, әділетттілік, патриотизм деп бағалайтын жеке тұлға үшін қоғамдық-мәнді әлеуметтік бірлік, қоғам, тұтас материалдық, әлеуметтік объектілер. Ол барлық адамдарға эталон, идеал болып қызмет етеді, оларды құруға педгогикалық үдеріс бағытталған.
Қазақстан Республикасының заңнамасында, сондай-ақ жоғарыда аталған тәрбие тұжырымдамасында төменгідей құндылықтар белгіленген.
Адам – басты құндылық, жоғары субстанция, «барлық танымның өлшемі». Біздің мемлекетіміздің ең жоғары құндылығы – адам, оның өмірі, құқығы және бостан-дығы. Қазіргі жағдайда адам дамуы зерттеу объектісі ретінде ғана емес, алдымен, аса маңызды мәдени үлгілер жасаушы және өзінің ынтасымен шығармашылыққа ұмтылушы, шығармашылық және таным субъектісі ретінде ұсынылады.
Отбасы – болашақ жеке тұлғаның негізі қаланатын қоғамның бастауыш құрылым бірлігі, баланың алғашқы ұжымы, оның табиғи даму ортасы.
Отан, туған өлке – тағдыр берген, ата-бабасынан қалған, өз халқының мәдени, рухани мұрасымен, оның өткен тарихымен байланыстыратын әр адамның теңдесіз, бірегей туған жері.
Денсаулық, салауатты өмір салты – бақытты, үбірлі өмірдің міндетті шарты.
Еңбек – адам болмысының негізі, «адам өмірінің мәңгілік табиғи шарты». Рухтанған, саналы, шығармашылық еңбек – адамның табиғи қасиетінің анағұрлым табиғи көрінісі.
Білім – әрбір жеке тұлғаның және әлеуметтік прогрестің дамуына қажетті шарт. Оқудың нәтижесі – білім. Білім – мақсатқа жетудің құралы.
Мәдени мұра – барлық адамзаттың және әр халықтың рухани және материалдық өмір саласындағы орасан зор байлығы. Нағыз мәдениет өзіне мәңгі бақи шындықты, мейрімділікті және әсемдікті біріктіреді.
Тіл – адамдардың негізгі қарым-қатынас құралы, аса маңызды әлеуметтік-мәдени құндылықтардың бірі.
Достық – өзара сыйластық қарым-қатынастағы дербес, еркін таңдау. Достық адалдық және өзара көмек беруді ғана емес, сонымен қатар, ішкі үйлесімділікті, ашық-жарқындықты, сенімді және махаббатты айғақтайды.
Мақсат – адамның қол жеткізуі тиіс нəтижені саналық деңгейде алдын-ала ниеттеуі. Тәрбиенің жалпы мақсаты, яғни мұраты, орасан биік болуы абзал. Өмірі үлгі боларлық қазақ арыстарының бірі Мағжан Жұмабаев «Педагогика (баланы тәрбие қылу жолдары)» атты бірегей оқулығында тәрбие мақсатын былай анықтаған: «Тәрбиеден мақсұт адамды һәм сол адамның ұлтын, асса барлық адамзат дүниесін бақытты қылу. Ұлт мүшесі әрбір адам бақытты болса, ұлты бақытты. Адамзат дүниесінің мүшесі әрбір ұлт бақытты болса, адамзат дүниесі бақытты. Қысқасынан айтқанда, тәрбиеден мақсұт – адам деген атты құр жала қылып жапсырмай, шын мағынасымен адам қылып шығару» [17, 7]. Сонымен бірге, тәрбие мақсаты, ғалымның пікірінше, – баланы келешек заманына лайық қылып шығару. Мағжанның ойы мәңгі өзектілігін жоғалтпайтын ізгі адами мұратты тұйіндейді.
Қазіргі тәрбиенің мақсатын былай тұжырымдауға болады: үздіксіз білім беру жүйесінде мектеп жасына дейінгі балалардың және білім алушылардың Қазақстан Республикасының азаматтары және патриоттары ретінде қалыптасуы мен өзін-өздері танытуларына, әлеуметтенуіне, болашақ мамандық иесі болып, кәсіби, интеллектуалды және әлеуметтік шығармашылыққа жетуіне оңтайлы жағдай жасау. Бұл мақсат Қазақстанның білім беру және тәрбиелеу саласындағы нормативтік құжаттарда орын алған.
