3 Тəрбиенің жалпы заңдылықтары мен қағидалары
Жалпы заңдылықтардың ықпал аймағы тəрбие үдерісінің барша жүйесіне əсер етеді əрі оның аса маңызды бірліктері арасындағы байланыстарды танытады. Бірақ тəрбие үдерісі, біз білетіндей, педагогикалық үдерістің құрамды бөлігі болуымен осы үдерісс заңдылықтарына тəуелді келуі табиғи құбылыс. Бұл үдерісте даму жəне қалыптасу заңдылықтары əрекетке түседі. Бұдан шығатын қорытынды - тəрбие үдерісі аса күрделі де көп түрлі сипатқа ие. Тəрбие практикасы үшін өте қажет нəрсе: тəрбие үдерісінің тиімділігі (өнімділігі) мен тəрбие сапасын анықтайтын оның сипаттары жəне шарт–жағдайлары арасындағы байланыстардың қалай түзілетінін түбегейлі білу.
Тəрбие тиімділігі келесі жағдаяттарға тəуелді: қалыптасқан тəрбиелік қарым-қатынастарға; балаға деген ықпал оның қоршаған ортаға, тəрбиешіге, тəрбиелік əсерлерге қатынасына орай жасалады. Егер бұл қатынастар ұнамды болса, проблема тумайды. Ал егер бұл қатынас керағар сипатта болса, тəрбие үдерісі тежеледі, одан келетін нəтиже болымсыз сипат алады. Сондықтан келеңсіз қатынасты əрекеттер алдымен жойылып, көзделген мақсатқа қарай қадам аттау орынды. Бастаудан тəрбиеші көзқарастары мен талаптарын оңды қабылдаған тəрбиеленуші оларға икемдесіп үйренеді əрі сенеді, орынды талап кейпінде қабылдайды. Ал егер тəрбиеленуші өз тəрбиешісінің талаптарын дұрыс деп таппай, одан күмəнданса, үдерісс бағытының қай арнаға түсіп, дамитыны белгісіз. Гуманистік тəрбие өсиеті: жақсы тəрбиелегіңіз келсе, баланы бауырмалдықпен өзіңізге жақындатасыз.
Сөйтсе де, тиімді тəрбиені қамтамасыз ету үшін оған қолайлы жағдайлар түзілуі қажет.
1. Мақсат жəне оған жетуге бағытталған іс-əрекеттер арасындағы сəйкестікке. Егер іс-əрекет, тəрбие жұмыстарының ұйымдасуы алға тартылған мақсатқа орайласпаса, тəрбие үдерісі табысты болмайды. Керісінше, ұйымдастырылған істер мақсатқа тура келсе, қолданылған əдістер, формалар мен құрал-жабдықтар көзделген міндеттер денгейінде болса, тəрбие үдерісінің тиімділігі де сəтті шығады.
2. Практика мен тəрбиелік ықпалдар сəйкестігіне. Тəрбие үдерісіне тəн құбылыс: тəрбиеленуші өз тəрбиешісі айтқанының бəрін тәжірибеде тексеруге құштар. Егер осыдан тәрбиеленуші өмір мен алған білімінің, сөзбен істің өзара сай болмағанын сезсе, түңіліске тап болады. Қалыптасқан тұрмыстық, өмір жағдайларын əсте ақырын əрі бірізділікпен бірте-бірте ауыстырып бару жөн. Жылтың, мезеттік табыс қуалау көп ұзамастан тəрбие мен өмір сəйкестігін шұғыл жойып салады.
3. Объективті жəне субъективті жағдаяттардың бірлікті əрекетке түсуіне. Субъективті жағдаяттар құрамы: тəрбиешілер мен тəрбиенушілер, олар арасындағы ықпалдастық, қалыптасқан қарым-қатынастар, психологиялық климат жəне т.б., ал объектив жағдаяттар: тəрбиені іске асыруға қажет шаралар-экономикалық, материалды-техникалық, əлеуметтік, санитар-гигиеналық жəне т.б., əрқандай нақты тəрбиеге байланысты аталған жағдаяттардың өзара ұштаса күрделі бірігімге келуі тəрбие үдерісіне қайталанбас, өзіндік сипат береді.
4. Тəрбие мен өзіндік тəрбие қарқындылығына. Өзіндік тəрбие - өз тұлғасын жетілдіруге бағытталған оқушы іс-əрекеті. Өзіндік тəрбие үдерісінде бала өз тəрбие үдерісінің субъекті ретінде танылады. əрқандай өзіндік тəрбие нақты оқушы өмірінің мазмұнымен, оның қызығулары жəне жасына сай қатынастарымен тікелей байланысты. Өзіндік тəрбие сырттай тəрбиемен сабақтас əрі оның нəтижесі. Тəрбиеленушінің өзін өзі бағалай білуі, өзінің ұнамды қылықтары мен келеңсіздіктерін тануы, жеке өмірлік жоспарын іске асыруға кедергі болар жəйттерді ерік күшін қосып жеңе білуі – өзіндік тəрбиенің табыс кепілдері. Ал оқушының өзін жетілдіре білуінен, яғни өзіндік тəрбиеден мұндай кепілдіктер дамып, ұлғая түседі.
5. Тəрбиеге қосарлана жүретін даму мен оқу үдерістерінің тиімділігіне. Белгілі болғандай, егер екі үдерісс өзара байланысты іске қосылса, онда олардың бірінің тиімділігі көтеріледі не кемиді де, екіншісіне өз ықпалын тигізеді. Осыдан тəрбие даму қарқындылығын асырып, ал даму ұтымды тəрбиеге жол ашады. Егер осы байланыс бұзылса, күрделі кедергілер туындайды да, олар өз кезегінде тұлғаның дамуына да, оқуына да, тəрбиесіне де жайсыз жағдайлар жасайды.
Достарыңызбен бөлісу: |