Тəрбие мұраттарын анықтауда жаңа жағдайлар мен жаңа қоғамға икемдескен адам мұраты арқау етіледі. Тəрбие мазмұны, формасы, əдістері – бəрі де мақсатқа тəуелді. Тəрбие мақсатын түсінуден оны іске асырудың технологияларын таңдауға жол ашылады. Жан-жақты əрі үйлесімді дамыған тұлға тəрбиелеу мақсаты ҚР «Білім туралы» Заңында бекітілген.
Оның баптары:
- тəрбие үдерісінің мазмұнын анықтайды;
- тəрбие нəтижесінің шарттарын белгілейді;
- педагог қызметінің өлшемдері ретінде қызмет етеді;
- тəрбие жүйесін толықтай айқындайды.
Тəрбие мақсаттары жалпы (барша адамдарға арналған) жəне даралықты (жеке адамға арналған) болып бөлінеді.
Тəрбие мақсатын белгілеуде жекеленген іс-əрекеттердің ғана емес, бүкіл оқу–тəрбие үдерісінің де бірлік элементі ретінде психологиялық-педагогикалық диагностика маңызды роль атқарады. Осыдан, тұлғаны зерттеудің əрқилы əдістерін білу жəне олар негізінде тұлға мен ұжымды зерттеудің бағдарламаларын түзе алу қажеттіктері туындайды.
Бір тəрбиелік жүйеде əрдайым бір тəрбие мақсаты көзделеді, ал мақсатқа орай орындалатын міндеттер (жалпы не нақты) көптеген болуы мүмкін. Тəрбие мақсаттары қоғамның даму қажеттерімен айқындалып, əлеуметтік жəне техникалық прогреске, қоғам, ересектер мен балалардың мүмкіндіктеріне тəуелді келеді. Тəрбиелік іс-əрекет нəтижесінде көрініс беретін көкейкесті мақсаттар: əр адамның даралықты дамуы жəне оның əлеуметтенуі, ал бұл өз кезегінде ақыл-ес, адамгершілік, əсемдік (эстетикалық), азаматтық, еңбектік жəне тəн-дене тəрбиесі міндеттерінің орындалуымен анықталады.
Тəрбие міндеттерінің шешімі тұлға мəдениеттілігінің негізін қалайды.
Қазақстан Республикасы үздіксіз білім беру жүйесіндегі тәрбие тұжырымдамасы тәрбиенің мынадай міндеттері айқындалады:
білім беру ұйымдарында денсаулығы зор, рухани дүниесі бай, адамгершілікті, тәуелсіз жеке тұлғаны қалыптастыруға ықпал ететін тәрбие жүйесін құру және дамыту;
балалар мен жастарды азаматтылыққа, отансүйгіштікке, зиялылыққа, адам құқықтары мен бостандықтарын, мемлекеттік рәміздер мен ұлттық дәстүрлерді сыйлауға тәрбиелеу;
өзінің және қоғамның, болашақ ұрпақ алдында әлеуметтік, табиғи және мәдени ортадағы өз іс-әрекетінің нәтижесі үшін жауапкершілікті сезінуде гуманистік дүниетанымды қалыптастыру;
мемлекеттік тілді және басқа тілдерді үйрену арқылы балалар мен жастардың әлем және ұлттық мәдениетті игерулеріне, Қазақстан халықтарының дәстүрлері мен мәдениетін зерттеуіне және қабылдауына жағдай жасау;
жеке тұлғаның өзін-өзі іс жүзінде көрсетуі мен ары қарай дамуына ықпал етуде білім беру ұйымдары жағдайында жастар мен балалардың танымдық қызығушылығын, олардың шығармашылық қабілеттерін, жалпы білімге икемділігін, өзін- өзі тану мен өздігінен білім алу дағдыларын, әлеуметтенуін барынша дамыту бейімділігін қалыптастыру;
қазіргі заманғы қоғамдық өмірге және тиімді кәсіби іс-әрекет пен жеке басының және әлеуметтік кәсіби тұрғыда үздіксіз пісіп жетілуіне қажетті маңызды тұлғалық және кәсіби сапаларын қалыптастыру;
қоғамда орнықты қалыптасқан дәстүрлер негізінде этникалық және діни толеранттылықты тәрбиелеу;
балалар мен жастардың бойында Қазақстанға сырттан енуші этнодіни экстремизм мен түрлі радикалды ағымдарға қарсы әрекет ете алатын дағдылар қалыптастыру;
отбасылық тәрбие жүйесін қайта жандандыру және отбасын білім беру мекемелерінің тәрбие жүйесіне араластыру.
Тәрбие мақсаттары мен тәрбие жұмысының міндеттері білім беру үдерісінде, сабақтан тыс уақытта және білім алушылардың бос уақытында жүзеге асырылады.